300 жылдық тарихы бар ат әбзелдері көрмеге қойылды

1153

Астана қаласындағы “ÓzgeEpic” креатив хабында ақын Ербол Алшынбайдың жеке коллекциясына негізделген “Аспан жылқылары” көрмесі ашылды.

Негізгісі өзімнің ата-бабамнан қалған, сол кісілер қолданған бұйымдар. Сол дүниелер рәсуә болмасын деп, қадірсіз қалмасын деп өзім үшін жинақтап жүрген дүниелер еді. Кейін біртіндеп хоббиға айналды. Оның үстіне, қазір сол қазақтың байырғы тұрмыстық-мәдениетінің әлемнің әр түкпірінде аз ғана жұқаналары қалды. Сол мүлде жойылып кетпей тұрғанда ұлттың қазынасына айналдыру, оны көздің қарашығындай сақтау – перзенттік басты міндеттеріміздің бірі – дейді көрме авторы.

Ол жоғарыда атап өткендей, көрмеге қойылған заттардың көбі өзінің әулеттік заттары екенін айтты.

Иә, көбі өзіміздің әулетке тиесілі әбзелдер. Кейбірі осындай дүниені жинайтынымды біліп, алыс-жақыннан сыйға берген азаматтардың тартуы. Кейбіріне өзім қызығып, сатып алатын кезім болады. Ал құнды жәдігерлерге келер болсақ, XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Қызай Байтұма батырдың сақпаны мен Туы бар. Іле өңірінде өмір сүретін ұрпағы Боқай деген ағамыз маған әкеп арнайы тапсырған. Осы жәдігерлердің ішіндегі ең тарихиы да, ең құндысы да осы екі мұра десек болады. Одан кейінгісі Ерғали деген атамыздың кемер белдігі. Бұны да ұрпақтары берді маған – дейді жәдігер жинаушы.

Ербол Алшынбай жастайынан қамшыға қызығып, қамшы жинауды әдет еткен.

Бала кезімнен бергі хоббиім десем болады. Қамшы жинағанды жақсы көремін. Осы көрмеге де бірнеше қамшы қойылды. Одан бөлек, көрмеге қойылмаған да біраз дырау бар. Алла бұйыртып, қолымыздан келіп, жағдай жар берсе, осының барлығын сақтап, мұражай жасасақ па деген ниетіміз бар. Әзірге қолымда 100-ден астам жәдігер бар – дейді ақын.

Аспан жылқылары

Көк аспанда көкшулан із қалдырған,
Көлбеп жатқан Көкілдінің өзені.
Буырқанып көктей өтіп сан қырдан,
Күн сөнгенше кілкіп аға береді.

Жал – қара түн, құланиек түсі – ақ таң,
Кертіп басқан құйқалы көк кезеңді.
Көкленнің кербез бұлттай тұтасқан,
Көп жылқысы жайлайды сол өзенді.

Астау төсін ай сәулесі аймалап,
Құндыз жалын жел тараған ақ таңда.
Сауырынан күннің нұры тайғанап,
Көкілдідей жөңкиді олар аспанда.

Көктүркінің сенімі бар менде ілкі,
Қайран көңілім, құлын сынды адасқан.
Күлдір-күлдір кісінесе көп жылқы,
Күмбір-күмбір күркірейді көк аспан.

Көп жұлдыздай Көкленнің көгені,
Мама бие желінін сүт кереді,
Толған кезде көк аспанның көнегі,
Сүт жауынын қара жерге төгеді.

Мөлдіресе түннің көзі қара алмас,
Көк шырағын жылқы демі жағады.
Алқарада жанған жұлдыз ең алғаш,
Асау, асқақ тұлпарлардың жанары.

Жылқының сұлу бейнесі мен еркіндікке ұмтылған рухын сездіретін бұл көрме бір ай тұрады.

Жылқы – қазақтың қастерлі символы, еркіндік пен рухтың белгісі. Бұл көрмеде бірнеше ғасырлық тарихы бар ат әбзелдері, ертоқымдар, қамшылар және басқа да жәдігерлер уақыттың көзімен қайта жаңғырды.Қазақ халқының асыл мұрасы – жылқы мәдениеті осылайша көркем әрі поэтикалық тұрғыда жаңаша үн қатты.

Көрме барысында ақын Ербол Алшынбай жылқылар туралы жырларын оқып, көрермендерді ерекше сезімге бөледі.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.