Гүлнұр ОРАЗБАЙҚЫЗЫ. Жылқы жыры
Бәйге
Байге деген баяғы,
Мініс көлік жарысы.
Емес шабан, саяғы,
Кілең жүйрік шабысы.
Ірі қараны негізгі,
Көлік етіп бұрыннан,
Қазақ түйе, өгізді,
Тесіп мінген мұрыннан.
Қолға тисе қыл құйрық,
Кім мінбесін сетерлеп.
Үкілеген шын жүйрік,
Мінсе тұрмас секеңдеп.
Көп байгеден халқымыз,
Ат байгесін ұнатқан.
Сосын болды салтымыз,
Бір жігітке бір аттан.
Құнан, дөнен, тай жарыс,
Жорға жарыс, ат жарыс.
Болсын мейлі қай жарыс,
Қазағыма мақтаныш.
Көкпар
Айтатығұн ауызға ап,
Тойлы ауылдың ісі бар.
Көк серкені бауыздап,
Көп алдына ұсынар.
Ұшқыр, пысық біреуі,
Іліп ала қашады.
Аттай тулап жүрегі,
Тақымына басады.
Аты белді жігіттер,
Қуалайды соңынан.
Серкеден бәрі үміткер,
Қалғысы жоқ тобынан.
Қуып жетсе қырындап,
Жұлқылайды серкені.
Таумен тасты шиырлап,
Бастайды бір ертегі.
Ең мықтысы ендеше,
Қанжығаға байлайды.
Өзі алғысы келмесе,
Басқа салтты ойлайды.
Ошағына біреудің,
Көкпарды әкеп тастайды.
Қыз-жігіті бұл елдің,
Сонда сауық бастайды.
Біле жүрсін дегенім,
Кейінгі өскен ұрпаққа,
Көкпар еті дегенің,
Ем болады сырқатқа.
Қызқуар
Тойлы ауылда тағы да,
Бір ат ойын болады.
Атты, жаяу ағыла,
Көк төбеге толады.
Күтіп жүрген оратты,
Қыз-бозбала жиылар.
Секеңдеген сері атты,
Қызға мін деп бұйырар.
Әдепті қыз ұққанға,
Атқа мінер тездікпен.
Ұшқан құстай жұптарға,
Қадалады көз біткен.
Жігіт жетсе қыз қуып,
Ел алдында еңселі.
Қызға таяп үздігіп,
«Ұнатам — дер — мен сені».
Жетпесе аты шабандап,
Мазақтар ел артынан.
Басын қорғар амалдап,
Қыз үйірген қамшыдан.
Теңге ілу
Алтын, күміс теңгені,
Шытқа түйіп байлайды.
Теңге ілетін ерлері,
Сайкүлігін сайлайды.
Теңгелі шыт шын, анық,
Топыраққа көмілер.
Әрбір жерден қызарып,
Ұшы ғана көрінер.
Шебер жігіт, ұшқыр ат,
Жұлдыз болып ағады.
Ілген жігіт мықты нақ,
Теңгені өзі алады.
Жамбы ату
Жамбы – құйма кесегі,
Күміспенен алтынның.
Жамбыменен есебі,
Жүрген бұрын халқымның.
Той иесі жамбыны,
Тігіп қойып биікке,
Көздеп ат деп дәл мұны.
Шарт қояды жігітке.
Шауып өтіп атпенен,
Жебе атады жігіттер.
Текке келмес бақ деген,
Барлығы да үміткер.
Бір сұр мерген құлатар,
Сәтті атылса садағы.
Олжаны әркім ұнатар,
Жамбы өзінде қалады.