Маралтай Райымбек. Кентавр
Кентавр
Тұлпарға мінген ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте
Қиылған талай гүлім, қарағым.
«Тереңдеп кеткен әжімің» деме,
Бүгінге қарап қажыдым неге?
Сұңқарлар анау торғайға түсіп,
Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.
Бір ғажап рух ғарыштан келіп,
Дұшпанмен бабам алысқан дедік.
Сүйемдей жерге сүйегін берген
Арыстар туып, намыстан өліп.
Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,
Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.
Келмейді мені мойындағысы
Өркениеттік ділдегі ынсап.
Неғылсын сон-оу заманды надан,
Жаулаған жарты ғаламды бабам.
Толассыз уақыт толғату керек,
Табанға салса адамды адам.
Болмауы тиіс мұратым мұңды,
Толағай бір ұл туатын сынды –
Кісі бейнелі, тарпаң жүректі,
Кешегі… біздің ұғатын сырды.
Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі
Бабалар бүгін түсіме енбейді.
Солардан қалған жүрек қой мынау –
Жүрегім неге кісінемейді?
Пұшайман халім өртеді мені.
Қылқобыз кеудем шертеді нені?
Жал бітті, кенет… жотама менің,
Оқиғадағыдай ертегідегі.
Ғаламат солай басталып бір сәт,
Құйғытып кеттім тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын –
Ай сияқтанып…
Алапам тасып, ақырып, төніп,
Аруағымды шақырып келіп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңір, ақырын беріп!
Асау
Баса алмай жүрек солқылын,
Аңсайды, құрғыр, беу, нені?
Еркіндік шығар ол мүмкін
Жаңғыртқан қайта зердені?
Мияты, арман, мақсұты
Сыймайтын ұсақ безбенге.
Асырап ардың ақ сүті,
Киесі биік сөзден де.
Қатыгез мынау ғаламда
Жарқылдап оттай жанары,
Дөңгелеп дүние табанда
Арғымақ ағып барады.
Тегінен жұрдай, тегінде,
Өткенін тани алар ма?
Бас иген өмір өмір ме
Бағынып қағидаларға?!
Азаттық, қайран, ырқын ап,
Бауырын жазып, сөгіліп.
Қымыздай ашып, бұрқырап,
Бозадай боздап, төгіліп.
Бұғалық тимей қылқынып,
Көңілін кенет жүдетіп.
Булығардай бұлқынып,
Бұлдырықтай пыр етіп.
Асаулық заулап келеді.
(Асау боп асау өледі!)
Қаны бір, жаны қазақпен
Бас білмей өткен… себебі.
Баса алмай жүрек солқылын,
Аңсайды, құрғыр, беу, нені?
Тектілік шығар ол мүмкін
Тепкілеп тұрған кеудені.
Еркіндік – арман, мұраты
Асауды көрсем кейде мен.
Еске сап Сізді тұрады
Бағзы бір асқақ бейнемен.
Маралтай Райымбек, argymaq.kz