Сау саумал мен сау емес «саумал»

1548

Бие сүтінің дертке дауа екенін бәріміз білеміз. Иммунитет көтеру үшін тұрақты ішіп жүретін таныстарым да көп.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде капсуладағы саумалдың жарнамасы көбейіп кетті. Жылқылы ауылдың баласы ретінде, осы тақырыпқа соқпай тұра алмадым. Қарағандыда ұнтақ саумалмен айналысатын Қадырбек Какуұлы Мейрамбеков ағамызбен тілдесіп қайттық.

Жылқы сүтінің құрамында лактоза сиыр сүтіне қарағанда 1,5 есе көп. Құрамындағы ақуыз бен лактоза санын есептеп қарар болсақ адам баласының, яғни ана сүтінің құрамына пара-пар сүт осы жылқыда ғана. Ұнтақ сүт идеясымен бірнеше жыл бұрын Лондон сапарынан бастап ауыра бастадым. Әлдебір супермаркеттен кішкене құтыдағы бие сүтін көрдім. Анықтасам Германиядағы Kurgestüt Hoher Odenwald фермасында өндіріледі екен. Кейін ферма иесі Ганс Цольман атты кәсіпкермен байланысқа шықтым – дейді Қадырбек Какуұлы.

Оның айтуына қарағанда, ұнтақты сублимация әдісімен алады.

Бұл қарапайым тілмен айтқанда мұздатып, соңынан суын бір бөлек, бие сүтін бір бөлек ажыратып алу. 2015 жылы «Казагроның» көмегі арқылы, мемлекеттің қолдауымен әр қайсының құны 500 мың еуро тұратын 3 құрылғы сатып алдық – дейді кәсіпкер.

Ол соңғы кезде бие сүтін ардан безген «алаяқ кәсіпкерлер» өз пайдасы үшін қолданатын болды деп налиды.

Бие сүті мың да бір дертке ем дегенді жиі айтамыз ғой. Бірақ, кейінгі кезде ардан безген «алаяқ кәсіпкерлер» пайда бола бастады. Олардың кесірі бізге тиюде. Жарнамасында «Рактан емдейді, мына аурудан айықтырады, ана дерттен сауықтырады» деп жұртқа үміт сыйлап, өздері мына жақтан қалта қампайтатындар шықты. Шындығында өзімнің де онкологиялық ауруға шалдыққан жақындарым болды. Бие сүті, саумал адамның өмірін 4-5 жылға ұзартуы мүмкін. Бірақ, үзілді-кесілді аурудан айықтырады деп айта алмаймын – дейді Қадырбек Какуұлы.

Кәсіпкер бір дүниені миына сидыра алмай жүргенін айтады.

Менің миыма мына дүние еш сыймай қойды. Кейінгі жастарша айтсам логикам «сынып қалады». Капсуладағы саумал сататындар шықты. Бір құтысы 20-28 мың теңге. Құтының ішінде 65-66 капсула бар. Біздің бір стақан саумалға арналған ұнтағымызды 65 капсулаға сыйғызған. Бір капсулада 0,3 грамм саумал бар. Ол дегеніңіз тілдің ұшында ғана қалатын көрсеткіш қой. Ондай көлемдегі бие сүті ешқандай да ауруға ем болмайтынын ескеру керек. Осылардың жарнамасына сеніп, алданып қалған адамдар шағымданып, қазір Алматы облыстық прокуратурасы оларға іс қозғады. Басында айтып кеткенімдей алаяқтардың кесірі біз секілді адал кәсіпкерлерге тиіп жатыр. Жаңағылардың капсуласын Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды халық әртістері бастап, кейінгі жас әншілер мен біраз спортшылар жарнамалаған. Тіпті, Нұрлан имамның өзі жарнамасына түскен – дейді кәсіпкер.

Ол мұндай «саумал өндірушілердің» жарнама үшін қаржы аямайтынын айтты.

Осы жайттарды «Қазақ радиосына» айтып ем, басшылығы маған «Ағай, капсуладағыларға қатты тиіспеңіз олар біздің ең қымбат жарнама берушілеріміз» деді. Сұрастырсам 72 млн теңгеге жарнама берген. Ағайын, сөз соңында айтарым, бие сүтін, саумалды денсаулығыңызды қалыпты ұстап тұру үшін күнделікті пайдаланған жөн. Туралап келген ажалдан ештеңе құтқармайды. Түрлі жарнамаға сене бермеңіздер. Содан кейін біздің компания саумалды тек ұнтақ күйінде шығарады. Капсуладағы саумалдардың бізге қатысы жоқ – деді ол сөз соңында.

Айсұлтан Мұхамедияұлы,

life09.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.