Атты тур. Алтыншы күн. Теңдіктің текті жұрты

3330

26 маусым, сәрсенбі. Сәрсенбінің сәтіне Қарабұлақтан аттандық. Дәуіт ағамыз бен Қарлығаш жеңгеміздің ақжарма пейілі мен ақ дастарқанына алғысымызды айтып, Теңдік-Қараши бағытына жолға шықтық.

Бұл Арқадағы әсем табиғатымен талайды тамсандырған Баянауыл ауданының аумағында орналасқан. Негізі таулы, нулы алқап. Баянауыл таулары батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырым. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерімен шектесіп жатыр.

IMG_2135.jpg

Айтпақшы, бұл киелі мекен жайлы әйгілі Асан қайғы: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам, бір жұма айналар» депті дейтін аңыз да бар.

Асан баба айтса айтқандай, шұрайлы мекен, шырайлы дала. Қараши өңірі Қарабұлақтан небары 45 шақырым ғана жерде. Тіпті атпен тіке тартқанда 40 шақырмға жетер-жетпес жер.

Бүгін біздің қатарымызға «Киелі Қазақстан» экспедициясының мүшесі Руслан Төлбаев пен алматылық блогер Ұлан Әлімбек қосылды. Екеуі де алғаш рет атқа мініп отыр. 45 шақырым жол оңай болмасы анық, дегенмен жігіттер шыдайтындарын айтты.

Сол көсіле жатып, көз сүріндірер бұдыры жоқ Арқаның кербез даласында ат суарар суат табу қиын.

IMG_2033.jpg

Алайда Теңдік ауылына 10 шақырым қалғанда жол бойында тағы бір қопалы көлге тап болдық. Шалғынын жапыра, суын сапыра жүзген бір үйір жылқы жүзген көлге біз де ат суаруға тоқтадық.

WhatsApp Image 2019-07-03 at 15.15.07.jpeg

Теңдік ауылына бес шақырымдай қалғанда алдымыздан Баянауыл ауданының әкімі Оразкелді Қайыркелдиев қарсы алды. Аудан аумағына келген сапарымызға сәттілік тілеп, ауылға қонақ болуымызды өтінген әкім Теңдік ауылына дейінгі жолды бізбен бірге атпен жүрді.

IMG_2051.jpg

Ауылға кіре берісте жабулаған жүйрігіне мініп, немересін алдына алған ауыл қариясы күтіп алды.

IMG_2071.jpg

Ал ауыл ішіне кіргенімізде ақ орданы тігіп тастап, ақ дастарханын жайып тастап, әні мен күйін күмбірлетіп, ақ шашуын шашқан ақ әжелердің ортасынан бірақ шықтық.

IMG_2096.jpg

Теңдік ауылы ауыз-екі тілде «Теңдік» аталып кеткені болмаса, ресми атауы – Мұса Шорманов ауылы. Әйгілі Шорманның Мұстафасы осы ауылдың аумағында дүниеге келген. Бейіті де осында.

IMG_2077.jpg

Жолсоқты болып шалдығып келген экспедиция мүшелері шай ішіп, жайланған соң, ауылдық мәдениет үйінде орналасқан Мұса Шорманов атындағы музейді араладық.

IMG_2104.jpg

Одан кейін ауыл шетіндегі Шормановтар әулетінің бейітіне барып құран бағыштап қайттық.

Осылай ауылдағы мәдени ошақтарды аралап, бейіт басына барып жүргенде күн ауып кетіп, жоспардағы Қараши ауылына жүру ертеңге қалды. Теңдіктің дәмі жібермеді бізді.

vo3ojKEz.jpeg

Ертеңгі сапар – Теңдіктен шығып Бұқар жырау Қалқаманұлының басына барып, одан кейін Жаңатілек ауылына жол тарту болмақ.

Құрметті оқырман, 21-29 маусым аралығында өткен «Киелі Қазақстан» экспедициясының күнделік-барысын атпен жүрген уақытта интернет желісінің және байланыстың нашарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына жетіп алған соң беріп жатқаным үшін журналист ретінде кешірім сұраймын. Дегенмен, сапар барысын толықтай оқитын боласыздар (автор).

Алғашқы күннің қорытындысы мен екінші күннің қызықтарын және үшінші күн мен төртінші күнніңбесінші күннің жолжазбасын осы жерден оқыңыздар.

Ержан ЖАУБАЙ, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.