Жүйрік атта бір ғана бүйрек болады
(Жалғасы. Басы мына жерде)
Ұлтымыздың дәстүрлі ат сыны өнер-білімі жүйрік аттың басы, ұлы денесі, мінезі сынды сыртқы және жандүниесін шарпып өтеді.
Мінайхан Тотайұлы сыртқы сынымен қанағаттанып қалған жоқ. Өзінің дәстүрлі ат сыншылық өнеріне ішкі көмескі белгі-өлшемін қосты. Ол осымен тоқтап қалмай, ауылдағы бес жүйріктің иелеріне айтып қойып, соғымға сойған кезінде арнайы барып, боршалағанда ішкі ағзасын көріп, жалғасты тексеріп, зерттейді. Өкпесін, сыңар бүйрегін, азу тісін, қос қанатты қабырғасын көріп, соңғы қорытындысын анағұрлым бекемдей түседі. Ол: «Жүйрік аттың өкпесінің бәрі кішкене бола бермейді, бірақ әдеттегі аттардан кішкене, қалыпты болатындығын кесіп айта аламын» — дейді.
Айрықша жүйрік арғымақтар болады. Олардың кеудесінде көп адам біле бермейтін көмескі тесік (қуыс) болады екен. Мінайханның көрімпаз көзі соны байқайды. Мұндай тесік өкпе жүйрік аттың тесігін қолмен сипап білуге болады. Ауылдағы Құмарбек Әбдірашитұлы деген малшының жүйрік кер аты тесік өкпе ат еді. Одан бөлек ханзу мал шипагерінің «Лауфи күрең» деген атының мінер жақ жауырыны тесік еді.
Тесік өкпе ат дегеніміз жүйрік аттың қолтығының асты кеуде мен аралықта, дәл алдында кеуде сүйек пен қолтықтың алдыңғы жағын ала сұқ саусақ сиятындай тесік болады. Осы тесік ат шапқан кезде жалпы денесіне ауа өткізіп, дене температурасын реттеп тұрады екен. Мұндай тесік өкпе қоңыр аңның желтабан ұшқыры – қарақұйрықта да болады. Мұндай тесік қарақұйрықтың шабында екеуден болады. Қарақұйрықта болатыны қарақұйрық адамнан немесе басқа аңнан үркіп қашқанда алдымен тік секіреді. Біраз жерге дейін секіріп-секіріп қашады. Секіргенде қарақұйрықтың шабындағы әлгі екі тесіктен ауа өтіп, денесі ауадан күмпиіп кетеді екен.
Мінайхан қарақұйрықты сойғанда екі тесігін көреді. Ол өзінің қотыр кер тайымен үш қарақұйрық соғады. Бұл тай қарақұйрықты ұзағанда 7-8 шақырым жерге жеткізбей қуып жетеді де, кісінеп-кісінеп, аяқпен тарпып жіберіп, қарақұйрықты соғып алатын. Қуғанда қарақұйрық секіріп-секіріп, денесі күп болып ісінеді де, соғып алғанда денесі қушиып, кішірейіп кетеді. Бұны Мінайхан ет көзімен көріп, аң мен жүйріктерде болатын мұндай ұқсастыққа қатты ғажаптанады.
Оның әрбір өмір белесі жүйрік аттың ішкі ағзасындағы жасырынған жан жұмбағына үңілумен өтеді. Жүйрік атқа мәңгі таңдану мен құштарлық құшағында тербеліп өмірін өткізеді.
Жүйрік аттың көмескі сыны – табиғат сыйы. Ол жүйрік аттың ішкі ағзасында небір құпия сыр жатқанын көреді. Сонымен ол ұлтымыздың ат сыншылық өнер-білімін жинақтап, молықтырып, онан жаңалық ашып, сыншылықты биігіне көтереді. Көкірегіне сақтаған жабық сырды жарыққа шығарып, жүйріктің бар сынын маған жайып салды. Жүйрік аттың көмескі белгілері жөнінде ол былай дейді.
Жүйрік аттың ішкі мүшелерінде көмескі белгілер болады. Бірінші – жүйрік аттың өкпесі қойдың өкпесіндей кішкене, қанша шапса да ісінбейді. «Бұл аттың өкпесі жоқ екен» дейтіні осыдан. Жүйрік аттың өкпесі жұқа, ұзыншақтау, жіңішке болады. Екінші – бүйрегі сыңар болады. Үшінші – белдеме, арқа буындарында жік болмайды. Төртінші – бір ерекше көмескі белгісі – жүйрік аттың соңғы сүбе қабырғасының екі жағында жанасалай белдемеге қарай біткен, кей аттарда бір-екі, кей аттарда екі-екіден төрт қабырға болады. Бұны «құс қанатты» жүйрік дейді. Қолмен ұстағанда білінеді.
Ат сыны өнер-білімі – халықтың ғажап қазынасы. Халық игілігіне жараса ғана асыл қазына болмақ. Мінайхан Тотайұлы балғын жасындағы жайлау кезінде тек үйірдегі жорға-жүйріктерді түгел танып қойған жоқ, қайта оның көрімпаз көзі, сыншылық сезімталдығы оған ұлттық ат сыны өнер-біліміндегі қыруар нәрсені танытып, кең дүниенің есігін ашып, мол ұлттық қазынаға қол жеткізеді. Бүгінгі таңда жасы егделесе де ұлттық ат сыншылық өнерінен бастан-аяқ тайған жоқ. Жан-жағын молынан шалған әр тарабын кеңінен барлаған, барлау үстінде анықтаған, сүйінген, шын берілген, мықтап бой ұрған, сол арқылы ұлттық ат сыны озық мәдениетін биіктетуден, шарықтатудан тынбады. Көз алда ол екі азаматты төл мұрагері етіп таңдаған. Бірі – Қадырбек Ғалымұлы. Бұл өзі атты әбден таниды, одан кейін бапқа де өте жүйрік. Екіншісі – Назар Зарқұмұлы. Ат таниды, аттың бабына айрықша мықты. Ол алтын сандық кеудесінде жинақтаған мол ұлттық ат сыны өнер-білімін екі мұрагеріне үзбей табыстап, аманаттап келе жатыр.
Атты танудың өзі ғылым. Атбегілік өнер дегеніміз жылқының тайынан таңдап, жүйрік ат болатынын, сынға толғандарын бағып, баптап, зар күйіне келтіретін ерекше тәжірибелі, зерделі адам. Яғни ғылыми жолмен түсіндіретін болсақ, жылқы сынау, сараптау, баптаумен дәл шабатын күйіне келтіретін адамдар – мамандар. Олар өздерінің ерекше тәжірибелерімен, сұңғылалығымен күні бүгінгі дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қымбатты білімдерді қалдырған. Атбегілердің барлығы сыншы бола бермейді.
Жалғасы бар.
Бекзат Құрмашұлы,
mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)
Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай
Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?
Басты сурет: Шүкір Шахай
[…] Жүйрік атта бір ғана бүйрек болады […]