Алтынсарин арғымақтары

1083

Тұлпар бейнесі әлем әдебиетінің барлығында бар десек, артық айтқандық болмас.

Жылқыны алғаш қолға үйретіп, бағып-қаққан қазақ халқы да «Ат мұратқа жеткізер», «Жылқы – малдың патшасы», «Ат – адамның қанаты» деп жылқы малының қадір-қасиетін ерекше бағалаған. Академик Д.Кішібеков «Қазақ әдебиеті» газетінде 2010 жылғы 2 ақпанда жарық көрген «Ойлаудың ұлттық ерекшелігі» деген мақаласында «1969 жылы Алжирдегі бір мұражайдан бесік, ертоқым көрдім, әсіресе ат дорбаға таңғалдым. Шыңғысханның, Еділ батырдың да әскерлері ат дорбамен жүрген. Олай болса, ат дорба Алжирге дейін бізден барған» дейді.

Ат жарысы, қыз қуу, көкпар тарту, аударыспақ сияқты ұлттық ойындарымыз сақ, ғұн дәуірінде, одан да ертерек пайда болған. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «Қазақ халқының қол өнері» деп аталатын еңбегінде ІХ-ХІV ғасырдағы ортаазиялық, араб, парсы деректеріне, т.б. сүйене отырып көкпар-көкбөрі, қыз қуу-қыз бөрі сөздерінен шыққанын айтса, «Ежелгі жыр, аңыздар» кітабында «Жылқы бағу туралы Қазақстан сахарасы бір ғажайып аңыздың ұясы. Сақ, ғұн, үйсін заманынан бері қарай қазіргі дәуірге дейін олар жылқының неше алуан әдемі мүсінін баптаған. Олардың аса қадірлегені тұлпар аттар» дейді.

Жылқыны этнографиялық тұрғыдан зерттеген тарих ғылымының докторы А.Тоқтабайдың, мифтік тұрғыдан зерттеген С.Қондыбайдың, қазақ жылқысының ерекшеліктерін зерттеген Б.Жетпісбаеваның, археологиялық тұрғыдан зерттеген В.Ф. Зайберт, С.Я. Зданович, М.К. Хабдуллиналардың еңбектері өз алдына бір төбе. І.Жансүгіровтің «Құлагер», Ғ.Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы», Ә.Кекілбайұлының «Бәйгеторы», Б.Соқпақбаевтың «Бурыл ат», Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер», Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат», «Тұлпардың тағдыры», т.б. шығармаларда тұлпарлар бейнесі сомдалады.

Ыбырай Алтынсарин 1870 жылы «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркінде» «Бай қазақтардың асы ас берушіні көп шығынға ұшыратады, мысалы, менің өзім білетін бір байдың асында 100-ге жуық жылқы… бәйгеге қосылған аттардың бас бәйгесіне 40 жылқы тігілді» деп жазған.

Жылқы жылы туған Ыбырай да жасынан атқа мініп, ұлттық ойындарымызды көріп өскені анық. Оның үстіне тоғыз жасында Орынбор қаласында қазақ балалары үшін арнап ашылған жеті жылдық мектепке оқуға қабылданғаннан кейін киіз үй тігіп, оларды атқа мінгізіп үйреткен. Ондағы негізгі мақсат – балалардың ата-аналары түпкі ниет-пиғылдары – орыстандыру саясатын білмесін, сезбесін, ешқандай күмән келтірмесін дегендері еді.

Н.И. Ильминскийдің 1861 жылы Қазан қаласында жарық көрген (Марабай ақыннан жазып алған) «Ер Тарғын» жырын оқып, оны алғаш оқушыларына таныстырған да Ыбырай болатын. Ол сол жылы Ильминскийге «Менің жолдасым әрі оқушым Дәуренбек «Ер Тарғын» жырының қазақша мәтінін оқып, жатқа да айта бастады» деп жазды.

Айналайын, Тарланым,
Бектер мінген бедеуге
Сен тұрғанда бармадым!
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Жалғыз сені қармадым!
Қиялай қиқу болғанда,
Сенімен еді дәрменім…

Ер Тарғынның Тарланы жайындағы бұл қуатты жолдар талай баланың талабын ұштап, қияға талпынтқан болар?! Жалғыз Дәуренбек қана емес, талай бала жатқа айтқан шығар?! Кейін Ыбырайдың оқушысы, жолдасы, нағашысы Дәуренбек Бірімжанов өз үйін балаларға мектеп етіп берді, болыстық қызметін абыройлы атқарып, елі ардақтаған азаматқа айналды.

Ұлы ұстаздың 1879 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» («Киргизская хрестоматия») кітабының «Әртүрлі өлең жырлар» деп аталатын үшінші тарауына «Орақ батырдың баласы Әлібек мырзаның бір ханға айтқан сөзін» енгізуі жайдан-жай емес.

…Құйқылжыған құла шұбар ат мінген,
Ішігі берен түлкіден,
Шапаны қытай құлпыдан.
Ат үстіне мінгенде,
Құм сағыздай созылған.
Қызыл шұбар жай тартқан,
Жай тартқанда қолы ұзын,
Маңдайы қарыс керілген,
Алыстан таудай көрінген,
Қарсы келген дұшпаны
Қойдай үркіп шегінген, – деген жолдар баланың рухын көтеріп, жанына жігер беретіні, сенім ұялататыны анық. Ағартушы ақынның негізі алға қойған мақсаты да осы – ұлттық сана-сезімді ояту. Ат арқасына мінген қазақтың аруақтанып кететіні де шындық. Қазақ хрестоматиясының сексенінші бетінде «Қобыланды батыр мен Тайбурылды» таңдап алуының да басты себебі осы.

Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім.
Сен астымда сау тұрсаң,
Қыдыра жалды қыл құйрық,
Сенен озбас деп едім.
Аяғы екеу, бір басты,
Менен озбас деп едім.
Бүгінгі күн, Тайбурыл,
Қолқа салдым өзіңе,
Қырық күншілік Қазанды,
Көрсет бүгін көзіме!

Бұл жолдарды оқыған кім-кімнің де арқасы қозып, аруақтанып, арман қанатына мінетіні даусыз.

«Қобыланды батыр мен Тайбурыл» жыры бала намысын оятып, елін, жерін сүюге, ерлікке жетелейді. Әр жолы – жігер, күш-қуат:

Сонан соң Қобылан қуанып,
«Шырағым, Бурыл, шу» деді:
Шу дегенде гуледі,
Табаны тасқа тимеді.
Тау мен тасты көрмеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан сайын өрледі,
Асқарды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасқа,
Тіктеп тиген тұяғы,
Саз балшықтай иледі.
Жақын қылды алысты,
Берсін кімге намысты…

Жырдың асқақ рухы бала санасына сіңіп, оның ержүрек, батыл да батыр, ел қамын жер азамат болуына әсер етері сөзсіз. Елдік мүдде, ауызбіршілік, ынтымақтастық, өшпес өршіл рух, ұлттық сана, намыс батырлар жырында, жыршы-жыраулар толғауларында. Қазір балалар Бұқар жыраудың, Ақтанбердінің, Доспамбеттің, Махамбеттің жырларын оқи ма екен?!

Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Уызына жарымаған төл өліп қалады. Кітап оқу қалып барады, «Кел, балалар, оқылық!» дейтін Ыбырайлар керек болып тұр-ау… Батырлар жыры, жыршы-жыраулар поэзиясы, Ыбырайдың адамгершілікке толы «Қазақ хрестоматиясы» балаларға рухани азық, уыз!

Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мұрасы кешегі Кеңес дәуірінде «ескіліктің қалдығы» делініп, кейін ысырылып келді. Шындығында баға жетпес асыл қазынамыз еді.

Саяхатшы Э.С. Кульсон: «Қазақ балалары ұлан-байтақ далада емін-еркін өседі. Атқа мінуге жас күнінен үйренеді. Емшектегі бала көш кезінде түйе үстінде тербелсе, аяғымен нық тұруға жаралған соң-ақ атқа мінеді. Қазақтарда жас бала құламайтындай етіп арнайы ертоқым (ыңыршақ) болады. Олар қалған өмірінің көбін ат үстінде өткізеді. …Қазақтар балаларын үлкенді сыйлауға кішкентайынан үйретеді. Қарттардың үлкен құрметке ие болатыны соншалық – үй ішінде бір мәселе жайында кеңес өтсе, бәрі де қарттың сөзіне тоқтауға мәжбүр. Деректерде қазақ басына «Егер қарттарды сыйласаң, Құдай сені сыйлайды» деген нақылды титтейінен миына құйып өсіреді» – деп жазады. (Алекторов А.Е. «О рождении и воспитани детей» //Киргизская степная газета, 1993. №13.)

Ыңыршақ (ашамай). Ашамайға мінгізу дәстүрі қазір де бар. Ыбырайдың атасы Балғожа жүйрік атқа құмар болған. Оның дүлдүл бозжорғасы жайында аңыз-әңгімелер ел арасында қазір де айтылып жүр. Балғожа жайында жазылған еңбектерде бозжорғасы да бірге әңгіме болады. Балғожа атасының тәрбиесінде өскен Ыбырайдың да «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» (Абай) асыл тұқымды жүйрік атқа деген құмарлығы оның өмірі мен шығармашылығынан аңғарылады. Ұлы ұстаздың ел аузынан жинаған мақалдарындағы «Арғымақты жамандап, кәне, тұлпар тапқаның, ағайынды жамандап, кәне, туған тапқаның?» «Жаман ат қамшыласаң да өрге шаппас; жақсының жаман адам бабын таппас», «Жүйрік атқа мінген Құдайды ұмытады» (Алтынсарин. Ы. Кел, балалар, оқылық! Өлең, әңгімелер мен мақал, жұмбақтар.– Алматы: Атамұра, 2014. 154–160-б.), сондай-ақ «Аяңшыл ат арымас», «Ат өнері білінбес бәйгеге түсіп жарыспай» деген сияқты қанатты сөздері, «Қазақ даласындағы жұт туралы» мақаласында бір байдың 1300 жылқысынан 60 жылқы қалғанына жанашырлық танытып (басқа амалдарды айтпай) қынжыла жазуы біздің ойымызды айқындай түседі.

«Аяаңшыл ат арымас» «Қазақ хрестоматиясындағы» «Сөз басы» (Кел, балалар, оқылық!) өлең тармағы (9-б.), «Ат өнері білінбес бәйгеге түсіп жарыспай» жайында сыншы М.Қаратаев «Шеберлік шыңына» деп аталатын кітабында жазған.

Ыбырай Алтынсарин жастарға мынадай өсиет айтқан-ды.

…Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Желкілдеп шыққан көк шөптей,
Жас өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңдар қалыспай…

Құдай қосқан жары о дүниелік болып еткен соң Айғаныс балаларының атына мал-мүліктерін жаздырғанда Ыбырайдың 157 жылқысы бар екен.

Ыбырай жан біткенге жанашыр. Ол – «Жаз» деп аталатын өлеңінде:

Адамзат сайран етер, көңілі жай
Секіріп ойын салар құлын мен тай.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,
Тасыды күркіресіп өзен мен сай.
Аяғын алшаң басып, түйе шығар,
Жаратқан мұнша таңсық жаббар – Құдай! – дейді.

Ақын жаны бар адамзаттың, жан-жануар көңілі жайланып, шат-шадыман қуанышта болғанын қалайды. Бұл – тал бесігіміз табиғатты аялау, жасөспірімдерді қоршаған ортаға мейіріммен қарауға үндеу.

Атасы Балғожа қайтыс болғаннан кейін көңіл айта келген Шоқай биге Ыбырай:

– Атамнан қалған елеулі екі белгі бар еді. Кім киіп, кім мінер, кімге берсем лайықты болар деп ойлаушы едім. Атамның әрі ағасы, әрі досы сізге тартуға рұқсат етіңіз, – депті де іші бұлғын терісі, тысы қара құлын терісі, тайжақы ішікті Шоқай бидің иығына жауыпты. Балғожаның көк жорғасын ер-тұрманымен бидің алдына көлденең тартыпты. Сонда Шоқай би:

– Ыбырай, шырағым, сыйлығыңды қабыл алдым. Атаңның ер-тұрманын өзің пайдалан, сыншылар «Бабаңның айбыны – ерінің алдыңғы қасында» деуші еді. Халық алдында мерейің жоғары болсын, – деп ер-тұрманды Ыбырайдың өзіне беріпті.

Ы.Алтынсарин «Орынбор қазақтарының құда түсу, қыз ұзату, той жасау дәстүрінің очеркі» еңбегінде: «Жесір дауы деген зор дау: ол дауға правосына қол сұғылған қазақтың момындығы да, іс қозғауға оның ойының жоқтығы да бөгет бола алмайды. Шет адамның мұндай ретте қол сұғуы жәбірленген адамның бүкіл руына қорлық болып есептеледі, сондықтан бұл іске оның барлық руы жұмылады. Сонымен, қарсы жақтың мұндай зәбір беруден бас тартпауы екі жақтың ру араздығын туғызады. Оның соңы барымтаға не тіпті ашықтан-ашық ұрысқа апарып соқтырады» деп жазады.

Бұдан Ыбырайдың барымтаның да мән-мағынасын, оның қандай жағдайда жасалатынын жақсы білгені көрінеді. Қазір мал ұрлығын кейбір ақпарат құралы барымта деп жүр.

Әлемде 35 жылқы мұражайы бар екен. Ең көне мұражай Францияның Сомюре шаһарында ашылыпты. Онда қойылған 1400-ге жуық жәдігердің 100-і ертоқым көрінеді. Кешегі біздің ата-бабамыздың аттарының тұяғы тимеген жер бар ма еді! Біз – сол сақ, ғұндардың ұрпағымыз!

Күн сайын қанат жайды үміт,
Бізде қонақжайлылық,
Бір тілде әлі сөйлейміз,
Бесікке сәби бөлейміз.
Шаңырағы Күн аулаған,
Аспаннан, жерден аумаған,
Киіз үй қанат жаяды,
Ер-тұрман да баяғы!
Қазы-қарта, шұжық жеп,
Қымыз ішіп келеміз.
Ізет жасап кішіге,
Үлкенге сәлем береміз.
Кең даламыз тұрғанда,
Ел-Данамыз тұрғанда
Кем боламыз неге біз?!
Көкпар тартып, жамбы атып,
Жүр тойда әнмен таң атып.
Ұстанғанбыз салтын да,
Дәстүрі сол қалпында!
Тегімізге Алла сай қылған,
Басқа қонған бақ бұл да,
Бәйгеде тұлпар – тақымда!
«Күлтегін» жырында айтылған,
Байырқу, Ақбоз, Аққұла
Солардың асыл тұқымы –
Білетіндер бар шығар,
Білген жақсы жайды бұл.
Алпамыс мінген Байшұбар,
Қобыланды мінген Тайбурыл,
Ер Тарғынның Тарланы,
Қамбар батыр Тұлпары –
Кешегі Ғұндар ардағы,
Қанаты, серігі, арманы!
Арманын қазақ жалғады.
Қалпында садақ жебеміз.
Телқоңыр, Абсент, Ақтабан,
Бар сансыз Құлагеріміз.
Алматы мен Астана –
«Орда!», Өкімет –«Төріміз»
Аталы сөзге тоқтаймыз,
Кісі өлгенде жоқтаймыз.
Салт-дәстүрін сақтаған
Ғұндардың мұрагеріміз.
«Жер – мемлекет негізі,
Оны қалай береміз?!»
деген Мөде – Еріміз!
Біріксек егер, сеніңіз –
Қосылып көрік көркіне,
Дем беріп ерік еркіне,
Еліміз берік сертіне
Айналар бір күн Ар-Ождан
Ақыл-ой мемлекетіне!

Серікбай Оспанұлы
Қостанай
«Ана тілі» газеті

ФОТО: Нұрлан Әбішев

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.
holiganbetjojobetgrandpashabetcasibomcasibomcasibomcasibomjojobetholiganbetholiganbetmarsbahismarsbahisPusulabetjojobetescort damesjojobetjojobet girişhuhubetMarsbahis GirişsekabetjojobetCasibomcasibom girişbetgarantijojobetjojobetjojobet girişsekabetmarsbahismarsbahis girişjojobet girişjojobet girişJojobetMarsbahis