Еліміздің жылқы шаруашылығы халықаралық деңгейде талқыланды

3137

Павлодар қаласында «Қазақстан мен шетелдегі өнімді жылқы шаруашылығының жағдайы мен даму перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық жиынға еліміздің барлық өңірінен жылқытанушы ғалымдар, жылқы шаруашылығымен айналысатын мамандар, жылқы өсіретін шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі жиынға Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, т.б. қатарлы мемлекеттердің жылқытанушы ғалымдары онлайн режімде қатысты.

Бұл конференцияны арнайы ауылшаруашылық саласы қызметкерлері күніне туралап өткізіп отырмыз. Біздің Ауылшаруашылығы факультеті еліміздегі ауылшаруашылық саласы мамандарын дайындайтын бірден бір орталық деуге болады. Факультет мамандары қазақтың Жабы тұқымын зерттеуде, дамытуда айтарлықтай жұмыс істеп келеді. Соның бір дәлелі бүгінгі жиын десек артық айтқанымыз емес. Бүгінгі жиынның өзіндік ерекшелігі бар. Еліміздің жылқы шаруашылығы саласында етті-сүтті бағыттағы жылқы тұқымының алар орны ерекше. Оны дамыту, насихаттау біздің міндетіміз — дейді С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің ректоры Еркін Садықов.

Конференцияда белгілі ғалым, жылқытанушы Нәбиолда Кикебаев жылқытану саласына қатысты тарихқа тоқталды. Еліміздегі тастағы суреттерге тоқталған ғалым осыдан 6 мың жыл бұрын ең алғашқы жылқының Қазақ даласында қолға үйретілген дегенді алға тартты.

Мен бүгінгі баяндамамда қазақ жылқысының даму тарихына тоқталғым келеді. Қазақ даласында кездесетін кез келген петроглифтердің барлығы біздің дәуірімізден бірнеше ғасыр бұрынғы қолтаңбаларға апарады. Берелден табылған алтын тұлпарлар соның айғағы, — дейді ғалым.

Сонымен қатар ол еліміздегі жойылып кеткен жылқы тұқымдарына тоқталды.

Еліміздің жылқы шаруашылығында қазір негізгі 4-5 тұқым ғана бар. Ал шын мәнінде бүгінде біз ұмыта бастаған қазақ жылқысының керемет тұқымдары болған. «Найман жылқысы», «Жидебай тұқымы» т.б. жойылып кеткен тұқымдарды қайта түлететін уақыт келді. Біз — жылқытанушылар әр жерде жүрміз. Өзім Қостанай жылқы зауытын басқарып отырған уақытта жылқытанушылардың орталығына айналдырған едім. Қазір әр өңірдің ғалымдары жеке-жеке жүр. Бір дүниені дамыту үшін бас біріктіру керек, онсыз болмайды — дейді ғалым.

Сонымен қатар ол жылқыны дамыту үшін қандай жұмыс істеу керекгін айтты.

Жылқыға субсидия төлеуді тұрақтандыру керек. Онсыз жылқы шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Екіншіден жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруалар жылқыға селекция жасауды үнемі назарда ұстауы керек. Қазіргі таңда елімізде ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығы жақсы дамып келеді — деді Кикебаев.

Ал жылқытанушы ғалым Алтай Зейнуллин жайылымдық жердің 50 пайызға жуығының тозып кеткенін айтты.

Еліміз бойынша 86 млн шаршы метр жайылым жер бар. Соның 46 пайызы істен шыққан. Оның өзіндік себептері бар. Біріншіден, табиғи ерекшелік, қуаңшылық, жаңбырдың аз жаууы. Екіншіден, жерді қалай болса солай пайдалану, үшіншіден, тұщы судың азаюы. Төртіншіден, жайылым жерлердің түбегейлі тозуы, яғни тұяқкесті болып, жер қыртысының тыңаймауы. Бесіншіден, жайлым жерлерге киіктің көптеп келуі, — деген ғалым, он түрлі себебін ашып көрсетті.

Ол бұл олқылықтың орнын толтыруға болады дейді.

Іргелес көршіміз Ресейдің жағдайы бізден де төмен. Оларда 70 пайыздан астам жайылымдық жері тозып кеткен. Олар оны қайта қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Бірақ мүмкін емес. Біз де тозып кеткен жерді қайта қалпына келтіре аламыз. Ол үшін ежелгі көшпенділікті қайта қалпына келтіріп, жылқыны жайылым ауыстырып бағуды қолға алу керек. Жерді тиімді пайдалану ұрпағымыз үшін маңызды, — дейді Алтай Зайнуллин.

Халықаралық конференция аясында жылқы шаруашылығына еңбек сіңіріп жүрген мамандар арнайы төсбелгімен марапатталды.

«Аграрлық ғылымға, білімге және өндіріске еңбек сіңіргені үшін» төсбелгісін Қазақ Ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есболовтың атынан университет профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан тапсырды.

Сонымен, жылқы шаруашылығына еңбегі сіңген азаматтарға берілетін марапатты — жылқытану саласының магистрі, еліміздегі Мұғалжар тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға айрықша үлес қосып жүрген азамат, Ақтөбе облысындағы «Жансая» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиев, Павлодар мемлекеттік университеті «Зоотехнология, генетика және селекция» кафедрасының профессоры, Павлодар облысы Жылқы өсірушілер қауымдастығының төрағасы, ғалым Төлеген Азанбаев,  «Ақжар-Өндіріс» ЖШС құрылтайшысы Айтмұхамбет Қожабеков және  Асқар Данабаев қатарлы шаруашылық басшылары алды.

Арнайы төсбелгіні ешкімге мақтан үшін көрсетпейтініміз анық. Дегенмен бұл – осы салада жүрген жандарға мотивация. Еңбегінің еленгенін, өзі істеп жүрген істің ел үшін, болашақ үшін дұрыс екенін сезіну үшін керек. Әрбір адам өз ісінің еленгенін қалайтыны анық қой. Бұл сол үшін берілді, – дейді «Жансая» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиев.

Argymaq.kz

2 comments

  1. Гымыңгүл Мұхантайқызы: Жылқытануда Қазақстан ғалымдарының еңбегіне жүгінеміз – Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 10 Қараша, 2021 at 22:12 Ответить

    […] Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда екі күнге жалғасқан «Қазақстан мен шетелдегі өнімді жылқы шаруашылығының жағдайы мен даму перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. […]

  2. Белгілі ғалым жылқыдан мәрмәр ет алуды ұсынды – Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 10 Қараша, 2021 at 22:38 Ответить

    […] Естеріңізге сала кетейік Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстан мен шетелдегі өнімді жылқы шаруашылығының жағдайы мен даму перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. […]

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.