Ел чемпионаты. Қарағанды құрамасы тағы да «Алтын салыммен» жеңді

2344

Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай Таразда өтіп жатқан ел чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы екінші рет «Алтын салыммен» жеңіске жетті.

Бүгінгі ойын кестесі бойынша алаңға шығатын соңғы жұп – Қарағанды облысы мен Алматы облысы құрамалары болды.

Екі команда да алаңға шығысымен өте тартысты ойын көрсетті. Бір-біріне дес бермеген қос команда, ойынның алғашқы айналымында бар болғаны бір салым ғана салып үлгерді. Салым иесі Алматы облысы құрамасының шабандозы Жаманқара Самат болатын.

Екінші айналымда ойын тіпті қыза түсті. Екі жақтың жігіттері бір-біріне қапысыз қарсыластық танытып бақты. Ойын соңында есеп – 2:2 есебімен тең аяқталды.

Естеріңізде болса бұған дейін Қарағанды құрамасы мен Қостанай облысы құрамасы арасындағы ойын да 6:6 есебімен тең аяқталып, чемпионаттың бас төрешісі Қуан Құрамаев қосымша 10 минут – «Алтын салым» уақытын берген болатын. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеген қарағандылықтар көк серкені шеңберде шиырған еді.

Бүгін де тура сондай жағдай қайталанды. Қос командаға берілген қосымша 10 минуттың алғашқы минутында-ақ Қарағанды жігіттері салым салып үлгерді. Командасына жеңіс сыйлаған шабандоз – Шалғынбаев Рамазан осы ойындағы үш салымның екеуін салды. Үшінші салымды Байғазиев Елдос салған болатын. Ал Алматы облысына тиесілі екі салымның бірін Тоқтарбаев Ержанат салды. Алғашқысын кім салғанын жоғарыда айттық.

Осымен бүгінгі ойындар аяқталды. Ертең:

БҚО – Қостанай облысы
Алматы қаласы – Алматы облысы
Нұр-Сұлтан қаласы – Павлодар облысы
Шымкент қаласы – Ақтөбе облысы
Түркістан облысы – Атырау облысы
Жамбыл облысы – Қызылорда облысы құрамалары кездесетін болады.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.