«Болашаққа» 25 жыл. Қазаққа шетелдегі білім жат емес

34

Биыл «Болашақ» бағдарламасының жүзеге аса бастағанына 25 жыл толды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған бағдарлама арқылы бүгінге дейін әлемнің 35 еліндегі 170 Жоғары оқу орнынан қазақстандық 12,5 мыңға жуық жас шетелде білім алған.

Қазіргі кезде шетелде оқу, шетелде жұмыс істеу ешкімге таңсық емес. Өз күшімен барып оқып жатқандар да, «Болашақ» бағдарламасы арқылы барып білімін жетілдіріп жатқандар да жетеді. Дегенмен халықтың арасында «Шетелде оқу, сол елдің ділін бойға сіңіріп, батыстық берекетсіздікке ұрыну» дегенге саятын пікір бар. Оған да келісуге болады, себебі біздің халықтың бойындағы табиғи еліктеушілік қабілеті барлығын да талғамсыз игеруге құштар. Алайда шетелде оқитындардың барлығы да тегін жастар емес қой. Санасының саңылауы бар, ұлт пен ұлттың, мәдениет пен мәдениеттің ара жігін аша білетін жастағы азаматтар.

Стипендиаттарға елге келгеннен кейін бес жыл жұмыс істеу үшін міндеттемелерді бекітіп беретін шарттық база әзірленген. Үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітілді. Сонымен қатар 2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы ауылдық жерлердегі жастардың да оқуына мүмкіндік беріле бастады.

Бұған дейін 9645 стипендиант дайындалды, оның 2855-і – бакалавр, 4721-і – магистр, 135-і – аспиранттар мен интерндер, 121-і – доктор, 1813-і – тағылымдамадан өтуші болды. Түлектердің 52,6 пайызы – гуманитарлық салада білім алса, 38,2 пайызы – техникалық салада, 7,4 пайызы – денсаулық саласында және 1,8 пайызы – шығармашылық сала бойынша білім жетілдірді.

Сонымен қатар 1258 стипендиат оқыды, оның ішінде 21-і – баклавриат, 1072-сі – магистратура, 103-і – доктор, екеуі – аспирант, біреуі – клиникалық ординатор және 59-ы – тағылымдамадан өтті.

Білім алушылардың басым бөлігі Ұлыбритания мен Ирландияда (55 пайыз) оқуды таңдады. АҚШ пен Канададан 31,6 пайызы оқыса, алты пайызы еуропалық ЖОО-да оқуды қалады. Ресейден төрт пайыз білім алса, Азия мен Мұхит жағалауы елдерінде 3,4 пайыз жастар білім алды.

Осыдан-ақ әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да қазақ жастарын кездестіретініңізді бағамдай беруге болады. Елбасының, «Сапалы ұрпақ, сапалы болашақ кепілі» дейтін сөзін ойға алсақ, қазақ елі үшін, әсіресе жастардың қайдан болса да сапалы білім алғаны дұрыс екені айтпаса да түсінікті.

Олай болса, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқитын жастардың елге қайтуы мен өздері оқитын елдердің менталитетін бойына сіңіруі жайлы пікірге «Болашақ» түлектері не дейтініне назар аударсақ.

«Болашақтың» 2014-2016 жылғы түлегі, xалықаралық құқық және конфликтология магистры Самат Нұртазаның халықаралық стипендияға қол жеткізу үшін қандай қиындықты жеңгені жайлы пікірі болашақ «Болашаққа» түсуді армандағандарға арналады.

Самат Нұртаза: Әр емтихан мен үшін өз-өзіммен күрес болды

«Барлығы Еуропада оқуды рахат деп ойлайды. Рас, мен де 2014 жылдың 4 қаңтарында солай ойладым. «Болашақ» деген қалталы, ығай-сығай жастардың ортасы деп білдім. Және мен секілді жай адамдарға олардың ортасына түсу арман шығар деген түсінік бар еді менде. Соған қарамастан мен барлық емтихандарды тапсырып, бағдарламаның стипендианты атандым. Сонда ғана мен «Болашақ» бағдарламасының барлығына бірдей қолжетімді екенін ұқтым.

Ағылшын топырағына алғаш табаным тиген сәтте өз-өзіме «Самат, сен мұнда не істеп жүрсің?» деген сұрақ қойдым. Алайда барлығы кеш еді, артқа қайтатын жол жоқ. Мені алда «Рединг-Шеффилд тозағының» 9 айналымы күтіп тұр еді.

Мен «Болашақ» түлегі болу үшін 6 рет IELTS тапсырдым, алтауында да 6 балл алдым. Ал магистратураға түсу үшін IELTS-тың 7 баллы керек еді. Әр емтихан мен үшін өз-өзіммен күрес болды. Ақыры қоймай жүріп мен тиісті 7 баллды жинадым. Ол үшін Қанат Мыңшаловқа алғыс айтамын және оның жақсылығын ұмытпаймын.

Менімен бірге барлығын бір жылда меңгеретін 21-24 жас аралығындағы жалындаған жастар оқыды. Ал менің 32 жастағы қатып қалған миымның барлығының артынан жүгіруіне тура келді. Тіпті жастардың қатарына ілесу маған оңайға соққан жоқ. Қазір мұны мойындаудан еш қымсынбаймын. At least I tried дегендей ғой…

«Болашаққа» тапсырғанда сен өз үйіңді немесе басқа да бір жылжымайтын мүлкіңді кепілге қоясың. Бұл сенің мемлекет қаржысымен оқып алып, басқа жаққа қашып кетпейтіндігіңнің кепілі. Егер сен емтихан тапсыра алмай қалсаң, диссертацияңды қорғай алмасаң, Қазақстанға қайта оралмай қалсаң – мемлекет сенің үйіңді алып қояды. Бұл сен оқуға тапсырардың алдында жасалатын келісім шарт және «Болашақпен» оқығысы келетін кез келген жас осындай тәуекелге барады.

Менің Англиядағы оқуым, арасында біраз үзілісімен, жалпы 1058 күнге жалғасты. Мен жатсам да, тұрсам да Алматыда «Болашақ» ХБО-ға кепілге қойған пәтерімді ойлаумен болдым. Әр емтиханды, әр сынақты, әр эссені, әр IELTS-ты өз үйімді, өз отбасымды ойлап отырып тапсыратын болдым. Жігіттер, бұл шынымен үлкен уайым… сенің үлгеріміңнің төмендігінен болып отбасың пәтерден, баспанадан айырылып қалуы өте қорқынышты жағдай.

Ақыры мен Рединг-Шеффилд университетін табысты аяқтады деген құжатты алдым. Қолыма Succesful Completion транскрипті тиген кезде анамнан қайта туғандай күй кештім. Қазір екі туған күнім бар секілді сезінемін. Осы сәттерде мен Алматыға симай кеттім. Әлемді жаңғыртып айғайлағым келді. Сол сәттегі сезімімді өмірге сәби әкелген ана мен қолына сужаңа диплом алған «Болашақ» студенті ғана түсіне алады. Енді мен магистрмін және өз Отаным алдындағы қарызымды мақтанышпен атқара аламын. Бұл менің қолымнан келді!»

Самат Нұртазаның пікірінен «Болашақпен» оқығысы келетін жстардың бойында талаппен қатар жігер, жауапкершілік, отанға деген, отбасына деген сүйіспеншілік керектігін байқауға болады.

Ал тура осы секілді, University College London (Ұлыбритания) магистрі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Болашақ» бағдарламасының 2015-2017 жылғы түлегі Рахат Жақсыбайдың пікіріне қарағанда шетелде оқу, шетелде жұмыс істеу жас маманның болашағына жасалған сәтті қадамдардың бірі екенін көруге болады.

Рахат Жақсыбай: Глобализация бізді айналып өтпейді

«Шетелге азғантай күнге сапарлап барудың жөні – бір бөлек те, ұзақтау мерзімге оқумен барудың әсері мүлде басқа. Адам саяхаттап барғанда, қысқа мерзімде көп дүниені қамтып, көріп қалғысы келеді. Ал қандай да бір елде ұзақтау тұрақтасаң, ол халықты, қаланы, ортаны өз еліңмен, өз еліңдегі жүйемен салыстыруға көбірек мүмкіндік аласың. Артық тұстарымен бірге, кемшін жақтарын да байқайсың. Жұрттың менталитеті мен тұрмыс-салтының неліктен осылай екенін түсіне бастайсың. Ұзақ уақыт ішер ас, киер киім, жұтқан ауаң ортақ болған соң, бұл сенің де өз өзіңді ұстауыңа әсер етпей қоймайды.

Жастарды шетелге барып оқыту деген сөз бізден жақсырақ дамыған, үйренері бар, озық тәжірибесі бар елге бару дегенді қамтиды. Сондықтан, дамушы елге қарағанда көп дүниесі жолға қойылған дамыған елдердің жүйесіне икемделе бастағаныңды байқамай қаласың. Себебі, жас баланың да, жасөспірім мен жастың да мінез-құлқына әсер ететін үлкен фактордың бірі – орта.

Әр студенттің тұлғалық ерекшелігін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, әр елдің менталитеті оқуға барғандарға да әсер етеді. Мұны мен Америкада оқып келген достарымыз бен Англия көрген буынның арасындағы айырмашылықтардан байқаймын.

АҚШ жұрты қарым-қатынаста ашықтау, ал аралда орналасқан британ халқы консервативті, тұйықтау келеді. Сосын адам өзі елінен жырақ болғанда, патриоттық гармондары арта ма, әйтеуір, қазы-қартаның қадірін түсініп, құрт-ірімшікті сағынып дегендей сезімдерді бастан кешіріп жатады.

Қазіргі уақытта әлем үлкен бір ауыл сияқты. Бір елден бір елге өту, саяхаттап барып жер тану, келесі елге оқуға барып, тағы бір басқа мемлекетке барып жұмыс жасау әлем халықтары үшін қалыпты құбылысқа айналды. Глобализация бізді де айналып өтпейді. Әрине, білім алып, мемлекет қаражатын өтеген соң, кім-кімнің де өз Отанында қызмет еткенін құп көресің. Ең кем дегенде, шетте жүріп, елді мінеп, сырттан жамандамаса екен дейміз. Бірақ белгілі бір тәжірибе алу, оқыған теориясын нақты практикада білу және кейін оны елде қолдану ниеті болса, оны айып санау қиын. Жыл, жыл жарым тәжірибе үшін мен өзім де сыртта жұмыс жасап көруге қарсы емеспін».

Рахат Жақсыбайдың пікірінен «Болашақ» арқылы болашақ көштен қалмау керектігін болжауға болады. Иә, қазіргі қоғамда шетелде оқу үшін байдың баласы болу керек деген түсінік бар. Рас, Қазақстандағы қалталылардың барлығы баласын шамасы келсе шетте оқытуға тырысады. Бұл еліміздегі білім саласын менсінбеушілік деуден аулақпыз, әрине, дегенмен қарапайым халықтың баласы да шеттен білім алуға мүмкіндігі бар екенін ұмытпаған абзал. Және қазақ баласы шеттен білім алса – сол елдің менталитетіне, сол елдің болмысына бет бұрып кетеді деген фобиядан арылатын кез жеткен секілді.

Сондай қарапайым отбасынан шыққа Әйгерім Тәленнің пікірі қазіргі жастарға ой салары анық.

Әйгерім Тәлен, ЕҰУ магистрі: Қазақты әлемге таныту үшін әлеммен бірге болу керек

«Мен биыл ЕҰУ магитратурасының бірінші курсында оқимын. Алдағы уақытта білімімді «Болашақ» бағдарламасы арқылы жетілдірсем деген ойым бар. Сол үшін қазір мүмкіндігінше ағылшын тілін игеріп жатырмын.

Иә, шетелде оқу оңай болмасын түсінемін. Дегенмен алдыға қойған мақсатқа жету үшін барлығына дайын болу керек. Өз ортамдағы жастардың көбі шетелде оқуға құштар. Бірақ көбінің мүмкіндігі бола бермейді. Және «шетелде тек қалталылардың баласы оқиды» деген түсініктің көбесін сөге алмай жүргендер де аз емес. Бірақ білімің болса, ел оқыған Окфорд, ел оқыған Кембридж университеттеріне неге оқуға түспеске.

Осы орайда, шетелде оқыған студенттер сол өздері оқыған елдің болмысына қарай бейімделіп, қазақылығынан алыстап кетеді деген пікірге тоқталғым келеді. Мен шетелде болып көрген жоқпын, алайда барлығы өз бойыңдағы қазақы қасиетіңе тікелей байланысты деп ойлаймын. Әрине, араласатын орта, күнделікті тұрмыстағы байланыс, бәрі де өз ықпалын тигізері сөзсіз, бірақ түбегейлі сол елге ауып кетеді деген ұғым, меніңше қате.

Ал сол жақта қалып жұмыс істеу бойынша, несі бар, істеуге болады. Қазақтың қолынан қой жаюдан басқа да тірлік келетінін әлем білуі керек. Ол үшін сол ортада, өздерінің ішінде жүріп таныта білу керек деп ойлаймын. Неге қазақ баласы әлем таныған алып компанияларда жұмыс істемеске. Ал мұндай мүмкіндікті «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы алуға болады».

Қазақ ғылымы, қазақ болмысы, қазақ ұлттық дүниетанымы ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. 300 жыл ипериялық езгіде, 70 жыл Кеңестік кергіде болса да өз болмысын жоғалтпаған, жоймаған ел. Мұндай тар кезең, теперіш көрген дәуірде барынан айырылмаған халық, бүгінгідей бейбіт заманда барын бағалап, байлығын еселеп, білімін үстем етер сөзсіз.

Ержан Жаубай, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.