Торытөбел айғыр

327

(Деректі әңгіме)

«Ор-ор қоян, ор қоян, ор қоян атты бір қоян» деп Шалкиіз жырау сөзіне арқау болған биылғы қоян жылы кәміл осы «ор қоян жылы» секілді, себебі таулы жерге қар аз түссе, ойлы, ойпатты далаға мол жауып, дүние аққа оранған.
Алмалының атпал азаматы Батырғалиға бұл келген қыстың сыңайы да сылайы да әбден ұнаған. Бұйырса, қаракерін еріттеп қалмақ қырына, Тәжтарханға (Астраханға) қарай кезекті жорығына тартпақ.
Қансонарда аңшының делебесі қозса, Батырғалидай тақымы мықты ердің барымташылық қасиеті қозып, жанына маза бермейді. Содан келісті күні жаратулы атына мініп «Ұры өз малын ұрлайды» деген, мен сол өз малыма кетіп барамын» деп дегбірін алған жазғырушы ойға, яғни өз-өзіне «күңк» етті де, онсыз да бір орында тыпыршып тұра алмай оқыранып тұрған қаракеріне қамшы басты. Үйреніп қалған қыр-қабақ, жол-жотамен жортып отырып, көңілі межелеген шақта қалмақтар қоныстанған елдің бір бүйірін басты.
Бұғалық қылар қылдан ескен арқанын бір тексеріп алып, ұйтқыған қарға толып, ат жүргізбестей болған ойпаңды айналып, қабаққа шыққанда аңғарды, етекте бірнеше үйір қылқұйрық алаңсыз тебіндеп жүр екен. Төңірегін байыптап қараған, қарауылшы адамы, бірде-бір жылқышының қарасы көзіне шалынбады. «Құдайым, ұрыға мал көп деген. Әрі, ұсталмаған ұры емес. Сен салдың, мен көндім. Ал ендеше! Қанды басың бері тарт! Әп!» деп әдетінше аруақтана күңк етіп, қаракерін тебініп қалып, етектегі көп тұяққа тура тартты. «Бәйтерек» деп ұрнадап, атқа қонып, күн-түн жортқан Батырғалидың бұған дейінгі барымтасының барлығы да осы түз баласы қара қалмақтың малынан енші. Өз қандасынан мал ұрлап, жаман атқа ілігіп көрмеген басы бұл жолы да жолым болады деген сеніміне бекіп, соған көңілі иланып, көлденеңнен кедергі, тосыннан жау күтпеген.
Қоғалы көл, қом сулы өлкенің қаңтардағы ақ қар, көк мұзды табанын кешіп, небір семіз жылқыға маңайламаққа ұмтыла түскені сол еді, үйір ішінен жал-құйрығы жайылған, төрт аяғын тең басқан, есік пен төрдей тор төбел айғыр барымташының жолын кес-кестеп, ойнақши қозғалып, көлденеңдеп шыға бергенін қарашы. Батырғалидың екі көзі алдындағы айғырда.
«Қайдан пайда бола кетті өзі?! Қас тұлпар екен!» деп сілекейі шұбырып, сүйсініп, оң қолының тақымбасарда жатқан бұғалыққа барып қалғанын да байқамады. Есіл-дерті – тор төбелде, ал қолы қыл бұғалықты шынтақтан айналдырып, ұрымтал тұста лақтыруға ыңғайланған. Өзі де бар денесімен бұрылып, оқ жыландай оқталып, айғырдың жұп-жұмыр ұзын мойнын көздей берген. Қыл бұғалық ұшты! Айыр тілді қара жыландай ауада шиыршық атқан бойы асау айғырдың мойнына сылқ етіп киіле қалардай төніп барады.
«Дүрс-дүрс-дүрс!..» Жүрек соғып тұр. «Солқ-солқ-солқ!» Өне бойда қан тасып, күре тамырлар білеуленіп кеткен. Алда болар қызықтың көкесін көруді жер-дүниеден қызғанған көз нысанасына найзадай қадалған! Келер сәтте бәрі бітеді. Барымташының қарақошқыл өңінде кезекті жеңіс күлкісінің де табы жүгірердей. Кенет келер сәтте айғыр басын бұғып қалды. Бұғалық былқ-сылқ етіп, әлгі Мұса пайғамбардың алдында бар күшінен, арбау-алдауынан айырылған перғауынның жетпіс мың сиқыршысының ала жібіндей шатасып, қарға тұншықты.
«Ей, мынау қайтеді?» деп жігіт бұғалығын жинай беріп, екінші қайтара лақтырды, болмады. Нағыздың өзі екен. Батырғалидың астындағы қаракер де белді, жүректі жануар болатын. Бірақ маң далада, қалмақ қырында кездескен мына тор төбел айғырдың тұрқы бөлек, тегеуріні тым күшті, ал жүрегі қас батырдың жүрегіндей екен. Тістеп, шайнап, теуіп, турап тастайтындай тарпаң-тарпаң басып алапат айбат шегеді. Тарс та тұрс ұрған сом тұяқтарынан тоң боп қатқан Еділдің жері шатынап, жарылып кетердей солқ-солқ етеді. Не керек бұларды жылқыға маңайлатар емес. Әріде алаңсыз тебіндеген үйір мұндайға үйренген секілді, болып жатқан ақ тер, көк тер арпалысқа бейжай қарайды, тіпті мән бергілері жоқ, бастарын жерден алмай, тұяқтарымен қатты қабатты түрткілеп, тепкілеп, қорек тапқандарына тәнті.
«Жоқ. Бұлай болмайды. Сенің ысық Батырғали екенің рас болса, онда сырты түк, іші боқ бір жаман жылқыны ала алмай тұрғаның барып тұрған ұят. Қой, бірдеңе қыл, енді, бұлай жарамайды» деп өз-өзіне күңкілдеп жүрген жігіттің мысы құрымаса да істерге ілкімді амалы таусылды. Сәл қиғаш бұрылып, үйірге қарай аттаса, болды, оқыранып жеткен айғыр шапшып, тұяғымен теппекке, тісімен қыршып, бір шөкім етпекке ұмтылады. Қаркер мықтап қорқып қалған. Алға қамшыласаң да баспайды. Жүз қайтара сілтесең де бостан басын бұғалыққа алдырмайтын, құрулы қақпанға құрсағынан шалдырмайтын мұндай періні, асау айғырды өмірінде бірінші рет көріп тұрған барымташы біраз уақытын жоғалтқанын ұқты. Енді кешіксе, қалмақ жылқышылары келіп, өзін ұстап алуы да ғажап емес. Сонда елге құр қол қайта ма? Батырғали Батырғали болғалы қашан құр қол қайтып еді? Елдің де, ердің де есінде жоқ. Бұл жолы да ойлағаны болады. Алдында тұрған адам емес, төрт аяқты мал емес пе? Малдан ақыл, малдан айла асыра алмау не деген сорлылық?
«Жоқ, бұлай болмайды! «Тышқан құтырса мысық бар, адай құтырса ысық бар» демеуші ме еді бұрынғы аруақты аталарымыз, сенің алдыңда тұрған бар болғаны жылқы малы, ешқандай жын-пері, не сондай ақыл-айласы асқан адам емес, қайдағы бір мал, ендеше сенің салың суға кетіп, бұл не тұрыс?» деп өз-өзін қайраған Батырғали атын тебініп, қамшымен сауырынынан аямай тілгілеп, бұғалықты тор төбел айғырға және бір қайтара лақтырды.
«Осы жолы түседі. Осы жолы түспесе, онда мені қара басқаны. Қанды басың бері тарт! Өй, әкеңді! Мынау қайтеді-ей!» деп серек құлағын қыл бұғауға сипатып қана өтіп, арқырай кісінеп, өзіне қарай атылған тор төбел айғырдан әбден көңілі қалардай қажу көрген барымташы еріксіз кейін қашқан қаракерін боқтап, не қыларға білмей пұшайман күйге түсті. «Мынаны ешкім көрмесін. Айғыр емес, пәле ғой өзі. Алдырмайды, пәтшағар. Қарай гөр, өзінің мықтысын» деп сөйлеп жүріп, ақ тер, көк тер болған Батырғали «енді не істесем екен?» деп тұрғанда тор төбел айғыр танауынан от құсқандай оқыранып жіберіп, ойқастай билеп барып, үйірді жарып өтіп, қайқиған күйі әлдеқайға шауып кете барды.
«Деліқұлы, кеттің бе? Кет, кет, керек едің сол» деп қойып, барымташы жылқыға жақындап барды да, көзіне түскен бірнешеуін бұғалықпен ұстап, тұқыртып, байлап, бір шетке шығарып жинай берді.
«Бәсе, Батырғалидың бұғалығы қашан мүлт кетіп еді? Бір тастағаннан небір асауды қылғындырып, тақымына басқаннан тыпырлатпайтын ердің сойы емес пе?! Өз-өзіне келіп, кім екені есіне түскендей қоқиланып, қомданып, олжасын алтаудан асырып, жетінші жылқыға, бір сүліктей қараға қол салып жатқанда сонадайдан айғырдың кісінегені, оған қабат бірнеше қалмақтың «қиқулап» дойыр-сойылдарын толғап, бермен қарай қаптай төніп келе жатқанын көрді.
«Е, сен айғырды қайда кетті десем, барып жылқышыларды шақырып келген түрің бе бұл? Өй, әкеңді!» деп әлгінде ғана бітімімен көз-көңілін көгендеп, одан өзін әбден қан сорпа қылып шаршатып, енді қожайындарына хабар салып, өзі бастап алып келе жатқан тор төбел айғырдың ызасы өтті. Ойлануға мұрша жоқ. «Байтал түгіл бас қайғы». Жылқыны тастап, астындағы қаркерін «шу, жануар» деп басын Жайыққа қарай бұрып, тебініп қалуы мұң екен, онсызда осы арадан «қарамызды батырғанымыз жөн» дейтіндей келгеннен күйі келіспей, тор төбел айғырдан ыққаны үшін иесінен қамшы жеген қаракер көсіле шапты. Қуса құтқармаған, қашса, ұстатпаған сенімді серігіне «қиқулаған» көп қалмақтың жете алмасын біледі. Ақ қарды бұрқырата жарып, оқтай озған атын енді кім тоқтатады? Ешкім де!
«Олжадан қағылсақ та қолға түсіп, қор болмаймыз» деп атына жабысып, артына да қарауға пейілі болмаған барымташы қаптал тұсынан танаулатып кеп пысқырып, алдын орай беріп, шабынып, не тісімен, не тұяғымен алмақ болған баяғы тор төбелді көріп, әбден састы.
«Өй, пәлі, деліқұлы! Сен қайдан шықтың тағы? Бүгін ажалым сенен болатын болды ғой. Құрып кеткір. Жынсың ба, перісің бе? Жылқы болып кісінеп, кісінің есін алған не пәлесің өзің?». Қаркер шабысынан жаңылып, айғырдың арбауына түсіп, алға аттап басар емес. Арттағы қуғыншылардың дауысы үдеп барады.
«Алда-жалда қалмақтың жылқышылары қуып жетсе, онда елге оралу болмас, «ата жауым» деп кәлламды қағып, сырыққа шаншып, денемді қарға-құзғынға жем қылып, ит өліммен еншілер. Не болса да бір амалын таппасам, болмайды» деп жаны қиналып кеткен Батырғалидың қолы тағы да тақымдағы қыл бұғалықты іздеп кетті. Қаркердің мысын басып, тұяғымен жер тарпығанда қасат қарды бұрқырата шашып, оқыранып, олай-бұлай тербеле қозғалып, «сендерді тырп еткізбеймін» деген өзіне деген тастай сенім барын байқайсың. Барымташының ерні жыбырлады. Күбірлейді. Тәңірден қуат сұрағаны шығар. Ал оң қолының шынтағы мен алақаны арасына бұғалықты айналдырып жатқан сол қолында тыным жоқ. Көзі айғырдың қимылында. Соңда айқай. Қиқулап төнген көп қалмақ. Батырғали «Бәйтерек» дей беріп, бұғалық лақтырғандай қимыл жасады. Айғыр басын тұқырта беріп, жалтара ойқастады. Осы қимылын екі-үш қайтара қайталап, тор төбелді еріксіз шетке ығыстырудың сәті түсті. «Батырға да жан керек» деген, қанша жүректі болса да тор төбел айғыр қыл бұғалық мойныма түсер деп шегіне-шегіне, айлалы барымташыға жол берді. Қалмақтың қарасы жақындай бергенде қаркер де заулады дейсің. Тор төбел айғыр тағы да соңдарына түсіп, жетіп қалғанмен бұл жолы қаракер күш алды. Атқан оқтай зымырап, қуғыншыларға жеткізбей кетті. Қиқу саябырсығанда Батырғали да бойын тіктеп, кейінге қарайлаған. Тор төбел айғыр тұяғымен жерді тесердей «тарс» еткізіп ұрып қалып, арқырай бір кісінеп жіберіп, шалт бұрылып алып, қалмақ жылқышыларына да қарамастан үйіріне қарай қайқайды.
«Екі ысықтың біреуін ұрлықтан көресің» дегенді айтқан көненің қарттары. Барымташы Батырғали да сонау 1951 жылғы, қазақы жыл қайыруда сол бір «қоян жылғы» оқиғадан соң Астрахан жағына, қалмақ қырынан жылқы барымталауды сап тияды. Оған бұл кәсібін тоқтатуға бірден-бір себеп болған тор төбел айғыр. Маған осы хикаяны журналист бауырым Нұртас Сафуллин айтып берген болатын. Ал оған сол Батырғали қарттың көзін көрген әкесінен естіген баласы, бұл күнде Нұртаспен көрші тұратын Қарауылтөбенің тумасы (Ақжайық ауданы, Тайпақ ауданының) әңгімелепті. Иә, Нұртас бауырым айтқандай барымташыға сүйген кәсібін қойғызып, тәубесіне түсірген тор төбел айғырды «әулие айғыр», «айғырдың әулиесі» десе де болғандай екен.
Алла-Тағала тақымынан бұғалық кетпеген, қанжығасы қаннан кеппеген барымташыны текті жануармен тоқтатпаса, ол сексеннің сеңгіріне жетіп, құбылаға басын қоймас еді. Иә, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, біздің әңгімемізге кейіпкер болған текті жануардың әлі де мықты, хәлі де мықты. Ол бір жануардың қас тұлпары, тектінің тектісі екен, жүрегін хаһқа байлаған.

Мұнайдар Балмолда,
Argymaq.kz

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

buy windows 11 pro test ediyorum