Бұдан былай көкпар ежелгі дәстүрмен ойналады
Бұл туралы Елордада өткен ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының «Көкпар» ойының әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған халықаралық семинар-кеңесінде көкпар ойынының ережесіне өзгертулер енгізу барысында айтылды.
Семинар барысында көкпар ойынында тартылатын серкені басқа заттан жасау, көкпар алаңына жаңадан айып алаңын белгілеп, офсайд аумағын анықтады. Сонымен қатар төрешілердің міндеттері мен көкпар алаңының қандай болу керектігі талқыланды.
Осы орайда Моңғолиядағы Қазақ көкпар федерациясының төрағасы Ром Әуезхан көкпар ойынының негізгі философиялық мәніне тоқтала келе көкпар ойынының серкесін қазіргі замандағы командалық ойындарға ұқсатып, қарсы команданың қазандығына салу қате екенін айтты.
«Бұл үрдіс бертінгі уақытта пайда болған. Ал дәстүрлі көкпардың пәлсапалық негізіне үңілер болсақ, әр ауылдың жігіттері жиналып келіп, серкені өз ауылына әкету үшін тартысқан. Жеңгендері серкені өз ауылына әкететін болған. Ал біз футболды, хоккейді, т.б. қарсыластық ойындарды көп керіп, соған бейімделіп кеткенбіз. Осыдан былай әр команда көкпар серкесін өз қазандығына салу үшін, ал қарсыластары салдырмау үшін ойнаулары керек» — дейді Ром Әуезхан.
Семинарға қатысып отырған ұлттық спорттың жанашырлары бұл ұсынысты бір ауыздан құптап, дала заңына, халық философиясына негізделген ойынды қайта қалпына келтірді. Алдағы уақытта көкпар ойыншылары командалық салымды өз қазандықтарына салатын болады.
argymaq.kz