Аманжан Еңсебаев. Қазақ дикторлар мектебі. Ағалар жолы
Радио ардагері, күллі қазаққа белгілі диктор Аманжан Еңсебаевты әңгімеге тартқан едік. Жарты ғасыр ғұмырын ұлттың үнжариясына арнаған ардагер сол кездегі Қазақ радиосында қызмет атқарған дикторлар жайлы сөз айтты. Аманжан Еңсебаев әсіресе өзі ұстаз тұтқан Әнуарбек Байжанбаев туралы тамаша естеліктерімен бөлісті.
— Аманжан аға, әңгімені радиоға қалай келгеніңізден бастайықшы?
— 70-жылдардың бас кезінде Алматыда Ауыр машина жасау заутында 12-цех деген бар – шойын құю цехы. Сонда қарапайым жұмысшымын. Радио тыңдау бала кезден қалыптасқан, ауылда әкем де, анам да радиосыз отырмаушы еді. Ауылдың ортасында биік бағана тұратын. Бағананың басында бүкіл бір ауылға сарнап тұратын репродуктор болушы еді. Дауыс күшейткіші де болды. Сол бүкіл ауылға таңертеңнен бастап жаңалықтарын айтады, әнін айтады, күйін де береді. Елде болып жатқан барлық жаңалықты орысша, қазақша сайрап тұрады. Ауылдағы әр үйде радио бар, радио-нүкте әр үйден ұстайтын.
Зауытта жүргенде де радио тыңдауды үзген емеспін. Бір күні радиодан «Қазақ радиосына жасы 18-ге толған, қазақ тілінде жақсы сөйлейтін ер азаматтар керек» деген хабарландыру берілді. Хабарламаны тыңдаған соң, басында қобалжыдым. Бірақ іштей ойладым, «бір барып бағымды сынап көрейінші» — деп. Сонымен келіп, конкурсқа қатыстым. Басында 18 адам болдық, конкурсқа қатысатын. Солардың арасынан 12 адамды іріктеп алды. Ең соңында Бақытжан Атагелдиев деген жігіт екеуіміз ғана қалдық. Ол кезде Бақытжан, Әуезов атындағы драма театрдың екі жылдық актерлер дайындайтын студиясы бар еді, сонда оқып жүр екен. Ол қанша дегенмен өнердің ішінде жүр, небір корифейлерді көреді. Серке Қожамқұлов, Сәбира Майханова, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәриповаларды күнде көріп жүр ғой. Менің мұрныма иісі де бармайды. Өзім ауылдан келгем, өзім май-май зауыт жұмысшысымын. Алматыға да енді-енді жерсініп келе жатқан бетіміз.
Не керек, сол Бақытжан екеуіміз ғана өттік. Бірақ іштей өз-өзіме сене алмай жүрмін. Шын ба, өтірік пе деп. Енді ойлап көрші, атағы бүкіл Қазақ даласына жайылып тұрған Қазақ радиосына барам-ау, сол жерде қызмет істеймін-ау деген ойда жоқ.
— Байқауда жеңдіңіз. Радиода алғаш кім қарсы алды?
— Ең алғаш табалдырығын аттағанда, күнде көріп, күнде келіп жүрген бір шаңырақ сияқты сезілді. Ең алғашында сондай әсер болды. Ішке кірген соң, мүлде басқа. Есік алдында милиция тұратын ол кезде. Әсімжанов деген үлкен кісіміз бар еді, сол кісі дикторлар бөлімін басқарады екен. Орыс, қазақ группасын. Сол кісі қарсы алды.
«Ал, айналайындар, конкурстан өттіңдер. Мен сендерді қазір, Байжанбаевты білесіңдер ме? – деді. Енді ол кісіні кім білмейді? Бүкіл қазақ біледі ғой. «Иә, білеміз» деп жалпақтап жатырмыз. – Ендеше, қазір мен сендерді сол кісімен таныстырамын» — деді.
Әлі көз алдымда, Әнекең анадайда эфирден шығып келе жатыр екен. Соңғы хабар оқыған болу керек. Қасында Жәнел Асхарова апамыз бар еді. Ол кісілер эфирден шығып келеді, біз бергі жақта баспалдақта тұрмыз. Милиция ішке кіргізбейді. Сонда Әнекеңді ең алғаш көргенде, адамның бойында болатын бір ішкі тебіреніс, ішкі қобалжу, дауысын күнде естіп жүрген адамды жүзбе-жүз көру, оның үстіне дүрілдеп тұрған Байжанбаевты көру – ол кезде екінің бірінің маңдайына жазылмаған дүние еді. Сол маған қатты әсер етті. Сонан кейін менің ең алғаш көзім түскен бір дүнием – Әнуарбек аға есіктен бірінші өзі шықты, соңында келе жатқан Жәнел апайға қолын созып, «алға жүр» деген ишара жасады. Мәдениет! Ең алғаш соны көргенде көкірегіме түйіп қалдым. Әнекеңнің бірінші өзін көрдім, сонан кейін әйелдің алдына түсіп кетпей, қолымен ишара жасап, құрмет көрсеткені көкейімде сақталып қалды.
— Әнекеңмен таныспай жатып, мәдениетін таныған екенсіз ғой?
— Солай деуге болады. Әнуарбек ағалар біз тұрған бетке шықты. Әсімжанов: «Әнеке, мына балалар конкурстан өтті» — деп таныстырғаннан кейін, сәлем бердік. «О-о-о, айналайын, амансыңдар ма? Құтты болсын!» — деп қолын ұсынды. Біз үшін ол батамен тең еді. Бақытжан үйреніп қалған жігіт қой. Сол кездегі СССР Халық әртістерімен, Қазақстан Халық әртістерімен бірге жүрген. Әнекең бізге сәт сапар тіледі, содан бастап күнде радиода – «Шалқар», облыстық радио, шетелге хабар тарату редакциясы және Қазақ радиосында дамылсыз жұмыс басталды.
— Сіз қай бөлімге бардыңыз?
— Шетелге хабар тарату редакциясы – Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Иракқа, Ауғанстанға, т.б. елдерге ақпарат тарататын. Мен сол редакцияда комунист ретінде 20 жыл отырдым. Алғаш келгеннен бастап Сержан Мәмбетов деген ағамыз, «Мына жігіт комунист, алдыңғы шепте болу керек. Қытай редакциясына осы жігіт барсын» — деді. Содан кейін Қазақ радиосына анда-сонда ғана келіп жүрдім. Себебі, шетелге дайындалған хабарларға аты-жөнімізді айтпайтынбыз. «Сіздер Қазақстан жаңалықтарын тыңдадыңыздар» — дейміз, болды. Шәрипа Бейсекеев, Жаңыл Біржанова дейтін апайымыз үшеуіміз күніне үш сағат хабар жүргізетінбіз. Біз қазақ тілінде жасайтынбыз, ал ұйғыр тілінде бөлек жасалатын. Орысша хабарды Мәскеуден жіберетін.
— Қайнаған қазанның ішіне сіз де түсіп кеткен екенсіз ғой?..
— Алғаш рет Әнекеңмен танысқан соң, арасында келіп жүрдім. Қазақ радиосы – үлкен өмір мектебі болды. Неге дейсіз ғой. Өйткені радионың ол уақыттағы Жазушылар одағымен, Журналистер одағымен, газеттермен, журналдармен, балалар шығармашылығы орталықтарымен байланыстары өте тығыз, ынтымақтаса жұмыс істейтін. Радионың іші қайнап жатушы еді. Бір радионың өзінде ғана 550-570-тей адам жұмыс істейтін. 4 қабат құрылыста 570 адамды есептеп көріңіз. Телеарнаны қоспағанда. Сапырылысып жатады. Әр редакцияда орыс, қазақ бөлімдері бар. «Балалар» редакциясы – орысша-қазақша; «Насихат» бөлімі – орысша-қазақша; соңғы хабыр – орысша-қазақша; Музыка редакциясы – орысша-қазақша. Бөліп-бөліп тастаған. Әр редакцияда оншақты адам жұмыс істейді. Оның сыртында «Радио комитет» деп аталатын. Ол тікелей Министрлер кеңесіне қарайтын. Оның төрағасы ол кезде министр дәрежесінде еді. Ол Үкімет мүшесі болды. Үкімет мүшелерімен тең дәрежеде өзінің дауысын өткізе алатын. Кеңес дәуірінде радио мен телеарнаның беделі үлкен, мәртебесі биік болды.
— Ол кезде төраға кім еді?
— Кеңес Дүйсекеев деген кісі екен. Кеңінен ойлайтын, алдына барған адамның бәріне «айналайын, келе ғой» деп ерекше ілтипатпен қарайды. Жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі сондай салмақты. Олай болмасқа да болмайды, тек радио мен телеарнаны ғана басқарып отырған жоқ, бүкіл қоғамға өзінің беделі бар. Бүкіл мәдени ортаға өзінің сөзін өткізе алады. Үкімет басшыларына дейін, Қонаевпен де еркін тілдесе алатын. Тікелей барып, өз өтінішін айта алады. «Радио комитеттің» дәрежесі сондай болды.
— Диктор болғандықтан дауыстың қадірін бір кісідей білесіз. Сол кезде Қазақ радиосында өте мықты студия болған дейді?
— Радионың құрамында эстрадалық оркестр болды. Радио ғимаратына кірген кезде, төмен жақта, жертөлеге кіріп кетеді. Сол жерде үлкен студия болды. Ондай студия әлі күнге дейін, міне Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды, жоқ. Оның ішкі дауыс қабылдауы, арнайы үлкен концерттер жазуға арналған шетелдің сол уақыттағы аппаратуралары, дыбыс сақтау, дыбыс күшейткіш құралдарымен жабдықталған дүние. Қазақ радиосында әлі күнге дейін сақталып келе жатқан «Алтын қордағы» Ермек Серкебаевтың, Бибігүл Төлегенованың, Роза Бағыланованың, Құрманғазы оркестрінің, Отырар сазы оркестрінің, басқа да толып жатқан сол дәуірдегі әншілердің дауыстары сол студияда жазылды. Әлі күнге дейін сол музыкалық шығармалар эфирден беріліп келеді.
Ескендір ағамыз, Нұрғали ағамыз мен радиоға келгенде отыздың ішіндегі жігіттер болатын. Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова, Люция Төлешова, Суат Әбусейітов т.б. толып жатқан әнші-әртістер сол студияда сапырылыс жүретін. Ал Музыка редакциясының бас редакторы – Ілия Жақанов ағамыз еді. Қырғыз бен қазақтың арасындағы ең бір құрметке бөленген, қазақ пен қырғызға ортақ компазитор, өнер қайраткері, қаншама әндері бар. Ол кезде радио студиясына қырғыз әншілер де келетін. Концерттік студияда бір апта Құрманғазы оркестрі жазады. Таңның атысы, күннің батысы. Әншілер де, күйшілер де, компазиторлар да. Ілия Жақанов ағаның алдында сол компазиторлардың бәрін көретін едік. Қазіргі радио ғимаратына кіріп келгендегі холл бар ғой, сол жер ашық болатын. Сол жерде қолдарында домбырасы бар, баяны бар, анау-мынау музыкалық аспаптары бар үйіліп тұратын.
Музыка редакциясы жайлы айтып жатырмыз ғой, сол кезде телеарнада және радиода «Ел іші – өнер кеніші» деген арнайы хабар болды. Соған музыка редакциясынан арнайы редакторлар бөлініп, телеарнамен бірлесіп, сонау Қызылжардан бір жақсы әнші не күйші шықты ма, болмаса Маңғыстауда сондай бір өнер иесі бар дегенді естісе, арнайы машина бөлінеді, соны бір бір сағат, екі сағат, тіпті жарты сағат жазып алу үшін барады. «Ел іші – өнер кеніші» дегені сол. Басшылық сол жаққа жібереді, жолына ақша төлейді. Машинаның бензині, аналарға төленетін айлығы бар. Мәселен сіздің шығармашылығыңызды насихаттау үшін сонша шығын шығаратын. Соны жазып алып келетін. Ол дауыстар, таспалар телеарнаның да, радионың да «Алтын қорында» әлі күнге дейін сақтаулы.
— Радио руханияттың қара шаңырағы болғанын бағамдап отырмын. Осы радиода жүріп таныған тұлғалар жайлы, өзіңіз қызметке келген кездегі радиода істейтін әріптестеріңіз жайлы айтыңызшы?
— Ең алғаш Ілия ағаның алдынан Шәмші ағаны көрдім, Әбілахат Еспаевты көрдім, Мыңжасар Маңғытаевты көрдім. Сол компазиторлар күнде-күнде үзілмейтұғын. Музыка редакциясында екі бөлме болды. Әншілердің бәрі сонда. Столда дастархан жаюлы. Қашан көрсең «әлеуләйім бітсе, халауләйім бар», ерекше бір шығармашылық ахуал. Ән мен күй! Жұмыс та жүріп жатады, дастархан да жайылып тұрады, запис те жазылып жатады, бір ерекше әншілер мен күйшілермен, өнер адамдарымен арадағы байланыс жоғары деңгейде болды. Бұл тек музыка редакцияссында ғана емес, қатарында Әдебиет редакциясы бар. Ол жерде – ақындар, жазушылар. Бір күні қарасаң Сырбай Мәуленов ағамыз жүреді, Ғафу Қайырбеков келеді. Мұқағали ағаны сонда көрдім. Қасым Қайсенов – қазақтың маңдайына біткен партизаны, Бауыржан Момышұлы! Бәрі сонда.
— Бауыржан Момышұлын да көрдіңіз бе?
— Бір күні Бауыржан Момышұлы радиоға келеді деді. Атын естігеніміз болмаса, көрмеген кісіміз. Бәріміз көрейік деп, анталап тұрмыз. Ұзын дәліз. Екі жағында операторлар мен режиссерлер отырады. «Қазір Бауыржан келеді екен, көреміз» — деп, есіктен басымызды жартылай шығарып, сығалап қараймыз ғой. Ана кісі келе жатыр екен. Қолында таяғы бар. Мұртын екі саусағының арасымен майдалап сипап қойып, «Зоопарк что ли?!» — деді. Жаңағы жартылай ашылған есіктен сығалап тұрған жарты бастардың бәрі жып етіп, інге кіргендей жоқ болып кетті. Баукең жәй басып, миығынан жымиып келе жатыр. Сес көрсеткені ғой. Шын мәнісінде сес емес, бір жағы қалжыңы да шығар. Ондай атақты, халықтың аузында жүрген, Халық қаһарманын кім қастерлемесін?! Бәрінің де көргісі келеді. Бір жағынан халыққа еркелігі Бауыржан атамыздың. Сонда көзінің қиығымен Бауыржанды көріп қалғанының өзі – ерекше бір мәртебе болатын.
— Жаңа әңгіменің басында Әнуарбек Байжанбаевты ерекше құрмет тұтатыныңыз жайлы айтып едіңіз. Ол кісі де диктор, сіз де дикторсыз, шығармашылық байланыс мықты болған шығар?
— Есіктен кірген кезде біздің эфир тура баспалдақтың алдында болды. «Әй, әлгі Байжанбаев қайда? Сәлем берейік деп едік» — дейді. Кім келсе де бірінші ауызға алатындары – Байжанбаев. Құрмет! Байжанбаев десе – радио еске түседі. Қазақ радиосы десе – Байжанбаев ауызға алынады. Өйткені Қазақ радиосы арқылы Байжанбаев бүкіл елге танылды. Байжанбаевтың дауысы арқылы Қазақ радиосы бүкіл байтақ далаға жетіп жатты. Мінеки, радио мен Байжанбаевтың егіз болатыны осыдан.
Қазіргі «Алматы» қонақ үйінің директоры ол кезде Рақымжан Қошқарбаев атамыз еді. Ол кісінің кім екенін бәріңіз білесіздер. Рейхстагқа ту тіккен батыр, соғыс ардагері. Сол Рахымжан аға мен Әнуарбек аға дос болды. Бір-біріне деген сыйластығы ерекше еді. Әнуарбек ағаның арқасында бірнеше рет Қошқарбаевтың алдына барып, дәм татқаным бар.
— Ол қалай болды?
— Ол кезде Алматыда қонақ үй деген өте қат. Сырттан келгендер ағайын-туғанның үйі болса да, қонақ үйге жатқанды мәртебе көретін. Шымкентте Ғалым деген досым бар еді. Сол келген сайын, «Қонақ үй алып берші, тым болмаса бір апта қонақ үйде жатайын» — дейтін. Сондайда Әнуарбек ағаға жалынамыз, «Аға, қонақ үйден бір бөлме алып беріңізші» — дейміз. «Ой, мен сендерге немене, қонақ үйдің директорымын ба?! Қойсаңдаршы» — дейді қалжыңдап. «Жарайды, қазір» — дейді де, Қошқарбаевқа телефон соғады. «Раха, бұл Байжанбаев деген құлыңыз ғой» – дейді, басын төмен салбыратып тұрып. Ар жағынан Қошқарбаев ағамыз ха-ха деп күледі. Күлген дауысы бізге естіліп тұрады Байжанбаевтың қасында тұрған. «Оу, падишам, сіздің алдыңызға кіріп шығайын деп едім» – дейді Әнуарбек аға. Рахымжан аға тағы күледі. «Қашан келесің, оу, құлым» – дейді бір кезде Рахымжан аға. Бір-біріне деген риясыз құрмет қой. Бұл Әнекеңнің ел алдындағы құрметінің бір көрінісі еді.
— Әнуарбек ағаның халық құрметіне бөленуінің өз сыры бар. Сіз де ол кісіні ұстаз тұтатын боларсыз?
— Радиоға алғаш табаным тиген сәттен бастап Әнекеңнен бастадым. Әнекең күллі қазақтың құрметіне қалай ие болды? Әнекеңді бүкіл халық не үшін сыйлады? Осы уақытқа дейін, міне өзім де 70-ке келген екенмін, Әнуарбек ағаның қасында 20 жылға жуық шәкірті ретінде қатар жүрдім. Менің әлі күнге дейін Әнуарбек ағаны ұмыта алмайтыным да, ол кісінің аруағының алдында бас иетінім де рас. Ол кісінің қарапайымдылығы ел ішінде қара басын қарқарадай етіп көрсететін. Сол 18-19 жылдың ішінде мен Әнуарбек ағаның біреудің алдында бір кеуде көтергенін көрмеппін. «Мен – Байжанбаевпын!», «Мен – Қазақстанның Халық әртісімін!» деп кеудесіне нан пісіп, біреуге бір дауыс көтеріп, такаппарланғанын, болмаса біреуге бір менсінбей қарап, өзін басқадан жоғары ұстаған мінезін көрмеппін. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» дейді ғой, қашан көрсеңіз де бірқалыпты. Бәріміз де пендеміз ғой, кейде бір 50 грамдатып, дүрілдетіп отырғанда «О, мен – Байжанбаевпын» дейтіні бар, одан басқа еш уақытта естімеппін.
Қаншама нөкері қасында қолпаштап жүреді. Әсіресе қаламақы алған кезде. Айына бір рет аванс беріледі. Ал ондай кезде жазушы да Қазақ радиосында, әнші де, компазитор да, күйші де, ақын да, әртіс те Қазақ радиосында. Радионың ішіне симай кетеді ғой. Енді бір қарасаң Желтоқсан көшесінен Сәтбаев көшесіне қарай қайқайып Әнуарбек аға кетіп бара жатады. Артында нөкерлері екіден-үштен, тап бір футболға бара жатқандай тізіліп бара жатады. Кейде білетіндер терезеден қарап тұрып, «әне, Байжанбаевтың саяжайына кетті» дейді. Сол кезде «Байжанбаевтың саяжайы» дегеннің не екенін онша ұға бермейміз. Шынымен тау жақта саяжайы бар екен деп жүрміз ғой. Сөйтсек… Қазіргі әкімшілік ғимараты тұрған жерде бұрын ештеңе жоқ болатын. Қалың жеміс ағашы өскен, «сары сиыр» атанып кеткен сырахана бар еді. Соның қатарында «Қазақтелефильм» бар. Әнуарбек ағаның жұмысының бір шеті – «Қазақтелефильм», бір жағы – телеарна, бір жағы – радио, сосын – ғылым академиясы, соңғысы – «Қазақфильм» болатын. Ол кезде «Қазақфильм» қазіргі 8 март пен Төле би көшелерінің қиылысында еді.
Әнағамның жұмыстан қолы бос болған кезін көрмеппін. Таңертең радиоға бір келіп кетеді. «Мен телеге барып келейін» — дейді, болмаса «телефильмге барып келейін» — дейді. Қашан болсын жұмыс. «Қазақфильмнің» «Советтік Қазақстан» дейтін радио-журналы бар еді. Оны тек Байжанбаев оқитын. Орысшасын Морюхин деген оқыды. Әнекеңнің маған ықыласы түскені сондай, бұны өзіме үлкен мәртебе санаймын, «Қазақфильмге» алып барып, Мнаура Нәбиева деген апамызға, «Аманжан менің шәкіртім, балам, мен жоқта осы бала оқиды» — деп таныстырып қойды. «Қазақфильмнің» табарлығын да ең алғаш Әнуарбек Байжанбаев ағаммен бірге барып аттаған едім.
— Әнуарбек ағамен қатар отырып мәтін оқитын диктор болушы ма еді?
— Радиодағы жұмысы ұшан-теңіз. Әдеби хабарлардың бәрін Байжанбаев оқитын. Неге? Өйткені, сол уақытта Әнекең мен Сауық Жақанова екеуіндей қазақ тілінің ішіндегі бар дәнін де, бар мәйегін теріп оқитын диктор некенсаяқ болатын. Әрине, басқа дикторлар да болды, жоқ деп айта алмаймын. Бірақ екеуі ерекше еді. Ілия Жақанов аға да сол екеуін таңдайды. Әлі күнге дейін екеуі оқыған хабарларды тыңдап отырсаң, радионың қасынан кете алмайсың. Өйткені сені радиоға байлап қояды. Неге? Дикторлардың мамандығы бойынша «дауыс ансамблі» деген болады. Әнекең мен Сауық жұптасып оқығанда, қос дауыста бірін бірі толықтырып, бірінің айтқанын бірі іліп әкетіп, сонан кейін дауыс үндестігі, мәтіндегі ойды, дәл, дөп басу – жорға сияқты ғой. Жорға жүйткіп келе жатқанда төрт аяғын тең алады ғой, Байжанбаев пен Сауық сондай еді. Олардың күштілігі сонда. Радионың адамға әсер ететіндігі, әсіресе әдеби хабарлардың, поэзияның адам жанын баурап алатыны сондықтан.
Байжанбаев театрдан келетін Зәмзәгүл Шәріпова апайымызбен бірге көп оқыды. Екеуі де отырушы еді, шіркін!.. Ол кісілер мәтін оқып отырғанда басқа бір сөз қолданып кету деген мүмкін емес! Бас ала алмай қаласың! Өйткені олар кейіпкердің өзіне айналып кететін. Бір мықтылығы сол еді. Сонысымен-ақ бізді баурап алатын.
Сол Сауық апай, сол Зәмзәгүл апайлармен төмендегі студияда мәтін оқыған кезде есіктің сыртынан тыңдап отыратынбыз. Өйткені Мәмбет ағалар, дикторлар группасының басшысы Мәсімжанов ағалар айтатын, «Әнекеңнің, Сауықтың оқығандарына құлақ түре жүріңдер» — дейтін.
Қазақстан радио-театры деген болды. Сол кездегі Әуезов театры мен Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жастар театрында өткен бүкіл спектакльдің радио нұсқасын жазып алатын. Тұңғышбайлардың, Құдайбергендердің 25-30 жастағы кездері. Сол спектакльдегі дауыстары әлі бар. Ал сол дауыстар театрда жоқ, радиода ғана сақталған.
— Радио-театрға кімдер келуші еді? Кімдер рөл ойнаушы еді дегенім ғой…
— Серке Қожамқұлов, Сәбира Майханова, Ыдырыс ағамыз, Асанәлі ағамыз бар, Әнуар Молдабековтер бәрі келеді. Олар келгенде радионың ішінде бір үлкен бөлме бар, сол жерде спектакль ойнағанда, жаңағы үлкен-үлкен ағаларымыз бала болып кететін еді. Кейіпкерге айналып кетеді ғой. Есіктің сыртында тұрып солардың дауысын естіп «мынау үлкен кісі еді, бала боп кетті ғой» деп немесе «мынау ауылдың айғайшы шалына айналды ғой» деп таңқалатынбыз. Образға кіріп кетеді ғой. Мәмбет ағалар бізге соны тыңдаңдар дейтін. «Сырттай болса да соларды тыңдаңдар, құлақтарыңа сіңе берсін! Бұл диктор үшін – сендер үшін керек» — деуші еді. Соны солай ұқтық, солай қабылдадық та.
— Әркімнің дауысы әр түрлі болатынын білеміз ғой. ал әр мамандық иесінің мәтін оқуы да әр түрлі болытын болып тұр ғой сонда?
— Әрине, мысалы, ақындар өз шығармаларын, өлеңдерін студияға келіп оқиды. «Оны да тыңдаңдар. Осыдан өздеріңе керегін аласыңдар. Ақын қалай оқиды, жазушы қалай оқиды, өз дүниесін эфирге қалай береді? Ал диктор қалай оқып, қалай жеткізеді? Әртістер қалай оқиды? Әртістің дауысы мен диктордың дауысында қандай айырмашылық бар? Олар дауысты қалай икемдейді? Әр сөздің өзінің айтылу мәнері бар. Соны меңшеріңдер» — дейтін Мәмбет Сержанов.
— Дикторлық біліммен келе ме, туа бітті өнер ме?
— Дикторлықты мен өнер деп бағалар едім. Өйткені қазір оны өз басымнан өткеріп отырмын. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл болды. Қазір диктор дейтін мамандық жоқ. Дикторлық мандыққа ешкім оқытпайды. Ол тек біздің Қазақстанда ғана емес, ТМД мемлекеттерінде, бүкіл дүниежүзінде солай. Арнайы дикторларды оқытатын оқу орындары жоқ. Оларды дайындамайды. Әртістерді дайындайды, режиссерді дайындайды. Ал дикторларда – Алланың бергені, туабітті дүние. Әнекеңдей кісілер қайталанбас тұлғалар ғой. Туабітті деп отырғаным сол. Ананың сүтімен, әкенің күшімен келетін дүние сияқты. Мен өзім солай деп ойлаймын. Бұл – өнер! Өнер болғанда да екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін өнер.
Біздің тұсымызда 17 қазақ дикторы болды. 17 орыс тілді диктор болды. Сол 34 адамның ішінде, қазіргі таңда орыс тілділерден ешкім жоқ. Қазір біздің санымыз 20 миллион десек, сол кезде 12-13 миллион болған шығармыз. Демек, сол 12-13 миллионның ішінен 17 диктор шықты деген сөз. Менің ойымша бұл сол 17 адамның маңдайына сыйлаған тағдыр сыйы.
— Егер өнер деп, туабітті дарын деп қарасақ, оны сақтаудың да өз жолдары бар шығар? Үнемі баптап, дамытып, мәпелеп отыру керек болар?
— Дауысын, үнін сақтау әр диктордың өзіне байланысты. Әнекеңнің өмірін мысал етейін. Сен дикторсың ба, дикторлықтың оқуы жоқ секілді, онда «тамағыңды былай бапта», «дауысыңды былай шығар», «мына жерін былай оқы» деп әрқайсымызға жеке-жеке үйреткен жоқ. Біз Әнекеңнің өзінен, жүріс-тұрысынан, оқуынан, киім киісіне дейін бәрін үйренуге тырыстық.
Әнекең мәтін оқыған кезде, ерекше бір шабытпен оқылатын жері болады. «Дауысты ішке түсіру» деген бар. Әйтпесе, шабыттана оқу көбінде көңілге байланысты. Көтеріңкі сөйлеп, «Урааа!» дегізіп оқу бар. Немесе керісінше, мұңға беріліп кететін кездер болады. Адамның ішкі сезімге берілетін, бәріміз де пендеміз ғой, кейде адам басында қайғы болады. Ондай тұстарды қалай оқиды екен деп таңқалатынбыз. Сонда бізге керек-ау деп, үлкендердің ақылы ғой; Әнекең оқыған, Сауық оқыған, Зәмзәгүл оқыған хабардың мәтінін өзімізге алып отыратын едік. Іштей қайталап отыратынбыз. Сонда арғы жағыңда титтей түйсік болса, өз мамандығыңа деген сәл сүйіспеншілік болса, «әй, мен диктор болып келдім-ау, енді осы мамандықты, өнер ғой, бүге-шігесіне дейін үйренейін» дейтін адам болса, ол міндетті түрде оған құлай беріледі. Мәселен бір ғана «айналайын» деген сөздің өзінде немесе «жаным» деген сөздің өзін жәй ғана қайталау бөлек. Ал «Жаным, барып келші?» — бір бөлек. Ал сөз арасында, бар зейініңді сала отырып, «Жаным менің!» деу мүлде басқа. Ішкі сезім. Жақсы көру. «Ой, жаным-ау, қайда жүрсің?» — бір жағынан кешіккен адамға деген реніш, бір жағынан «мен сені күтіп отырмын ғой» — деген тағатсыздық. «Бір сөздің өзінде қанша мағына бар?! Осыны дөп басып айтыңдар» — дейтін. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді, сол әр сөз, қалай айтылады, соған назар аударыңдар дейтін үлкендер.
— Дауысты күту бойынша Әнуарбек аға ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар беріп, болмаса өз тәжірибесімен бөлісуші ме еді?
— Дикторлардың мамандығы бойынша арнайы жаттығу, болмаса дауыс шыңдау, болмаса дауысты жетілдіру әркімнің өзіне байланысты. Бірақ күтіну керек. Дауысты күту керек. Әнуарбек аға «шемішке шақпаңдар — деуші еді. – Тамақты бітеп қалады. Балмұздақ жемеңдер, дауысқа әсер етеді. Өйткені бір ыстық, бір суық. Қазірден бастап дауыс желбезектерін күтпесеңдер, ертең мәтін оқығанда дәл сондай дыбысты бере алмай қаласыңдар. Сосын темекіге әуес болмаңдар» — дейтін. Өзі темекі тартқан жоқ. Анда-санда шикі жұмыртқа ішетін. Бірақ ол кездегі жұмыртқаны қазіргі жұмыртқамен салыстыра алмайсыз. Қазіргі жұмыртқаның, Құдай білсін, не екенін. Ол кезде бәрі табиғи өнім еді ғой. Ол кезде Алматының ауа райы да таза, біздің күнделікті ішіп-жеп отырған өнімдеріміз де таза еді.
20 жылдай жанында жүргенде Әнуарбек ағаның үнінің қарлығып, тамағының ауырып қалғанын көрмеппін. Әрі күнде жаттығу жасап жүргенін де байқамаппын. Тумысынан солай біткен дауыс қой. Табиғат өзі солай жаратқан, сол қалпын сақтап кетті. Тағы бір ерекшелігі, сол Алланың өзіне берген ерекшелігін ол кісі бағалай да білді. Өз дауысын іштей күтіп, сақтаған да шығар.
Таңғы эфирге шыққанда «ұйқылы дауыс» деген болады. Өйткені организм әлі толық ояна қойған жоқ. «Ондай кезде үйде азын-аулақ жаттығу жасап алыңдар» — дейтін Әнекең. Жаттығудың да түрі көп қой. Мойын бұлшықеттерін шыңдаңдар дейтін. Дыбыстардың анық естілуіне байланысты жақ пен ерінге үнемі жаттығу жасаңдар деп үйрететін. Өзі де жай жүргенде ерінін көбірек қимылдатып жүретін. Өйткені дыбыс көмейден, ауыз қуысынан шыққаннан кейін, еріннің жиырылып, оңай қозғалуына, икемділігіне байланысты естіледі.
— Радио тарихы жайлы айтқанда, дикторлар туралы сөйлегенде Мина апамыз туралы көбірек естиміз. Ол кісіні көрдіңіз бе?
— Жоғарыда айтқан 17 диктордың ішінде Қазақ радиосында ерекше бір із қалдырған, әлі күнге дейін анамыздай сыйлайтын, аруағының алдында бас иетін апамыз ғой Мина Сейітова. Қазақ радиосының тұңғыш дикторы. Ол кісі Ахмет Байтұрсынұлының жиен келіні екен. Оны біз білмейтінбіз. Кейін, ол кісі өмрден өткен соң білдік. Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін де айтқызбайтын. Ал Мина апайымыздың шалы Бәкібай деген кісі ҰҚК-де жұмыс істеді. Полковник еді. Араласып тұрдым, үйіне де бардым. Сонда мүмкін ана кісінің жұмысына зияны тиіп кетеді дей ме, жоқ, қазақтың әбден басына тиіп, қорқып қалғанынан ба екен, енді, «халық жауы» болып кеткен адамдар ғой, содан сақтанды ма екен, ештеңе айтпайтын.
Сол Мина апамыз жұмыс бөлмесінде отырған бейнесімен-ақ үлгі бола білді. Жасы ұлғайған кезі ғой. Кіріп келген балалардың бәрін, дикторлар бөлмесіне кім келсе де, айналып-толғанып қарсы алатын. Шалқар радиосынан күніне бір концерт жүргізеді. Соғыс кезінде Шәкен Айманов екеуі Фашистік Германияның Кеңес үкіметіне шабуыл жасағанынан бастап, Жеңіс күніне дейін қатар отырып, бір микрофонда хабар жүргізген. Мина апаймен қатар «Абай жолындағы» Әзімбайдың немересі Қатира Әзімбаева деген апамыз еңбек етті. Аруақтары риза болсын!
— «Мұқағалиды Байжанбаев жұмысқа алыпты» дейтін бір сөз бар. Әнуарбек ағамен көп жыл бірге жүрдіңіз, ондай әңгіме айтушы ма еді?
— Байжанбаев 23 жасында соғыстан жаралы болып келіп, радиоға диктор болып орналасқан. Бұл соғыс кезі еді. Одан кейін Ермек Серкебаев диктор болған. Мұқағали Мақатаев 1959 жылдары диктор болды. Оны алып келіп, жұмысқа орналастырған Байжанбаев екені рас. Бірақ «Мен Мақатаевты дикторлыққа тәрбиелегем, жұмысқа мен алғамын» деп мақтанғанын көргем жоқ. Дегенмен, Мұқаңды жұмысқа орналастырған Әнекең екенін еститінбіз. Бұл да болса ол кісінің қарапайымдылығы.
Байжанбаевтың Арыс деген ұлы бар. Ол да қазір 70-ке келіп қалды. Сол Арыстың қағаздарының ішінде Мұқағалиға арнаған Байжанбаевтың бір өлеңі бар екен. Соның бір шумағында: «…ұн сатып жүрген жеріңде мен сенің дауысыңды естіп едім. Екеуміздің таныстығымыз осылай басталып еді…» дегенге келетін жолдар бар екен. Бұл – тарихи дүние. Дерек.
— Радио сізге не берді?
— Мен – радионың баласымын ғой. Мен үшін үлкен өмір мектебі. Биыл бүкіл ел болып Қазақ радиосының 100 жылдығы, Шалқар радиосының 55 жылдығы деп жатырмыз. Мен жарты ғасыр уақытымды осы қара шаңырақта өткізген екем. Радио маған көп нәрсе берді. Радио мені – ауылдан келген қарапайым ғана қара шаруаның баласын 50 жылдың ішінде қазақ тілін халыққа қалай жеткізу керек, қазақ тілін қалай сақтау керек, қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының құдіретін радио тыңдаушының жүрегіне қалай жеткізу керек, Қазақ радиосы мені осыған үйретті. Қазақ радиосы мені осыған тәрбиеледі.
Қазақ радиосы мені азамат етіп қалыптастырды. Қазақ радиосы мені мәдениетке, өнерге, айналамдағы адамдарды құрметтей білуге, тілдесіп отырған адамның жанын түсіне білуге үйретті.
Сөз құдіреті қандай? Оның берері не? Тіл халық тарихында қандай қызмет атқарады? Айта берсеңіз таусылмас, осының бәрін мен Қазақ радиосынан алдым. Мен үшін ерекше бір мақтаныш!
Артыма бұрылып қарасам – мен қандай жолдан өттім?! Азды-көпті ауыр да болды, жеңіл де болған шығар. Бірақ таза ізгілік жолынан адаспауыма Қазақ радиосы менің алдымдағы бағдаршамым болды. Мен Қазақ радиосының алдында, осы радиода еңбек еткен барлық ардагердің алдында, Қазақ радиосының қабырғасында үні қалған әрбір жанның алдында солардың атына, бізге дейін істеген ісіне дақ түсірмей жүргеніме мақтанамын.
Бұл шаңырақта кімдер жұмыс істемеді – сонау соғыс кезінде, соғыстан бұрын да. Ең алғаш 1936 жылдары Мәскеуде онкүндік өткен кезде Әміре Қашаубаев атамыздан бастап, Иса бабамыз бар, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Өмірзақ Елубаев, Әмина Өмірзақова, т.б. айта берсе бәрі тарих, оны қайталап шығу да мүмкін емес. Солардың бәрінің ізі қалған, үні қалған қара шаңырақ. Шамамыз келгенше сол кісілердің ізінен адаспауға тырыстық. Сол кісілердің шыққан биіктерін аласартпауға тырыстық. Өз басым соны мақтаныш етемін. Сол үшін еңбек еткеніме, сол кісілерді ешуақытта ұмытпай, жұдырықтай жүрегімнің түбінде сақтағаныма әлі күнге мақтаныш етемін.
— Әнуарбек Байжанбаевтан көп дүние үйрендім деп отырсыз ғой. Кісілігі болды ма? Біреуге менменсігенін көрдіңіз бе?
— Жоғарыда да айттым ғой, ондай бір әрекетін байқаған емеспін деп. Әнуарбек аға Мина апайды «Жеңгей», Қатира апайды «Кәтеке» дейтін. Жәнел Асқарова апамызды «Менің Тоғжаным» деп өтті. Бір-ақ ауыз сөз! Басқа ештеңе айтпайтын.
Сол «Менің Тоғжаным» дегенде Жәнел апайдың көзіндегі қуанышты көрсеңіздер! Әнекеңе деген мейірім, сүйіспеншілік, Әнекеңе деген шынайы махаббат! Әнекең дәл солай бағалады, сол сезімге Жәнел апай ешкімге жария қылмай, көзіндегі бір сүйіспеншілікпен, өңіндегі Әнекеңе деген төгіліп тұрған жылылықпен жауап бере білді. Оны сырт көз сезетінбіз. Бірақ ешкімге тіс жарып, «ойбой, Әнекең Асқароваға ғашық екен» немесе «Асқарова Байжанбаевқа ынтық екен» деп бір адам айтпапты. Мүлде! Сол Әнекеңнің бір ауыз сөзінің аясында тұратын бәрі. Сол Әнекеңнің әйел затына деген сондай сезімін көріп жүріп, мен махаббат дегеннің не екенін, жақсы көру дегеннің не екенін, әйелге құрмет дегеннің не екенін жүрегіме түйіп қойдым. Ол өмірбойы маған керек болды. Өйткені тек әйелге ғана емес, айналаңдағы өзімен бірге жүрген адамның бәрін Байжанбаев дәл солай бағалаушы еді. Дәл солай құрметтеуші еді. Дәл солай жақсы көруші еді. Неге мен Әнекең алдында бас иемін? Себебі осы.
Әнекеңнің ізін басып, Мырзабек Қуатбеков деген ағамыз істеді. Өмірден ерте кетті. Ол кісі қандай керемет жан еді! Қазақ радиосында Мырзабек ағаның да талай дауысы сақталды. Ел ол кісіні де қатты құрметтеді. Әдеби хабарлары да, саяси хабарлары да бар.
Ол кезде Кеңес үкіметі, Партия комитетінің хатшылары үлкен пленумдарда, съездерде сөйлеген сөзін бір газет 5-6 бет қылып басады ғой. Соны негізінен Байжанбаев, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Омархан Қалмырзаев төртеуі оқитын. Соңынан біз қосылдық. Болат Біжібаев оқитын, арасында мен де бірнеше рет оқып жүрдім. Оның өзі үлкен тарих, естелік. Ол кісілердің бізге көрсетіп кеткен үлкен өмір жолы болды.
Омархан ағамыздың да өзіндік орны бөлек жан еді. Қазір ортамызда жоқ. Мырзабек аға да жоқ.
— Бұған дейінгі сұқбаттасқан ардагерлер де, жаңа бір сөзіңізде өзіңіз де атап өттіңіз, Мәмбет Сержановты айтам. Жалпы сол кездегі басшылардың талабы қандай болушы еді?
— Мәмбет Сержанов ағамыздың орны бөлек еді. «Диктордың қолынан қаламы түспеу керек» — дейтін. Сосын, «Словарь ударений» деген қалың кітап бар еді. Бұл кітапта сол Кеңес үкіметінің құрамындағы 15 мемлекеттегі Радио комитеттердің дикторларының қолында оқулық ретінде жүретін. Оның ішінде жер-су атаулары, жеке адамдардың, бүкіл мемлекеттің, ондағы жекелеген атауларына екпін қай әріпке, қай буынға түсетіні жазылған.
Диктор эфирге шыққаннан кейін, ол халық атынан сөйлейді. Оның қателесуіге қақысы жоқ. Сол кездегі 15 одқтас республиканың бірінші басшылары кім? Социалистік лагер дейді, олардың басшылары кім? Одақтас республикалардың астаналары қалай аталады? Шетелдегі үлкен қалалардың атауы қандай? Олардың мемлекет басшылары қалай аталады? Осының бәрін бес саусағыңдай білуің керек және одан қателесуге болмайды! Бұл сенің міндетің деп үйрететін сол кезде. Мәмбет аға ол жағынан өте керемет еді. Эфирге 15 минут қалғанда сен микрофонның алдында отыруың керек дейтін. Темірдей тәртіп болатын. «Сен микрофон алдында отырғанда басқа дүниені ұмыт!» дейді. Микрофонмен ғана тілдесесің. Микрофон алдында миллиондаған тыңдаушы. Сен алдыңдағы мәтінді соған жеткізушісің. Бар мүмкіндігіңді пайдаланып отырып, ішкі дүниеңнің, шеберлігіңнің бәрі іске қосылуы керек. Әр хабардың айтылу мәнері бар.
— Әнуарбек ағадан, Мәмбет ағадан басқа кімдерді үлгі тұттыңыз?
— Сауық жеңешемнің ұстаз ретінде, алдымдағы үлкен әпке ретінде, микрофонда қатар отырған әріптес ретінде үйреткені өте көп. Талай хабарды бірге оқыдық. Мен келгенде Зияда Бекетова, Ұлжан Сағындықова, Гүлжан Қайыржанова марқұм, осы Сауық жеңешем – әлі отызға да толмаған, үлбіреген келіншектер еді. Жап жас болатын.
Сауық арнайы дикторлықты бітірмеген. ҚазМҰ-ды бітірген. Бірақ үні табиғи ғой. Өзінің дикторлық өнерге деген сүйіспеншілігі. Соның арқасында қазір бүкіл елдің құрметіне бөленіп отыр. Ол кісінің оқыған әдеби хабарлары, ертектері, сол кездегі балалардың құлағында қалып қойған, жүрегінде қалып қойған. Сауық десе, кез келген адам, «О, Жақанова ма?» дейді.
— Өзіңізден кейінгі жастар көңіліңізден шыға ма? Шәкірт тәрбиелеген жоқсыз ба?
— Құдайға шүкір, радиода осы күнге дейін өзімнен кейін келе жатқан ұл-қыздардың, бауырларымның бәрі, «егер мен Аманжан ағадан үлгі алсам, Сауық апамыздан үлгі алсам» — деп өзінің алдына үлкен талап қойса, олардың бәрін мен өз шәкіртім деп есептеймін. Қазірдің өзінде радиода отыздан астам ұл-қызым бар екен.
Алматыдағы жүргізушілерден Гүлмира Нәлібай, Жанар Оразымбет, Аман Тасыған, Талант Арғынғали, Бақытжан Жармұхамет, Гүлбану Алпамысқызы, т.б. айтуға болады. Әрқайсысының өз орны бөлек. Олардың күнделікті эфирге беріп жүрген хабарлары да әр түрлі. Бірі поэзия, бірі өндіріс тақырыбы, бірі медицинаны эфирге шығарады. Хабарлары әртүрлі болған соң олар да сол өзі жасайтын тақырыбына қарай бейімделеді. Бірақ олар диктор емес қой. Өз хабарларын өздері дайындайды. Өздері монтаж жасайды. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Олар арнайы оқу, дикторлық өнерге бейімделмегеннен кейін, «әттеген-айы» бар, онсыз болмайды. Десе де оларға ризамын!
Енді өзімнің тікелей үйретті дейтіндей, ешкіммен шұғылданған жоқпын. Бірақ шамам жеткенінше осы уақытқа дейін балалардың бәріне, ешкімнің көңіліне тимейтіндей, ақырын ғана, көңілге қонбайтын тұстарын ескертіп айтамын. Оны балалар сын ретінде қабылдамайды, «Ой, аға, анда-сонда осылай айтып отырыңызшы» дейді.
Жастардың көбі әдеби дүние мен поэзиядан көбірек ақсап жатады. Шынын айту керек, дауыстары келмейді. Оны жастарға анд-санда ескертіп отырамын. Үнемі тықақтап, шегелей берсең, олар да жеккөріп кетеді.
Ал астанадағы жастардың арасында Мұхаметәлі Болатұлының дауысы жақсы. Онда дикторларға тән көкректен шығатын үні, әдемі қоңыр дауысы бар. Бірақ, сол дауысты игеру жағы… оны өзіне де айтқамын, өзі де біледі, сол жағы сәл кемшіндеу. Өйткені ол ресми хабарлар мен соңғы хабарларға қалыптасып қалған. Ол хабарлардан шығу қиын.
Біздің тұсымызда бір ғана хабармен шектеліп қалмайтынбыз. Қазір соңғы хабарды оқып шықтық па, есік алдында Балалар редакциясының хабары күтіп тұрады. Жаңа ғана ресми хабар оқып шықсаң да, сен дереу балалардың аудиториясына кіріп кетуің керек. Балалар хабары балаға тән болмыспен, жылы, жұмсақ үнмен, бьаламен тілдесіп отырғандай, баланы өзіңе тартатындай, дауысты соған икемдеуің керек.
Ал қазір ғана балалар хабарын оқып шықсаң, алдыңда Әдеби хабар күтіп тұруы мүмкін. Онда мүлдем басқа. Микрофон алдынд сен басқа дүниенің бәрін ұмытасың. Әдебиет әлеміне кіріп кетуің керек.
Сонда диктордың өзін – айналаңдағы жұмыс сені соған қалыптастырады. Сен соған бейімделесің. Ал Мұхаметәлі ылғи ресми хабарларға дауысын қойып алдыдағы, қазір содан шыға алмай қалды. Оған Мұхаметәлі кінәлі емес.
Әрі қазір радиода әдеби хабарлар онша көп те емес. Көбінесе сол ресми хабарлар. Оларды бір-бірінен ажырату да қиындау болып кетті. Жанрлары ұқсас.
— Арманыңыз бар ма?
— Адамда арман таусылушы ма еді?! Ерекше мақтан тұтатыным, бұрын көп айтпаушы едім, осы жолы реті келіп тұрғандай, ел тарихында десем асыра айтқаным бола қоймас, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «Абай жолының» толық нұсқасын мен оқып шыққан екемін. Эпопеяның үзінділері радиода бар. Баяғы үлкен мақтанышпен айтатын Қазақстанның Халық әртістері оқыған үзінділер бар.
Алда талай жоспарлар бар, ғұмыр жетсе көрерміз. Ілияс Есенберлин атамыздың «Көшпенділерінің» аудионұсқасын жасау керек еді. Бұл ұлтқа керек дүние. Тарихи дүниелер бізде аз жазылады. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ тарихшылармен тілдессең, деректер бұрмаланған, нақты емес. Соған қарның ашады. Бір нәрсені оқығың келеді. Оны оқысаң, соған қатысты басқа бір дерек алдыңнан шыққанан кейін, «Қой, мынау қате болып кетіп жүрер, елді шатастырмай-ақ қояйын» деп жүрексінесің. Осындай тұстар кейде аяққа тұсау салады.
«Абай жолын» 3-4 айдай оқыдым. Жеңіл болған жоқ. Ішкі дүниесін бере білу керек болды. Өйткені ол бір дәуірдегі халықтың басынан өткен бар тіршілігі ғой. Оның ішінде қаншама адамның психологиясы жатыр. Ішкі арпалыстары жатыр. Бір-бірімен текетірестері жатыр. Қарапайым ауыл адамдарының өмірі жатыр. Мүмкіндігінше сол дәрежесінен шыға алмасаң, ол да қиын. Мен үшін де сол жағы қиын болды. Бір оқығанымды бірнеше қайтара оқып, бір бетті бірнеше рет іштей қорытып, өйткені бір оқығаның, екінші тыңдағаныңда өзіңе ұнамай қалуы мүмкін. Басқа бір қырынан келгің келеді. 3-4 айға созылып кеткені де содан.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ержан Жаубай, 2021 жыл