Құсман Игісін. «Эфирді бұзасыңдар!» Қазақ радиосы – дикторлықтың үлкен мектебі еді
Қазақ радиосының ардагері, белгілі журналист Құсман Игісін. Өмірінің 40 жылын радио мен телеарнаға арнаған қарымды қаламгер радио ардагерлері жайлы тұшымды естеліктерін айтып берді.
80-нің сеңгіріне шыққан ардагер журналиске мән-жайды түсінідіріп едім, өзі қызмет істеген Қазақ радиосынша сайрай жөнелді. Тіпті, сұрақ қойып, әңгімесін бөлуге де ыңғайсыздандым. Баяғеее замандағы әңгімешіл қарттардың сарқытындай, айтар ойыңды, сұрар сұрағыңды көкейіңнен қағып алып, жауап беріп жүре береді.
— Радиоға 1966 жылы келдім. Ол кезде ІІІ курс студенті едім. Сағынғали Өтәлиев дейтін пысықтау, еті тірі досымыз бар еді. Сол кездегі деканымыз Тауман Амандосовпен жақсы араласты. Сөйтсек екеуі жерлес екен. Оны кейін білдік қой.
Ол кезде оқуға түсердің алдында бір жыл совхоз-колхозда жұмыс істейді ғой. Болмаса әскерге барады дегендей. Жаңағы Сағынғали «Морфлоттан», мен Түркіменстаннан Қызылқұмнан танксит болып әскерден келіп, содан кейін оқуымызды жалғастырдық. Ол кезде әскери борыш – үш жыл болатын. Біздің қасымызда Ақтөбеден келген Сәлімгерей Сұлтанғалиев деген жігіт болды. Менен екі-үш жас үлкен. Менің өзім 80-ге келдім, Сәлімгерей биыл 83-те болу керек. Қасымдағы екі жігіт үйлі-баранды, әрқайсысының бірден-екіден балалары бар екен.
Жұбайым екеуміз қатар оқығанбыз. Ол да радиодан бастады еңбек жолын. Оның да бір қызық әңгімесі бар. Жаңағы Сағынғали мен Сәлімгерей бар, бір топ болашақ журналисті картоп жинауға апарды. Филология факультетінің де студенттері бар екен арасында. Ол кезде де филфакта оқитын қыздар көп еді. Ана екеуі үйлі-баранды, мен бойдақ. Үшқоңырға барып картоп жинадық. Ана екеуі үйленгендерін айтпайды. Менімен бірге қыздарға «қырындап» жүр. Қазіргі үйдегі жеңгең Жезқазғанның қызы екен, бітіріп, оқуға түскен, бірінші курста оқиды екен. Сол жерде көңіліміз жарасып, оқу бітірмей жатып, үйленіп алдық.
Ә дегеннен-ақ, қарияға тән мұқияттылықты байқадым. Бір мәселені айтқысы келсе, соған қатысты әрбір детальді мұқият түсіндіріп отырып айтады екен. Бұның жақсы жағы да бар, ыңғайсыз жағы да бар. Жасы жағы – сұқбаттасушыңның әңгімесін жан-жақты саралап, толық бағамдап отырасың. Ал ыңғайсыз жағы – жасы келген адамдар айтып отырған әңгімесінен ауытқып кетуі мүмкін. Не де болса соңына дейін шыдауға тура келеді, енді…
— Сол Сағынғалидың пысықтығының арқасында, екіншіден Тауман ағамыз да ескерткен болу керек, радиода тәжірибеден өте бастадық. Сағынғалидың екі баласы бар, үй-ішін сонау Оралдан Алматыға көшіріп әкеп алған. Қыстың күні, үйдегі керек-жарақты бір шанаға тиеп алып, сүйреп, көрінген орыстың есігін қағып тұрамыз. Жалға бір бөлме бересіз бе деп.
Ол кезде радиода қаламақы төленетін және әжептәуір еді. Тағы бір жақсы жері, газеттер секілді жұмысыңды тексеріп, біреу артыңнан шұқылап отырмайды. Егер өзің жақсы жазсаң, болды – ешкімнің сенде қақысы жоқ. Әрине, болашақ журналист болғандықтан, өзіміз де ізденіп, икемделесің ғой. Сондықтан да жазу жағынан қамшы салдырмаспыз деп өз-өзімізге сенімді болып келдік. Сонымыз дұрыс болған секілді, сол 1966 жылдың аяғына қарай, тәжірибеміз бітті. Сол уақытта радиода Төлепберген Тобақабылов дейтін ақсақал болды. Жарықтық жақсы адам еді, қайтыс болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Нұртөлеу Иманғалиұлы екеуіміз Алматыда тұрған үйіне тақта қойдырдық. Ол кісі Қазақ радиосында ғана қызмет еткен адам. Қызметтік жолы радиода басталып, өмірі сонда аяқталды деуге болады. Өмір бойы Әдебиет хабарының бас редакторы болып өтті.
Сол Төкең біздің тәжірибеміз бітер кезде мені шақырып алып, «Сенің аздап икемің бар секілді, осында қалсаң қайтеді?» — деді. Сонда қалдым. Радиоға жұмысқа орналасып алдым. Өзім үшінші курс студентімін. Қатын-бала ол бар. Содан Тауман ағаға бардым.
— Аға, оқи жүріп жұмыс істеуге бола ма?
— Саған үйлен деген біреу бар ма?
Өзінің қалжыңдағанда қосатын «Отауыңды сайламай…» дейтінін де қосып қойды. Жағдайды түсіндірген болып жатырмын.
— Жарайды, радиоңмен келістің бе?
— Келістім. Олар қабылдады.
Менің сөзіме сене алмады ма, өзі де Қазақ радиосына хабарласты. Сөйтіп, әрі оқып, әрі қызмет істеуді бастадық.
Радиода сол 1966 жылдан, 1976 жылға дейін 10 жыл табан аудармай жұмыс істедім. Көбінде «Ұшқын» жастар редакциясында болдым.
Сынақтан, тәжірибеден өтіп алдым. Алдымен радиоға Сағынғали барды, ол мені шақырып алды, мен Сәлімгерейді шақырып алдым. Содан кейін «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті – Е.Ж.) кетем деп тұрған жерінен үш жақтап жүріп Кемелбек Шаматайды қасымызға алдық. Өте шебер жазатын, қаламы жүйрік журналист еді. Біздің кезде бізбен қатар жазған Шамшархан Төрегелдиев дейтін жігіт болды.
Иә, радионың ардагерлері жайлы сұрап жатқан соң, айтып жатқаным ғой. Сол кездің адамдары бөлек пе, әлде жаратылыстары сондай ма, әйтеу сол кездің үлкендері жастарға бір ерекше мейріммен, қамқорлықпен қарайтын. Тіпті біздің бір ауыз сөзіміз дұрыс жазылмай, не айтылмай жатса, соны ерекше ыждаһаттылықпен түсіндіріп, бұл сөзды олай емес, былай қолдансаң көркем шығатын секілді деп жол көрсетіп отыратын.
Құсман Игісін ағамыздың әңгімесін тыңдап отырсаң өте нәзік жүйені байқайсың. Өзімен қатар істеген, қызметтес болған замандас қаламдастарына ерекше ықыласпен мінездеме, анықтама беріп, сол адамға қатысты қызықты оқиғаларды тастамай айтып отырады. Радиода бұрын қызмет істеген ардагерлер жайлы айтқанда соны байқадым.
— Рая Абдуллина дейтін Балалар редакциясында істейтін апай болды. Мені алғашында соған жіберді. Сол кездің өзінде жасы зейнетке таяп қалған секілді еді.
Назила Баймұратова дейтін апайымыз болды. Амантай Байтанаев дейтін жазушы ағамыз бар еді. Қолы протез ғой. Үйіне таяп қалса, алдынан бірнеше жігіт шығып, ақша ма, темекі ме бірдеңе сұрап, қорқытпақшы болып, қолынан тартып қалады ғой. Сөйтсе, протезі жұлынып кетіп, ағамыздың бір қолы жігіттердің қолына түседі. Бұл жағдайды түсінбеген жігіттер қолды тастай қашыпты. Нәзила сол Амантай ағамыздың жары еді. Радиода ұзақ жыл партия ұясының хатшысы болып жұмыс істеді.
Партия демекші, мен әскерден қайтатын жылы партияға кандидат болдым. Етім тірі, жұмысым дұрыс болған болу керек, сонымды ескеріп, партияға кандидат етіпті.
Әңгіме ауанымен Құсман ағамыз бала кезінде суретші болуды армандағанын айтты. Жолы болмай, қарап жүргенше деп әскерге кетіп қалған.
— 1960 жылы мен оқуға тапсырып, түсе алмай кеттім. Суретші болам деп армандап, басқа оқуға тапсырған да жоқпын. Мектептегі бүкіл қабырға газеті, үйдегі дүниелердің суреті, әкемнің портреті түгел менің қолымнан өтетін. Әсіресе шөп шабуға барғанда табиғат бейнесін суреттегенді жақсы көретін едім. Шөп шабуға барған кезде, жауын жауса брезент шатыр дымқылданып қалады ғой, соған көк сиялы қарындашпен сурет салғанды керемет жақсы көретін едім.
Сөйтіп жүріп, суретші болам деп шештім. Бірақ, ол кезде қазіргідей хабарландыру деген жоқ, жарнама жоқ. Мен тапсырғым келген кезде, қазіргі Алматыдағы Көк базардың түбінде Гоголь атындағы бір ғана Көркемсурет училищесі бар екен. Әрең тауып, соған келдім. Оқудың қашан басталатынынан, емтихан қашан өтетінінен де бейхабармын. Есік алдында отырған күзетші орыс шалы, «Ойбай-ау, біздің оқу деген мамырда бітіп кетеді. Петров деген директорымыз бар, ол қазір Мәскеуде жүр» деді. Жағдай түсінікті болды. Оған оқуға түскен адам да әскерге барады екен. Ақыры оқудың реті келмейді екен, ендеше ауылға барайын деп, ауылға барып, күзге дейін сонда болдым да, күзде Түркіменстанға үш жылға әскерге кеттім.
Кеңес үкіметінің бір жақсы жері – әскерде жүргенде тәртібің, қызметің жақсы болса, жоғарғы оқу орнына бірден жолдама беретін еді. Сол жолдама бойынша білімің жетіп, оқуға түсе алсаң, оқисың, түсе алмасаң қайта барып, әскери қызметіңді жалғастыра беруге болады.
Әскерде жүргенде суретке бейімділігімнің бір пайдасы тиді. Черджау дейтін қаланың ортасында танк полкінің үлкен клубы бар. Сол клубтың суретшісі бір татар шал еді. Сол өзіне көмекші алмақшы болды. Кімнің қандай өнері бар дегенде, мен сызуға бейімім бар деп қол көтердім. Күнде таңғы жаттығудан соң мені алып кетеді. 5-6 ай сол шалдың қасында жүріп, біраз демалып қалдым.
Сол шалдың арқасында маған әскерден оқуға түсуге жолдама берді. Оның сыртында штабтың жазу бойынша хатшысы болдым. Жазуым жақсы болды. Әскерде бірге болған жігіттер мені «штаб бастығы» дейтін. Бір күні әлгі татар шалым мені дивизияның басшысына ертіп барды. «Мынау қолынан іс келетін бала. Әскерге бекер келген. Уақытын текке өткізіп жүр. Жолдама беріп қайтар» — деді. Артынан білдім, әлгі татар шал мен біздің дивизияның басшысы жақсы араласады екен. Екеуі де татар.
Әр адамның өмір жолы өзінше бір әлем. Оны мойындасаң да, мойындамасаң да солай. Құсман Игісін ағамыздың өмір жолына қарап отырып, бір дәуірдің келбетін көруге болады. Пенде болған соң кейде жолы болады, кейде кесе көлденең кесапатқа жолығады. Бірақ алға қойған мақсат, жетсем деген межеден тынбай, соның жалына жармаса беру керек.
— Не керек, екі татардың арқасында әскерден қайтатын жылы шілденің тура 24-і күні Алматыға келдім. Оқуға түстім. ҚазГУ-дің Кировтың бойындағы бас корпусында оқимыз. Жатақхана Виноградовада. Екі ортаға жаяу қатынаймыз. ҚазГУ-дің іші қып-қызыл қандала. Шығарма жазып отырып қағазыңды ұрып қалсаң – қып-қызы ала қан болып шығады.
Жатақханада Ақселеу Сейдімбек, Рафаэль Ниязбек, Кемелбек Шаматай төртеуіміз бір бөлмеде тұрдық. Біз үшінші курста оқып жүргенде Ақселеу екінші курс оқитын. Ол да екі жыл әскери борышын өтеп келіпті. Бірақ ол бізден бұрын түсіпті оқуға. Бір жыл оқыған соң әскерге алып кеткен ғой. Бір-бірімізге қалжыңдасып, «Ерте туып, кеш қалғандар» дейтінбіз. Бізбен бірге оқыған курстастардан көзі тірі Сәлімгерей екеуміз ғана. Кемелбек Шаматай өте мықты сатирик еді, мынау коронавирус деген бәле оны да алып кетті.
Жасы егделеп қалса да өмірінің өткенін таспадай тізіп отырған қарт қаламгер бір сәт ойланып қалды. Бәлкім, «…Кейінгі жұртқа меймансың, сиресе құрбы-қатарың…» дейтін Майлықожаның термесі ойына оралды ма екен?.. Әңгіме ауанын тағы да радиоға қарай ойыстырды.
— Сөйтіп жүріп радионың табарлығын да аттадық. Оған қалай келгенімді жоғарыда айттым. Әуелі «Балалар» редакциясына бардым дедім ғой. Мина Сейітова деген апамыз болды. Өте білікті, өте білімді адам еді. Менің жұбайым да сол Мина апамыздың тікелей қол астында істеді. Жауапты шығарушы болды. Сол Мина апамыздың бір сөзін айтайын деп отырмын.
— 1937 жылы – дейді Мина апамыз. Қасында жүрген соң ескі көз деп сұрай береміз ғой тыныш жүрмей. – Өзіміз де шынымен тым ұлтшыл болып кеттік-ау деймін, қарағым – дейді.
– Ол қалай сонда? – деймін.
– Осы апта сайын жиналыс, апта сайын шеру, апта сайын қазақтың мәселесі. «Қазақ, қазақ! Қазақстан Руеспубликасы!» деп айқайлап жүруші едік. Ақыры аяғы 37-нің қырғынына әкелді. Сол кезде студияға келеді, наганын столдың үстіне тарс еткізіп қояды да, оқиды. «Міне, Сәкен Сейфуллин атылды, міне, Бейімбет Майлин атылды, міне, Ілияс Жансүгіров атылды» дейді. Жаспын ғой, әлгі атылған арыстардың атын естіген кезде қол-аяғым ұйып, қалтырап-дірілдеп оқи алмай қаламын. Сол кезде желкемде тұрған адам қаруын тағы тарс еткізіп, «Оқы, жаныңның барында!» деп басымызға мылтығын тіреп тұрып оқытушы еді — дейтін Мина апамыз.
1966 жылдың ортасына таман «Ауыл өмірі» редакциясының басшысы Төлеген Тоқбергенов пен сол редакцияда істейтін Қайдар Тілемісов деген жігіт болды. Ол кезде қазіргі радио отырған ғимарат жоқ. Телеарнаның ғана ғимараты бар еді. Радио отырған ғимарат 1970 жылы салынды. Телеарна мен радио екеуі – аға-бауырлы, туысқан адамдар секілді ғой. Өзің білесің, телеарна киноға жақын, ал радио айтпаса да түсінікті. Сол Қайдар Тілемісов ара-тұра маған тапсырма беріп тұратын. Жақсы орындап, хабарларым жақсы шығып, өзімді біраз көрсеткен болуым керек, оның үстіне әскерден кандидат болып келгенім бар. Партияға қабылдау бойынша ұсыныс түсті.
Әрине, ол кездегі партия қазіргі Нұр Отан секілді емес. Бәрін түбірімен тексереді. 1966 жылдың ортасына таман ұсыныс түсті, 1967 жылы ақпанда Диас Омаров екеуімізді партия қатарына қабылдау туралы сол кездегі төрағамыз Кенжеболат Шалабаевтың бұйрығы шықты.
Қызық. Құсман аға әңгіме айтып отырып та ойша сол өзінің өмір жолын шолып отырғанын сездіріп қояды. Көңілінде лекілдеп, «мені айт, мені айт!» деп анталап тұрған деректердің қайсысын айтарын білмей қиналады. Содан кейін, о баста жіңішкелеп жүлгелеп алған әңгіме таспасын үзбей, бірақ өзі айтып отырған дәуір мен сол дәуірдің адамдары жайлы толық ақпарат беріп кетуге барын салады.
— Кеше бір газетті қарап отырсам Райымбек Сейтметов жайлы жазыпты. Біздің жазған мәтінімізді сол Райымбек Сейтметов пен Сауық Жақанова оқитын. Арасында Торғын Тасбекова келетін. «Ұшқын» жоғарыда айтқанымыздай, балалар редакциясы болды ғой. Балаға қызықты болу үшін әртістерге оқытатын едік көбінде. Біз де мәтінді бала тіліне жеңіл, ойнатып, қызықты етіп жазуға тырысатынбыз. Ол кезде радиоға бекітілген арнайы дикторлардан басқа адамды шығармайтын. Талап күшті еді. «Эфирді былғайсыңдар» дейтін. Тек қана диктор сөйлеуі керек. Ол кезде Халық әртісін алған атақты ағамыз Байжанбаев бар.
Сыпатай Әбдірахманов дейтін бір ақсақал болды. Сол кісілердің тәрбиесін көп көрдім радиода жүргенде. Халидолда Тілемісов, Таңатхан Ырысаев – тілі де жаттық, өң-әлпеті де әлі сол қалпы, Ертай Арысов – біздің сол кездегі бас редакторымыз болды. Сол радиода жүріп Сәбет Мәсғұтовпен таныстым. Кереку мен Көкшетаудың арасындағы бір ауылдың жігіті екен. Екі-үш жылдың алдында Байжанбаевтың қатарына кеуде мүсіні қойылды. Осындай ерекше жандармен бірге қызметтес болып, таныс-біліс болдым. Көбі о дүниелік болып кетті.
Менің айтып отырғандарым, Қазақ радиосының биыл 100 жыл деп отырған тарихының өзінде, соның отымен кіріп, күлімен шыққан, аруақтары разы болсын, табанды журналистері. Айнымайтын жандар. Әйтпесе, радиоға келіп, бір-екі жыл істеп, қайта кетіп жататындар көп қой. Сондай табанды журналистің бірі – әлі көзі тірі, біраз жыл Шалқарды басқарған, Шалқар да мен келген сол 1966 жылы жеке шығып, басталған. Соны ұйымдастырған Руслана Құдайбергенова деген апайың. Одан бөлек, Сәркен Оспанов, Кенжебек Есімов, Бек Дәулетбаев, Қуаныш Орманов, т.б. жас келген соң кейбірінің есімі еске түспей жатыр, радиоға адал еңбек еткен ардагерлер бар.
Қарттығына қынжылғандай Құсман аға біраз үнсіз қалды. Менің не сұрағым келіп отырғанын іштей білетін адамдай, маған барлай қарады. «Радио тарихы жайлы…» дей берген сәтте-ақ іліп әкетті.
— Біз бұрын радио тарихын 1931 жылдан бастайтынбыз. 50, 60 жылдықтары сол 1931 жылмен есептеліп, аталып өтті. Ал Намазалы Омашев зерттеп 1921 жылға тоқталған екен.
Радионың құрылу тарихы туралы айтатын адам болмады ол кезде. 1981 жылы радионың 50 жылдығы деп тойладық. Ол кезде Хамит Хасенов ағамыз бар, әлі төраға болатын. Тоқтар Бейісқұлов дейтін Бейімбет Майлин туралы зерттеген журналист болды. Өзі де сол Қостанай жақтың азаматы еді. Сол Тоқтар өз естелігінде жазған екен, «Хамит Хасенов тапсырма беріп, мен архивтерді ақтару кезінде 1931 жылы радиоға қатысты «Қазақ радиосын жандандыру керек» деген қаулыны таптым. Бірақ, осы жылы құрылған, ашылған деген нақты дерек жоқ. Сондықтан осы 1931 жылды белгілеп отырмыз. Бұл радиоға қатысты ең алғашқы қаулы екен» — деп жазыпты Тоқтар. Тоқтар Бейісқұловтың жазып отырғаны радионың 50 жылдығы кезі.
Ал 2001 жылдары радионың 70 жылдығының тұсында тағы да зерттеу керегін алға тартты. Намазалы Омашев та қозғау салған екен. Барманқұловтың зерттеп жүргені бар, Рамазан Сағымбеков деген ғалым болып еді, сол секілді бірнеше ғалымның еңбектеріне сүйеніп, оның сыртында архивке кіріп, біраз еңбек істеді. Соның нәтижесінде 1921 жылғы Казвоенкомның Ревкомсоветінің қаулысы бары анықталды. Соның бәрін Намазалы анықтап, құжаттарымен дәлелдеп, радиомыздың тарихын 10 жылға ұзартты. Ал 1920 жылы Песковский мен Байтұрсынұлы Ленинннің қабылдауында болған. Оны кейін 1930 жылдары Песковский өз жазбасында айтады. Жалпы радио тарихына тоқталғанда Намазалы Омашевтың еңбегін жоғары бағалау керек.
Намазалымен 4-5 жылдай бірге істедік. Ол «Насихат» бөлімінде жүрді. Нығмет Жанділдин, баяғыда Жанділдин дейтін атақты хатшы болды ғой, соның інісі еді. Насихат редакциясын сол Нығмет басқаратын. Намазалы сол Нығметтің қарамағында істеді.
Сұқбат жанрының бір ерекшелігі сұқбат берушіңнің қарсы алдында отырып, оның жан дүниесіндегі өткеніне деген сағынышын, өткеніне деген қимастығын, тіпті өткен шағындағы «әттең» деген өкінішін де байқай аласың. Әңгіме үстінде Құсман ағаның да жастық шағын, сол бір қиын да қызықты қызмет жолын сағына еске алып отырғанын, өз тұрғыластарына деген қимастығын байқадым.
— Біз келіп, радионың жақсы дүние екенін, онда да жұмыс істеуге болатынын көрсете бастағаннан кейін, бұған журналистер ағылды ғой. Менен кейін бір-екі жылдан соң Дулат Исабеков, Рафаэль Ниязбеков, біздің үйдегі жеңгең бастатқан жастар келді. Рафаельдің шын есімі Рәпілбек болатын. Сол кезде ғой, Кемелбек Шаматаевтың Рафаэльге, «Немене, «Рәпілбек, Рәпілбек» деген қазақшылығыңды қойсаңшы. Әйгілі Рафаэльдің есімін ал, үлкен ақын боласың» — деп қалжыңдағаны. Содан бастап Рәпілбек Рафаэль атанды, айтқанындай мықты ақын болды ғой. Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, Жеңіс Қашқынов келді. Басқалары біздің қатарластар болса, Жеңіс Қашқынов бізден үлкен еді. Сол кездің өзінде ол Жазушылар одағының мүшесі болатын.
Дүйсенбек Қанатбаев деген керемет талант иесі болды. Дүйсекең алғашында теледидарда істеген. Мына Темірхан Медетбек екеуі. Олар да сол оқуды бітіре салып келгендер. Жаңабек Тоқпанов дейтін ең жасымыз болды ортамызда. Бәріміз қатар істедік.
1990 жылы, Тәуелсіздіктің алдында, бізден бұрын тәуелсіздігін алып алған Армения мен Әзербайжанның соғысы болды. Сол соғысқа ара ағайын, елшілікке деп, Еркін Әуелбеков (ҚР Президентінің Таулы Қарабақтағы даулы-жанжалды реттеу жөніндегі арнайы өкілі) дейтін бір жақсы адам бар еді, Көкшетау жақтыкі ғой деймін, сол кісіні басшы қылып, арнайы комиссия жіберді. Орталық комитеттің тапсырмасы ғой. Мен де сол комиссияның құрамында болдым. Радио-журналис ретінде бардым. 7 күн бойы брондтранспортердың ішінде жүрдік. Суық. Күздің кезі еді. Қарабақ деген өзіміздің таулар секілді қаратопырағы шығып жатқан тау екен. Грек жаңғағы өте мол өседі. Төбеңнен тасырлатып тұрады. Айналасына арық жырып қояған. Ағаштан құлаған жаңғақ сол арыққа түсіп, төменге домалап кетеді. Төменде қаптарын дайындап тұрған адамдар салып ала береді.
Қарабақтың орталығына бардық. Әжептәуір ауқымды қала екен. Ауылдарын аралап көрдік. Ауылдағы жалғыз көшенің оң жағында армяндар, сол жағында әзербайжандар тұрады. Армяндар жағына қарасаң керемет, зәулім-зәулім үйлер, тұнып тұрған бау-бақша. Ал әзербайжандар жағында маңыратып арқандап қойған бір-екі ешкі, жұтаң тіршілік. Бірақ тарихқа қиянат жасап, әзербайжандардың жерін тартып алған ғой.
Сол сапарда жамбасыма суық тиіп, қатты ауырдым. Әуелбековтен рұқсат алып, Бакуге келіп, самолетпен Алматыға қайттым. Қалқамандағы ауруханада жатқам. Радио қосулы тұр. Дүйсекеңнің даусы саңқылдап шығады. Ол кісінің сөйлеу манері, дауыс ырғағы – нағыз радио-журналист болатын.
Дүйсекең әуелі телеарнадан бастады дедім ғой. Одан кейін киноға кеткен, одан баспаға барған ба, содан қайта айналып радиоға келген беті екен. Ол 1990 жылдар болатын. Содан бастап Дүйсекең зейнетке шыққанша бірге ызмет істедік. Өте сұңғыла, аса мәдениетті, ой орамы өте кең, сондай бір жақсы адам еді. Өлеңдері өз алдына, «Сыр сандық…» деп басталатын эсселері, қайдағы жоқ керемет дүниелерді тауып алатын, қиыстырып, қиюын келтіріп әдемі сөйлейтін. Ең үлкен шаруа – дауыста. Сөзді дауыспен беру деген – бұл енді радиоға таптырмайтын дүние.
Тарбағатай тауларындай асқақ арман арқалаған жігіт қарапайым журналист болып жүріп те өз ісінің кәнігі шебері екенін таныта білді. Ауылдан жырақ жүрген жастың туған жерге бет алғандағы қуанышын тек сезіне білу керек шығар. Қарсы алдымда осыдан 50 жыл бұрынғы тарихты ақтарып отырған жанның келбетінен соны аңғардым.
— Кемелбек Шаматаев екеуміздің жарыса жазып жүрген кезіміз. Іс-сапарға жиі шығамыз. Жаспыз ғой, қайда жұмсаса сонда кететін едік. Сол кезде партия бастама көтеріп, оныншы сынып бітірген жастар бір жыл қой бақсын деген ұсыныс жасап жатты, анау Шұбартау жастарының бастамасымен. Менің ауылым сонау желдің өтіндегі, жердің шетіндегі Тарбағатай ауданында. Менің бір сөзім бар еді, «Тарбағатай тауының өзі біздің ауылдан басталады» дейтін. Дәулетбай батырдың ауылы ғой. Ақжарда Абай атындағы орта мектеп бар, мен сол метепті бітіргемін. Сол мектептен хабар келді бір күні. «7 қыз екі қора қой алып, Қарасу совхозына шопандыққа барды» деген. Оныншы сыныпты биыл ғана бітірген қыздар. Бұл хабар редакцияға жеткен соң, бұған біз де үлес қосайық деген әңгіме шықты. Менің ауылым болған соң мені іс-сапармен жіберді. Бардым.
Әнуархан Қайырбаев дейтін жақсы досым бар еді. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, терең білімді жігіт еді. Өмірден ерте кетіп қалды. Ертеректе өлең жазып жүргенде жазған «Дос» деген бір ауыз өлеңім есімде қалыпты.
Дос десе жаным бар ма жығылмаған,
Дос – қуатты, дос – Күннен жылы маған!
Дос мұңайса, қайғысы «қап!», «әттең!» деп,
Дос қуанса кеудемде жыр тулаған! – деген жолдар сол Әнуарханға арналған еді. Жалпы, шығармашылыққа өлең жазумен келгемін. 8-9 сынып оқып жүрген кезде жаздым, одан кейін қалып қойды.
Сұлулық менің ғашығым мәңгі,
Көрінсе бойы тұнады көзім.
Аралап нұрлы дүниені таңғы,
Тауларды келіп тұрады кезгім – деп таулар жайлы жазғаным бар. Тау деген ғажап дүние ғой. Оны айтып тауса алмайсың. Сол Әнуархан күтіп алды.
Қойшылыққа шыққан 7 қызды іздеп бардым. Солар туралы хабар дайындап, өздерін сөйлетіп алуым керек. Сол үшін көтеріп келген 7 кг репортерым бар. Енді қыздарға барып, ал сөйлеңдер десем, «партия қолдаған соң, партияның шешімімен келдік» дейді. Ол сөз бола ма, ашылып сөйлейтіндей бірдеңе жасауым керек. Киізүйдің ішіндеміз. Жиһаздың бәрін толтырып қойған. Еденге тақтай төселген. Ондайды қай қойшының үйінен көріп едің? Газ әкелінген, тоқ тартылған, бір сөзбен айтқанда барлық жағдайлары жасалған.
Шәй ішіп отырмыз. Қыздарға қарап, «мен болдым, міне микрофонды өшірдім» деп, алдап, диктафонды қосып қойдым да, әңгімеге тарттым. Ой, сосын қыздар шешілді дейсің. Алғаш атқа міне алмағандарын, айдалада жылағандарын, қойдың оларды тыңдамай, біреу олай, біреуі былай кеткенін, далада қасқыр көріп, дыбысы шықпай қалғандарын, түгел айтты. Сол сапардан мөлдіретіп тұрып бір очерк дайындадым.
Жазылған дауысты монтаждап, бәрін дұрыстайсың. Артық жерін алып тастап, кем жерін толтырасың. Болған соң дикторға оқыту керек. Олардың басшысы Сержан Мәмбетов дейтін жігіт еді. Мына біздің Қазақ радиосындағы сол кездегі қатарластардың барлығын суретке түсірген жақсы фотограф болатын. Оның үстіне мықты шахматшы. Әлгі қыздар туралы дайындалған очеркті сол кісіге бердім, кімге оқытасыз деп. Ол кісі алып, бір қарап шықты да:
— Мынауың керемет екен. Сөздері қандай, ей, мынаның?! Мен тыңдап көрейінші, — деді. Тыңдаттым. Қыздардың дауысы ғой. Күлгені, жылағаны бәрі жазылған. Көңіл-күй сондай шынайы болу керек қой. Әйтпесе бәрі жасанды, құлаққа кірмейді.
Ол кезде адамды сөйлету қиын еді. Басшылар орысша сөйлейді, қарапайым адам камера мен микрофонды көрсе тұра қашады. Ауыздарынан сөздері түседі. Мұқанов студияда отырып, «таудан-тастан қайтпаған жүрегім, осы бір жұдырықтай бәлеңнен шайлығады, арытаман қойшы» деп айтады дейді ғой. Сол секілді камера мен микрофонның мысы басып тастайды ғой. Оны кейін телеарнада жүргенде де талай көрдім.
Содан Сержан Мәмбетов мені жетелеп Байжанбаевқа алып барды.
— Әнаға, мынаны өзіңіз бір оқып көріңізші.
— Әй, жарайды — деді де ол кісі оқып көрді.
— Дауыстарың қайда?
Тыңдаттық. Ол кезде диктордан басқа ешкімге оқытпайтын. Бірақ Әнуарбек аға маған қарап:
— Әй, мынау өзіңнің «іштен шыққан шұбар жыланың» ғой. Ана қыздармен қалай әңгімелескеніңді келтіріп тұрып, өзің оқуың керек – деді.
— Ой, аға, бізге рұқсат жоқ қой.
— Жүр, — деп қолымнан жетектеді де, Әнағам мені Бек Дәулетбаевқа апарды. Одан өтті. Сол кездегі төраға Хамит Хасенов еді, сол кісіге бардық.
— Менің бір өтінішім бар – деді Әнуарбек ағам.
— Қандай өтініш? Айт.
— Мынау Құсман дейтін бала. Келгеніне 3-4 жыл болды. Төселіп қалды. Жазуы да жақсы. Сосын, бұның әдемі қоңыр дауысы бар. Осыны өзіне оқытып көрейікші. Егер сіздер жарамсыз десеңіздер, мәтінін өзім оқимын — деді Әнаға.
— Жарайды, — деді төраға.
Хамаң рұқсат берген соң, Әнуарбек аға алдымен өзі оқып көрсетті. Оқымас бұрын әуелі бір құлағын басып алатын. «Тарбағатай тауларынан күн енді көтеріліп, Тектұрмас биігіне…» деп бастап табиғат суреттерін оқығанда, жанып кетуші еді, жарықтық. Сол әдетімен күмбірлей жөнелді. Ұзын-сөздің қысқасы, ақыры сол студияда мәтінімді өзіме оқытып шығарды ғой. Содан бастап өз жазғанымды өзім оқитын болдым.
1966-дан 1976-ға дейін 10 жыл істеген радиоға араға жылдар салып, 1992 жылы қайта оралдым. Содан 2002 жылға дейін тағы 10 жыл жұмыс істедім. Соңғы жолы радио директорының орынбасары, аймақтық тілшілердің басшысы болдым. Шығармашылық өмірімнің 20 жылы радиода, 20 жылы телеарнадан өткен екен.
Ағамыз әңгімесін тәмамдады-ау дегенде бір сұрақ қойдым. Онда да біраз естіп, құлақ жауыр бола бастаған жайт еді. «Аға, Кеңес үкіметінің тұсында «үш әріптің» адамдары басқан ізді аңдып, қалай сөйлеп, қалай жазу керегін нұсқап отырған деп естимін, сол рас па?» — дедім. Бетіме барлай қарады. «Осы айтып отырғаныңа өзің нанасың ба?» деген сұрақты оқыдым жүзінен.
— Құдай алдындағы шындығымды айтайын, радиода ана сөзіңді алай сөйле, мына сөзіңді былай сөйле деп артымызға шам алып түскен ешкім жоқ. Ондайды көргем жоқ. Қайта біздің жастар редакциясы еркін болатын. Сәбет Масғұтов біздің құлағымызға құя береді ғой, «Ұлттық дүние керек, ұлттық дүние керек. Ұлттық дүние болмаса ешкімді қызықтырмайды» деп. Сонымен Фатима Дегенбаеваның бастамасымен кейін анау «Алтыбақан» деген бағдарламаны аштық. Ол кезде мен Жастар редакциясына бас редактор болып жүрген кезім еді. Фатима бөлім басшысы болатын. Осы бағдарламаны ашқан кезде ерекше қуандым. Соны ашу үшін Сәбет ағаның алдына барып, біраз көпіріп қалдық қой. Бірақ, бағдарлама төрағаның алдынан қайтты. Қайтқан себебі, қазақта «алты бақан – ала ауыз» деген сөз бар, бізге ондай алауыздықтың не керегі бар депті біреу. Сол кезде Хамит Хасеновтің өзі барып идеология бөліміне бекіттіріп алып келген болатын. Ол кезде идеология бөлімінде Әбіш Кекілбаев болды ғой деймін.
Ал сөзіңді аңду, эфирге жібермей қою, ананы былай сөйле, мынаны олай сөйле дейтін шектеудің көбі арғы жақтан емес, бергі жақтағы, өзінің қызметі үшін қалтырап отырған кейбір бастықтардан ғана шығады. Журналистер де еркін сілтейді. Ойына келген сөзді еркін қолданады. Бірақ шектен шығып, көңілге томпақ сөзді қолданбаймыз.
Алла тағала екінші рет мүмкіндік беріп, өміріңді неден бастар едің десе, мен ойланбастан осы журналистикадан бастар едім. Өзімнің туған ұлым бар, Ерлан Игісін дейтін, ол да журналист. Біздің Жетіарал ауылынан ғана шыққан 7 журналист бармыз. Айтмұқаш Сәдуахасов, Еркін Нұразхан, Жұмағазы Игісін және жаңадан шығып келе жатқан Ербол деген жас жігіт бар.
«Осымен болдым» дегендей ағам екі алақанын жайып, бетіме қарады. Ымға түсінбейтін жан емеспін, ұқтым. Қарт қаламгердің күректей алақанына менің күрек тимеген жұп-жұмсақ саусақтарым сүңгіп кетті.
— Аман бол, бала, хабарласып тұр – деді.
Ержан Жаубай, 2021 жыл