Жапонияны бағындырған Бауыржан

1938

Қазақтан шыққан халықаралық дәрежедегі тұңғыш шабандоз, әлемдік деңгейдегі топ-жокей Бауыржан Мырзабаев бауырым еуропалықтарды мойындатып қана қоймай, қолы босағанда атжарыс пен бәйгені спорт өнерінің шыңына жеткізген Күншығыс еліне келіп, өзіне ғана тән шабысымен жапондарды тәнті етіп жүр.

Өткен жылдың соңындағы басты бәйгеде бас орынды жеңіп, жапон жұртын бір дүркіретіп алған бауырымыз биыл екінші орын алып, ат десе, бәйге десе ішкен асын жерге қояр миллиондаған жапондық жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Жаңа жылды жақындарымен қарсы алу үшін ертең елге жолға шығып бара жатыр екен, жолболсын айтып, шығарып салдым.

«Бойымдағы әрбір грамм мен үшін өмір мен өлімнің мәселесі, сондықтан өмірі диетадамын, кешіріңіз, ештеңе жемеймін, тек бір-екі тілім шикі балық сашимиден ауыз тиейін» дейді, Жапонияның өзінде бүгінге дейін 208 рет бәйгеге қатысып, жергілікті топ-жокейлердің қатарына қосылып үлгерген бауырымыз.

Әлемдегі ең мықты ипподромдардың бірі мен бірегейі Жапонияда болса, дүниедегі ең қымбат аттар да осы жапондарда.

«Кэйба» (атжарыс) десе дегбірі қозып, тақымын қысатын жапон, тұратын жерін, жейтін жемін ғана емес, әрбір демін жіті қадағалап, баласындай бағып-қағып отырған ат егелері біздің Бауыржанға таласып, менің де атыммен бір шауып, бағымды сынап көрші деп отыр.

Көшеге шыға қалса, бауырымызды танып жатқан базбіреулер Бауыржанның қолын алып, автограф тілеп, суретке түсуге рұқсат сұрап жатыр.

Қазақтан шыққан тұңғыш жокейге жапондар арнайы адам бөліп, жүріс-тұрысын бақылап жүр. Екеуіміз кездескен бірер сағатта сол жапон бірнеше рет бауырымыздан қашан қайтатынын сұрап үлгерді. Елшіліктен екенімді білмесе, тіпті сыртқа шығармас па еді, кім білсін. Әлемдік деңгейдегі азаматқа жауапты тұлға ғой, қас-қабағына қарап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Бауырым үшін мақтанып, марқайып қалдым. Тіл-көзден сақтасын, аман жүргей.

Атжарыс, жалпы атбегілік өнерінде қазір көштен көп қалып қойғанымызбен, ат құлағында ойнаған көшпенді халықтың ұрпағы екенімізді жапон жұртына дәл осылай паш еткен Бауыржан бауырымыз аман болса, алда әлі талай жапонды қазаққа тәнті етейін деп тұр. Солай болғай.

Сонда жиырма жылдан бері айтып келе жатқан қазақ пен жапон арасында атшабыс, атбегілік саласында бірлесіп бір қызық жоба жасаймыз, бұйырса.

Ал оған дейін бауырымыздың жапон жерінде қандай атқа мініп, қалай шабатынын көргіңіз келсе,

биік стандартқа негізделген заманауи ипподромдағы сұлу сәйгүліктердің бәйгесіне барын салып, бағын сынап жатқан жұрттың арасында болғыңыз келсе, келесі жылдың (2024 жыл – ред.) наурыз айының басынан бастап сәуірдің ортасына дейін Жапонияға келіңіз. Жапон еліндегі қазақ шабандозының жанкүйерлер турын ұйымдастырайық. Хабарласыңыз, ақылдасып, кеңесейік.

Бауыржан бауырым, ат-көлігің аман жүріп, елге есен жеткейсің.

Батырхан Құрмансейіт, жапонтанушы

Argymaq.kz

Фотода жазба авторы Батырхан Құрмансейіт пен әйгілі шабандоз Бауыржан Мырзабаев.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.