Абайдың Аққасқа аты

1931

Кәрім Дүйсенбайұлының бұл мақаласы ҚХР-дан шығатын «Мұра» журналында 2020 жылы жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен жарияланған мақаланы біз крилшеге түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Argymaq.kz

Абай Құнанбайұлының ұлылығы тек өлең, қарасөзінде ғана емес, шығармаларындағы қазақ этнографиясымен де дараланады. Онда табиғат, саятшылық, атбегілік бейнелеулер ерекше құнға ие. Соның бірі «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлеңі. Мұнда айтылған ат сыны Абайдан бұрын да бар болуы мүмкін. Алайда Абайдың қасиеті аттың 64 сынын еш артық сөз қоспай, нақтылы заттарға теңеп, 8-ақ шумақ өлеңге сиғызып бейнелеуі.

Қазақта сын көп. Ең көп қолданысқа түсетіні әдебиет сыны мен ат сыны. Әдебиет сыны бір шығармаға немесе бір топ шығармаға берілген бір адамның көзқарасы. Бір шығарманы әр адамның әр түрлі түсінуі әдебиеттегі қалыпты құбылыс қана емес, әдебеиеттің қағидасы. Ал ол сынның рөлі бір шығармаға әділ баға беру, жоғарғы өрелі ғылыми назария арқылы сол шығармадағы әдебиеттік қағиданы шынайы дәлелдеу. Сол арқылы әдебиет оратсын саралау, жетектеу, тәрбиелеу. Сондықтан оның өлшемі еркін. Кең көсіліп шалқи беруге болады. Әдебиет сынының өлшемі сын жазып отырған адамның өресімен өлшенеді.

Аттың сынында белгілі, тұрақты өлшем болады. Өйткені ол спорттық қимыл. Оның халықаралық және ұлттық өлшемдері жеке-жеке. Ұлттық өлшем бір ұлттық тарих бойы жинақтаған тәжірибесі болғандықтан, ол негізінен тұрақты болады. Тек аттың нәсіліне, жеріне, өрісіне, климатына, әдетіне байланысты өлшемде аздап өзгеріс болады. Сол өлшемді түсіндіру сыншы-атбегілерінің бақылауына, сезгірлігіне, сұңғылалығына, тілдің бейнелеуіне байланысты. Мен таяу жылдардан бері жылқышы, сыншы, бапкерлермен әңгімелесу арқылы түйгендерімді түрге айырып жіктеп, осы шығарманы жазып шықтым. Артық-кем жері болары қақ.

Аттың сыны сыншымен ашылып, бапкермен жетіледі. Олар жылқыны қабағына қарап, қимылынан сезіп, тәбетін таба қоятын психолог. Олар бейне құшағында сәбиі бар анадай, көкірегіне бәрі сиятын данадай, ақауын табар дәрігер дерсің. Бірақ олар атын баладай сылап, данадай сыйлағанымен батырдай аямайды. Аялап баптап, бір реткі сайыста тек алдындағыдан озу, бәйге алу үшін қамшының астынан алады. Күн-түндеп алақанынан жылуын өткізіп аялаған мінез бір-ақ сәтте қатыгездікке айнала қалады. Олар аттың тілін ділінен, әлін терінен біледі. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, бәйгенің аласы да ішінде. Иесі оны шөппен бағып, шөппен емдейді. Жеммен семіртіп, жеммен арытады. Олар атты қамшымен емес, дорбамен ұрады. Төңірегімізде қанша бапкер болса, сонша бап бар. Сыншы мен бапкер – кейде бір, кейде екі адам. Бірі ат таниды да, бірі ат баптайды. Сыншының орны бөлек. Сыншы да, бапкер де бір адам болғанға не жетсін?! Ол жылқыны көзінен ғана емес, тұтас болмысымен байқайды. Жылқының тегі, сүйегі, терісі, тұлғасы, мінезі, түсі, әрекеті, жайылысы – бәрі-бәрін бақылайды. Бәйге атының бітіміне, формасына қарай оның бабы да өзгеше болады. Ал бапкердің сыншы болуы шарт емес. Бірақ бапкерлік ауыр кәсіп. Олар атқұмар, қажырлы, қайратты, денсаулығы мықты, сабырлы, шөгел, шыдамды, әрекеті құпия адам. Бапкер қыстай атпен бірге ет алып, жаздай атпен бірге жарайды. Атпен бірге ұйықтап, атпен бірге «жайылады». Бапкер күндіз-түні аттың жанынан кете алмай, сипау арқылы алақанының жылуын өткізеді.

Қазақ жылқыға сонша бауырмал, жақын болғанымен, сыншы-бапкерлік бір адамда бола бермейтін қасиет. Адам мен жылқы арасындағы осы бір асыл сәйкестік туралы Абайдан артық өлең жазған ешкім жоқ. Бұдан кейін болуы да екіталай. Себебі Абай көп жылқының ішінде өскен, ат сыншыларымен бірге болған, өзі де атқұмар болып, ат қосқан, аты бәйгеден келіп тұрған адам. Ол жөнінде Әбділдәбек Ақышбайұлы құрастырған «Абай туралы естеліктер» деген кітаптағы мына бір ұзын әңгіме осыны дәлелдейді:

— Атқа сыншсың ғой, осы менің Аққасқа атым жүйрік пе? – дейді Абай. Сонда сыншы Тарпаңбай аттың о жағына бір, бұ жағына бір шығып қарап:

— Шіркін, бабы келсе тұлпар ғой! – депті. Сонда Абай:

— Мені бапкер емессің деп тұрсың ғой, — деп, анадайда тұрған бір жігітті шақырып алып:

— Ана Аққасқа атты ноқталап бер, Тарпаңбай тұлпар ғып алсын, — деп, Тарпаңбайға жетектетіп жіберіпті.

Абайдың Жирен ат пен Аққасқа дейтін екі бәйге аты болыпты. Аққасқа атты Абай бірнеше бәйгеге қосса, не озбайды, не қалмайды, ылғи төрт не бесінші болып келеді екен. Осыған ыза болған Абай «бабы келсе тұлпар ғой» деген сөзіне орай, ноқталатып, жетектетіп жіберген екен.

Тарпаңбай Қызыладыр болысында болған тойға Аққасқа атты баптап қосыпты. Ат бірінші болып, алдында келіпті. Тарпаңбай атқа шапқан баладан сұраса, көмбеге тақағанда келіп озды депті. Сонда Тарпаңбай «Әлі бабына келмеген екен» дейді. Біраз уақыт өткеннен кейін бәйгеден Аққасқа ат тағы да алдымен келіпті. Бала осы жолы тең ортаға келгенде озды десе, «әлі бабына келмеген» депті. Үшінші рет қосқанда ат тағы да алдынан озып келеді. Сонда бала:

— Шу дегеннен аттардың алдына шығып, сол кеткеннен ұзап кете берді – депті. Тарпаңбай шаттанып:

— Шіркін, жампоздың бабы жаңа келген екен. Озатын жылқысынан шу дегенде озуы керек қой! – депті.

— Аққасқа аттың желігі жоқ, мінезі ауыр, қаратаң ат, еш нәрсеге елеңдемейді. Жайылғанда басын жерден алмайды, жайыла береді. Басқа мінезі жеңіл атты үш сағат жайғанда, Аққасқа атты бір жарым сағат жаю керек. Әйтпесе аса тойып кетеді – деп бағалапты Тарпаңбай.

***

Бір жылы арғын руынан шыққан аға сұлтан Құнанбай інісіне ас беру үшін бүкіл Орта жүз бен маңайындағы басқа ру-тайпаларды асқа шақырып, сауын айтады. Асқа әр ру өздерінің атбегілері мен шешен-шежірелерін, балуандарын, шашасына шаң жұқпас жүйріктерін әкеп қатыстырады.

Найманның атбегі Қоңырбай алыс-жақынға даңқы шыққан сары атты алып келеді. Бәйгеге неше жүз ат қатынасатын болады. Сонда Құнанбай жүйріктерді шабысқа жіберер алдында өзінің ат сыншысы әрі бапкері Тілеуді шақырып алып:

— Сен барлық атты көрмей-ақ қой, тек найманды тыйып жүрген сары атты ғана көріп келші, — дейді. Тілеу сары аттың алды-артына шығып, мұқият бір қарап шығыпты да, қайтып барып Құнанбайға:

— Бұл жолы сары ат алдына бірде-бір ат салмайды. Тұяғы қалың, тастұяқ екен, қанша шапса да арыны бәсеңдемей, тұяғы шапқан сайын қызады. Оның үстіне көзі ерекше отты, қақпанбелдің өзі екен. Ұзаққа қарап, саңлақтанып, қасындағы бір атқа иегін артып, «бәйге менікі» деп тұр – деп өз бағасын айтады. Көп ұзамай ат шабыс болып, Тілеу айтқандай найманның сары аты бірінші болып келіп, бас бәйгені алады.

***

Тағы бір жылы Алтайда найман елінің атақты биі Айдаболға ас берілетін болып, бүкіл керей-найман елі мен көрші отырған өзге ру-тайпалардың біліктілері мен атақты бәйге аттары жиналады. 400-ге тарта ат бәйгеге қосылады. Ат айдаудың алдында Ботай болыс өзінің Майлыбай деген сыншысына:

— Иісі керей елін тыйған Қарақасқа атын барып көріп келші, — деп жұмсап жібереді. Майлыбай Қарақасқа атты айналдыра қарап шығыпты да, Ботайға барып:

— Қарақасқа аттың кереметі – төрт аяғында екен. Өйткені алдыңғы аяғының жіліншік сүйегінен балтыр сіңірі жуан екен. Оның үстіне, құлын күнінде алғаш оттыққанда ерекше жердің шөбін жепті. Сондықтан ол осы жолғы бәйгеде алдына бірде-бір ат түсірмейді, — депті.

Айтса айтқандай, сол бәйгеде Қарақасқа ат бірінші болып келіпті.

Абай осындай сыншы, бапкерлердің (атбегілердің) қасында бірге болумен қатар, сол замандағы қиса-дастандар, аңыз-ертегілерге де таныс әрі оларға заманы жақын, ондағы тұрмысты көреқалған адам болатын.

Жалғасы бар.

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!