Назарбаевтың АҚШ-қа сапарлары. Қысқаша шолу

138

Қазақстан тәуелсіздігін алып, алыс-жақынмен тең дәрежеде тұрып сөйлесетін халге жеткелі де 27 жылға жуықтады. Содан бері Қазақстан мен Назарбаевтың есімдері қатар аталатын болды. Әлем алдында тәуелсіз елдің тірегі болып, осы елдің бет-бейнесі ретінде танылған Нұрсұлтан Әбішұлы сонау қысылтаяң шақтан бері талай елдің есігін қағып, талай елдің астанасына ат басын тірегені анық.Ал бүгін-ертең Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Америкада сапарда жүр. Бұл оның осы елге жасаған 13-сапары. Ендеше бұған дейінгі АҚШ сапары несімен есте қалды, қандай мәселе айтылып, Қазақ елінің пайдасына қандай шешімдер шыққаны туралы Baq.kz ақпарат агенттігі қысқаша сараптама жасап көрді.

1. Азат елдің «Американы ашуы»

1992 жылы 18-21 мамыр аралығында Қазақстан Президенті тұңғыш рет Тәуелсіз елдің атынан АҚШ-қа сапар жасады. Көтеріп отырған мәселе де осал емес. Қазақстан мүддесі үшін ғана емес, әлемді алаңдатқан сауал – ядролық қарудан бас тарту жайында. Алғашқы сапар АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Бекермен кездесумен басталды.

Осы сапарда Елбасы әйгілі Шеврон компаниясының басшысы Деррмен жолығып, «Теңізшевройл» компаниясын салу туралы келісімге келді.

Ел президенті Джордж Бушпен кездесу барысында екіжақты келісімдер мен әлемдік мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда-экономикалық жағдайға байланысты келіссөздер жүргізілді. Сапар нәтижесінде Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияны, өзара түсіністік туралы меморандумды, Капитал инвестицияларын ынталандыру және өзара қорғау туралы шартты, инвестицияларды көтермелеу туралы келісімдерді, сауда қатынастарын, көмекке жәрдемдесу және т.б. туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Ақ үйдегі кездесуден кейін АҚШ президенті Қазақстан мен АҚШ арасындағы «қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғаны» туралы айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстан Тәуелсіздігін қолдайтынын, ол Еуропа мен Азия үшін маңызды мемлекет екенін жеткізді. Мұнан бөлек Джордж Буш Қазақстанның әлемдік нарыққа бейімделуіне қолдау білдіретінін айтты.

Осы сапар кезінде Елбасы Дүниежүзілік банктің Президенті Престонмен, ХВҚ-ның басқарушы директоры Камдессомен, АҚШ-тың бірқатар министрімен, сенаторымен және «The Washington Post» пен «The Washington Times» газеттерінің басшыларымен кездесті. Сонымен қатар, АҚШ-тың бизнес өкілдерімен жолықты.

«Біз мұнда сіздерден бірдеңе сұрауға келген жоқпыз. Тек өзімізбен бірге жүздеген жоба, ұсыныс ала келдік. Америкалық бизнесмендер солармен танысса екен дейміз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесу кезінде.

2. Атомсыз әлем үшін

Араға жыл салып 1994 жылы 13-16 ақпанда Ақ үйдің дәмі тағы тартты. Бұл күндері АҚШ-та президент ауысып үлгерген еді. Билл Клинтон Нұрсұлтан Әбішұлын жылы қарсы алды. Елбасы осы кездесуде Ақ үйінің басшылығына ядролық қаруы жоқ мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа Қазақстанның қосылуын ратификациялау туралы құжат ұсынды.

Кездесу нәтижесінде екі ел басшылары демократиялық әріптестік туралы Хартияға қол қойды. Сонымен бірге кеңейтілген форматта сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары, мемлекетаралық және халықаралық проблемаларды шешуде әріптестік қарым-қатынастар орнатылды.

Сондай-ақ, осы сапарда Қазақстан, АҚШ және Ресей арасындағы «Инмарсат-3» жасанды спутнигін іске қосуға байланысты технологиялық кепілдіктер туралы үшжақты келісімге қол қойды.

Бұл жолы да Елбасы Дүниежүзілік банк өкілімен және ХВҚ-ның басқарушы директоры Камдессомен кездесті.

3. Америкадағы Республика күні

1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік декларациясы қабылданған болатын. Соған орай 25 қазан бертінге дейін Республика күні болып мерекеленіп келді.

1995 жылы 22-27 қазан аралығында АҚШ-қа жасаған үшінші сапары кезінде де Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының елшілігінде елшілік қызметкерлерін Республика күні мерекесімен құттықтады.

Вашингтонда Елбасы әуелі АҚШ-тың вице-президенті Гормен кездесті. Онда тараптар энергетика саласында мұнай-газ тасымалы, сондай-ақ қорғаныс және әскери конверсия саласындағы қарым-қатынастар туралы әңгімелесті.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-мерейтойлық сессиясына қатысуға келген Елбасы әлем мінберінен Біріккен Ұлттар Ұйымының келешекке арналған перспективалары мен міндеттері туралы баяндама жасады.

Бұл сапарда Елбасы Иордания Королі Хусейн бен Талалмен, Кореяның Сыртқы істер министрі Ро Мен Гомен және «Chevron Corporation» басшысы Деррмен кездесті.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қазақстан-америкалық бірлескен коммиссияның отырысына қатысты. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда демократияны және әлеуметтік келісімді нығайтуға, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған шараларды жүзеге асыру барысы туралы айтты. Назарбаевтың айтуынша, екі ел арасында экономикалық, ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға арналған көпір болу керек.

4. Қазақстан әлемдік мәселелерге алаңдайды

Араға бір жыл салып 1997 жылы 21-24 маусым аралығында Нұрсұлтан Назарбаев мұхиттың арғы бетіне тағы келді. Бұл жолғы сапарды салмағы да, Қазақстан үшін берері де мол болуға тиіс. Себебі қазақ баласы арғы-бергі тарихында алғаш рет әлем мінберіне шығады. Мемлекет басшысы Нью-Йоркте, Америка Құрама Штаттарында өткен, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму саласындағы «ХХІ ғасыр күн тәртібін» іске асыруды қарау және бағалау бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясына қатысады.

Иә, қоршаған орта мен ядролық қару Қазақстанның әлсіз тұсы деуге болады. Себебі Арал бізді ғана емес әлемді алаңдатып отыр. Ал екіншісінен өз еркімізбен бас тартып отырмыз. Мұндай жағдайда Америка секілді алпауыттың пікірі маңызды. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасында әлем назарын Арал мен Семей проблемаларына аударды. Ол Семей ядролық полигонының проблемалары мен Арал теңізінің құрғауы тек Орталық Азия елдері үшін ғана емес, сондай-ақ дүниежүзілік қоғамдастық назар аудармаса, көмек көрсетпесе бүкіл әлем үшін күтпеген салдары бар жаһандық апатқа әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.

Сапар барысында Елбасы АҚШ вице-президентімен, Францияның, Украинаның, Бразилияның, Аргентинаның президенттерімен және Сингапурдың премьер-министрімен кездесті.

5. «Қазақстан өзгеруші әлемнің құрамында»

Елбасының бесінші реткі сапары 1999 жылы 23-25 сәуір аралығында ұйымдастырылды. НАТО-ның 50 жылдығы құрметіне арнайы шақырылған Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан өзгеруші әлемнің құрамында» атты баяндама жасады. Сонымен қатар, Еуроатлантикалық Кеңестің отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы халықаралық бейбітшілік үшін құрылған Карнеги Қорында америкалық саясаткерлерге, ғалымдар мен журналистерге арнап сөз сөйледі.

«Өткен жылдың күзінде мен НАТО-ның мерейтойлық саммиті үшін АҚШ-қа келуге келіскенде, осы күндері әлем халқының бар назары Еуропа континентіндегі ауқымды әрі күрделі халықаралық дағдарыста болады деп ешкім алдын ала болжай алмаған еді. Қазақстан ұстанымы туралы айта отырып, біз қысқа мерзімдік келіссөздер арқылы бейбітшілік орнатуға болады деп үміттенеміз. Біз әділ шешім табуға және БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ны пайдалана отырып қан төгуге жол бермеуге тырысамыз…» — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапар барысында Елбасы ХВҚ-ның президентімен, «АЕS» корпорациясы басқарма төрағасымен және Шеврон компаниясының басшысымен кездесті. Одан бөлек Әзербайжанның, Грузияның, Тәжікстанның, Өзбекстанның және Армения мен Қырғызстанның президенттерімен жолықты. Кездесу нәтижесінде мемлекет басшылары «Жібек жолы» декларациясына қол қойды.

Әрине, сол кездегі Ақ үй басшысы Билл Клинтонмен де кездескені анық. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жай-күйі мен келешегі талқыланды және стратегиялық әріптестікті кеңейту бойынша шаралар жоспарланған еді.

6. Ғасырлар тоғысындағы сапар

2000 жылы 5-8 қыркүйек күндері БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 55 жылдық мерейтойы өтті. Әлемнің 200-ге тарта мемлекетінің басын біріктіріп отырған халықаралық ұйымның құрамына Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ мүше болған. Осы айтулы ұйымның мерейтойына Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.

Нью-Йоркта өткен айтулы жиында Елбасы жаһандану мәселесіне көңіл аударды.

«Жаңа мыңжылдық бізге жаһандық өзгерістерді ғана емес, адамзат өміріндегі күрделі бетбұрысты бастау керектігін көрсетіп отыр. Бірақ бүгінгі күні жаһандану жаңа әлем тәртібін қалыптастыратын болады. Сөзсіз, прогресс құбылыстарына байланысты көптеген мемлекет теріс салдарларға ие болуы мүмкін», — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапар барысында Елбасы БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннанмен, Түркия президенті Ахмет Недждет Сезермен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайтпен, Израильдің премьер-министрі Эхуд Баракпен кездесті.

Осы сапарда мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топ өкілдерімен кездесіп, Қазақстанға инвестиция салу мәселесі бойынша сөйлесті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстандағы БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігінің кеңсесінде болды, онда ол Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысанын жою және Бала құқықтары туралы конвенцияның факультативтік хаттамаға қол қою рәсіміне, сондай-ақ қазақстандық және америкалық компаниялар арасында бериллий және уран қорларын дамыту туралы келісімдерге қатысты.

Осы жылдардан бастап биылғы, яғни 2018 жылғы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етудің негізі қалана бастады. Сол қажырлы еңбектің нәтижесінде Қазақстан әлем қауіпсіздігін өз қолына ала алды.

7. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы

2001 жыл Қазақстан үшін ерекше дата еді. Бұл жылы енді ғана аяқтан тұрып келе жатқан жас мемлекеттің Тәуелсіздік алғанына 10 жыл толған. Осы жылы 18-21 желтоқсан аралығында Елбасы АҚШ-қа кезекті сапарын жасады. Сапар барысындағы кездесулер Хьюстоннан басталды. Ол жерде Нұрсұлтан Назарбаев «Halliburton» компаниясы басқарма басшысы Лезармен және «Philips Petroleum» компаниясының президенті Мулвпен жолықты.

Осы жолғы сапардың бір ерекшелігі 1992 жылы Елбасы ең алғаш сапармен келгенде өзін қарсы алған үлкен Бушпен жолығып, оған екі ел арасындағы татулық пен дамуға қосқан үлесі үшін бірінші дәрежелі «Достық» орденін тарту етті. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Манхеттенде 11 қыркүйектегі терактіден қаза болғандардың басына гүл шоқтарын қойды.

Бұл сапарында Елбасы Хьюстон қаласында бұрынғы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Бейкермен кездесті және онымен бірге Райс университетінің Байкер атындағы қоғамдық саясат институтында болды.

Институт қызметкерлерімен жолыққан кезде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 10 жылда жеткен жетістіктері туралы, екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің болашақ дамуы туралы, халықаралық терроризммен күрес және Ауғанстан мәселелері туралы ойын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев осы сапарында БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннанмен тағы да жолықты.

Ал АҚШ президенті кіші Бушпен кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұзақмерзімді серіктестік пен дамуға бағытталған «Жаңа қарым-қатынастар» атты бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл екі ел арасындағы экономикалық, саяси және терроризммен бірлесіп күресу бойынша жасалған келісім еді.

8. Әлемге үлгі болған Қазақстан

АҚШ Конгресмендерімен кездесумен басталған сапар 2006 жылы 26-29 қыркүйек аралығында болды. Вашингтондағы «Blair House» резиденциясында америкалық М.Ландрье, С.Браунбек қатарлы сенаторлары мен Т.Лантос, Дж.Сакстон, Э.Хастингс, Р.Векслер, Д.Айсса, Ш.Беркли, Ф.Инглиш, Ч.Мелансон, К.Кэннон, П.Тиберии, С.Кинг, Р.Адерхолд қатарлы конгресмендері Елбасының екі ел арасындағы қарым-қатынас, Қазақстанда америкалық инвесторларының қалай жұмыс істейтіні туралы әңгімесін тыңдады.

«Мен өзімнің ескі достарым мен жаңа таныстарымды көргеніме қуаныштымын. Біздің «Blair House»-дағы соңғы кездесуімізден кейін Қазақстанда көп дүние өзгерді. Тіпті, Қазақстанда ғана емес, қазақ-америка қарым-қатынасында да көптеген жағдай өзгерді деуге болады. Мен біздің елдеріміздің арасындағы байланыстың, стратегиялық әріптестіктің сенім мен үдеден шығып, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілгенін қуанышпен айта аламын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл кездесуде АҚШ-тағы ықпалды әрі құрметті конгресмендердің бірі Латос Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ Конгресінің 905 палатасы өкілдерінің Қазақстанды әлемдегі екінші ядролық сынақ полигонының жабылғанына 15 жыл толуымен құттықтау резолюциясын тапсырды. Ол өз сөзінде «АҚШ-пен бірлескен Қазақстанның көшбасшылығы өзге мемлекеттерге үлгі болуы керек» екеніне ерекше тоқталды.

Мұнан бөлек кездесу барысында АҚШ-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағасы, Флорида штатының конгрессмені Векслер Назарбаевқа оның Америкаға сапары алдында АҚШ-тың Капитолийіне тігілген туды естелікке сыйлады. Тумен бірге Елбасыға арнайы құттықтау хат табыс етілді.

Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жасаған сегізінші сапары ауқымды болды. Бұл жолы ол өзінің ескі досы АҚШ-тың экс-президенті Джордж Бушпен де кездесті.

Тағы бір айта кетерлік оқиға осы сапарда Елбасы Вашингтонда орнатылған Қазақстан Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатына қатысты.

«Бүгін — Қазақстан мен АҚШ тарихындағы ерекше күн. Біз алғаш рет шет елде Тәуелсіздік монументін ашып отырмыз. Тәуелсіз еліміздің символына айналған бұл ескерткіштің АҚШ астанасында бой көтергенін мақтан тұтамыз. Біздің халқымыздың еркіндік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысын білдіретін осы тамаша ескерткіш Қазақстан мен АҚШ-тың ортақ құндылықтарға негізделген тығыз қарым-қатынастары мен стратегиялық әріптестік байланыстарын біріктіретін дәнекер боларына сенемін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев монументтің ашылу салтанатында.

Осы сапар барысында екіжақты түрлі деңгейдегі кездесулер өтіп, біраз келісімшарттар жасалды. Атап айтар болсақ, АҚШ-тың вице-президенті Чейни, Дүниежүзілік банктің президенті Вулфовиц, «ExxonMobil Corporation» компаниясының президенті Тиллерсон, «ConocoPhilips Inc.» компаниясының президенті Дж.Мулв және басқа да бірнеше компания өкілдерімен жолықты. Елбасы кездесуіне келгендердің қатарында әлемдік еврейлер көшбасшысы Сингер де бар.

Сапар соңында Ақ үй басшысы кіші Бушпен жолыққан Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы еларалық және халықаралық мәселелерді талқылады.

Тәуелсіз елдің Тұңғыш президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Ақ үйдің ресми шақыруымен келген алғашқы сапары еді.

9. Тағы да әлем мінберінде

Тура бір жылдан кейін 2007 жылы 24-26 қыркүйек аралығында Нұрсұлтан Назарбаев мұхиттың арғы бетіне тағы да сапар жасады. Бұл жолы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясына қатысу мақсатында барған болатын.

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Босния президиум төрағасы, герцеговина Комшичпен, Австрияның канцлері Гузенбауэрмен, ЕО Кеңесінің Бас хатшысы Соланамен, Литва президенті Адамкуспен және Италияның Премьер-министрі Продимен кездесті.

Сонымен қатар, Елбасы «Guggenheim Partners, LLC» компаниясының басшыларын қабылдады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясына қатысушы шетелдік делегациялар басшыларының құрметіне АҚШ Президенті Джордж Буштың қабылдауында болып, «Клинтонның жаһандық бастамасы» форумына қатысты.

10. Тағы да атомсыз әлем үшін

2010 жылы 11-13 сәуір аралығында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа оныншы сапарын жасады. Бұл жолы Елбасы Ядорлық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысты.

Бұл саммитке Нұрсұлтан Әбішұлын Барак Обама өзі шақырған болатын. Жаһандық жиында Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесі және оның ядролық қаруды таратпаудағы рөлі ерекше аталды.

Талқылауға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белсенді жақтаушысы екенін айтты.

«Осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын Семейдегі ядролық сынақ алаңы жабылды. Еліміз әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, АҚШ пен Ресеймен бірге бұрынғы КСРО-ның ядролық қаруын Қазақстан аумағынан шығару үшін жұмыс жүргіздік. Әлемдік қауымдастықтың қолдауымен Қазақстанда ядролық қауіпсіздік саласындағы бірқатар маңызды жоба іске асырылды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Америкаға ат басын бұрғанда Ақ үй басшысына кездеспей кетпейтіні секілді, бұл сапарда да Елбасы Обамамен жолықты. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады және екі елдің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары басшылығымен жұмыс комиссиясын құру туралы уағдаласты.

Осы жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді бастаған болатын, осыған байланысты президенттер Ауғанстандағы, Орталық Азиядағы, Еуразиялық кеңістіктегі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында Елбасы Обаманы Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның VII саммитіне шақырды. Мемлекет басшысы алдағы жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысушылармен, АҚШ саяси қайраткерлерімен, түрлі деңгейдегі компания басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өзіне берілген дипломатиялық және Бейбітшілік үшін сыйлығын табыстауға орай «Шығыс-Батыс» институты ұйымдастырған салтанатты шараға қатысты.

Марапаттау салтанатында Елбасы институт басшылығына алғысын білдірді. Ол бұл марапат – жаһандық қауіпсіздікті нығайтуда, ядролық қауіпсіздік және мәдениет пен өркениеттердің бүкіләлемдік үнқатысуын ұйымдастыруда, Астанада тұрақты түрде жиналатын әлемдік діни лидерлердің съездерін өткізуге қосқан Қазақстанның үлесін бағалағандығы деп санайтынын атап өтті.

11. Ядролық қауіпсіздік. Қазақстанның үш артықшылығы

Америкадағы қаралы күнге 10 жыл толғанда Ақорда басшысы арнайы сапар жасады. Бұл жолы БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қатысуға барған Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 20-22 қыркүйегін сонда өткізді.

Сессияның басты тақырыптары, мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін нығайту, аймақтық қақтығыстарды реттеу, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру, жаһандық басқару жүйесін реформалау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және климаттың өзгеруімен күрес қатарлы әлемдік деңгейдегі ең өзекті деген мәселелер еді.

Қазақстан Президенті өз баяндамасында ядролық қарусыздану, жаһандық экономикалық басқару, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар бастамаға айрықша тоқталды.

«Тарих адамзаттың жаңа дәуірінің ауқымды міндеттерін шешеді. Бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе — ХХІ ғасырдағы жаһандық трансформацияның күрделілігі. Барлық ұлт арасындағы сенімділік пен бірлік жаңа әділетті әлем тәртібінің негізі болмақ», — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапар барысында Елбасы бірқатар елдің басшыларымен және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Сонымен қатар, осы сапарда G-8 елдері басшыларының отырысы өтті. Бұл іс-шара G-8 елдерінің арнайы кездесуі мен МАГАТЭ-нің ядролық қауіпсіздік бойынша министрлер конференциясының жалғасы болды. Әрі бұл 2012 жылы Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік саммитіне дайындық ретінде қаралды.

Кездесу кезінде Қазақстан басшысы ядролық қауіпсіздіктің үш түрлі артықшылығын атап көрсетті. Бірінші — әскери-саяси аспектісі – адамзатты ядролық қарудан қорғау. Екінші – кез келген ядролық терроризмге қарсы тұру. Үшінші – атом энергетикасының қауіпсіздігі.

«Осыған байланысты Қазақстан бейбіт атомды қауіпсіз игерудің үш негізгі қағидасын ұсынады. Біріншіден, Атом энергиясын дамыту саласындағы процестердің планеталық бақылау механизмдерін жетілдіру қажет. Екіншіден, ядролық төтенше жағдайларда дағдарысқа қарсы әрекет етудің айқын, жалпыға танылған қағидаттары мен механизмдері қажет. Үшіншіден, әлемдік қауымдастыққа ядролық қондырғылардағы кез-келген, тіпті маңызды емес оқиғалар туралы толық және дереу ақпарат беру қажет», — деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

12. Қазақ тілінің мәртебесі көтерілген сапар

2015 жылғы 29 қыркүйек қазақ халқының, Қазақстан Республикасының тарихындағы айрықша күн болды. Тіпті бұл күнгі жаңалықты әлемнің өзі әрең қабылдады. Араға 4 жыл салып Америкаға ат басын тіреген Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 70-сессиясында әлем мінберінен қазақ тілінде баяндама жасады.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы қазірдің өзінде жаһандық тұрғыдан тарихи мәні бар міндеттерді орындады. Біріншіден, планетамызда адамдар 70 жыл бойы дүниежүзілік соғыссыз өмір сүріп келеді.

Екіншіден, әлемде аса ауқымды отарсыздандыру жүзеге асырылды. Біріккен Ұлттар Ұйымын 70 жыл бұрын елу бір мемлекет құрды. Ол кезде әлемнің көп бөлігін колониялар мен тәуелді аймақтар алып жатты. Бүгінде әлемдік қоғамдастықта 193 тәуелсіз ел бар.

Үшіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіпсіздік пен даму үшін баршаға қажетті үнқатысудың бүкіләлемдік мінберіне айналды. Адамзат одан өзінің әралуандықтағы бірлігін, біздің ғажап бірегей планетамыздың тағдырына қатыстылығының ортақтығын сезінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін салушылар алдағы алыс болашаққа ой көзімен қарай білді. Әлем бүгінде олардың бастамалары мен орындалған арманының жемісін көріп отыр» , — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мерейтойлық сессияға барған сапарында Елбасы бірқатар екіжақты келіссөз жүргізді. Осы сапарында Нұрсұлтан Назарбаев зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі саммитке қатысты. Ол өз сөзінде зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең елеулі қатерге айналып, халықаралық терроризмнің өсуіне ықпал етіп отырғанын атап көрсетті. Осыған байланысты ол елдердің бірлескен күш-жігерін жұмылдыру қажет болатын бірқатар бағытты атап көрсетті.

Ал АҚШ Президенті Барак Обамамен келіссөздер барысында мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және отын-энергетикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Сонымен бірге ядролық қаруды таратпау және терроризмге қарсы іс-қимыл проблемаларын қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.

Тараптар өңірдегі дамуды, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан-Америка серіктестігінің маңыздылығын атап өтті.

13. Тағы да ядролық қауіпсіздік

Мемлекет басшысы АҚШ астанасы Вашингтон қаласында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV жаһандық саммитке қатысты. 2016 жылдың 31 наурызы мен 1 сәуірі аралығында өткен саммитте Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кездесу өткізді.

Саммит делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде Президент Қазақстанның ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің ең жоғары деңгейі бар алғашқы жиырма мемлекеттің қатарына енетініне назар аударды.

«Бізде ұлттық деңгейде физикалық ядролық қауіпсіздік бойынша бірқатар кешенді шара жүзеге асырылды. Ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесі жетілдірілген. Атомдық және радиоактивті заттар бағытын біріздендіру орталығын құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көшірілді. Ел аумағындағы Ұлттық ядролық орталықтағы осындай жобаны жүзеге асыру жеделдетіледі. Ядролық нысандардың бәрі МАГАТЭ-нің жан-жақты бақылауында тұр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV жаһандық саммитінің жұмысы аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Атап айтар болсақ, Елбасы Жапония Премьер-министрі С.Абэмен, Финляндия Президенті С.Ниинистемен, Венгрия Премьер-министрі В.Орбанмен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, Түркия Президенті Р.Эрдоғанмен, Әзербайжан Президенті И.Г.Алиевпен, Иордания Королі Абдалла II бен Хусейнмен, Украина П.А.Порошенкомен, Армения Президенті С.А.Саргсянмен, Литва Президенті Д.Грибаускайтемен, Мексика Құрама Штаттарының Президенті Э.Пенья Ньетомен, Чили Президенті М.Бачелетпен, Үндістан Премьер-министрі Н.Модимен, Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен, Жаңа Зеландияның Премьер-министрі Дж.Кимен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж.Керримен кездесті.

Осы сапарда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің даңқты ұлы Геннадий Головкинмен жолықты.

14. Әлем қауіпсіздігі алаштың алақанында

Қазақстан өз тәуелсіздігінің 26 жылында әлемнің көптеген елімен саяси-эконмикалық, тату көршілік, әлеуметтік-стратегиялық барыс-келісті барынша дамытты. Бұл әуелі аяғын енді ғана апыл-тапыл басып келе жатқан еліміз үшін сан қырлы саяси қадам болса, ел дамуының негізгі тетігі деуімізге болады. Осы уақыт аралығында Нұрсұлтан Назарбаев биылғы сапарын қосқанда 14 рет мұхиттың арғы жағасына сапар жасаған екен. Сол сапарларының ішінде екі-ақ рет Ақ үйдің арнайы шақыруымен ат басын бұрған.

2006 жылы Елбасы кіші Буштың арнайы шақыруымен барған сапарынан кейін араға 11 жыл салып Дональд Трамптың шақыруын қабыл алды. Кеше өткен кездесуде екі ел арасындағы бірқатар мәселе талқыланды.

Алты құрлықтың амандығы алты алаштың алақанында тұрған биылғы қаңтардағы сапар Америка үшін де тың өзгерістерге толы болса керек. БҰҰ ҚК-нің тізгіні алаш баласының қолына тиіп, сол арқылы әлемге өз үнімізді қосып отырған біздің ел үшін бұл да үлкен мәртебе.

Талдау Ақорданың ресми ақпараттары негізінде дайындалды

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.