Көңіл айту
Жамбыл облысы Меркі ауданының көкпар командасы Қарағанды облысындағы Мәди Бәпиұлы атындағы мешіттің ашылуына орай ұйымдастырылған көкпар додасына қатысып, үздік шыққан болатын.
Көкпаршылар Меркіге қайтып бара жатқан жолда жол-көлік апатына ұшырады. Спортшылар мінген көлік Балқаш қаласының маңында жүк көлігіне соқтығысқан.
Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 10 маусымда сағат 9.59-да Алматы — Екатеринбург тасжолының 655-шақырымда болған.
Екі MAN ауыр жүккөлігі соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жүк көлігінің бірінің 20 жастағы жүргізушісі мен оның 31 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Екінші көліктің жүргізушісі мен үш жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді, — деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.
Жүк көлігінде жүргізушімен бірге тағы 4 азамат болған. Өкінішке қарай, ауыр дене жарақаты салдарынан екі азамат оқиға орнында қайтыс болды. Тағы үш азамат Балқаш қаласының ауруханасына жеткізілді. Қазір дәрігерлердің қатаң бақылауында.
Ал, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалған.
Қайтыс болған марқұмдардың туған-туыстарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз. Ауруханада жатқан азаматтардың тезірек сауығып, отбасыларына аман-есен оралуын тілейміз!
Argymaq.kz