КӨКПАР ИНДУСТРИЯСЫН НЕГЕ ҚҰРМАЙМЫЗ?
КӨКПАРДЫҢ МИЛЛИАРДТАРЫН НЕГЕ КӨРМЕЙ ОТЫРМЫЗ?
Кім айтты көкпаршылар әрі-бәрі андыздап шаба береді деп?
Кім айтты көкпардың өз Марадонасы, өз Мессиі жоқ деп?
Кім айтты көкпардың айналасында футбол сияқты миллиардтаған қаржы жоқ деп?
Мынау қарапайым бейнетаспаны қараңыз.
Енді осыны өзінше баяндап бере алатын комментаторлар мектебін қалыптастыру керек. Олар көкпардың тактикасы мен дриблингін өзінше түсініп, өзінше суреттеп отырса қандай керемет болар еді?
Баяғы, 90-жылдардың ортасындағы «Көкпар тойы — «Тайбурылда» біз соны қалыптастырғымыз келген. Бірақ, заманның қиындығы болашағы үлкен жобамыздың желкесін қиып жіберген еді.
Жалпы, көкпарды теледидарға түсіру, оны көрсету технологиясы да мүлде басқа болуға тиіс. Көкпардың тартысын алаңның тура төбесінен бірнеше камерамен түсіру керек. Сонда ғана біз көкпаршының қандай маневрлар жасайтынын, қандай командалық ойын екенін нақты көрсете аламыз. Қазір компьютердің күшімен түрлендіріп, қолма-қол графика мен кестеге айналдырып, жандандыруға болады. Қазір қиялың ұшқыр болса, ештеңе қиын емес. Ұшып жүретін камералар бар. Технология өзі-ақ түрлендіріп жібереді.
Ал, біз кезінде алаңның шетіне бірнеше кран, өрт сөндірушілердің баспалдағын қойып қиналып едік. Кран қоюға болмайды екен: аттар екпінмен машинаға соғылады. Өрт сөндіруші баспалдағы алыс қалып қояды. Мақсатымыз: салым түсетін жердің тура үстіне камера іліп қою болған. Қазір ондай мүмкіндік бар. Сондықтан да телекөкпар ұйымдастыратын жігіттер, көкпарды үлкен спорт пен үлкен бизнеске айналдырамыз, ел қолма-қол ақша тігетін пайда көзіне айналдырамыз десеңіздер — ізденіңіздер. Заманауи техникалық мүмкіндіктер тұрғысынан қараңыздар. Испанияның корридасының деңгейіне жеткізуге әбден болады.
Сіздерге өтірік, маған шын, сол 90-жылдардың өзінде «Тайбурыл» ұлттық ат спорты бағдарламасы Қазақстан телерадио компаниясына қаржы жаудырып, капитализмге бейімделіп үлгермеген біздің қаржы мен пошта жүйесі не істерге білмей малтығып қалған. Бухгалтерия тұтасымен бір апта күндіз-түні жұмыс істеді. Өйткені, салым тіккендердің әрқайсын есепке алуға тиіс болды. Мал ашуы — жан ашуы. Ақша бар жерде — дау бар. Сондықтан әр тиынды есептеуге тиіс болды. Ақыр-аяғында «қайдағы жоқты шығардыңдар» деп өзімізге қиғалақ салған. Ал, қазір, капиталистік жүйе қалыптасып болды. Есеп-қисап жүйесі — тастай. Компьютер бәрін өзі есептейді. Тек тың ізденіс пен аз-маз бас қатыру керек.
Сонда сіздер бұл ұлттық спорттың дамуына тың импульс, қуат бересіздер. Онда көкпар бір темір көлік пен бір түйеге талас емес, миллиардтаған қаржы айналып жататын үлкен индустрияға айналатынына сенімдімін. Өйткені, біз соны түртпектеп, қаржы мұхитының жағасын жалдап қайтқан болатынбыз.
argymaq.kz