Қажытай Ілиясұлы: Бәйге атының 79 түрлі сыны болады

3744

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткеры Қажытай Ілиясұлының соңғы сұқбаттарының бірі. Сұқбат 2013 жылы алынған. Көлемді әңгіменің жылқыға қатысты тұстарын ғана назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— «Қажекең жүйрік ат пен шайпау әйелді алыстан таниды» деп әзілдейді тұстастарыңыз. Сізді бұл қырыңыздан білетіндер де көп, өйткені бұрынғыларша байгеге бір қарап баға беретін өзіңіз сияқты білікті қазақтар бүгінде жоқтың қасы. Жылқыны тану атадан даритын қасиет деп жатады, бұған не айтасыз?

— Қазақта «көргенді», «көргенсіз» деген сөз бар ғой. Дүниетанымның өзі көріп-білуден, ізденістен тұрмай ма?! Шеттен келгендер қазақтың байырғы қалпын елуінші жылдардың соңына дейін көзімен көріп өсті. Ойын ермегі де, іс-әрекеті де күнкөрістің қамына байланысты өрбиді. Олардың тілін бүлдірмей, қаймағын бұзбай сақтауының себебі сол қазақы қалыпты көзі қанып көргендігінен, зердесіне түйгендігінен. Ал өзіміздегі қазақтар ұлт өмірінен тым ертерек алыстады. Қазақтың ежелгі дағды-дәстүрі мен сән-салтанаты 1926 жылға дейін ғана қалпын бұзбай сақталып келді.

Марқұм Мұхаң (М. Әуезов) бір лекциясында «Менің бір бақытты жерім – феодалдық қоғамды көргенім» депті. Байқасаңыз, осы сөздің түбінде көп мағына жатыр емес пе?! Атты сүйегінен, адамды сөзінен, жүріс-тұрысынан, психологиялық нышандарынан танисың. Орыс жұртын өрге шығарған Петр І «Біреудің адам екенін, не надан екенін айыру үшін 10-ақ минут сөйлету керек» депті. Қандай керемет психолог десеңізші!

Ал жылқынытану деген менің қаныма сіңген қасиет деуге болар. Көзімді ашып көргенім – жылқы малы. Жүйрік аттың тегі мен табын, бабын қолма-қол көретін қасиеті бар қазақтың тіршілігін 19 жасыма дейін анық көрдім. Ол туралы қазақ, тағы басқа тілдердегі әдебиетті де бір кісідей оқыдым. Содан қалған қор да бар көкейімде.

Екіншіден, осы өнердің тұқым қуалайтыны да рас па деп қаламын. Өйткені Тарбағатай күнгейіндегі Таңғыт үкірдай (аға сұлтан) 1910 жылы бір жыл бұрын әкесі Еңсе қажының асын бермек боп, дүниенің төрт бұрышына – батысында Ташкентке, шығысында Қобдаға, солтүстігінде Ақмола, Қызылжарға, оңтүстігінде Еренқабырғаның күнгейі – Іле Алатауы өңіріне дейін сауын айттырады. Ұзын саны 734 ат шапқан осынау үлкен асқа атақты Көлбай Төгісов асаба болады. Соншама көп ат қосылған аста Есенбай зәңгінің бәйге жирені өзгеден оқ бойы озық келіп, бас байге алады. Сол жолы бәйге жиренге мініп шапқан Кәдір Елшібайұлы деген кісіні шау тартқан шағында көзіммен көріп, төрт жыл әңгімесін тыңдадым. Ал өз әкемнің (Ілиястың) жылқы таңдаудағы әулиедей болжағыштығын 20 жасыма дейін көзіммен көріп, ет құлағыммен естідім. Көңіліме тоқыдым. Өзі де ұзақ жыл мал маманы болып істеген. Мені де баулыған сол марқұм әкем еді.

— Қазақ «тұлпар» деп жылқының қандай түрін атаған?

— Қазақ жүйрікті «тұлпар» дейді. Қазақ тұлпары Америкаға, Қытайға, Үндістанға дейін тарап кеткен. Бұдан үш мың жыл бұрын тұлпар жылқы халықаралық саудада тауар ретінде жүрген. Қытайдың ханы үйсінның күнбиіне қызын беріп, мың қара тұлпар алғаны көптеген дереккөздерінде бар. Ат бәйгесін қазақ дарақылықтан жасамаған, қандай жерде қандай тұлпардың тұқымы бар, соны білу үшін ат айдаған. Өкініштісі сол, бүгін тұлпардың орнын жабы басты.

— Жүйрік жылқыны қандай белгілері арқылы тануға болады?

— Менің есебім бойынша, бәйге атының 79 түрлі сыны болады. Ілияс Жансүгіров «Құлагерінде» тұлпар аттың 53 белгісін жазады. Абайда аттың 27 түрлі сыны бар. Ал би Боранбай Қабанбайдың Қубасын таңдағанда, жүйрік аттың ең негізгі 18 белгісін айтады. Абай «Тояттаған бүркіттей салқы төсті» десе, би Боранбай «Артынан қарағанда төсі көрініп тұратын болсын» дейді. Абай «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» десе, Марабай «Сарымсақтай құлақты, сары атандай қуатты, от орнындай тұяқты, аш арыстан сияқты» дейді. Бәрінің көру нүктелері бірдей, бірақ әрқайсысы өзінше, әр қырынан айтады.

Абайдың «Аттың сынында» «байлап көрсек» деген сөз бар. Мұнда үлкен «пәле» жатыр. Бәйге аты белдеуде тұрған кезінде түзу, сүлкиіп тұрмайды, қабырғалап, қырын тұрады. Мен мұның барлығын өмір тәжірибемде көріп өскен адаммын. Қазір маған жүз ат көрсетіңіз, көзілдірігімді киіп, қырық сантиметрден жанарына анықтап қарасам, шабатынын не шаппайтынын бірден айта аламын. Бірақ мен оны айтпас бұрын ат шабатын жердің шарасын, жері еңіс пе, қайқайыс па, жазық па, соны білуім керек. Кейбір аттың алды-арты бірдей шаршы болады. Махамбет «Ылдидан салса, төске озған,

Ертеден салса, кешке озған,

Қой мойынды көк жұлын,

Томаға көз қасқа азбан» дейді. Осы бір шумақ өлеңде аттың өмірбаяны, оның өнерінің өрісі, тағдыры тұр. Махамбет соның бәрін бір шумақ өлеңге сидырып жіберген.

Сұхбаттасқан Қайыржан Төрежан

«Айқын» газеті. 2013 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.