Еуропа ет сұраса, қанымдап беруге дайынбыз – жылқы шаруашылығының басшысы

2386

Жақында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин еліміз Францияға жылқы етін экспорттауы мүмкін екенін айтты.

Кеше француздармен жылқы етін экспорттау жайлы сөйлестік. Өздеріңізге мәлім, Франция еуропадағы жылқы етін жейтін бірден бір ел. Біз қазіргі таңда 13 өңірден экспортты Жапонияға жеткізіп отырмыз, енді бұл бағытта Франциямен жұмыс істеу керек. Кеше олар еттің дәмін татты. Оларға ұнап, тағы сұратты. Биыл жылқы еті бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетіп отырмыз. Нәтиже жоғары деңгейде, – деді Серік Жұманғарин.

Әрине, мақтануға тұрарлық ақпарат. Бірақ Францияның талабы қандай болмақ?

Қазіргі таңда әлемде мәрмәр ет (мраморный мясо) сұранысқа ие. Әзірге әлемде осы бағытта сиыр етін ғана өндіріліп отыр. Ал біздің қолда бір өзі тірілей 500-600 келі таза ет бере алатын жылқы бар. Осы жылқыны неге мәрмәр ет беретін бағытқа бағыттамасқа. Бұл біздің жылқы шаруашылығымен айналысып жүрген мамандардың қолынан келер еді, – дейді жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан.

Иә, қазақтан басқа ет жейтін елдің көбі жалынға қақтаған ет (стейк) жеуді жақсы көреді. Біздің жылқының еті қазымен, жал-жаямен есептеледі. Бірақ елдегі жылқы шаруашылығының басшылары бұл талапты орындауға мүмкіндік бар деп отыр.

Жақсы жаңалық, естіп қуанып жатырмыз. Қазіргі таңда қазақ даласында 4 млн-нан астам жылқы бар. Жыл санап жылқы саны да молайып келеді. Ішкі нарықты толық қанымдап болдық десек те болады. Енді экспорт мәселесін қолға алатын кез келді. Серік Мақашұлы атап өткендей, қазірдің өзінде еліміз Жапонияға жылқы етін экспорттап отыр. Мына француздардың біздің қазы-қартаға тәбеті ашылып жатса, бұл тек қуанатын жағдай – дейді Ақтөбе облысындағы «Жансая» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Базарғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, осы бағытта Ақтөбе облысында жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі қаралып жатыр.

Мен өзім мұғалжар жылқысын өсіремін. Өздеріңіз білесіздер, мұғалжар – ет бағытындағы негізгі тұқымдардың көшін бастап тұр. Одан бөлек өңірде көшім жылқысы, іргелес Қостанай жылқысы да алыс емес. Осының бәрін ойластыра келе, жылқы шаруашылығы ғылыми зерттеу институтын құру мәселесін көтеріп отырмыз. Бұның тағы бір тиімді тұсы – жаңағы ет экспортына тікелей ықпал ете алатындығында. Яғни зерттеу институты экспортқа шығу талаптарын, қай ел қандай ет сұрайтынын да қарастырады – дейді Әлібек Базарғалиев.

Ауылшаруашылығы министрлігі қай елге шығарылса да ет экспортын қолдауға, жағдайын жасауға дайын екенін айтады.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2023 жылдың алғашқы 8 айында Қазақстан өзге елдерге 0,2 тонна ет экспорттаса, одан түскен қаржы 2,6 мың доллар болған. Ал импорт 1207,9 тонна болса, оған 2972,9 мың доллар жұмсаппыз. Осы жерде Өзбекстанға 95 тірі жылқы (40 тонна ет есебінде) сатылғанын, одан 31,7 мың доллар пайда тапқанымызды да айта кетуге болады. Керісінше ТМД елдерінен 1247 тірі жылқыны (немесе 258,6 тонна етті) 184,5 мың долларға сатып алдық. Мұнан бөлек өзге елдерден 21,6 мың долларға таза қанды 76 жылқы сатып алыппыз.

2023 жылы елімізде 4,4 млн жылқы бары айтылды.

Қалай десек те, жылқы етін экспорттауға қатысты сең қозғала бастады. Бұл жылқы өсіріп отырған шаруа қожалықтарына дем берері сөзсіз. Алдағы жылдары қазақтың қазы-қартасын Еуропа қиялай кесіп жет отырса, таңқалмаңыздар.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.