Үкімет назарына: Жылқының жайын кім ойлайды?!

3014

Облыстың малсақ қауымы 206 мыңнан аса жылқы бағып отыр. Қасиетіңнен айналайын Қамбар ата түлігінің 1,6 пайызы ғана – асыл тұқымды. Мал тұқымы жылдан-жылға азып барады. Үйірге салатын құтпан айғыр көзге шалынбағалы қашан?! Өңірде жылқы тұқымын асылдандыратын бірде-бір шаруашылық жоқ. Осы қалпымызбен жосылтып тарта берсек, жүген ұстап қалуымыз да ықтимал.

Төрткүл дүниені жаман тұмау жайлаған кезде Алаш баласына ықылым заманнан бері серік болып келе жатқан жарықтық жылқының қымызы қуат, саумалы ем болғаны да шындық. Айтып келген апаттың аузынан аман қалу үшін дәрумен іздеген жұрт өткенін есіне түсіріп, қымыз бен қазы іздеп сапырылысты. Ең қуатты тағам, жергілікті жұрттың ағзасына жағымды ас сол кезде барып жадымызға оралды. Жалғыз шипа үшін ғана емес, елдегі азық-түлік қорын молайту үшін де жылқының жа­йына көңіл аударған ләзім. Кешегі Кеңес заманында техникаға иек артқан жұрт жылқының жайын ұмытты. Содан барып ғасырлар бойы іріктеліп, сүзгіден өткен тәуір тұқым күрт тозып, жылқы баласына нәубет төнді. Қазір ұзақ уақыттан бері үйірге салатын айғыр алмастырылмағаннан кейін жабағы құлындай, тай жабағыдай болып тұрқы әнтек кішірейіп, көрер көзге шөгіп барады.

Мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, дәл қазір қара малға жасалып отырған көл-көсір жақсылық жылқылы ауылды жанай өтіп барады. Оқырманға түсінікті болуы үшін таратып айтатұғын болсақ, асыл тұқымды қара малды өз еліміздің ішінен сатып алған шаруаға әр басы үшін 150 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Ал қара малға қарағанда өзіндік құны әлдеқайда арзан, қысы-жазы тебінде жүріп өз күнін өзі көретін, еті шүйгін, сүті асыл жылқының әр басына 100 мың теңге көлемінде ғана субсидия бөлінеді. Қазір ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары болмаса, ауыл-аймақтағы мал сүмесімен күн көріп отырған ағайынның қолындағы бірді-екілі жылқының тұқымын асылдандыру қаны шығып тұрған өте күрделі мәселеге айналып отыр.

Айталық, асыл тұқымды айғырдың құны – шамамен 600-700 мың теңге шамасында. Осы арада тағы да әлдебір қырсық шалған жайды ерекше ек­пін түсіріп айта кетуге болады. Асыл тұқымды бұқа сатып алған адамға 150 мың теңге субсидия төленеді де, оны ауыл табынына қосып, сіңіре будандас­тыру үшін пайдаланса, тағы да 100 мың теңге үстемеақы төленеді. Сөйтіп, бастапқы құны 400-450 мың теңге тұратын асыл тұқымды бұқаға жұмсалған қаражаттың жартысынан көбі қайтып оралады. Ал асыл тұқымды айғырға мұндай жақсылық жасалмай отыр. Тіпті, өзгені былай қойып, өз қаражатыңа асыл тұқымды айғыр сатып аламын десеңіз, күндіз қолыңызға шам алып іздесеңіз де таба алмайтыныңызға мен кепіл. Өйткені облыста асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жоқ. Білетіндердің айтуына қарағанда, малсақ қауымның ішінде ұзап шығып, атағы жер жарып тұрған мұғалжар, көшім жылқыларының айғырларын бірді-екілі әкелгендер болыпты.

Мен осы бөлімде 2013 жылдан бері жұмыс істеймін. Субси­д­ия алу үшін бір жылда екі-үш бас асыл тұқымды айғыр әкел­ген адамдар болған. Бірақ об­лыс көлемін, жылқы санын ескер­сеңіз, теңізге тамызған тамшыдай ғана ғой. Қазір мұндай ұмтылыс, мал тұқымын жақсартсам деген қарекет мүлдем жоқ. Негізінде жылқы малы – экономикалық жағынан алып қарағанда да өте пайдалы түлік. Әсіресе, қысы ұзақ біздің өңір үшін. Аса бір аязды, қары қалың, қат­ты қыс болмаса, ірі жылқы жайылымда тебіндеп-ақ шығады. Демек, аса көп жем-шөп дайындап та шығындалмайсың, оның үстіне еті де өтімді, – дейді облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­масы­ның мал шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Қайрат Көшенов,

Жылқы малының қасиетін қазақ баласы жақсы біледі. Тіпті оны таратып айтудың да қажеті жоқ. Біздің қаузап отырған тақырыбымыз – ата кәсіптің дамуы. Облыста тусырап, бос жатқан жер жетіп артылады. Не егін егілмей, не мал бағылмай жатқан ен даланы арамшөптен арылтып, даланың сәнін келтіріп, Қамбар ата тұқымын қаптатып жіберсе, арзан етке қарық болар едік.

Әзірше жылқыға төленетін субсидиядан үміт үзіп отырмыз. Бұл мәселе талай рет көтерілген. Бірақ әлі күнге дейін бір шешімін табатын емес, – дейді бөлім басшысы.

Жылқы тұқымының азып кетуі ауылдағы ағайынның да қабырғасына батып отыр. Мал баққан еңбегің ақталып, бей­нетіңнің зейнетін көру үшін бағым­дағы малдың тұқымы түзу, тұрқы ірі болғаны жөн. Мал­сақ қауым ішіндегі мал тұқы­мын жақсартамын деп ұм­т­ыл­ғандармен де тілдестік. Ең керегі етті тұқым екен. Ресей­дің көршілес аймақтарынан шоқ­тығы биік, омырауы даладай, сан еттері бесіктей ауыр жүк тартатын жылқының айғырларын да әкеліп үйірге салып көріпті. Бірақ ол айғырлар қазақы жылқыдай үйір ұстамайды екен. Содан соң кәдеге жарамаған. Екінші бір себеп, ауылдағы мал ұстайтын ағайын­ның ауызбіршілігі. Мәсе­лен, бір ауылда жүз үй бар делік. Әр үйде екі биеден болғанда, 200 бие болады. Ежелгі есеппен әр үйірде 12 бие­­ден болғанда, кем дегенде 15-16 ай­ғыр керек. Қазір қолдағы үйірлердің әрқайсысында 50-60 биеге бір ай­ғыр­дан жүр. Биенің қысыр қалатыны да сол. Ал 15 айғырдың әрқайсысын жоғарыда біз айтып отырғандай, тұқымын асылдандыру үшін 700 мың теңгеден сатып алуға қаншама қаражат қажет болатынын енді өзіңіз есептей беріңіз. Ауылдағы ағайынның ортақ қара­жат жинауы да қиын. Бірінде бар, бірінде жоқ. Енді бірі ыңғай таныта бермейді. Сондықтан бұл мәселеге, бәлкім жергілікті биліктің көңіл аударуы керек шығар. Жылқы малына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып, тым болмаса тұқымы тәуір айғыр сатып алу үшін субсидия бөлінетін болса, жүгі ауған жылқы жайы түзеліп кетер ме еді. Малсақ қауым айғыр ұстағаннан гөрі бие баққанды тәуір көреді. Өйткені төлі бар ғой.

Бес бие бір үйді емін-еркін асырайды. Жаз айларында қымыз сатқандар тәп-тәуір қаражат тапты. Қымыздың 1 литрі 1000 теңге көлемінде болды, саумал да солай. Биыл тіпті алушы іздеген жоқпыз. Күбіден қотарған сәтте ыдысын тосып тұрды десек те болар. Оның үстіне төлін семіртіп сатса, тәп-тәуір табыс емес пе? – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Жібек Алпысбаева.

Айтпақшы, осы табыс туралы бірер ауыз сөз айта кетуге болар. Қазір ертеңін ерте ойлайтын Арқа қазағы соғымын байлай бастады. Жайылымда жүрген, семіртілмеген тайлар – денесінің ірілігіне қарай 200-250 мың теңге көлемінде. Құнан-байталдар – 350-380 мың теңгенің шамасында. Бірақ бұл арада ескере кететін бір жайт, мал иесіне семіртудің тым қымбатқа түсетіндігі. Биыл жем қымбат. Сұлының бір тоннасы – 40 мың теңге, арпа – 50 мың теңге төңірегінде. Салмағы 250-300 келі болатын шөптің бір бумасы 5 мың теңге. Бір бас жылқыны семірту үшін орташа есеппен 100 мың теңге қажет. Оған өз еңбегіңізді қоссаңыз, жылқы еті тым қымбат деп айта алмас едіңіз. Қазір Көкшетаудың базарларында жылқы етінің әр келісі 2400-2500 теңгеден сатылып жатыр. Ауыл аралап, пышақ көтеретін малды тауып, қалаға әкеліп сататын алыпсатарлар семіз құнан-байталдарды денесіне қарап 500-600 мың теңгеден сатып жатыр. Үш елі қазысы бар биенің 600 мың теңгеден кемі жоқ. Денесі ірі болса, жасы жетпеген жабағыны тай деп, тайды құнан деп сататындар да шықты.

Жылқы бағасының өсуінің екі жағы бар. Біріншісі, ауыл­дың еңсесін көтеруге тигізетін сеп­тігі. Қазір ауылдағы ағайын осы мал­дың арқасында күн көріп отыр. Рас, азық-түлік қым­батта­са, қалалық жерде жалғыз жалақы­мен жан бағып отырған адам­­дарға қиын болады, – дейді қала тұрғыны Алпысбай Тұр­сынбаев, – өзіміз қалаға көш­кенде ауылдағы ағайынға бірер бас жылқымызды тастап кетіп едік. Бірақ мал ішінде бас-көз болып өзің жүрмесең, түлік өспейді. Енді амал жоқ сатып аламыз. Қалтамыздың түбін қақса да, әсіресе, жылқы малы­ның қымбаттағаны дұрыс деп есептеймін.

Сөз соңын қорыта келе, ен даланың игілігі – жылқының жа­йын жақсылап ескерсек, ауылдағы ағайынның ажары кіріп қалар еді дегіміз келеді. Өзге түлік көрген жақсылықты жылқы малы неге көрмеске?!

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де жылқының жайын айтып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, Үкімет назарына мақала жариялаған едік.

Байқал Байәділ

Ақмола облысы

egemen.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.