Қостанай мен Адай. Үкімет қазақы жылқыны дамытуды қолға алады

2212

Үкімет қазақы жылқы тұқымдарын көбейтуге кіріседі. Бұл орайда қостанай және адай жылқыларына айрықша көңіл бөлінеді.

Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды.

24.KZ сайтының мәліметіне қарағанда, аталған заң мініс және жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтап, молайтуды көздейді. Соған сәйкес ғылыми зерттеу жұмыстары қарқын алады. Саладағы мәселелер жан-жақты зерделенбек.

Қостанай жылқы зауытының тарихы ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан бастау алады. Бір жарым ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан кәсіпорын қилы кезеңді басынан өткерген. Қостанай тұқымын шығарып, атағы дүркіреген кәсіпорын тоқсаныншы жылдары тұйыққа тірелді. Тіпті төрт биемен қалған кезі де болды.

Мемлекет мәселеге назар аударған кезде, бұл тұқым құрып кетудің сәл-ақ алдында қалған еді. Зауытта 49 жылқы ғана болды. 2021 жылы ауруға байланысты біраз жылқыны жойдық. Қазір 93 бас бар. Қан алмастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өйткені жылқының бойы 175 сантиметрден асуы керек. Келесі жылы отыз құлын аламыз деп отырмыз. Әрине бұл жұмыстың барлығын жүзеге асыру үшін мемлекет қолдауы қажет – дейді «Қазақ тұлпары» ЖШС зоотехнигі Виталий Гофман.

Қазір Қазақстанда 14 жылқы тұқымы тіркелген. Басым бөлігі өнеркәсіптік бағыттағы жылқылар болса, арасында спорттық мініске арналғаны да бар. Бұл ретте қостанай және адай жылқыларын ерекше атап өтуге болады. Жаңа заң аясында аталған тұқымдарды көбейтуге күш салынбақ.

Өзімізде, қазақ елімізде бұрыннан келе жатқан Қостанай жылқысы болған. Осы өткен он жылдың ішінде жағдай өте нашарлап, 300 жылқыдан 80 жылқыға шейін азайды. Жақсы кезінде 80 мыңға дейін барған. Одан басқа, заң адай жылқысына да жақсы әсер ететін жағдайын көрсетеді деп ойлаймын — дейді сарапшы Бауыржан Қасенов.

Адай жылқысы – ғасырлар бойы табиғи жолмен сұрыпталған тұқым. Алайда кейінгі жылдары ғана мемлекет тарапынан назар аударыла бастады. Мамандардың айтуынша, бұл – теңіз суын іше алатын жылқының жалғыз түрі. Бүгінде оның саны 2 мыңға жуықтайды. Отандық ғалымдар жылқылардың басқа да қасиеттерін зерттемек. Барлық ақпарат бір порталға жиналады.

Бұл жерде ең басты тренд – молекулярлы-генетикалық зерттеулер. Сол зерттеулер арқылы ақпараттық портал жасау. Ақпараттық портал арқылы автоматты түрде енгізілген көрсеткіштер бойынша оның асыл тұқымды қасиеттерін анықтау, оның асыл тұқымды қасиеттеріне баға беру. Осы екі үлкен бағдарлама біздің жаңа генетикалық топтардың, жаңа тұқымішілік топтардың жаңа түрлерін шығаруға өте үлкен әсерін тигізеді – дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ ғылым басқармасының бас менеджері Қанат Ыдырысов.

Қостанай жылқысын өзбек, қырғыз ағайындар жоғары бағалайды. Олар кейінгі жиырма жылда осы тұқымның айғырларын пайдалану арқылы жаңа түрлерін шығарған. Олар ыстыққа да, суыққа да, ұзақ мініске де төзімді. Әсіресе, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындарда ер жігіттің сенімді серігіне айналды. Ғалымдар қазақы тұқымдардың бұл қасиеттерін бұдан әрі күшейтуді көздеп отыр.

Соңғы заңға сүйенсек, біздің спорттық бағыттағы мініс жылқыларымыз өте жақсы дамып, оның спорттық қасиеттері жоғарылап, Қазақстанда өсіріліп жатқан басқа мініс жылқылары арасында нарыққа төтеп бере аламыз. Кейбір қасиеттерін жоғарылату үшін бізде, мысалы, таза қанды ағылшын жылқылары бар, араб жылқылары бар. Оны селекциялық бағдарламаға байланысты қолдануға болады – дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ ғылым басқармасының бас менеджері Қанат Ыдырысов.

Қазір Қостанай жылқысын 41 кәсіпорын өсіріп отыр. Келешекте осы кәсіпорындарға қолдау көрсетілмек. Әйтсе де мамандар тек мемлекетке сүйенбей, нарықты да дамыту керек дейді.

Тек қана Үкіметтің қаржысына қарамау керек. Оны негізі нарықтық жолға қою керек. Көрші мемлекеттерде, мысалыдар бар ғой, Президент кубогы дейді. Бізде де сондай жылына бір рет Қостанай жылқылары арасында Президент атынан турнир өткіздірсек. Жұма сайын әрқайсы облыста ипподромдар бар ғой, олар жылына бір-екі-ақ рет жұмыс істейді. Жұма сайын тотализаторлар жасау керек. Сонда оның статусы да көтеріледі, сұраныс та болады сол жылқыға, — дейді сарапшы Бауыржан Қасенов

Заң қыркүйекте күшіне енеді. Зерттеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінуге тиіс. Яғни 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған бағдарлама қолға алынады. Бұл әрине үлкен шаруаның басы. Ғалымдар қазақы жылқы тұқымын қалпына келтіріп, саланы аяғына тік тұрғызу үшін кемінде он жыл керек деп отыр.

Нұрқанат Қанапия, 24.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.