Айдаһарлы аңызы

265

Қорғалжын топырағына табаным тигені бұл бірінші рет емес. Осыдан біраз жыл бұрын журналистік сапармен Баршын, Қарақасқа төңірегіне бір келіп кеткемін. Одан кейін Астанадан Қорғалжынға, Қорғалжыннан Астанаға екі рет атпен сапар шектім.

Соңғысы COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған уақытта, жазғасалым ат ізін салып едік. Сонау Сұлтанкелдіден бастап, Қақай, Асаубалық, Теңіз, Шолақ, қатарлы біраз көлді аралағанымыз бар.

Одан соң Қылыш Ақбекетұлының ұрпақтары бабаларына ас беріп, баба зиратының аумағындағы қоршауды жаңартқан кезде жолымыз түскен. Оған себеп біраз жылдан бері қамқор аға болып, үнемі ағалық ақылын айтып, үзеңгілес болып жүрген Қасен Кәрітайұлы ағамның өтініші еді.

Енді міне, қасиетті Қорғалжын, тамыры терең Талдысай, құдіретті Қылыш жеріне тағы жол түсті. Бұл жолғы сапардың жолы да жөні де бөлек. Қасымда әйгілі спорт журналисі, қаламы жүйрік жазушы Қыдырбек Рысбек, этнограф-журналист Төлеген Жәкітай және біз мінген көлікті тізгіндеген ақпейіл іні – Нұрлыбек бар.

Қыдырбек ағаның да, Төлеген ағаның да түп-төркіні осы Қорғалжын өңірі. Екеуі де мына тұрған Керейдің іргесіндегі Жанбөбектен шыққан азамат. Ал біздің сапарға шығуға түрткі болған Айдаһарлы үңгірі. Оған да «күн жылып, жер қарая келіңдер, өзім апарып, көздеріңмен көрсетейін» деген Талдысай өңірінің ақсақалы, осы ауылды ұзақ жыл басқарған азамат Рысбай Жүнісов ағамыз.

Сонымен мамыр туа атбасын Қорғалжынға, анығы Талдысай, Қылыш алқабына бұрдық. Көзі қарақты адамның бәрі білетіндей, Қорғалжын өңірі – құс базары. Әлемдегі құс көшінің санаулы жолының бірі осы өлкенің үстімен өтеді. Көктем мен күзде бұл төңіректе нағыз дырду басталады. Бізден басқа ел болса бұл жерді нағыз туристтік хан-базарға айналдырар еді. Біздің мойнымыз жар бермей ме әлде салақтығымыз ба, әйтеуір сәп салмадық. Сол салақтығымыздан үлкен туристік мүмкіндіктен айрылып отырмыз. Бұған Қыдырбек Рысбек ағамыз қатты қынжылды жол бойында.

Кезінде Теңіз ауданына қарап, одан кейін аудан ыдырағанда Қарағанды облысының Нұра ауданына бағынған шағын ауыл Астанадан 300 шақырымға жуық. Ал аудан орталығы Киевка кентінен 250 шақырымға жуық. Егер ауылды Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қаратар болса, ауыл мен аудан орталығы екі есеге жуық жақындар еді. Біздің елде мұндай ақылға сыйымсыз аралықтар көп. Ол бөлек әңгіме.

Астанадан түске таласа шығып едік, екінті ауа Талдысайдағы Рысбай ағаның үйіне жеттік. Ағаның үйі – ақжайлау. Жеңгеміз ақ дастарханын жайып, күтіп отыр екен. Бұл күні аяқ суытып, арғы-бергіден әңгіме айтып демалдық та, ертеңінде Айдаһарлыға бару үшін ертерек жатып қалдық.

Біз тұрғанда жеңгей таңғы асты дайындап, жол қамын реттеп қойыпты. Жуынып-шайынғаннан кейін дастарханға отырып, қазіргі жолдың барысын сөз қылдық. Талдысайдан Айдаһарлы үңгірі 25-30 шақырым жерде екен. Ортада Жақсыкөн өзені жатыр. Көктемгі уақыт болғандықтан өзен суы едәуір терең. Дегенмен жылдан-жылға азайып келеді дейді Рысбай аға.

Сонымен жолға шықтық. Бұл төңірек түгелдей Рысбай ағаның меншігіне қарайды. Ол туралы Рысбай Қошмағамбетұлы егжей-тегжейлі айтты.

Біз Астанадан мініп келген жеңіл көлігімізді Рысбай ағаның үйінде қалтырып, Айдаһарлыға баруға ағамыздың жол талғамайтын көлігіне отырдық. Жақсыкөн өзенін жағалап, оңтүстік батысқа қарай жылжыдық. Жол бойы Сарыарқаның сайын даласы жайлы, ондағы аңыз-әңгімелер жайлы сөз болды.

Үңгір Жақсыкөн өзенінің арғы бетінде екенін бағана айттық. Енді өзеннен өтетін өткел іздеп келеміз. Рысбай аға көлігімен бір өткелге әкелген еді, бергі шеті жайдақ болғанымен, шығаберісі жарлауыт, суы да тереңдеу көрінді. Содан Талдысай совхозының үшінші бөлімшесі аталған Шөптікөл ауылының жұртына келдік. Сол жерден өзеннен өттік.

«Қандай тамаша ауыл еді. Мына жерде кеше ғана би кештері өтіп, мектебі мен кітапханасы, емханасы мен ауыл клубы жұмыстап тұрды дегенге кім сенеді? Айналасы 25-30 жылдың ішінде мұндай қираған ауыл көбейбі ғой елімізде» – деді жолбасшымыз көңілі қоңылтақсып.

Жол бойынан байқап келеміз, өңірде тарихи орындар көп. Әсіресе сынтастар, балбалтастар молынан кездеседі. Бұл турал белгілі ғалым Жамбыл Артықбаев бір мақаласында:

«Егер сіз Астанадан Айдаһарлы үңгірін іздеп жолға шықсаңыз, алдымен Қорғалжынға соғасыз, одан Талдысай ауылына баратын жолды сұрап анықтап алуыңыз керек. Ертеде Талдысайдан әрі Шөптікөл аталатын кішкене ауыл бар болатын. Жан-жағы толған ескерткіш. Сізге, әсіресе, Талдысай мен Шөптікөл арасында бірнеше шақырымға созылып, қатар-қатар жатқан көне түркі дәуірінің сынтастары әсер етпей қоймайды. Шөптікөлден әрі Жақсы Көңнің бойын өрлей жүрсеңіз, өзеннің сол қабырғасында, төбенің баурайында Айдаһарлы үңгірі кездеседі» – деп жазады.

Айдаһарлы үңгірінің қос ауызы

Біз де сол тарихшы ағамыз жазғандай, Жақсыкөн өзенін жағалай жүріп Айдаһарлы үңгіріне жеттік.

«Айдаһарлының аңызы әр түрлі. Есте жоқ ерте заманда осы біз тұрған Айдаһарлы үңгірін бір алып айдаһар мекен еткен екен. Ал жаңа осында келе жатқанда көрдіңдер, жолда Құдайберлі деген тау бар. Сол Құдайберлі тауын Құдайберлі деген хан мекен етіпті. Құдайберлі мен айдаһар екеуі дос болыпты. Бірде аң қуып жүрген Құдайберлінің баласы айдаһардың құйрығын шауып алыпты. Ашуланған айдаһар баланы жұтып қойған екен. Содан екі дос араздасып: «Бұл өңірге екеуіміз симаспыз. Мен құйрығымды ұмыта алмаспын, сен балаңды ұмыта алмассың» – деп айдаһар басқа жаққа ауып кеткен дейді ежелгі аңыз» – деді Айдаһарлы үңгірінің «түндігінде» тұрғанымызда Рысбай аға.

Құдайберлі тауы

Осы жерде оқырмандарға тарихшы Жамбыл Артықбаев ағамыздың мақаласынан Айдаһарлы аңызына қатысты шағын үзінді бере кетуді жөн көрдік.

«…Жергілікті қариялар ықылым заманда Айдаһар бұл өңірдің иесі де, киесі де болған екен-мыс дейді. Осы қамқорлығы үшін Құдайберлі аталатын бай жылына Айдаһарға деп бірер жылқыны сыбағаға алып келеді екен. Айдаһар мен Құдайберлінің достығы көп жылдарға созылады. Жылдардан жыл, айлардан ай өтеді, бір жылы Құдайберлі уақытында Айдаһарға сыбағасын жеткізбейді-мыс. Жақсы Көңнің жағасында, биік төбенің басында Айдаһар досын көп тосып қалады. Қарны ашып, досына ашулы жатқан кезінде Құдайберлі байдың баласы аң қуып жүріп Айдаһардың алдына келіп қалады. Айдаһар оның досының баласы екенін таныса да, ашуын баса алмай ат-матымен жұтып қояды-мыс. Күндерден күн өткенде Құдайберлі баласын іздеп жолға шығады. Бір пәле келсе осыдан келді ғой деп, Жақсы Көң бойындағы үңгірге жақындаса, Айдаһар төбенің басында жатыр екен, Құдайберліні көре сала үңгірге ұмтылады. Құдайберлі үңгірге бар екпінімен шауып келіп, айдаһардың құйрығы үңгірге жаңа еніп бара жатыр екен, қылышымен шауып жіберді дейді. Содан бір мезгілде Айдаһар үңгірдің ішінен «Сен Құдайберлі балаңды ұмытпассың, мен құйрығымды ұмытпаспын, осыменен қош-сау бол» деп дауыстап, енді қайтып жер бетіне шықпады дейді» – деп келтіреді Жамбыл Артықбаев өз мақаласында.

Айдаһарлы жайлы тағы бір аңыз ұжымдық авторлықпен жарық көрген «Ұлытау-Жезқазған өңірінің жер-су атаулары» кітабында былайша сипатталады:

«Кезінде бұл жерді Арғын-Алтай-Қалқаман руының Құдайберлі деген байы мекендепті. Байдың сауықшыл, саятшыл баласы болыпты. Көң өзенінің бойы аң-құсқа толы. Осы арада аң аулап, құс атып жүрген бай баласы өзенге төніп тұрған биік жотаның тұмсығында жалтырап жатқан затты аңғарады. Барып көрсе, үңгірде жатқан айдаһардың құйрығы екен. Шығып жатқан құйрықты алмас қылышымен кесіп алады. Ызаланған айдаһар үңгірден шығып, баланы жұтып қояды. Құдайберлі бай баласын іздеп жүріп өзінің досы айдаһардың үңгіріне келсе, үңгір бос, шабылған құйрық қана жатыр. Бай баласының өлімі айдаһардан болғанын біліп, аза тұтып, жатып қалады. Әуелде бай мен айдаһардың бір-біріне қастық қылмауға келіскен уағдасы болған екен. Сертін бұзған айдаһардың үңгірін тастап, жер ауып кетуінің себебі осы екен. Үңгірдің Айдаһарлы-Құдайберлі аталуын ел аңызы осылай түсіндіреді» – делінген кітапта.

Айдаһарлы үңгірінің іші

Біз үңгірдің ішіне кіріп көрдік. Екі ауызы бар, тереңдігі 4-5 метр, биіктігі жүресінен отырған адам еркін сиятындай қуыс екен. Үңгір ішінен бір-бірімен тесік арқылы жалғасады. Бұрынғы адамдар үңгірден түрлі дыбыс шығып, сәуле тарап тұратын деп айтады екен. Бұл туралы Жамбыл Артықбаев ағамыз өз мақаласында былай түсіндіреді.

Айдаһарлы үңгірінің «түндігі» осы

«…Біздің ойымызша, ысқырған дауыстың шығуына, үңгір ішінде жарық сәуленің ойнауына үңгірдің төбесіндегі «түндік» аталатын тесіктің әсері бар. Өкінішке қарай, қазіргі күні Айдаһарлы үңгірі аталатын атақты ескерткіштің аты бар, заты жоқ. Біздің бала кезімізде әкелеріміз «Қорғалжын-Теңіз жағында Айдаһарлы аталатын қасиетті үңгір бар екен. Оның ішіне кірсеңіз шымылдық кездеседі, оның ар жағында алтын-күміс қазына бар екен» деп өздерінің бала кездерінде естіген әңгімелерін ертегі қылып айтып отырушы еді. Қазір көрсеңіз, үңгірдің іші қопарылып құлаған, кіреберісінде екі-үш метр ғана жүре аласыз, ал арғы жағына өту мүмкін емес. Жергілікті адамдар Совет заманында геологтар үңгірдің ішін динамитпен жарып, түбіне баратын жолды әдейі бекітіп тастады дейді. Олар Айдаһарлы үңгірінен неге осыншама қорықты екен?» – деп жазады тарихшы ғалым.

Бұл сөзді бізге жолбасшы болып барған Рысбай Жүнісов ағамыз да растады.

Бұл үңгірге 1816 жылы қазақ даласындағы кен орындарын іздеуге шыққан И.Шангин басқарған экспедиция келген екен. Бұл туралы Жамбыл Артықбаев жазады. Ал 1972 жылы осы Айдаһарлыға әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан да келген. Ол туралы Амангелді Ыбырайдың «Заман сырын шерткен Қорғалжын» кітабында Мәжит Тұрлыбеков естелік жазған. Бүгін біздің табан тиіп тұр. Әрине, алғашқы екеуі секілді біз зерттеу жасап, ғылыми жаңалық аша қоюымыз екіталай. Бірақ…

Айдаһарлы үңгірінің аузында (Төлеген, Ержан, Қыдырбек)

Бірақ біздің Айдаһарлы үңгірін көруімізге түрткі болған ең басты себепке енді келдік. Тіпті, бұл Айдаһарлы үңгірінің екінші аңызы деуге болады. Ол өмірде болған, кеше ғана ортамыздан кеткен, бүгінде ұрпағы жанымызда жүрген Балабатыр есімді адам жайлы. Сәл сабыр етіңіз, бәрін тарқатып айтамын.

«Бұл әңгіме бұрын айтылмайтын. Анығы бертін ғана айтыла бастады ғой. Мына қасыңдағы Қыдырбектің атасы Рысбек және менің әкемнің немере ағасы Балабатыр екеуі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысқа бармаймыз деп, бас тартқандары үшін 6 айға сотталады. Сотталған соң бұларды Таулы Алтай өлкенсіне жер аударады. Сол жақта жүріп қастарына тағы біреуді қосып алады да, түрмеден қашады. Қашқанда сол кездегі Калинин совхозындағы үйіне келеді. Сол жерде бұларды тағы ұстап кетеді. Ұстап апарып, тағы соттап, бұл жолы Қарсақбайдағы оқ-дәрі жасайтын зауытқа қара жұмысқа жібереді. Барған соң біраз уақыттан кейін бұлар Қарсақбайдан да қашып шығады» – дейді Айдаһарлының екінші аңызын айтып берген Рысбай Қошмағамбетұлы.

Балабатыр мен Рысбек Қарсақбайдан қашып, елге жолға шығады.

«Күніне екі уақыт тамақ, жылы орын, мына жерден қашсақ, қайда барып бас сауғалаймыз?» – деп тартыншақтайды Рысбек Балабатырға. «Елге жетіп жығылайық. Біз үшін бұлар да қол емес» – дейді оған Балабатыр.

Қарсақбайдан шыға берісте бір ауылдың шетіндегі жалғыз үйден бұлар бірнеше ат ұрлап мініп кетеді. Сонымен ел қайдасың деп тартып отырады. Жолда Жақсыкөн өзеніне келіп тіреледі. Өзенді жағалап келе жатқанда алдарынан Айдаһарлы үңгір кездеседі. Қашқындар осы үңгірге паналайды. Ел көзінен қағаберіс, қалтарысы, өзен бойындағы тал, маңайдағы адыр-қырқалар бұларға жақсы пана болады. Осы жерде қашқындар қыстап шығады.

Көктем шыға бұлардың қатары бірнеше адамға жетеді. Енді бұл үңгірде қалуға болмайды, қараң-құраң адам саны көбейген соң, көзге түсіп қаламыз деп күдіктенеді. Содан Балабатыр мен Рысбек екеуі Калининдегі үйіне барып, біраз уақыт бойтасалап жүреді. Сөйтіп жүргенде ауылдың біреуі айтып қояды. Бұларды тағы ұстап, соттап жібереді.

Жандыбаев Балабатыр мен Рысбек бұл үңгірді солай бір жыл мекен еткен. Бұл жайлы бертінге дейін жан баласына айтпаған. 1991 жылы Балабатыр қайтыс боларынан бір-екі ай бұрын баласын шақырып алып, аманат тапсырады. «Қарсақбайға барасың. Ауыл шетінде бәлен деген кісінің ұрпақтары тұрады. Соларға төрт жылқы апарып бересің. Бұл – саған аманат!» – дейді. Баласы Қылышбай әке аманатын орындап, тапсырмасын орындайды. Сол Қылышбайдың өзі 2009 жылы өмірден өтті. Бірақ нақты жағдайдың қалай болғанын ешбір адамға тісінен шығармаған бойы аттанды арғы дүниеге.

«Үңгірдің іші қыста жылы, жазда салқын болады. Өзіміз де талай барып көрдік. Жастық шақта сол жерге апарып шатыр тігіп, ұжым болып демалған күндеріміз де болды. Бірақ, сол үңгірмен аталарымыздың байланысы барын білген жоқпыз. Бәрін кеш біліп, сан соғып отырмыз ғой» – дейді бізге осының бәрін әңгімелеп берген Рысбай ағамыз.

Балабатырдың тағы бір қасиеті – жер бедері мен шөптің, өсімдіктің өсуін ерекше білген. Айсыз қараңғы түнде жерден бір уыс шөп алып, қай жерде келе жатқанын, бағыты қалай екенін айнытпай білетін болған.

Міне, Айдаһарлының екінші аңызы да тарих қойнауына сіңіп барады. Кеңес үкіметінің жылым жұтқандай жым-жылас болдыратын саясатынан қорыққан Балабатыр өмірі де жұмбақ. Ал Құдайберлі бай мен Айдаһардың достығы нағыз аңыз.

Аңызды өлкенің абызды елі аман болсын деген тілекпен біз Астанаға қайттық.

 

Ержан Жаубай,

Астана-Айдаһарлы-Астана

2025 жыл 12 мамыр

Argymaq.kz

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.