Талғат Мамашев: Құрылтай барысында көтерілген мәселелер түгелдей шешімін табады

149

Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасы алыстағы қандастарды отанға оралтудың барлық жағдайын жасап келеді. Шеттен келген ағайындар үшін арнайы бағдарламаларды жүзеге асырды.

Жыл сайынғы халыққа жолдайтын дәстүрлі Жолдауында да оралмандар мәселесі, шеттегі қандастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ел егемендігін алып, еңсеміз түзелгелі бері бес жылда бір рет дүниежүзілік қазақ құрылтайын өткізу де дәстүрге айналды. Биыл бесінші рет өткелі отырған құрылтайдың тақырыбы да ерекше. «Рухани жаңғыру және шетелдегі қазақтар» деп аталады. Осы құрылтайға орай ДҚҚ төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырзаман сұқбаттасудың сәті түсті.

«Жалпы құрылтай деген ұлтымыздың ұлы жиыны. 5 жылда бір өтеді. Сондықтан мұндай үлкен жиынға жан-жақты дайындалып жатырмыз. Дайындық жұмыстары жыл басынан бері қолға алынған. Бүгінгі таңда 100 пайыз дайынбыз десек болады. Үкіметтің қаулысымен ұйымдастыру комитеті құрылған. Басшысы – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин. Ұйымдастыру комитетінде бүкіл министрліктер, қоғамдық ұйымдар, т.б. органдар бар. Оның сыртында Қауымдастық жанынан арнайы штаб құрғанбыз. Қазіргі таңда өзіміздің жоспарымыз бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда әлемнің 39 елінен 350-ге жуық қандасымыз келеді деп жоспарланып отыр. Олардың түгелдей жол шығындары, жатар орны, тамағы барлығы еліміздің қаржысы. Оның сыртында еліміздің зиялы қауым өкілдері, бүкіл депутат корпусы, министрліктер -барлығы түгел қатысады деп жоспарланып отыр. Ал жалпы құрылтайға 1000-ға жуық адам қатыспақ» — дейді Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары.

Талғат Асылұлының айтуына қарағанда биылғы жылы өтетін Құрылтайдың бұрынғыларға қарағанда бірнеше ерекшелігі бар екен.

«Бұл құрылтайдың негізгі ерекшелігі – «Рухани жаңғыру және шетелдегі қазақтар» деген айдармен өтетіндігі. Өздеріңіз білетіндей Елбасымыздың «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғалы бері көп шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде сырттағы жүрген ағайындар да осы Президенттің мақаласына үлкен мән беріп, қызығушылық танытып, өз пікірлерін білдіре бастады. Сондықтан да біз құрылтайдың негізгі тақырыбын осылай белгіледік. Мұның сыртында 5 министрлікте секциялық отырыстар өтеді. Шетелден келген ағайындар сол 5 топқа бөлініп, әр азамат өз мамандығына, өз бағытына, талап-тілегіне қарай Мәдениет министрлігінің, Білім министрлігінің, не көші-қон саласының секциясына қатысады. Бұл отырыс жарты күнге жалғаспақ. Меніңше келген ағайындар өз ойларында жүрген сұрақтарына түгел жауап алатын болады. Құрылтай барысында көтерілген мәселелер түгелдей шешімін табады» — дейді Талғат Асылұлы.

Талғат Мамашевтің айтуына қарағанда биылғы құрылтайға келетіндердің барлығы дерлік бұрынғы жиындарға қатыспаған, жаңа адамдар. Тағы бір айта кетерлігі биылғы құрылтайда жастар көп.

«Бұл жолғы құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – бұған дейінгі өткен құрылтайларға қатысқан адамдарды емес, жаңа адамдарды, бұған дейін қатыспағандарды шақырып отырмыз. Себебі құрылтай төңірегінде дау-дамай көп. Қатысқысы келетіндер одан да көп. Оны түсінуге болады. Бірақ, біз сыртта жүрген 5 млн қазақты түгел шақыра алмаймыз ғой. Бүгінгі күнде әлемнің 32 елінде мәдени орталықтарымыз бар. Солармен тікелей байланысқа шыққанда біз оларға: «Бұл жолы келетін делегацияларыңызды жіберерде орталық басшысы онсыз да келеді, ал орталық жанындағы жастар қанатының өкілдері міндетті түрде келсін. Бұл жолғы құрылтайға жастарды көбірек жіберіңіздер» — деген ұсыныс жасағанбыз. Сондықтан биылғы құрылтай қонақтарының 80 пайызға жуығы жаңа адамдар болса, екіншіден – 60 пайыздан астамы 35 жасқа дейінгі жастар. Өйткені келешек – жастардікі. Рухани жаңғыру да жастардың қолында» — дейді Талғат Асылұлы.

Биылғы құрылтай барысында әлем қазақтарының жастар форумы өтеді. Бұл туралы Талғат Мамашев кеңірек тоқталды.

«Бұл жолғы құрылтайда бірінші рет әлемдегі қазақ жастарының көшбасшыларының форумын өткізейін деп отырмыз. Оған әрине өзіміздегі жастар ұйымдары да қатысады. «Жас Отан» ЖҚ, «Жасыл ел» жастары, бірнеше студенттік ұйым бар. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде оқып жүрген жастарды да қатыстырамыз. Өздеріңіз білетіндей олардың да сол өздері оқып жүрген жерлерінде қазақстандық жастар бірлестіктері бар. Солардың көшбасшыларын да түгел шақырып отырмыз. Олар Қазақстан азаматы болғанның өзінде де, әлемдегі қазақ жастарымен байланыста болсын, білсін, не әңгіме болып жатыр дегенді өз көздерімен көрсін. Өйткені ол сырттағы қазақ па, ауылдағы қазақ па, жастардың мәселесі біреу ғой. Бір-бірімен аралассын, таныссын. Бұл бастаманы «Нұр Отан» партиясы қолдады, Астанадағы партияның бас ғимаратында жастар форумын өткізуге басшылығы келісім берді» — дейді төраға орынбасары.

Талғат Мамашевтің айтуына қарағанда биылғы құрылтай негізінен тақырыбына сай, рухани бағытта өтетінге ұқсайды. Құрылтай барысында Тәуелсіз еліміздің алғашқы құрылтайына қатысқан Халифа Алтайдың 100 жылдығына орай ғылыми-фрактикалық конференция өтетіндігі белгілі болды.

«Құрылтайдың үшінші жаңалығы – әлемге танымал ғұлама, дінтанушы Халифа Алтайдың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Сол даталы мерейтойға орай біз «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» деген ғылыми-практикалық конференция өткізбекшіміз. Халифа Алтайдың бибилографиялық кітабын шығардық. Бірнеше естелігін кітап етіп бастық. Ол аманшылық болса, сол құрылтай кезінде оқырмандарға таралатын болады. Бұл конференция Астанадағы Ұлттық акедемиялық кітапханада өтеді» — дейді Талғат Асылұлы.

Талғат Асылұлы үш күнге жалғасатын келелі кездесудің бағдарламасымен де таныстырды. Аыстан аңсап келген қандастар Этноауылда елдігіміздің арқауы ұлттық салт-дәстүрімізбен де танысатын болады.

«Біз негізгі қонақтар 21 маусым келеді деп белгілегенбіз. Қонақтардың алды келіп, осы Астана мен Алматыда қыдырып жүр. Астана маңындағы «Этноауыл» кешенімен келісім жасастық. 22 күні сол кешенді аралататын боламыз. Біздің салт-дәстүрді, қазақы болмысымызды көрсін, ұлттық тағамдарымыздан дәм татсын деген ойымыз бар. Этноауылда сол 22 маусым күні Ақмола облысының күні өтеді екен. Олар барлық бағдарламасын бізге арнайтын болды.

Мұнан кейін шеттен келген қандастарымыз сол күні «Астана опера және балет» театрында «Қыз Жібек» операсын тамашалайды. Біздің классиканың деңгейін көрсін, қазақтың операсын көрсін деген ниет. Және бұл сол шеттен келетін бауырларымыздың өздерінің сұрауы бойынша. Өздеріңіз білесіздер, бұл театрдың құрылысы да, ғимараты да ерекше. Менің өзім әлемдегі талай театды көрдім, Құдайға шүкір, біз ешкімнен кем-қор емеспіз. Соған сай операда, классикада біздің өз өнер жұлдыздарымыз бар. Сондықтан сол «Қыз Жібек» операсын әдейі қойып отырмыз.

Ал 23 маусым күні Елбасының қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Әрине, ол кісі не айтып, не сөйлейді, ол біздің мәселе емес. Бірақ ол кісінің баяндамасы шеттен келер қандастарымыз үшін үлкен қызығушылық тудырып отырғаны жасырын емес. Қауымдастық тарапынан өз ұсыныстарымызды бергенбіз. Ал осы Президент қатысқан жиналыста сөйлейтін шеттен келген ағайындар да өз ойларын, өз пікірлерін білдіреді деген ойдамыз. Моңғолия атынан бұған дейін бірнеше рет парламент депутаты болған, Ауылшаруашылығы акедемиясының вице-президенті Бәкей Ағыпарұлы деген үлкен ғалым бауырмыз сөз сөйлейді, Өзбекстандағы қазақтар атынан – сондағы қазақ мәдени орталығының басшысы Асқар Үсенов сөйлейді, Ресейден, Еуропа қазақтары атынан сөйлейтін ағайындар бар. Соның ішінде Парижден келетін Мәмед Зенгин деген кәсіпкер жігіт сөйлеп, бизнестің мәселелерін айтамын деп отыр» — дейді ДҚҚ төрағасының бірінші орынбасары.

Талғат Мамашевтің айтуына қарағанда құрылтайға келе алмай қалған елдер де бар екен.

«Құрылтайға келе алмай қалған мемлекеттер де бар. Бұған дейін біз қырық елден қандастарымыз келеді деп жоспарлаған едік. Тайваньда тұратын бір баурымыз келе алмайтынын айтып телеграмма жіберіпті.

Сонымен бірге Сауд Арабиясында тұратын қандастарымыздың өкілі ретінде келуге тиісті адаммен толық байланысқа шыға алмадық. Бірде ана адамды, бірде мына адамды ұсынып, жібереміз деген бір адамның өзін дұрыстап жібере алмады.

Ал жалпы әлемнің 40-тан астам елінде қазақтар тұрады дейміз. Ол 45 ел ме, 49 ел ме толық айта алмаймын. Себебі шет елге шығып, онда тұратын қазақты санаған ешкім жоқ. Қазіргі кезде әлемнің 32 елінде «Қазақ мәдени орталығы» бар. Біз олармен байланыс орнатқанбыз. Ал биылғы құрылтайға келетін елдердің саны 39-ға жетіп отыр. Бұл осыған дейінгі құрылтайлар тарихында бірінші рет болып отырған жағдай. Шынын айту керек, басқа құрылтайларда өмірі болмаған бірнеше мемлекет биылғы құрылтайға алғашқы болып қатысайын деп отыр. Мысалы Италиядан келеді, Черногория тұратын бір қандасымыз келмекші, Әзірбайжан биыл тұңғыш рет қатысайын деп отыр. Тіпті Молдованың сонау түкпіріндегі бір ауданынан қыпшақтар келуді жоспарлап отыр. Осындай 5-6 елден биылғы құрылтайға алғаш рет делегация келмекші. Ал әлемнің басқа елдерінен де қатыса алмай қалған қазақтар болуы мүмкін. Себебі біз барлығымен де қатынас жасай алмай қалдық» — дейді Талғат Мамашев.

Талғат Асылұлының құрылтайға қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікіріне көңілі толмайтынын байқадық. Себебі Төрағаның орынбасары «әлеуметтік желі қолданушылары мәселенің мәнісіне бармай жатып, пікір айтып, ақылгөйсуге құштар» дейді.

«Қазіргі уақытта Құрылтай туралы түрлі пікірлер қалыптасып жатыр. Әсіресе әлеуметтік желі қолданушыларының арасында мәселенің байыбына бармай жатып, түрлі пікір айтатындар көп. Бұл адамдардың түсінігінің жоқтығы ма, әлде құрылтай туралы мәлметтің жеткіліксіздігі ме білмедім. Байқағаным, көбі құрылтай десе көші-қон жағына көбірек тартады. «Көші-қон мәселесі айтылады ғой», «осы көші-қонға бола жинала бере ме?» т.б. деген секілді. Ал біздің бағдарламада көші-қон туралы әңгіме жоқ. Иә, ҚР ЕжХӘҚ министрлігінде көші-қонға қатысты бір секцияның отырысы өтеді. Ол жерде көші-қон мәселесі талқыланады. Ал бірақ, бүкіл құрылтай бастан-аяқ тек қана көші-қон туралы болмайтыны белгілі ғой. Сондықтан да бірдеңе айтпас бұрын адам деген ойлануы керек. Менің ойымша, құрылтай деген біздің ұлтымыздың, қазақ ұлтының ұлы жиыны. Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қазақтың ұлы жиыны. Соны ағайындар түсінуі керек. Неге жинала береді деген әңгіме бола ма? 5 жылда бір жиналып, өткен бес жылда не істелді, не өзгерді, не орындалды, алдымызда не мақсат бар дегенді айқындасақ артық бола ма? Президентіміздің өзі бағыт-бағдарын беріп, осы бағытта жұмыс істейміз, мемлекет осындай қамқорлық жасайды десе, соны алыстан келген ағайын өз құлағымен естіп кетсе артық бола ма? Ал өздері көкейінде жүрген арыз-арманын, тілегін айтып, шерінен шықса, бұл артық бола ма? Сондықтан, менің ойымша, Қазақстандағы азаматтар, елдегі қандастар дұрыс түсіністікпен қабылдауы керек.

Орыстардың «тақырыпты білмесең, тыныш отыр» деген сөзі бар. Ал біздікілер, тақырыпты білсін-білмесін отырып алып көсемсуге, ақыл айтуға мықты.

«Тіпті қауымдастық туралы өмірі қалам тербеп көрмегендер осы тақырыпта ақыл айтқыш болып алды. Ал бізді бұрыннан білетін, осы мәселе төңірегінде жазып жүрген журналистерге есігіміз әрқашан айқара ашық. 20 маусымнан бастап Астанада арнайы штабымыз жұмысын бастайды. «Данияр» қонақ үйінде ашылады баспасөз орталығы. Құрылтай жұмысы қызықтырған журналистер келіп тіркеуден өтіп, материал дайындауына болады. Ешкімге шектеу жоқ» — дейді Талғат Мамашев мырза.

Ержан Жаубай, 2017 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.