Ат сыншысы мен атбегі екі түрлі өнер

998

Бұғаш Тоқболұлы 1884 жылы Алтай қаласы Қыран бойында Қызылтас ауылы Бітеуірге деген жерде дүниеге келген. 1960 жылы 10 қаңтарда Қияөткел қыстағында 76 жасында қайтыс болды.

Ол қажырлы, қарапайым, еңбекшіл ерекше зерек, қағылез еді. Жасынан ат танығыш атбегі, жылқы түлігімен араласып, оның бітім түр-тұлғасына ерекше зер салып өсті. Жүйрік табатын биені тайынан тани білді. Алтай жылқысынан талай жүйрік шығарған бапкер болды.

Алтай жылқысы – Алтайдың күдір жеріне, құбылмалы ауа райына ерекше үйлесімді, мініске, шабысқа шыдамды, өр-еңіске бірдей, 40-50 шақырымға дейін шабуға шыдамды, талықпайды.

Ресей, Германия, Польша елдерінің қазақ жылқысын зерттеген мамандары: «Қазақ жүйрік ат талдауға шебер, аттың мұндай қасиетін игеру өнердің ең қиыны» деген екен. Бұғаш дәл осындай адам. Ол Алтайды билеген Қанафия, Бұқат, Ежен бейстердің тұсында бәйгеге ат жаратып қоса бастаған. Атақты Қара жүйрігі мен Құла жүйрігін коммуналасқанға (ұжымдасқанға) дейін ұзақ жарыстарға, аудан аймақара аламан бәйгелерге қосып, бәйгенің алдын бермей, елге даңқы шығып жүрді.

Атбегі, сыншы, ат әуескерлеріне кемін толықтап, артығын теңшеп аз да болса пайдаланар деген оймен әкемнен естіген және өзімнің қорытындылап жинаған жазбамды ұсынуды жөн көрдім.

Әкеміз (Бұғаш), «ата-бабаларымыз «жүйрік ат ердің қанаты» – қусаң жететін, қашсаң құтылатын сенімді бір атың болуы керек» дейтін. Қазақ жылқы қандас, жылқы мінездес деп те айтылады. Ұлы дүбір той, астарда ат ойыны – тойдың мәнін де сәнін де келтіретін рухани мәдениеттің бір түрі болған. Мықты аттармен көкбөрі тарту, ұшқыр, шапшаң аттармен қызқуарға шығу, бәйгеге ат қосу қатарлы ат ойындары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлтымыздың мәдени өмірін байытып келді. Бәйге бермес жүйірік аттармен қоса сол аттардың иесінің, сыншысының, бапкерінің және шабандозының да аты жұртқа жайылатын.

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Бурылтоғай ауданынан Сәлімбақы үкірдайдың, Сарысүмбе ауданынан Бұғаш Тоқболұлының атбегілік өнері Алтай халқына белгілі. Ол екеуі ұлы дүбір бәйгелерде немесе басқа уақыттарда жүйрік аттың сыны, бабы жөнінде өзара пікір айтып, тәжірибе алмасып отыратын сыншы, бапкерлер еді. Оның үстіне, өздері де ат баптап, қайда жиын-той болса сонда апарып жүйіріктерін бәйгеге қосатын.

Жүйрікті баптаудың ортақ жазылған ереже, тәртібі жоқ. Ол арғы тегімізден ата мұрада бар, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген өнер. Аттың тұлғасына, мінезіне, жайылысына, жүріс-тұрысына, етейюіне байланысты әр жүйріктің бабы әртүрлі болады.

Ат сыншысы мен атбегі екі түрлі өнер. Сыншылық өнерді игергендер жүйрік ат туралы ұлттық мәдени мұраларды ұрпақтарына қалтырумен бірге, өз дәуірінде зерттеген тәжірибесіне негіздеп, жүйрік аттың сынын, белгілерін таба алған. Атбегілерге қарағанда ат сыншыларының саны аз. Алайда екеуі бір саладағы екі түрлі өнер иелері екені жалпыға аян.

І. Жүйрік аттың сыны туралы

Жүйрік аттың сыртқы тұлғасында 9 белгі болады. Мұның төртеуі аттың тыныс жолында, бесеуі атқа қуат-күш беретін мүшелерінде кездеседі.

  1. Жүйріктің ең бастысы тыныс жолы кең болуы керек.

1.1. Танауы кең, танауының астынғы жағында екі не үш кішкене тесігі болады. Ат шапқанда, желгенде танауы желбіремейтін болуы керек.

1.2. Кеуде көлденеңінің кең болуы. Бұл өкпе орналасқан орын. Ат шапқанда өкпе ісінеді, егер кеуде тар болса, өкпе қысылып, жақсы демала алмайды.

1.3. Қабырғасы сыртына жайылыңқы, кең болып, жаяның сербегіне жақын болу керек. Міне, тар мықын деп осыны айтады.

1.4. Құймышағы шығыңқы, жуан, жаясы жалпақ болса, көтеншегі кең болады да ат шауып келе жатып құмалағын лақтырып тастайды да, шапқан ат өте тынысты келеді.

  1. Қуат белгілері

2.1. Жүйрік тынысты болғаннан кейін күш аттың аяғына түседі. Өз денесін көтеріп шаба алатын аяғында қуатты сүйек, жуан, күшті сіңірі болуы керек.

2.2. Жерсоғары сіңірлі болуы (алдынғы аяғының шашасынан жоғары тізесіне дейінгі сіңір) және артқы аяғындағы шідерлік сіңірі жуан болуы.

2.3. Қысқа бақай (шамамен қара тұяқ арасы) сіңірлі болуы керек.

2.4. Екі артқы аяғы талтақ болуы керек. Артқы аяғының талтақ болуы ұзаққа шыдамды, күштіліктің белгісі.

2.5. Бұлшық еттері нығыз болып, қол, сан бұлшық еттері бұйраланып тұрса, ат шапқанда қуатты болады.

Бұл айтылған сындар бір аттың бойынан түгел табылмаса да, 5-6 белгісі болса, ол ат жүйрік ат есептеліп, бағып-баптау жақсы болса бәйгеде тізгін ұстатады.

Көп бапкер ат баптағанда аттың ұйқысына көңіл бөлмейді. Жалпы жылқы баласы заңдылығында бір тәулікте екі мезгіл – іңір қараңғысы мен таң қараңғысында мөлшермен бір жарым сағат ұйықтайды. Ұйқысы қанбаса, бейжай болып, ұйқысы қанғандағыдан парықты болады.

ІІ. Жүйрік аттың белгілері

Жүйрік ат маңдай орайлы, бұлшық етті, сом сүйекті, жуан сіңірлі, қою түбіт жүнді келеді. Мінезі сабаз, құлан жал, сымпыс құйрық, жаялы, қақпан бел, қысқа мықын, «жігіт санды болмай, сәнді болмайды» дегендей бұлшық еті жоғары болады.

ІІІ. Жүйрік аттың үш түрі

3.1. Мұзбел жүйріктің белгілері мынадай болады: қақпан бел, кең жаялы, салқы төс, құлжа мойын, орақ бас, кең маңдай, томаға көз, қабырғалы, жазық бауыр, быртық бақай, тұралы (тұрықты), ой желке, омыртқалы, аламайлы (көтенішегі кең), санды болады.

3.2. Үш қарауылы тең жүйріктің белгілері мынадай болады: киік сирақ, сидам, үш қарауылды (жаялы), төбе жүні тазғыр, сүйегі жұқа, желтабан (аяғы жеңіл), сіңірі жұмыр, қол-аяғы ұзын келеді.

3.3. Бос бел кежігір жүйріктің белгілері мынадай болады: тәуетбас, түлкі төс, ит жіліншік, түлкі бақай, мықыны ұзын, бауыры жазық, бел күші аз, аяқ күші мығым болып, ұзаққа алымды, шапса талықпайтын жүйрік. Ол шапқанда басы жерге еңкейіп, арты көтерілгендей көрінеді (ит жіліншік деген сөз осыған қаратылған). Әрі сіңірлі жалпақ жіліншігі қысқа, сүйір бақай келеді.

IV. Ат баптау жөнінде

Атамыз жүйрік ат табатын биені тайынан тани білген. Бірде басқа жылқыдан бір құла байтал таңдап алып, оны өзі бағып, айғырды да өзі таңдап қосыпты. Сол құла биені кәртейгенге дейін құлындатқан. Бұл бір жылы ұрғашы, бір жылы еркек құлын табатын еркше жылқы болыпты.

Алғашқы құлыны үлкен қара ат атақты жүйрік болды. Одан кейінгі кіші қара ат та жүйрік ат болған. Бұлардан бөлек ақ ат, көкқасқа ат және құла ат та жүйрік аттар еді. Барлығы сол құла биеден туған. Осы жүйріктер бәйге алғанда атамыз Бұғаштың атымен аталған.

Атамыз бәйгеге қосатын жүйрікті тайынан талдаған. «Жылқының қызылы шығып, жүнін тастаған кезде таңдаса болады» дейді екен. Атамыз «ең алдымен сол таңдаған тайдың тегіне, әсіресе енесінің тегіне қарап таңдау керек. Одан кейін талдаған тайдың жаратылыстық бейнесіне, атап айтқанда тыныс тұрқына қарау керек. Талданған тайды тайында жуасыту, қолын түсірмеу, тай кезінен құр шығару, келесі жылы құнанында көкке тойғаннан кейін ұстап міну, төрт жасында пішу, сол жылы көкке тойған соң, шілде айы кезінде жайлауда шағын қаражарыстарға қосу керек. Бапкер мұны «шаң көрсету» дейді. Зорлап мініп, қинамау әсіресе қанын бұзбау, қызылмайламау, тоқ мінбеу әрі бес жасында үлкен бәйгелерге қоспау керек» – деп отырады екен. Себебі жас жылқы албырт, ұрыншақ болады. Зорланып жүгіріп, сіңірі созылады, қолтығына сарысу түседі. Алты жасынан бастап арнайы бәйгеге қосуға болады.

Бәйгеге қосатын атқа көк тістетпеу дегеніміз оттатпай, жем-шөппен бағу дегендік. Арпа, сұлымен бағылған ат қыстан құр шыққан ескі етін сақтайды. Көкке тойса көбеңсіп, күші әлсірейді. Көк тістетпеудің себебі осы. Сары етін жібермеу керек. Әрі қалай болса солай мініп, қинамау керек.

Атамыздың ат сынау, баптау, бағып-басқару, бәйгеге қосу өнерінің жоғары екеніне бірнеше дәлел келтірейін.

1936 жылы Көктоғай ауданында қарақас Халел тәйжінің үлкен ұлы Смайылдың асын Тұрғын деген жерде береді. Ат өте ұзаққа айдалады. Көктоғайдың ескі қаласы орнаған Қайырты өзене жеткізіп, ертемен Тұрғынның басындағы Бәйгетөбеден тосылған ат екінті әлетінде әрең келеді. «Ертең бәйге болады деген күні атымның бабына қарап тұрғанымда бірнеше атбегі келіп, «атың нақ бабына келген екен, ертең осы атың алдымен келеді» деді. Айтқандайын үлкен қара ат алдымен келді. Сол кезде шабандоз Бойтан Нығметұлы еді. Бас бәйгеге 9 тайлақ берілген» деп еске алатын атамыз.

1938 жылы Қаба ауданында аймақ бойынша руы шыбарайғыр Тайғарынның асында аламан бәйгеде үлкен қара ат қара үзіп алдымен келген. Шабандоз Бойтан Нығметұлы болатын.

1944 жылы Шіңгілге барғанда бұрын қолға қарап үйренген жануарға беретін жем-шөп жоқ, көтерем болып, босқа өлді.

V. Жүйрік атқа берілетін жем-шөп

«Құла атым бапты өте көп тілейді. Сәл еті жоғары не төмен болса, аш-тоқтығы артық не кем болса да бәйгенің алдын қойып, тізгін ұстатудан қалады. Қыста қияқ шөп және сұлы беремін де, жазда жасаңды жерге бағамын. Көктем мен күзде жусан, жоңышқа татырмаймын. Бұл екеуі аттың өкпесін, іші-қарнын ісіріп жібереді. Жазда бәйге атты ылғи сазға арқандап, тұяғының өсуіне ерекше көңіл бөлемін. Аттың тұяғы дұрыс өспесе ішкі тұраны қысады да, аттың ең салмақ түсетін тұяғына зияны тиеді» – дейтін атамыз.

Жайылуда жылқы өздігінен сазға көп жайылады. Бұл тұяғын өсіру заңдылығы. Қазақ ежелден жүйрік аттың аяғына кісен (тұсамыс), шідер салмаған. Аяғынан арқандамайды. Жүйрік аттар шабыста тыныс жолдарына аяғындағы сүйек, сіңір тарамысқа сүйенеді. Сол үшін жүйріктерді ноқтасынан арқандап дағдыландырған.

«Жақсы жүйрік болатын атты құнанынан бастап бәйгеге қосу, қосқанда еті көтерінкі кезінде де, тоқ кезінде де, ашықтырып та қоссаң, қай бабында тәуір шапты, қай бабында шаба алмай қалды дегенді ажыратып аласың. Жалпы жылқы бабын адамға өзі үйретеді. «Бақ шаппайды, бап шабады» деген мақал бар. Жақынға, ұзаққа, жазыққа, күдірге шабатынын бағамдап алу керек» – дейтін еді атамыз.

1946 жылы қыркүйекте Алақақта руы есағасы атақты Алтыбай байдың асы берілді. Қамшыбай атбегі кермеде тұрған барлық жүйрікті көзден өткізіп келе жатып құла атқа келгенде тоқтап: «Мына құла ат кімдікі?» – депті. Қасында тұрғандар «Бітеуіргеден келген руы жәлмембет Бұғаш дегеннің аты» дейді. Сонда Қамшыбай сыншы: «Мына құла аттың өзі айтулы жүйрік емес, баптаушысы жүйрік екен. Бүгін осы құла ат алдымен келіп қалар» дейді. Бәйге аттары Буыршынның ойынан қояберіліп, Сайырдың аузындағы Бәйгетөбеден тосылады. Аламанда құла ат 200 аттан қара үзіп, майданға жалғыз келеді. Даяағашшы құла атты ұстап, майданды бір айналдырғанда екінші болып Дәлелхан генаралдың торы аты келген. Құла атқа мінген шабандоз Хайролла Қозыкенұлы еді.

1948 жылы 28 тамызда тура Сарысүмбе ауданының Шеміршек ауылының Қарашілік деген жерінде Дәлелхан генерал қарындасы Люзаны ұзату тойын жасайды. Осы тойда Қарашіліктің ең шетіндегі нар талдың саясында атамыздың құла жүйрігі байлаулы тұрады. Бітімі бөлек, биік, сом денелі, зор сүйекті, толық орта етімен дом болып жарап, етін қатырған, қамыс құлағының ұшы қара торы, қамшылар жақ артқы аяғы ала аяқ, шашадан төмен ақбақай, шоқтықтан құйрығына дейін қара паралел сызық сияқты дағы бар құлан жал, құлан құйрық, ұзын сұлу құла аттың тұсынан өткен Алып және Жұмық деген екі сыншы құла аттың мұндағы аттардың бәрінен бөлек, туы биік тұрғанын танып, «ертең зор бәйгеден құла ат алдымен келеді» дейді. Айтқанындай, бәйге аттардың алдынан тай шаптырымдай қара үзіп, «Тоғанастап» ұрандап, көмбеге жеткен, құлын жарғақты, ақ шытты шабандоз Дожай Бұғашұлы еді. Бәйгеге тігілген көк қысырақтың үйірін еншілеп, құла ат бірінші болып келеді. Бұл тойға Ахметжан Қаси, Сәйпидден Әзези, Ысқақбек Мононов, Ғани батыр қатарлы сыйлы қонақтар қатысқан. Боғашқа Ысқақбек Мононов өз қолымен бәйге ұсынып, «Жарайсың, қарапайым малшы ақсақал аттың бабын тауып, жаратып, ұлы тойда бас бәйгені еншілеп, қазақтың салт-сана, әдет-ғұрпын сақтап, тойдың думанын асырдың!» – деп алғыс айтқан екен.

Қытай халық республикасы құрылғаннан кейін, әр жылы өтетін мемлекет мерекесінде (октьябр мерекелерінде) құла ат талай рет алдымен келіп, аймақтың «бабын тауып бәйге алған» деген жазуы бар кежім, аттың шауып келе жатқан бейнесі және бес жұлдызды алтын медальмен сыйланған.

Міне осындай ат бапкері болғандықтан Ертіс, Қыран бойы халқының «Ұстада темірдің суын Ахметтей табатын ұста жоқ. Жүйрік баптауда Бұғаштай атбегі жоқ» деген сөз Алтай көлеміне түгел тараған.

Мен Бұғаштың немересімін. Бұл үйге ел басшылары ауыл ақсақалдары үнемі келіп, ат туралы өзара әңгімелесіп отыратын. Атамыз жүйрік аттың әңгімесінен басқа, өткен тарихи оқиғалар, ауыл арасының әңгімелері сияқтыларға жетелесең баспайтын. Ал жүйрік аттың әңгімесін қозғасаң, істеп жатқан жұмысын да, тіпті ішіп отырған шәйінің суып қалғанымен ісі болмай, асықпай, баптап отырып, түсінікті етіп айтып шығады.

«Мені өз тұсында ауқаттандырған да, атымды елге танытқа да осы ала аяқ қара атым мен құла атым» – дейтін.

Мына өлеңін домбыраға қосып айтып отыратын.

Жасымнан жүйрік атты баптаушы едім,
Жақсының қабағынан қақпаушы едім.
Жүйріктің бабы әбден жетпейінше,
Бел шешіп, төсегімде жатпаушы едім.

Құла атым Құлагердей шабушы еді,
Мүшеңді құлыныңнан танушы едім.
Қара үзіп қан майданда жалғыз келіп,
Бәйгеңді талассыз-ақ алушы едің.

Емес пе мұның өзі асқан бақыт,
Тәңірім ырыздығын шашқан мол ғып.
Көтеріп көңілімді жіберетін,
Атағын бір рудың аспандатып.

Сләмдолла Бұғашев, немересі

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ФОТО: Мерғалым Қангелді

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.