Алашорданың 100 жылдығы рухани жаңғыруымыздың бастауы болуы керек

196

Ары кетсе алаштанушы оншақты азамат бірлесе отырып конференция өткізетін шығар, осы тақырыпта жазылған кітаптардың тұсаукесері жасалып, деректі фильмдер көрсетілер. Осыдан арыға қазіргі қоғам да, қазіргі ғылым мен білім де бара қоймасы анық.

Осыдан оншақты күн бұрын Астанда өткен Алашорданың 100 жылдығы мен Саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына арналған баспасөз мәслихатында танымал ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай:

«Бүгін де алашорданың 100 жылдығына арналған баспасөз конференциясына саусақпен санарлық қана адам жиналып отырмыз. Менен жаңа біреу сұрайды, неге осынша немқұрайды аталып өтіп жатыр деп. Мен айтар едім, бұған БАҚ-тың да қатысы бар. Себебі солар бұл мәселені қоғамның құлағына жеткізу керек» — деген болатын.

Біреулер ойлауы мүмкін, «100 жылдан бері сол алашты жырлап келеді емес пе, бұл қазақ» деп. Рас, 100 болмаса да, соңғы ширек ғасырда алаш туралы әңгіме ашық айтыла бастады. Бұл да болса Тәуелсіздігіміз берген еркіндіктің жемісі.

Алайда, дәл осы 100 жылдықтың отандық БАҚ-та насихатталуы, онда атқарылып жатқан шаруалар жайлы аз жазылуы көңілге кірбің ұялатады.

БАҚ-тағы немқұрайдылық, мерейтойдың «жетім қыздың тойындай» деңгейде қалуына тікелей әсері бар. Бұл туралы да осы 100 жылдыққа қатысты баспасөз мәслихатында ғалымдар тілге тиек етті. Әсіресе, Үкімет алаш тойына арнап арнайы Үндеу қабылдап, қарар қабылдасын дегендер де болды.

«Ал енді осы Алаштың 100 жылдығына не істеу керек деген деген сауалға менің ойымша Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік құрылымы – мемлекеттік хатшыдан бастап, барлық саланың министрлері бірігіп отырып, шұғыл түрде мамыр айына дейін «Президент мақаласын жүзеге асыруға орай» деп тұрып, Алаштың 100 жылдығын Қазақ хандығының 550 жылдығы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау туралы қабылданған қаулылар секілді мемлекеттік бағдарлама жасап, мемлекеттік дәрежеде бекітуі керек» — дегенді айтты Тұрсын Құдагелдіұлы.

Дегенмен, «бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» дегендей, Үкімет қаулы қабылдап, халыққа үндеу жасағанымен, ұлттық сана, елдік мүдде, азаматтық ұстаным болмаса, мың жерден бұйырық шықса да орындалмайды. Ары кетсе алаштанушы оншақты азамат бірлесе отырып конференция өткізетін шығар, осы тақырыпта жазылған кітаптардың тұсаукесері жасалып, деректі фильмдер көрсетілер. Осыдан арыға қазіргі қоғам да, қазіргі ғылым мен білім де бара қоймасы анық.

Осындайда жекелеген ақпарт құралдары алаш тойының абыройлы өтуіне өз үлесін қосса деген ойымыз бар. Бұл тұрғыдан алғанда «Қамшы» порталының ұжымы ғана үлгі аларлықтай деңгейде іс жасап отыр деуге болады.

Қазақтың рухани қоғамының басында тұрған алашорда үкіметінің 100 жылдығы ұлтымыздың рухын көтеріп, мемлекетшілдік ұстанымымызды айқындайтын бірден-бір мәртебелі іс болуы тиіс.

Бұл тұрғыдан алғанда Елбасы мақаласында айтылған «Туған жер», «Жаныңда жүр жақсы адам», «100 оқулық», «Әліпби ауыстыру» қатарлы айрықша мәнге ие бағдарламаларды осы Алаш арыстарының өмір жолымен сабақтастыра қарауымыз керек.

Мысалы Әлихан Бөкейханның жер туралы, шекара туралы айтқандары, кешегі Елбасы мақаласындағы «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» — дегенімен тікелей үндесіп жатыр.

Себебі Әлихан: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» — деген еді.

Екеуі де бір ойды, бір мүддені көздеп айтып отыр. Яғни, туған жерімізді жаңғырту үшін, туған даламызға қызмет қылу үшін әуелі ұлт ретінде өз жерімізге өзіміз ие болуымыз керек. Сол үшін де Елбасы қазақ даласының киелі орындарының картасын дайындауды ұсынды.

Екінші Елбасы мақаласындағы рухани жаңғырудың бір тетігі ол – «Еліміздегі 100 жаңа есім» жобасы.

Бұл жерде де алашордалықтардың қазақтың сүт бетіндегі қаймағын ұлықтаудағы рухани тәрбиесін тануымызға болады. Мысалы Әлиханның Абай шығармаларын жинақтауы, Сәкен Сейфуллиннің Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығын атап өтуі, өздерімен бірге түрмеге түскен Мұхтр Әуезовке деген жанашырлығы т.б. айта беруге болады. Бұл ұлттың болашағы үшін бүгінгі күнгі баға жетпес байлықты қастерлей білудің бір көрінісі.

Сондықтан да Елбасы: «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» — деп нақтылап берді.

Енді бізде бағыт айқын, бағдар нақты. Қазіргі заманның батырларын, қазіргі руханияттың көшбасшыларын дәріптей білуіміз керек. Әрине, кешегісіз ертең болмайтыны секілді алашорданың 100 жылдығы қарсаңында қазақ руханиятының гүлденуіне үлес қосқан, нағыз алашордашылардың жалғасы бола білер 100 тұлғаны тап басып тани білсек, кәнеки!

Келесі бағдарлама «100 оқулық» деп аталады. Елбасы мақаласы арқылы еліміздің әдеби ахуалын, білімі мен ғылымын дамыту мақсатында 100 кітапты қазақ тіліне аударуға ұсыныс жасады.

«Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» — деп ескертті.

Бір кезде ағартушылықпен айналысқан алашордалықтар әлемнің барлық тілінен мағлұмат беруге тырысты. Болмағанда өздері әр саланың оқулығын жазуға тырысты. Мағжан Жұмабаев – «Педогогиканы», Ахмет Байтұрсынұлы – «Тіл ұстартуды», Жүсіпбек Аймауытұлы – «Психологияны», Әлихан Бөкейхан – «Географияны» дүниеге әкелді.

Қазақтың 100 оқулығы ретінде ғылым-білімге үлес қосқан оқу құралы ретінде жазған 100 алашордалықтың кітабын қайта басып не өзге тілге аударар болса, 100 жылдыққа таптырмас тарту болар еді.

Елбасы мақаласына арқау болып, ел ішінде қызу талқыға түскен тағы бір ерекше мәселе ол – әліпби ауыстыру. Бұл тұрғыда да алашордалықтардың тәжірибесі жоқ емес. 1912 жылға дейін хадимше және арабша хат таныған қазақ баласы 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлының жасауымен өзінің төл әліпбиімен (төте жазу) сауат аша бастады. Алайда 1929 жылы бұл алфавит өзгеріп, латын әліпбиіне ауысты. 11 жыл осы әліпбимен оқыған еліміз 1940 жылы бірден қазіргі крилшеге көшті.

Дәл осы Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиіне ауысар тұста Ахаң:

«Әуелі әліфті (алфавитті) тегіс жатқа оқытады және де оқытқанда әрбір харіфтің өз үнімен оқытпай, әліпбиде қалай аталса, сол атымен әліп, би, ти, си, мим, ха, дал дегізіп оқытады. Соны оқып болған соң астын, үстін, үтірін оқытады. Мұны оқытқанда да хәріфтің өз дауысын оқытпай, бисын ба, тисын та, сисын са дегізген соң харфтің анық дауысы қалай екенін білмей баланың басы қатады» — дейді.

Ал Елбасы өз мақаласында:

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» — деп айрықша атап көрсетті.

Демек, екі кезеңнің де әліпби ауыстыруы уақыт талабынан туғанын, жаңғыруға, рухани еркіндікке, саяси тәуелсіздікке ұмтылысын байқауға болады.

Сөзіміздің соңында, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен мақалада айтылған болашаққа бағдарымыз, рухани жаңғыруымыз биыл – алашорданың 100 жылдығы қарсаңында сөз болуы тегіннен тегін болмаса керек. Себебі патшалық Ресейдің езгісіне төзбеген алаш санасы рухани жаңғыруға қалай ұмтылса, бүгінгі әлемдік технологиялық дәуірде ұлт ретінде сақталып қалу үшін Тәуелсіз қазақ еліне де сондай түбегейлі сана жаңғыруы керек болып отыр.

Алаш көшбасшыларының рухани жаңғыруы ғасырлық азығымызға айналды. Ендігі кезекте Тәуелсіз сана, Тәуелсіз көзқарас, Тәуелсіз саясат дәуіріндегі ұлттық сананың жаңғыруы мәңгілік ел болуымыздың жолында айрықша рөл атқаратын болады.

Қорыта келгенде, ұлттық жаңғыруымызға, алаш тойына қызмет қылып, насихатталуына отандық БАҚ-тың қосар үлесі аз емес. Сондықтан да, не жасасақ та өзімізден бастап, өзіміз өзгеге үлгі болайық, әріптестер.

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.