ДКО үшін арнайы 6 ат сатып алдық – Көкпар федерациясы

47

ҚР көкпар федерациясы БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді.

Шарада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасының нәтижелі ойыны сөз болды.

Көкпардан ұлттық құрама V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында керемет нәтиже көрсетіп, жанкүйерлердің үмітін ақтады. Ойын барысында ұлттық құраманың шеберлігі мен жігері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, көкпаршыларымыз ел намысын абыроймен қорғап шықты.

Ұлттық құрама бас жаттықтырушысы Ақылбай Манкеевтің айтуынша, бұл жетістікке жету оңай болмаған, бәрі тыңғылықты дайындықтың арқасы.

Бүгінгі жеңісті күнге жету оңайға соқпады. Спортшыларымызды әрдайым жігерлендіріп отырдым. Оқу-жаттығу жиындарында әр минутымызды бағалап өткіздік. Соның нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар – деді ҚР көкпардан ұлттық құрама бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Ал ҚР көкпар федерациясының атқарушы директоры Аяз Жылқыбаев көкпар үшін бірнеше ат сатып алғандарын айтты.

Көкпардан ұлттық құрама 2024 жылы 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Көкпаршыларымыз үшін арнайы дайындықтан өткен ең мықты 6 ат сатып алдық. Оқу-жаттығу жиынындарының 5-еуінде аттармен дайындалып, еліміздегі көкпар аттарын іріктедік. Федерация тарапынан спортшыларға барлық жағдайды жасадық деп ойлаймын – дейді ол.

Көкпардан ұлттық құрама мүшесі, осы ойындарда екі рет алғашқы 30 секундта салым салып үлгерген көкпаршы Абылайхан Нышанбеков бұл ойынға барын салғандарын айтады.

Қазақ елін айтулы додада қуанту үшін барымызды салдық. Қолымыздан келді деп ойлаймын. Финалдық ойын өте қиынға соққаны рас, бірақ, трибунадағы жанкүйерлердің арқасында есемізді жібермедік – дейді көкпаршы.

Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді. Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта 5:4 есебімен жеңді. Осылайша, көкпардан ҚР ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды.

ҚР көкпар федерациясына демеушілік білдірген «Sport qory»спортты қолдау қоры мен бас серіктес «Самұрық-Қазына» екендігін айта кеткен жөн.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!