Ат құлағында ойнаған ару

13193

Көкпар шауып, аттың құлағында ойнамайтын қазақ жігіттері кемде кем. Десек те арамызда жігіттермен иық тіресіп, ат жалын тартқан қазақ қыздары да жоқ емес. Соның бірі – 19 жасар Бибі Әбдіғаниқызы Үмбетова.

“Оңтүстік циркте” 1 жылдан бері шабандоз болып істейтін жас студент оқу мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес екенін жасырмады. Осылайша оқу ақысын айырып, анасына қолғабыс болып жүрген бойжеткен, қызығушылық болса барлығына да уақыт табуға болатынын айтады.

MG_4717-50“Қазақта: “қос кеменің басын ұстаған суға кетер” деген мақал бар емес пе? Мұнда да жұмыс пен оқуын қатар алып жүре алмай жұмыстан шығып кетіп жатқандар да бар. Алайда бұл маған қатысты айтылмаған. Себебі, өз ісіңді сүйсең, оны шын ниетпен істесең барлығына да уақыт табуға болады-дейді Бибі.

Жылқыны жанындай сүйетін қыздың айтуынша, атқа деген қызығушылығы бала кезінен пайда болған. Атасы мен әкесінің қорасындағы үйір-үйір жылқыларды өріске айдап, алғаш рет ертоқымға отырған кезінде 4 жаста болған екен.

“Әлі есімде әкем жылқыларды өріске айдағанда мені ертіп шығатын. Ал, анам болса, құлап қалады, жарақат алады деп күйгелектеніп жүретін. Алайда мен ешуақытта аттан қорыққан емеспін. Құлап қалсам керісінше қайта отырып, қайта шабатынмын. Осылайша мен өзімді сабырлылыққа шақырып, өжеттілікке, шыдамдылыққа, төзімділікке үйреттім”,-дейді кейіпкеріміз.

Аттың құлағында ойнап, жалынан тартқан Бибімен әңгімелесе отырып, оның Ташкентте туып-өскенін білдік. Ата жұртына 2008 жылы қоныс аударған бойжеткеннің барын­ша қазақы пейіл, қазақы бай­ып танытқаны, туған жерім деп ата жұртын айтқанына тәнті болдық.

Бала кезінен спортты жанындай жақсы көретін бойжеткен басында кикбоксингке қатысқан екен. Республикалық, аудандық додалардан талай алтын-күмістерді алып келген. Алайда, қызының кикбоксингпен айналысуына қарсы болған анасы Бибіні спорттан шығарып алады. Бұл кезде Бибі 14 жаста болатын. Кикбоксингтен кетсе де спортты қимаған Бибі облыстық ұлттық спорт мектебіне келеді.

Ұлттық спортпен, соның ішінде ат спортымен 5 жылдан бері шұғылданған 19 жасар бойжеткен “спорт шебері” дережесіне үміттеніп отырған кезде, жұмысқа орналасуға мәжбүр болады.

2014 жылдың алғашқы айларында “Оңтүстік циркке” аттың құлағында ойнайтын мықты мамандар керек болады. Мұнан хабардар болған Бибі циркке ауысуды ұйғарады. Сөйтіп, облыстық ұлттық ойындар мектебінің басшысы Ғани Ахметбаевтың ақ батасымен циркке келген Бибі кастингтен сүрінбей өтеді.

Кастингтен өткен бірнеше жігіт пен Бибіні Жорабек Мұсабаев есімді шабандоз қол астына алып, цирк өнеріне баулып, жаттықтыра бастайды. Жастайынан ертоқымды қысып үйренген қыз үшін бұл таңсық кәсіп емес. Алайда білгенінен үйренетіні көп. Сондықтан күніне бес-алты сағат бойы жаттығудан жалықпайды.

Айжан Ермекқызы, toqtama.kz

1 comment

  1. Қанат Төребаев 10 Қазан, 2014 at 14:38 Ответить

    Биб!ге таудай талап, не б!р қанатты армандарының орындалуын т!лейм!н және әлем цирк ареналарын бағындырып, қазақтың даңқын шарықтата берс!н дейм!н!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.