«Алтын тұғыр-2024» ұлттық сыйлықтың иегерлері кім?
Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау шарасы өтті.
Іс-шарада Ерлан Қошанов осы жыл қазақтың ұлттық спорт түрлері үшін айтулы жыл болғанын атап өтті. Бүкіл әлем V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында отандық спортшыларымыздың жеңісіне куә болды. Президент бастамасымен олардың басым көпшілігі мемлекеттік наградаларға ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олар біздің мәдениетіміз бен менталитетіміздің ажырамас бөлігі. Президент тапсырмасы бойынша елімізде ұлттық спорт орталықтары, клубтар, мектептер ашылуда. Онда 600 мыңнан астам адам қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен айналысады. Бүгінгі «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық қазынамызды сақтауға және оны елімізде, дүние жүзінде ілгерілетуге тікелей ықпал етеді, – деді Ерлан Қошанов.
Қауымдастық президенті Исламбек Салжанов, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміз үшін олжалы болғанын сөз етті.
Бұл жетістік бізге бір күнде келген жоқ. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы және Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты 10 федерация халықаралық жарысқа дейін, тынымсыз еңбек етіп, спортшыларды қолдап, олардың дайындығына ерекше мән берді. Соның арқасында біздің жігіттер мен қыздар барын салып, жеңіске жетті – деді Исламбек Салжанов.
2024 жылы 11 номинация бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері анықталды:
«Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша – Асылхан Қожанәсіп пен Салтанат Сапарбекова;
«Бәйге» номинациясы бойынша – Хамза Амангелді мен Ержан Ақылбаев;
«Құсбегі» номинациясы бойынша – Ерасыл Серікбекұлы, Бексұлтан Сейітжан және Иманғали Әбдулкәрімұлы;
«Көкпар» номинациясы бойынша – Абылайхан Нышанбеков, Ғани Ахметбаев;
«Аударыспақ» номинациясы бойынша – Сырым Ізбасаров;
«Жамбы ату» номинациясы бойынша – Ақәділ Пернебай;
«Теңге ілу» номинациясы бойынша – Рахат Қамбаров;
«Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша – Жәнібек Құлмырзаев және Айкөркем Батихан;
«Асық ату» номинациясы бойынша – Нұрқисса Молжігітов және Камила Даниярова;
«JORYQ» номинациясы бойынша – Алматы қаласының «Алатау» командасы.
Сондай-ақ салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға марапаттар берілді. Олар:
«Тоғызқұмалақ» – Бауыржан Төлегенов;
«Бәйге» – Төребек Құрманғалиев;
«Құсбегі» – Елтай Мүптекеев;
«Көкпар» – Еркебай Омарбек;
«Аударыспақ» – Біржан Қосалиев;
«Жамбы ату» – Сәнім Мурадова;
«Теңге ілу» – Нұржан Әбілқасымов;
«Дәстүрлі садақ ату» – Диас Миллат;
«Асық ату» – Ескендір Рахметов.
Сонымен қатар, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қарасты «Qazsport» телеарнасы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды.
Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.
Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Салтанатты іс-шара «Amanat» партиясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory».
Argymaq.kz