Смағұл Елубай. Асау

2878

Табын шетінде кебеже қарын Кербие тұр қалғып-мүлгіп. Бірақ қалғыса да бәрін сезіп тұр. Түнімен жауған қардың басылғанын, желдің тынышталғанын, қою таң қараңғысының сұйыла бастағанын, ауыл тұста тауықтардың шақырғанын – бәрін естіп, сезіп, біліп тұр. Жаңа жауған қар иісінен тыныс тартып ләззат алады.Үйірдің тоқтаған жері ауыл шығысындағы піл жота дөң үсті. Етектегі ауылдың бұлар жақ жазығында қара шоғырланып қора көрінеді. Қоршаулы биік қора. Кербие содан тітіркенеді. Құрық пен қорадан қорқып қалған әдеті. Кеше жылқышы үйірді анау көрінген аршалы таудың арғы бетінен дүркірете қуып, осында айдап келді. Кербиені сескенткен жылқышының қиқуы емес. Ол зілсіз, залалсыз, күнде естіп жүрген қиқуы ғой. Бұларды үнемі пәле-жала, ит-құстан қорғап жүретін үн. Тек, сол айқайға жат қиқулар қосылып көбейіп кетсе қиын. Оның соңы айқай-сүрең, қуғынға айналады. Қылша мойындарға талша құрықтар түседі. Немесе кең өрісті еркін жайлаған табын шырқ иіріліп қораға қамалады. Қауіп-қатер содан. Тар шеңберге сыймай толықсыған үйірдің талайы ұшты-күйді сол жерде жоғалады. Кербие содан қорқады.

Осы табынның дені Кербиенің құрсағын жарып шыққан құлындары. Немесе солардан тараған төлдер. Анау қара ала қалың үйірдің жел жағында тұрған Қарақасқа да бір кездегі Кербиенің құлыны. Небары үш жазда құйрық-жалы төгілген арқыраған айғыр болып шыға келді. Бүгінде үйірді айбатымен шырқ иіреді. Шыр айналып, көз қарашығындай қорғайды. Біреуін шашау шығармайды. Осы тәртіп Кербиеге де ұнайды. Кербиеге үйір сәнінің, қатарының бұзылмағаны керек, шөбі шүйгін, суы мол кең өрісте құрып жүре бергені керек. Алайда табынының осы берекесін бұзуға ұмтылатындар баршылық. Күндіз-түні солардан сақтанады.

Тіршілікте Кербие түйсігіне жат тылсымдар көп. Соның бірі – тек жатқан жайлы өрістен бұларды жылқышының дүркірете қуып әкеліп, ауыл шетіне иіріп қойғаны. Екі аяқты құдіреттің жүріс-тұрысының бәрі жұмбақ. Оны ажыратуға Кербиенің шамасы келмейді. Екі аяқты құдірет кейде тіпті осы жер бетіндегі төрт аяқтының бәрін ырқына көндіру үшін жаратылған ба дерсің.

***

Етегі түрілуге беттеген таңғы алагеуім құшағында жаңа жауған қар көрпесін жамылып момақан ауыл жатыр. Осы аудан орталығына Алматыдан жолдамамен келгеніне көп болмаған жас журналист Саттар түсінен шошып оянып, қазір ішкі бөлмеде төсек үстінде отыр қалқиып. Үрпек бас, арық, сары жігіт. Үй иесі домалақ кемпір ауызғы үйде қыбырлап шай дайындап жүр. Саттар түс әсерінен айыға алмай отыр. Кеше жолсапармен «Аршалы» совхозында болған. Сонда естіген әңгімесінің әсері болса керек, түсіне осы жазда Аршалыда опат болған жас зоотехник Ақан кіріпті. Ақ шүберекке оранған аруақ Ақан қызыл көбіршік жайдақ су бетімен аршындап аттап келеді. Бұған қарай келеді. Бұл оның бет әлпетін ажырата алар емес. Әйтеуір, Ақанның аруағы екен дейді. Ергежейлі еліндегі Гулливердей ұзын, аруақ Ақан жақындап келеді. Тұрпатынан о дүние ызғары еседі. Содан шошып оянған еді. Жүрегі әлі өрекпіп тұр.

Иығына пальтосын іліп, тысқа беттеді.

– Балам, қарды көрдің бе?! Жарықтық, тілерсектен қар жауыпты-ау! – деді үй иесі кемпір.

Сыртқа шықса, бозарып таң атып қалыпты. Төңірек аппақ қар. Еңкейіп, ұлпа қардан іліп алды. Танауына басты. Алғашқы қар. Таңғы кәусар ауадан көкірек кере жұтты. Қоршаулы бақшаның дала жақ шетіне шықты. Осы арадан басталып шығысқа қарай созылып жатқан тай шаптырымдай жазық бар. Жазық барып көлденең жатқан қабаққа тіреледі. Сол қабақтың етегінде қара шоғыр қора көрінеді. Мал соятын қора. Қорадан әрмен таң иегінде көлденең сұлап жатқан піл жота дөң. Қазір сол дөңнің арғы жағынан бас жарып таң атып келеді. Дөң үстінде үйір жылқы жүр. Таңғы жарық өтінде жүргендіктен бе, бойлары ұзарып, жайылыста жүрген тырналардай шалынады. Саттар аздасын үйге бұрылды, назары Алтайдың қарлы шоқыларына түсті. Күн шапағы биік мұзарт бастарына ілініпті. Ауланың бір бұрышынан арсалаңдап жүгіріп Мойнақ келеді. Құйрық бұлғап, бұның қас-қабағына қарайды. Бұл сәл жылы шырай байқатса болды, келе сүйкеніп, үсті-басын жалағалы тұр. Күзде пәтер іздеп жүріп осы үйдің ауласына аттап кіргенде, алдынан шығып алғаш қарсы алған ит осы. Дос пейіл итке содан Саттардың іші жылып кеткен. Бірақ ит байғұс осы үйдің ауласына аттап басқан кез келгенге жарамсақтанып, кез келгеннің аяғын жалауға әзір тұрады екен. «Бұл несі?» деп таңырқаған Саттар ит туралы кемпірден сыр тартып көрген еді. Сөйтсе, Мойнақтың өзіндік тарихы бар болып шықты.

Ит кемпірдің қолына көшенің арғы басында тұратын қасапшы Көпжасардан келіпті. Мойнақ күшік кезінен теңдесі жоқ төбелесқор ит болып өсіп келе жатады. Көпжасардың есігін ашқан жан байқамаса, балағы осы Мойнақтың ауызында қалады екен. Бір күні аюдай дөңкиген кірбік көз Көпжасар қонақтан мас болып үйіне түнделетіп қайтады. Үстінде сол күні киген су жаңа костюм-шалбары. Өз ауласы болғасын, еркінсіп, қақпадан ішке қисалаңдап ене береді. Сол-ақ екен, Мойнақ «арс» ете түседі. «Кет!» деп үлгергенше, су жаңа шалбарының бір балағы Мойнақтың ауызында кетеді. Содан Көпжасар қатты ашуға мінеді. Итті шынжырымен сүйреп көшеге алып шығады. Жеті атасынан боқтап жүріп, Мойнақты жығып салып, ішке тебеді. Жаңа киім киген иесін түн қараңғысында танымай қалған байғұс ит «кінәсін мойындап», жалбарына, жан ұшыра қыңсылайды. Бірақ әбден тұлданған Көпжасар тепкілеуін тоқтатпайды. Мойнақтың ит сілікпесін шығарады. Естен танған сорлыны көтеріп апарып үйшігіне лақтырып тастайды. Содан Мойнақ Көпжасарды көргенде зәресі ұшып, зып беріп үйшігіне кіріп кететін болады. Үйшігінен шықпай, қыңсылап жатып алатын болады. Көзінде мұң табы тұрады. Көпжасар ғана емес, енді адам көрінсе қорқатын әдет табады. Көпжасар одан бетер жынданады. «Кісіге үрмейді! Ас ішіп, аяқ босатар!» деп, Мойнаққа бұрынғыдан бетер шүйлігеді. Ас бермей, аштан қатырады. Сөйтіп жүргенде, домалақ кемпір жолы түсіп Көпжасардың үйіне бара қалады. Адам көрсе құйрық бұлғап жата беретін Мойнаққа көзі түсіп, «сат!» деп ал кеп жабысады. Көпжасар сол жолы сүйегіне бітпеген мырзалық жасап, итті кемпірге тегін жетектетіп жібереді.

Мойнақтың кемпірдің қолына келу тарихы осы. Қазір Саттардың алдында бауырын жерге төсеп, мәймөңкелеп құйрық бұлғап жатыр. Көзінде мұң. Бұдан бір жылылық, оң шырай күтеді. Саттар бұл жолы аяп кетті, пақырды:

– Мойнақ! – деп сәл еңкейіп, байғұстың маңдайынан сипады. Мойнақ мәз болып, арсалаңдап кетті. Құйрық бұлғап, аяғына оратылды. Секіріп, қолын жалауға ұмтылды.

Саттар бойын тіктегенде, көзі көше бойлап шоқыта желіп бара жатқан екі-үш аттыға түсті. Қаракердің үстіндегі жылқышы Мотанды таныды. Аршалыға барған сапарында кездесіп сөйлескен марқұм Ақанның туған ағасы. Осы жазда жұмбақ жағдайда мерт болған зоотехник Ақан туралы Саттар алғаш осы үй иесі кемпірден естіген. Дерек жинай бастауына да кемпірдің сол әңгімесі себеп болған.

– Осы мына көшенің арғы басында тұратын Көпжасар бар ғой, сол Көпжасар өткен жылы Аршалыдан көшіп келген. Бұрын сонда қой баққан. Өткен жазда отарынан үш жүз қой жоғалып, ауданнан милиция шығып, у-шу болды. Совхоз басшылары бір апта бойы ат белінен түспеді. Үш жүз қой ақыры сел ағызып кеткен делінді. Ол қол қоймаған жалғыз Ақан марқұм-тұғын. Содан Ақан бір жақ, совхоз басшылары бір жақ болады. Сөйтіп жүргенде, Ақан осы жазда табан астынан суға кетті. Көпжасардың қылшығы да қисайған жоқ, осы аудан орталығына көшіп келіп, даңғыраған төрт бөлмелі үй сатып алды. Ауданның өкіметі – нағашысы Әміржановтың арқасы ғой. «Мықтының бір жері диірмен тартады» деген сол да, – деді кемпір.

Содан сол Аршалыда болған оқиға Саттардың жатса-тұрса есінен шықпады. Кеше жолсапармен Аршалыға барып келді. Екі таудың арасына сыналай орналасқан ауыл екен. Ауыл іргесінде арқырап ағып жатқан тау өзені. Ақанның үйінде болды. Бұл барғанда, марқұм інісінің үйіне туған ағасы, жылқышы Мотан келіп отыр екен. Мотан сақал-шашы ағарған, топ-томпақ, тығыз қара кісі. Сөзге шорқақ екені ауызын ашқаннан аңғарылды.

– Осы мәселені бір іздеуші болар деуші едік… қош! – деп төмен қарап, екі бүктетіліп отырып басын изеді. – Шүбәміз көп, дәрменіміз жоқ…

Мотан өз ойымен өзі болып, назарымен жер шұқып отырғанда, бұл еңсе көтеріп, жұпыны үй ішіне назар жіберді. Қоңырайған шағын залдың бір бұрышында кітап толы шкаф. Мал шаруашылығына қатысты оқулықтар, көркем әдебиеттер. Одан жоғары Ақанның келіншегімен иін тіресе түскен суреті. Шай құя отырып, марқұм Ақанның келіншегі Шырай тіл қатты:

– …Сол күні, әй-шәй жоқ, өмірде біздің үйге бас сұқпайтын Көпжасар мен Мырзағұл кіріп келгені. Көпжасар қызулау. Келе Ақанды құшақтап: «Араздықты қоялық, Ақан! Татуласайық!» – деп тост көтерді. Біраздан кейін «Жоғалған қойдың қырылған жерін көрсетейін! Жүр, атыңа мін!» – деді. Ақан келісе кетті. Үшеуі тал түсте атқа қонды. Содан арадан бірер сағат өтпей үйге өлігі оралды ғой…» – деп күрсін атты келіншек. – Айтулары, Ақан мас болып, аттан суға құласа керек, төбесімен тасқа түссе керек.

– ….Мен Ақан мас болып, аттан құлады дегенге сенбеймін! – деді Мотан осы тұста дауысы ширығып.

– Маған жұмысында болып жатқан нәрселерінің бәрін айта бермейтін, – деп әңгімесін жалғады Шырай. – Осы жазда: «Бұл совхоздан көшемін. Бұлар мені сыйыстырмайтын болды» деп жиі айтып кеткен еді.

Түстен кейін Мотан Саттарды ауыл сыртына ертіп апарып, Ақанның суға кеткен жерін көрсетті. Өзеннің ауыл жақ жағасы қалың тал екен. Көпжасар мен Мырзағұлдың айтуынша, осы тал арасымен өтетін жалғыз соқпақпен Ақан үшеуі үш жүз қойдың өлімтігі табылды деген жерді көру үшін аттанып ауылдан шығады. Осы тал арасынан өте бере, Ақан жолдастарынан бөлініп, өзенге қарай шаба жөнеледі. Өзенге түсе бере, аты кілт тоқтайды да, өзі төбесімен суға құлайды. Өлген жігіттің басының жарылуы сол құлағанда өзендегі қойтасқа соғылғандықтан дейді олар. Көпжасар мен Мырзағұлдың айтуынша, Ақан екпінді тау суына бір батып, бір шығып кетіп бара жатады. Бұлар ойбай салып, су жағалап жүгіріп, өлікті әрең ұстайды.

Тау суы гүрілдеп жатыр. Сол оқиғаның көз куәлері: судың арғы бетіндегі құз жартас, талды орман терең сыр бүгіп тұр.

– Енді менің күдігім мынада! – дейді алдына түсіп бүлкектей берген Мотан. Мотан бұны беткейін ұйысып шөп басқан құлама жағаға алып келді. Жаға үстінде ескі қора. – Дәл осы жерден қарашы! – деп Мотан құламаның баурайын көрсетті. – Ана шөптің ортасымен әлденені суға қарай сүйреткен емес пе! Қарашы!

Саттар қараса, шөптің ортасы тері сүйреткендей жолақтанып, жапырылып қалған. Мотан ескі қораның түбінен бір сынған бөтелкені суырып алды.

– Мінеки, мынау сынған бөтелке! Ол кезде бөтелкенің қағазы жап-жаңа болатын. Осы қора ішінде ол кезде «Москвичтің» ізі де болатын.

– Сонда сіз… Ақанды осы Қашар тасасында біреу бөтелкемен бастан ұрған демексіз ғой!

– Ие! Ие! Ал Қашар ішіндегі мәшинемен келіп, Көпжасардың адамдары жасырынып тұрған. Жабылып ұрып өлтіріп, содан кейін суға қарай баураймен домалатып жіберген.
Саттар сол күні совхоз басшыларын да тыңдады. Олар да бірауыздан: «Ақан аттан құлап өлген, оны дәлелдеген тергеуші мен дәрігердің қорытындысы бар», – деді.

Жолсапар барысында осы көрген-білгендерін Саттар шай үстінде үй иесі кемпірге айтып берді. Кемпір:

– Ие, азамат күйігі не ойлатпайды! – деп күрсінді.

***

Саттардың бүгінгі жұмысы аудандағы ет жоспарының орындалу барысы туралы жазу еді. Ол үшін қасапхана бастығы Көпжасармен сөйлесуі керек еді. Көпжасарды жұмыс орнынан тауып алмақшы болып, үйден жаяулатып шығып, сонау қарлы жазықта қарауытқан қораға қарай бет алды.

Дөң басындағы табын арасында қозғалыс туды. Алдымен үйір шетіндегі қалғып-мүлгіп тұрған кебеже қарын Кербие пысқырынды. Ауыл тұстан жылқышымен бірге суыт келе жатқан қос торы аттыны көрген еді. Қауіп-қатердің бәрі сондай жат аттылардан шығады. Жат аттылардан Кербиенің жүрегі шайлығып қалған. Бұл жолы да келе жатқандардың беталыстары Кербиеге ұнамады. Қимылдарында бір қатқылдық, шымырлық бар. Кербиенің пысқырығын ешкім елемеді. Алдымен Қарақасқа естуге тиіс еді. Алайда айғыр иегіне тақала берген Ақбақайға алданып, тұмсығын байтал шабына соза берді. Суыт келе жатқан салт аттыларға қарап тұрған Кербиеден дегбір кетті, тағы пысқырынды. Бұ жолы Қарақасқа айғыр есітті. Одырая қалды. Мойнын биік көтеріп, құлақ тігіп, жат аттыларға қарады. Осқырынды. Жер тарпыды. Қарақасқа айғыр қараған жаққа қарап қалың табын үрпиісті. Үш салт атты, сөйткенше, қабаққа шоқырақтай шауып шықты. Ортада Қаракер мінген жылқышы. Ал анау қос қапталындағы торы атты екеу бейтаныс. Кербие сол бейтаныс екі аяқтылар тақымында келе жатқан қос торыға назар ірікті. Таныды. Осыдан екі жыл бұрын, құнан кезінде жайлауда бастарына құрық түскен торылар. Осы үйірдегі Торы биенің төлдері. Сол жолы жайлауда мойындарына құрық түскен торы құнандар төртеу болған. Төртеуі де сол жазғытұры айғырсып, шіңгірлеп кісіней бастаған еді. Қылша мойындарын кендір арқан талша қиып, байғұстар қанша шатқаяқтаса да, екі аяқты құдіреттің құрығынан құтыла алмаған. Сол торылар енді, міне, екі аяқтылар тақымында келеді.

Қарақасқа айғыр айдыны шыға ойқастап, жолаушылардың алдын орады. Құлақ қайшылап, аяқты билеп басып, «үйірден аулақ!» дегендей, жер тарпып, айбат шекті. Бірақ аттылар оны елемей, іркілмей, үйірге қарай оза берді. Кербиенің тағы бір байқағаны жат тақымдағы қос торының Қарақасқаға қайырылмағаны болды. Ең болмаса, құлын күнінен бірге өскен құрдасын көргенде, бір селт етпегені, оқыранбағаны болды. Тағы бір таң қалғаны – иін тірескен үйір, жас байталдарды көргенде, еті тіріліп шұрқырамағаны. Олар айғыр емес пе еді! Кербие «Кербие» болғаны бұндайды көрген емес. Алайда ай астында бұл білмейтін жұмбақ жалғыз бұл емес. Соның бірі – екі аяқтылардың тақымына түскен айғырлардың не айғыр, не байтал болмай қалатыны. Күлдір-күлдір кісінемейтіні. Үйір үшін шайнасып шайқас салмайтыны. Ештеңеден шаруасы жоқ жабыға айналып, тақымнан босаса болды, отын оттап, суын сулап жүре беретіні. Сөйтіп, жылқы баласы үшін тірлігі түсініксіз малға айналатыны. Торыларды көргенде, кәрі бие олардың да сондай бір элементке ұшырағанын сезді. Содан тітіркенді.

Ащы қиқу осы арада таңғы ауаны тіліп өтті. Торыларын төпеген бейтаныстар қиқулап, табынға қарай аш қасқырша ұмтылды. Орағыта шапқан Қарақасқа айғыр да тұлан тұтып, дабыл да дабыл кісінеді. Сол-ақ екен, тек жатқан табын жел тиген өрттей дүркіреді, Қарақасқаға ілесіп, тау суындай ақтарылды. Түріле қашқан қалың нөпірге араласып, Кербие де құйғытып келеді. Өне бойын қасқыр қамағандай қорқыныш иектеп алған. Жат дауыс, ащы қиқу бұларды жапыра қуады.

***

Ақшаңқан қарлы жазықпен ат қораға қарай жаяулатып Саттар келеді. Мұрты тебіндеген ұзынша ақ сары жігіт. Үстінде қолп-қолп еткен қара сүр пальто. Назары қарсы қарлы қабақтан селдей төгіліп келе жатқан үйірде. Алда оқ бойы құйрық шанша қашқан Қарақасқа. Қос қапталда соқтыра қуған қос торы атты. Торылар жер тістеп құнтиып келеді. Бірақ Қарақасқа маңына жуытар емес. Айғыр айдыны шығып, ортекедей орғи-орғи секіреді. Құйрықтасқан қуғынмен ойнап келе жатқандай. Жазықты бойлап, Саттарға қарсы келеді. Саттар айғырдың еркін аяқ алысынан көз ала алмай, тоқтай түсіп, аңырып қалған.

«Қи-и-и!» деп қиқулайды қуғыншылар, бүкіл таңғы алқапты басына көтеріп. Онсыз да белең алып безініп бара жатқан айғырды одан бетер үркіте түскісі келетіндей. Айғыр ышқына ытырынады. Омырауында күміс қар құйындата борайды. Саттарға жақындай түсіп, Қарақасқа жалт берді. Батыс жазыққа бұрылды. Қиқулаған қуғыншылар да ілесе кетті. Саттар аңырып тұрып қалған. Қашқын мен қуғын қыр асып кеткенде барып ес жиды. Батыс қабаққа беттеген қалың үйірдің алдын орағыта зырқырап тағы бір қос торы атты барады. Аттары тың, жарау. Нөмірлеген үйірдің алдына қия шауып шығып, бетін жасқады. Олардан үріккен үйір енді жазыққа лықсыды. Қос қуғыншы қалың табынды қораға қарай қайырды.

Таңғы жазықты дүрліктірген қашқын-қуғынды қызықтап тұрып қалған Саттар қозғалды. Бірақ көзі нөмірлеген үйірде. Қос торы атты қос қапталдап үйірді қораға қарай дүрілдетіп айдап келеді. Табын алдынан шоқыта шауып Қаракер атты Мотан шықты. Үйір жылқышыны танып, айнала тоқтады. Жылқышының «айт-шәйт!» деген сабырлы дауысы еді үркін жылқыға әсер еткен, арындарын басқан. Сол кезде теріскей дөңнен бермен қарай қиқу төгілді. Манағы қашқын мен қуғын. Қарақасқаны қапталдап жалбаңдаған торылар. Іркес-тіркес жүйткіп, олар да қораға қарай келеді. Қора маңында қарбалас. Жалаңдаған жігіттер ерсілі-қарсылы жүгіреді. Соның бірі аюдай қорбаңдаған Көпжасар. Жүгіріп келіп, үйірді қақпайлап жүрген Мотанның атының сағағына жармасты.

– Ақсақал, атыңызды бере тұрыңызшы! Айғырды қайтарайын! – деді ентігіп.

– Жоқ! – деді қолын шолтаң еткізген Мотан. – Жоқ! Берілмейді.

Мотан түсі қабарып, Көпжасарға сырт берді. Айғырға ызалы Көпжасар:

– Қап, иттің баласы, әлектеді-ау! – деп енді қораға қарай ұмтылды. – Әкелші мылтықты! Атып-ақ алайық, иттің малын!

Біреу мылтыққа жүгірді. Сол кезде үйірге жақындай берген Қарақасқа ашыққа қарай тағы да жалт берді. Үйір маңындағы тың қос торы атты түсті енді айғырдың соңына. Қарақасқаны қуып келген алғашқы қос торы атты үйір маңында қалды. Ентіккен торылар қара тер. Танауларынан бу бұрқырайды. Қарақасқа болса, қолға түспеуге серт еткендей, тың қос аттыны ертіп алып, шығыс қабаққа бет түзеген.

Соңынан ілескен қос торыны айғыр танып келеді. Осыдан екі жаз бұрын көз жазып қалған төлдесі. Бастарына құрық түсіп, шұрқырап жат біреулердің жетегінде кеткен. Ең қиыны, қос торы бұны танымайтын, білмейтін сыңай танытады. Бұл арқырап қашып, олар құнтиып қуып келеді. Бұның таң атқалы шалдыртпаған арынды шабысына тақымдағы торылар ызалы тәрізденеді. Мойын созып жер тістеп, құлақ жұма қуады. Кейіптерінде ызғар бар. Аямас ызғар. Қарақасқа айғыр болдыртса, мойнына сарт етіп екі аяқтылардың құрығы түсері анық. Торылардың көксегені сол тәрізді. Тезірек қуып жетіп, бұны ұстап беру тәрізді. Соған жан салады. Түйсігі торылардың сол пиғылын бажайлаған. Енді тек өз аяғына жалбарыну ғана қалды. Бұны құтқарса, тек төрт аяғы құтқарады. Басқа амал-айласы таусылған. Шабысынан жаңылды екен, сорлайды. Өкшелеген жау құрығына ілінеді. Кең жайлау, құтты өрісімен қоштасады. Азаттығы адыра қалады.

Бұны өкшелеген жау ниеті сол – бұнда бардың бәрін алу: өрісін, үйірін, ең соңында, жанын алу. Басына күн туды сондай. Бүгін не әрі, не бері болады. Түйсігі соны сезеді. Содан екілене түседі. Қолға түспеу шарт. Бірақ жау болар емес. Беті қатты. Қайдан шыға келгені белгісіз, қарсы беттен жалбақтап екінші қос торы келеді. Әлгінде үйір маңында қалған қос торы. Құйрық тістесіп артта келе жатқан мына қос торы да қалысар емес. Қарақасқа қарсы беттен шыққан тың қос торыдан сескенді. Жалт берді. Сол-ақ екен, мойнына сарт ете түсті құрық. Ышқынып кетті. Арқырап шапшып ышқынды. Құрық тастаған екі аяқты жұлқа тартқан айғырдың екпінінен ат үстінен ұшты. Жәй ұшып кеткен жоқ. «Қап, әкеңнің!» деп, шырқап ұшты.

Қарақасқаның жаны мұрын ұшына тақаған. Мойынға ілінген тажал құрығын тепкілеп тулай қашады. Әлгі иесі мұрттай ұшқан торы ат тоқтар десе, тоқтамапты. Жалбақтап әлі келеді. Бұған иесіз-ақ қуып жетпек ниетте. Мойынға оратылған жыландай құрық Қарақасқаның ала сайтанын қоздырды. Белең алып, шала бүлінді. Тіке шабуға құрық кедергі, қапталдай үркінді. Қалыспай қиқулаған қуғыншылар бұны қораға қарай тықсырды.

Шоғырланған үйірін көріп, айғыр танауы делдиіп, арқырап жіберді. Қалың үйірінен қолдау күткені еді. Үш торы аш қасқырдай тақымдап келеді. Омырау тері тамшылап, Қарақасқаның жаны қысылды. Құйын да құйын екпінімен лықсып иірілген табынға қойып кетті. Ду еткен айқай шықты. Екі аяқтылар құрық-сырықтарын көтеріп ерсілі-қарсылы жүйткіді. Топ жылқы топалаң тигендей. Үйір ортасынан бір-ақ шыққан қызылтанау Қарақасқа, хайуан да болса, төңіректі құрсаулаған қалың жаудың көздегені бұны ұстау екенін бажайлады. Содан аласұрды. Кербие мен Ақбақай жанынан табылып, қамқорсып иіскелейді.

Қарақасқа иін тірескен үйір ортасында тынысы бітіп, тұйыққа батып бара жатқандай шиыршық атты. Қалың нөпірден суырылып шыға береді мойны. Көзі шатынап атқиды. Анадай жерде топтан шығып, қораға кіре берген бейтаныс Торы шолаққа көзі түсті. Тоқ қарын, тобанаяқ. Бұл үйірде болмаған мал. Сол тоқ қарын Торы шолақ, қанша айтқанмен, жылқы баласы ғой, мына шулап қаумалаған екі аяқты жаудан құтылар бір жол тапқандай. Жалғыз бөлініп, шеттей берді. Адам қарасы жоқ қаптал есікке желіп кірді. Оның ізінен тұс-тұсын жау қаумалаған үйір лап қойды. Қарақасқа да ұмтылды. Бірақ Торы шолақ бастап кірген кеңістік аузы-мұрны бітеу қора болып шықты. Сөйткенше болған жоқ, бір тарбаңдаған екі аяқты лақша секіріп келіп, бұның мойнындағы құрыққа жармасты. Бұл алға ытқығанда, құрыққа тағы екі-үш кісі айқайлап келіп асыла кетті. Айғыр шыңғырып, аспанға ырғыды. Қылша мойынын кендір жіп талша қиып барады.

Қора сыртында тұрған Саттардың көзі аюдай қорбаңдап, арқанмен арпалысқан айғырға таман ұмтылып барып қалған Көпжасарға түсті. Қолындағы дойыр қамшымен кекие шапшыған Қарақасқаны Көпжасар қақ маңдайдан тартып жіберді, боқтап:

– Теріңді тірілей сыпырайын мен сенің! Мә!

Қаракер атын тебініп кимелеп келіп қалған Мотанды Көпжасар байқамаған.

– Хайуан, тарт қолыңды! Құрыққа түскен жылқыға неге қол жұмсайсың? – деп ақырды жылқышы.

Көпжасар шалға қарсы ақырды:

– Әкіреңдеме, ақсақал! Мен емес… сенің құныкерің!

– Мойныңды жұлып аламын, иттің баласы!

– Тарт тіліңді, ақсақал!

Адамдар осылай күжілдесіп жатқанда, Торы шолақ зірк-зірк желіп, бұлардың маңынан өте берген. Есіл-дерті анау көрінген Ақбақай. Жас байталдың жұп-жұмыр сауыры. Сол жұп-жұмыр сауырды бауырға алу аңсары. Ақбақайды көргелі бері өзінің айғыр екені есіне түскен. Құнан күнінде мойнына құрық түскен Торы шолақ содан бергі жылдар осы қора маңынан алыстап көрмеген. Кең өріс, қалың табын дегенді ұмытқан. Оларды көрсе, тек осындайда, қораға қамалған опыр-топыр үстінде көреді. Көрген сәтте қамаудағы жас байталдарға қырындайды.

Торы шолақ адамдармен арпалысқан Қарақасқа айғырды айналып өте бере, сәл байыздады. Аспанға шапшыған айғырдың әсем сомдалған келбетінде көз тартарлық бір қасиет бар еді. Қарақасқадай сайын дала төсінде қалың табын айдаған азбан болғысы келді Торы шолақтың. Бірақ жылт еткен ол арман сылтырдың отындай жалп етіп тез өшті. Ондай қуғын-сүргін еркіндіктен можантопай тоқ қарын тірлігі артық еді. Екі аяқтылардан зиян көрген емес, бұл оларға қызмет етеді, олар бұны жемдейді. Одан артық не керек. Қазір Торы шолақ қалың үйір үрейін ұшырған мына у-шу қораның бір қожайыны іспетті. Аяқты алшаң басып, еркін жортады. Қалың үйірден таңдағаны – Ақбақай. Тұмса байталдың жұмыр сауыры. Арқырап барып сол сауырға артылса, арманы орындалғаны. Оқыранып, сұлу мүсінді жас байталдың жанына шелтеңдеп жетіп барды. Бірақ Ақбақай бұның ырқына көне кететін ыңғай танытпады. Көне кетпек былай тұрсын, құлақ жұмып, мөңкіп қалды. Бұл көріністі Қарақасқаның көзі шалған. Екі аяқтыларға болмай арпалысқан айғыр содан алапат ашу шақырды. Күркіреп кісінеді. Бір топ кісі жабысқан кендір арқанды алайда үзе алмады. Кендір арқан, бұл тартқан сайын, дүниені бір уыс қылып, қылша мойнын талша қиды. Кебеже қарын Кербие оқыранып алдын айналып өтті. Оған көңіл бөлген ешкім жоқ. Торышолақ Ақбақайдың қиқаңдағанына қарамай, келе шабына тұмсық салды. Жас байтал қытығы келіп, ытқып кетті. Торышолақты бойына жуытар емес. Қашқақтап, адамдармен текетірес халде тұрған Қарақасқаға келіп тығылды. Мойнын кендір арқан қиған Қарақасқа ауа жетпей қорылдап, көзі аларып біраз тұрды да, құлап түсті.

Көпжасар:

– Байлаңдар! – деп бұйырды.

Қарулы жігіттер Қарақасқаның аяғын шандып тастады. Еті тірілген Торышолақ Ақбақайды тақымдап қалар емес. Жұмыр сауырға қайта-қайта ұмтылады. Жас байтал ыңғайына көнер емес, бауырынан бұлқып кете береді.

– Бас, Торы-еке! Аяма… – деп бір жігіт айқайлады.

Жұрт ду күлді. Бұл үйірде енді өз бетіне келер еркек кіндік көре алмаған Торышолақ, қоразданып, қора ішінде айналып, салтанатты жортулар жасады. Содан кейін қиғаштап желіп келіп, бұрышқа тығылып тұрған Ақбақайды айнала тоқтады. Жас байталдың жақтырмағанына қарамастан, оқыс оқыранып, жұп-жұмыр сауырды нысанаға ала тағы шапшыды. Ақбақай бұлқып кеткенде, бақытсыз Торы жұмыр сауырдан тағы түсіп қалды.

«Беймезгіл шақтағы бұл неткен айғырлық!?» – деп таңырқады Саттар. – Бірақ ала жаздай байтал көрмеген байғұсқа көктемі не, күзі не, бәрібір шығар».

***

Бұл кезде үйір түгел қамалған соң, қора маңының айқай-сүрен қарбаласы басылған еді. Жалаңдаған жігіттер қораның қасапхана тұсына беттеген. Сыртта жалғыз қалған Саттарды көріп, Көпжасар таутаңдай басып жақындай берді. Үстінде қара шолақ куртка, басында жылы кепка. Қабағы қатулы.

– Інішек, жәйша ма? – деді дауысы гүр етіп.

– Салаумалейкум! – деді Саттар. – Редакциядан. Ет дайындығы туралы жазуым керек еді…

– Әликумассалам! – Көпжасар бұның қолын алып тұрып сәл іркілді. – Жүр, ендеше!

Бұны ертіп қасапханаға кірді. Қора іші салқын, сыз. Бірақ әр жерде жылтыраған электр жарығы бар. Есік, қабырғалар тұтас ағаштан сомдалған. Сондай есіктің бірін шақырлата ашты Көпжасар. Кабинеті тәрізді. Кіп-кішкентай бөлмеде добалдай қожалақ ағаш стол. Стол үстінде белінен байланған сынық телефон. Көпжасар столдың ар жағына барып, шаж еткізіп орындыққа жайғасты. Бұған есік жақтағы орындық тиді. Көпжасар столының тартпасына еңкейіп, бір қағазды суырып алды.

– Сізге керекті фактілер… – деді бұған ұстатып жатып.

Көпжасармен әңгіме қысқа болды. Әңгіме аяғында Саттар:

– Ақан өлімі туралы не айтасыз? – деп қойып қалды.

Бұл сұрақты Көпжасар күтпесе керек. Жалпақ беті бозарып барып үнсіз қалды:

– Е, Аршалыға келіп кетті деген журналист сен екенсің ғой! – деді көзі сығырайып.

Саттар «ие» дегендей бас изеді.

– Оны қайтесің? Жабылып қалған іс қой… ол… Менің білетінімді тергеуші жазып алған… Қажет болса сол делоны тауып ал да, оқи бер! – деді, «әңгіме осымен бітті» дегендей.

Саттар да онымен қоштасқан болып, орнынан тұрды. Көпжасар қорбаңдап, кең қораны бойлай шапшаң басып бара жатты. Жотасынан ашуға тығылып бара жатқаны аңғарылады. Саттар не кетерін білмей, не Көпжасарға ерерін білмей тосылды. Содан кейін журналист екені есіне түсіп, ыңғайы келіп тұрғанда, ет дайындау барысын өз көзімен көргісі келді.

Қасапхананың бұлар келе жатқан бұрышында жұмыс қауырт. Жалаңдаған екі жігіт жоғарыдағы белтемірге ілінген ат терісін сыпырып жатыр. Сапылары сып-сып етеді. Семіз құнан екен. Буы бұрқырап, аппақ еті жарқырайды.

– Аш! – деп айқайлады Көпжасар.

– Тоқтай тұрыңыз! Торышолақ қайтып барды ма?

– Осында! – деген айқай шықты сырттан.

– Аш, ендеше!

Қора бүйіріндегі есік бажылдап ашылды. Есік алдында үлкен төрт бұрышты темір тор құрылған. Тор үстіне шығып баспалдақ көрінеді. Баспалдаққа мылтық ілінген. Іші калибрлі мылтық. Бұлардың неге қажет екенінде Саттар ұқпады. Ашылған есікке қарсы қабырғадан тағы бір есік ашылды. Бұл екінші есіктен сырт, қарсы дала көрінді. Қасапхананың екі бүйірінен екі есік ашылғаннан кейін іште де, сыртта да қарбалас күшейді. Сырттағылар «Шүу! Шүу!» деседі. Іштегілер ерсілі-қарсылы жүйткиді. Саспаған, салбырамаған жалғыз Көпжасар. Қабағы қатулы, екі қолы қалтасында, темір торға сүзіле қарап тұр. «Сүзеген бұқадай!» деп суреттеді оны іштей Саттар. Темір торлы есіктің ар жағында топырласқан үйір. «Шүу! Шүу!» дескен дауыстар. Сөйткенше, темір торлы ашық есіктен ішке сабырмен желіп Торышолақ кірді. Сол беті темір тор арқылы желіп өтті де, екінші беттегі ашық есіктен сыртқа шығып кетті. Бұны көрген қора жақ тұста топалаң туды. Қасапхананың қабырғасы солқ етті. Есік алдына ұмтылып Қарақасқа келіп қалған екен. Іштегі жұрт зыр жүгірді. Бейне мына қасапхананы айғыр мойнына іліп жетердей. Жай оғындай атылғалы тұр. Келерін келіп қалса да, асау азбан бейтаныс қуысқа бас сұғуға сескеніп, қалт тоқтай қалған. Көзі шырадай жанып, ұясынан ытырынып шыққалы тұр. Тұмсығын төмен түсіріп, құлақ тігіп, пыс-пыс иіс тартты.

«Қарақасқаны босатқан екен ғой!» деді Саттар. Содан кейін дірілдеген асау бір қимылға баруға оқталып, сәл шегініп, еңсе көтерді. Сонда көзіне түскен қараңғы қораның арғы тұсындағы ашық есік, ашық есіктен жарқыраған кең дала болды. Сыртта көрінген бейқам Торышолақ болды. Торышолақ бастап берген осы жолдың азат кеңіске алып шығарына көзі жеткен айғыр жайдай серпіліп, есікке қарай атқыды. Бірақ секіріп темір тор қуыстан өте берем дегенде, алдынан да, артынан да сарт-сарт етіп ауыр темір есіктер жабылды. Айғыр омырауымен білем-білем темірге соғылды. Гүрсілдеп оңбай соғылды. Темір тор сүйегін уатып жібере жаздады. Төңіректегілер шу етті. Алдыңғы есіктің қайтпас қауқарын көрген айғыр шалқалап барып салмағын артқа тастады. Сол сәтте қарақұсы темірге бұрынғыдан да жаман соқтықты. Жұрт ду күлді. Көз оты жарқ етті. Бірақ мойымады. Егеспе ерен күш оянды бойында. Темір тордың соққысы қатты болғанымен, бұл тізе бүгер сәт емес еді. Тұяқ серпер тұс еді. Айғыр соны түйсінген-ді. Қалайда мына құрсауды бұзу керек еді. Тас-талқанын шығару керек еді. Егер бұл оны тас-талқан қыла алмайды екен, онда құрсау бұны тас-талқан қылар еді. Айғыр табиғатына біткен дүлей күшке ерік берді. Тар қапасты қиратардай аласұрды. Одан бетер дуылдады төңірегі. Көпжасар да мәз. Қолына бір темір шыбық ұстап, бүктеп жақындап келеді торға. Қолындағы – ұшына қалбыр байлаған шыбық.

– Мен саған концертті көрсетейін! – дейді.

– Әй, маладес, Көбеке! Көрсетіңіз! – деп қот-қоттады жігіттер.

Темір қапас ішіндегі Қарақасқа бұл кезде қос танауы делдиіп, делдиген танауынан шелек-шелек бу атқылап солықтап тұрған. Қалай бұлқынса да былқ еткізбей қойған қатыгез құрсауға енді не айла қолданарын білмей, дағдарып тұрған. Сол сәт ып-ыстық тер сорғалаған шабын сұп-суық темір қалбыр келіп түртті. Салдыр-сұлдыр етті қалбыр. Қарақасқа енеден туғалы бұндай мазақты көрмеген. Ала сайтаны қозып, ал кеп туласын. Тұрған жерінде тас-талқаны шықты. Жиналғандар бұрынғыдан бетер қыран-топан. У-шу. Көпжасардың құдайы берді. Шықылықтап күледі. Темір қалбырын салдырлата құтырып, «кіш-кіш!» деп ойнақ сала секіреді. Салдыр-сұлдыр. «Кіш-кіш!» «Ха-ха-ха!» Темір тордағы асау да шаршар емес. Темір қалбыр шабына тиген сайын, ұрынып тулайды кеп. Тулайды кеп.

Саттар есуастар ойлап тапқан жын ойнақты көріп тұрғандай шоши бастады. Есік жақты ыңғайлап, қашуға шақ тұр. Бірақ ішкі бір үні «сәл шыда!», «сәл шыда!» деп, жіберер емес.

Тентек айғырды тулатып, жігіттер біраз шер тарқатқаннан кейін, Көпжасар:

– Жарайды, «концерт» бітті!– деп, қалбырлы шыбығын лақтырып тастады. – Жұмысқа кіріселік!

– Қалай, жігітім, «концерт» қызық па? – деп бір тапалша жігіт Саттарға қарап ыржиып күліп, торға сүйеген баспалдаққа өте берді. Мылтықты қолына алды. Сол-ақ екен:

– Тоқта! Бері әкел! – деп дүңк етті Көпжасар.

Тапалша жігіт мылтықты Көпжасарға ұстатты. Көпжасар мылтықты алып, баспалдақпен екі-үш аттап жоғары көтерілді. Темір тордың төбесіне шыға беріп іркілді. Тордағы Қарақасқа бұл кезде буы бұрқырап терлеп, көзі шатынап, лыпып тұрған. Шаптан тағы біреу түртетіндей. Бұны шапқа түртіп мазақ қылған әлгі екі анықты дұшпаны енді қолына бір кеспелтек темір ұстап, тор үстінен бұған үңіледі. Қарақасқа бұл жаудың не пиғылы барын аңғара алмады, бірақ одан тағы бір жаулық әрекет тосып, дегбірі қашты. Тыпыршып кетті. Шегініп еді, темір тор бөкседен нұқыды. Қос қапталға бұлқып еді, одан да түк өнбеді. Тор төбесінде тұрған жауы жаулық жасауға қамданды. Кеспелтек темірін сырт-сырт еткізді де, үңірейген бір ұшын бұның маңдайына туралады. Қарақасқа да қарап тұра алмады. Алапат күш жинап, құрсауды бұзуға шапши берем дегенде, көз оты жарқ етті. Кеспелтек темір шаңқ етті. Қарақасқаны маңдайдан соқты. Бұрын-соңды болмаған соққы. Кеңсірігін түтін иісі жарды. Одан кейінгісін Қарақасқа айғыр сезбеді.

Шаңқ еткен мылтық дауысынан кейін, қасапхана іші жым-жырт бола қалған еді. Манадан бері дабырлап жүрген қасапшылар демдерін ішіне тарта қалған. Маңдайдан оқ тиген Қарақасқаға Саттар да шошып қарап қалған. Жаны шығып кетсе де, Қарақасқа құламай тұр. Сәл қолапайсыз еңкейген қалпы, төрт тағандап сіресіп, дір-дір етеді. Тұла бойын тоқ ұрғандай. Көзі төңкеріліп кеткен. Қос құлағын жымиып алған. Ышқынғанда іші жиырылып, бауырына жабысқан. Айғырдың әлгіндегі әп-әдемі мүсінінің кеспірі кетіп, лезде көз танымастай өзгерген. Басын алға соза түсіп, дір-дір етіп сәл тұрды да, кенет гүрс етіп бетон еденге құлап түсті.

– Міне, енді «концерт» бітті! – деді Көпжасар баспалдақтан түсе беріп.

Тапалша жігіт шылдырлатып тордың есігін ашты. Екінші бір жігіт ұмтылып келіп, жоғарыдағы тростың тұзағын түсірді. Екі жігіт шапшаң қимылдап, трос-тұзақты Қарақасқаның былқ-сылқ мойнына кигізді. Сосын, бір тетікті басып еді, зыңылдаған дыбыс шықты да, трос айғырдың алып денесін шұбата көтеріп әкетті. Манағы терісі сыпырылып жатқан құнанның қасына қарай апара жатты. Мына көрген сұмдығы Саттарды есеңгіретіп тастады. Басы салбырап, ешкіммен қоштаспай, есікке беттеді.

***

Аудандық газет редакциясы – ауыл шетіндегі қос қабат үй. Ет дайындау барысы туралы хабары қысқа болды. Оны ертең шығатын номерге салып үлгерді. Жұмыс аяғында қалып, «Жас зоотехниктің жұмбақ өлімі» атты мақала жазуға отырған. Уақыт тез өтті. Үй тазалаушы әйел қасына шылдыр еткізіп шелегін қойып, шалп еткізіп суын шашып, еденді жуа бастағанда ғана барып Саттар қағаздарын жинап, орнынан тұрды. Қолтығында папкасы, қараңғы көшеге шыға беріп шошып қалды. Үй бұрышынан әлдене қалбаң етті де, тұра келе қашты. «Бұл несі?» Жүгірген кісінің аяқ дүрсілі көше бойлап ұзап бара жатты.

Бұның жалдап тұрып жатқан пәтері ауыл шетінде. Оған жету үшін шам жанып тұрған орталық көшемен жүріп өту керек. Көше түзу. Қарлы, суық. Бірақ жарық. Адам сирек, тек ауылдың орта тұсындағы клуб маңында ғана қараң-құраң кісі бар. Ауада кәдімгідей аяз бар. Үйге жеткенше бүрсең қағатын шығар. Тонының жағасын көтеріп алып, қатқақ қар жолмен кібіртіктеп қозғалды. Бүгін қасапханада көргендерін көз алдынан өткеріп келе жатып, клуб алдына да келіп қалыпты. Іште кино жүріп жатыр. Сатырлаған автомат үні, «Ура-а-а!» деген айқай.

Клуб алдында тұрғандар өзі құралпы жастар екен. Біреуі әлдене деп жұлқынады. Қалғандары оны ұстаған болады. «Ішіп алғандар!» Бұл қасынан өте бергенде, жұлқынып жүрген жігітті біреу жолға қарай итеріп жіберді. Ол екпінімен келіп бұған соғылды. Бұл оны құлатпай ұстап қалды. Жігіттің аузында темекі. Бұған қарап ыржиған болды. Саттар өз жолына қозғала берген. Жігіттің көлденең қойған аяғына сүрініп кетіп, ұшып түсті. Етбеттеп бара жатып екі қолымен жер таянғанда, қара папкасы сүрлеу қар бетімен сырғанай жөнеді. Жер тіреген қолы тайып кетіп, тұмсығы қатқақ қарға соғылды. Түнгі жарық бір сөніп жанды. Жерден бұл тұрып үлгергенше, тұрғандар қоршап қасына келіп қалған. Ырғып тұрып, аяқтан шалған жігітке ашумен жалт бұрылды бұл. Қисық кепканың астында құтырынып тұрған көзіне көзі түсті. «Извинись!» – деді жігіт аузынан темекісін алып. Бұл оның кім екенін көріп алғысы келгендей үңіле берген. Қисық кепкалы оқыс бір дыбыс шығарып, Саттарды беттен салып жіберді. Көшенің шамы тағы бір сөніп жанды. Әлгінде ғана демін ішіне тарта қалған дүние енді шулап жібергендей. Қисық кепкалы үстін тұспалдап бұл да қол сермеді. Қолынан біреу шап берді. Екінші қолын да біреу бұрап жатыр. Қисық кепкалы жау көзді жігіт бұны бетке тағы ұрды. Екі беті ду жанды. Біреу өкшеден тепті. Саттар мұзға ұшып түсті. Екі-үш аяқ келіп бұның білегінен басты.

– Жігітім! – деді, содан кейін тұрғандардың біреуі байсалды үн қатып. – Сен қайда жүргеніңді біл!

– Енді ұмытпайды! Хе-хе-хе!

– Ұмытса, есіне саламыз ғой!

– Хе-хе-хе!

Содан кейін біреуі бұны қолтықтан сүйеп тұрғызып жіберді.

– Солай, жігітім! Есіңде жүрсін!

Саттар үндемеді. Үндегеннен не пайда! Аузы кермек татыды. Түкірді. Шам жарығы себіліп тұрған қар бетіне дақ түсті. Кеудесіндегі бұлшық ет шынжырдағы иттей шапшиды. Аулақ жатқан папкасына еңкейе беріп, тағы түкірді. Аппақ қар бетіне тағы да қара дақ түсті. Жолға түсті. Бірден жүріп кете алмай, іркіліп, тонын түймеледі. Бас киімін түзетіп, жүріп кетті. Өзге дүние тас керең. Құлағындағы алапат шуылды ғана естиді. Басқа шапқан қан шуылы.

Үйге келіп қалыпты. Алдынан Мойнақ шықты. Күндегісіндей еркелеп, аяғына оратылды. Ит байғұс әдетінше бұдан бір жылылық күтеді. Мәймөңкелеп құйрық бұлғайды. Жер бауырлап кирелеңдейді. Саттар жерде жатқан Мойнаққа қарап тұрып сәл кідірді. Есіне иттің бұрынғы иесі Көпжасар түскен еді.

Төсекке басы тигенде, жан дүниесі аласапыран ұйытқып, ұйықтай алмады. Сыртта ызыңдап жел тұрған. Сол ызың арасынан алыстан жылқы кісінеді. Үздігіп кісінеді.

Бұл қасапхананы айналып күн батқалы азынаумен жүрген кебеже қарын Кербие еді. Жанында таңертеңгі қалың үйірден қалған бес-он арық-тұрақ, жетім тай, буаз биелер қалған. Кербие күн батқалы қора төңірегінен ұзап кете алмай, шарқ ұрып үйірін іздейді. Құрсағын жарып шыққан құлыны Қарақасқаны іздейді. Күн батқалы қызыл танау кісінеп шауып, ауылды бірнеше айналып шықты. Бірақ не Қарақасқадан, не үйірден бір дерек болмады. Азынап келе жатып, ауыл шетінде жайбарақат өрістеп бара жатқан бір топ торыға жолықты. Оның бірі тұсаулы Торышолақ, қалғандары бүгінгі Қарақасқаны кезекпе-кезек қуып титықтатқан төрт торы еді. Көре салысымен оқыранып, жылқы болғасын, жандарына келген. Алайда торылардың Кербиеде ісі болмады. Шоқақ-шоқақ секіріп, өз беттерінше жайыла берді. Мойын бұрып қарағанымен, іш тартып еміренбеді. Оқыранбады. Кербие де олардың жанында тұрақтамады. Іздегені бұлар емес-ті. Іздегені – қыр сәні Қасқа айғырдың үйірі еді.

Үйірін жоқтап азынап, еңку-еңку желді бие. Қайта айналып, күндіз үйірді жұтқан таныс қораға келді. Бір жаманатты сезеді. Үйірге не болса да осы арада болғанын сезеді. Қора тұр түн құшағында, түк болмағандай мелшиіп. Кербие салқын желге тұмсық төсеп иіс тартып, қораны айнала бүлк-бүлк желді. Қораның ық жағынан өте бергені сол, кенет кеңсірігін бұрқыраған таныс иіс, үйір иісі жарып өтті. Құлақ қайшылап оқыранып, қалт тоқтады. Жел өтіне қарап ышқына кісінеді. Иіс! Таныс болғанда да, өз үйірінің иісі! Құрсағын жарып шыққан құлыны – Қарақасқаның иісі! Кербие дәл қазір өз үйірімен шұрқырап қауышатындай қутыңдап кетті. Иісті қуалап жел өтіне таман бүлк-бүлк желді. Бұрқыраған таныс иіс биені қора сыртындағы қазан шұқырға алып келді. Бие сол арада үрпиіп тоқтай қалды. Иіс бұрқыраған қараңғы қуысқа үңілсе, шұқыр толған ат тұяғы. Дір-дір етті Кербие. Көзі шатынап еңкейіп, тұяқтарды үрке иіскеді. Иіскелей жүріп Ақбақайдың, Қарақасқаның тұяқтарын кезіктірді. Бұрқыраған ғажайып иістер. Бірақ Қарақасқа мен Ақбақайдан қалған, қалың үйірден қалған шұқыр толы тұяқ иісі ғана еді небары.

Кербие бүгін таң атқалы не әлемет болғанын сонда ұқты. Қалың табынның қалай жоғалғанын түйсінді. Шошып, шұқырды әлденеше рет шыр айналды. Жер тарпыды. Осқырынды. Оқыраңды. Қарақасқаның тұяғын қайта айналып тағы иіскеді. Содан… Содан… Кебеже қарын Кербие жел өтіне қарап тұрып ащы өзегін айырып кісінеді келіп. Жерді оқыранып теуіп жіберіп, қараңғы даланы бетке алып тұра келе шапты.

Меңіреу түнді басына көтеріп шұрқырап барады бие байғұс. (Шырқырап барады десеңіз де өзіңіз біліңіз).

Смағұл Елубай,
«Асау» повестінен қысқартылып алынды.
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.