Хамит Ысқақұлы: Қазір бір өнерді екі-үшке бөліп, қалағанынша ұйым құрып алатындар көбейді
Самбодан екі реткі әлем чемпионы, 17 дүркін Қазақстан чемпионы, Қазақстанның үш реткі «Түйе палуаны» және самбо, дзюдо, еркін күрес пен қазақ күресінен спорт шебері Хамит Ысқақұлымен қазіргі қазақ күресінің жай-күйі жайлы сұқбаттасудың сәті түскен еді. Қазіргі кезде әлемдік деңгейге шыққан Қазақ күресінің бірнеше федерацияға бөлініп кеткені қынжылтады дейді әлем чемпионы.
– Байқасаңыз қазаққа ортақ құндылықтар екіге бөлініп кетті. Қазақ күресіңіз де, айтысыңыз бен құсбегілігіңіз де екіге бөлінді. Осыған көзқарасыңыз қалай?
– Қазақтың төл өнерін екіге, үшке, төртке бөлу деген қазақтың патриоттық сезімін, қазақтың қазақ екенін танытар дүниесін бөлшектеу. Бұның соңы жақсылыққа апармайды. Қазақтың өзі айтты емес пе, «бөлінгенді бөрі жейді» деп. Біз ынтымағы жарасқан елміз дейміз, бірақ жапондардан үйренсек болады мұндайда. Мысалы олар дзюдоны Олимпиадалық ойындар қатарына қосу үшін 10-15 жыл бойы шет елдерге өздерінің кимоноларын ғана таратумен айналысты. Және тегін таратты. Бұдан соң олар қай елге барса, сол елде дзюдоның ережесін таратты. Осы ереже таратқан кезде жапондардың бір ерекшелігі – қай елге барса да, сол елде дзюдоға қатысты не жетіспей жатады, соны сыйлап кетеді. Мысалы осы Ақсуатқа келді ме, осы жерде қанша палуан күрессе, сонша кимононы тегін беріп кетеді. Қантай тамаша әдіс. Осындай береке мен бірліктің, өз ұлтына, өзінің ұлттық спортына деген сүйіспеншілік пен құрметтің арқасында дзюдо Олимпиада ойындарының қатарына қосылды.
Ал қазақ күресі осындай береке, бірлікпен дамитын болса, еш уақытта қазақтың төл өнерін ешкім өлтірмес еді. Қазіргі екіге, үшке бөлініп, өздері қалағанша федерация құрып алу жақсы емес. Бір ғана қазақ күресінің өзінде Республикалық, халықаралық және әлемдік деген үш федерация бар. Оның ішінде Әлемдік қауымдастықтың өзі екіге бөлініп кетті. Бұл – менің ойымша, қазақ күресінің болашағына балта шабу деп есептеймін. Сондықтан, еш уақытта ұлттық өнерді, ұлттық спортты бөлуге болмайды! Және бөлінген жақсылыққа жеткізбейді.
– Өзіңізден кейінгі қазір боз кілемге шығып жүрген жастарға қандай баға бересіз?
– Қазіргі кезде күрестің, өнердің қай-қайсысы болмасын ақша араласып кетті. Ал ақша араласқан жерде тазалық деген азая береді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, қазаққа неғұрлым ақша көбейген сайын, бұра тарту, әділетсіздік, жершілдік, рушылдық, я болмаса туысшылдық, облысқа, ауданға бөлініп, тек сол өзіне жақынның жыртысын жырту деген қазақтың айықпаған қасіреті болып келеді. Мұндай болмаса екен деймін. Өкінішке қарай, осындайлардың көптігінен қазақтың төл өнерлері кейінгі кезде итеріс пен тартыс, тістес пен тебіске айналып, ластанып барады. Күрес те сол.
Біздің кезіміздегі күрестер нағыз еңбекпен келетін таза күрестер еді. Таза күрес, таза белдесу, таза жеңіс болатын. Соның нәтижесінде мен үш дүркін «Түйе палуан» атандым. Қазақстан мен Ортаазия бойынша үш рет жеңіске жеттім. Өз салмағым 70 келі болса да, 140-160 келілік палуандармен белдескен кезде жеңіске жетіп жүрдім.
Қазақ күресінде ғана «абсалюттік біріншілік» деген бар екен. Демек, салмаққа қарамай күресу қазақтың төл өнері болғаннан кейін, «күш атасын танымас» деген сөздің өзі қазаққа ғана тән сөз. Ал шын мәніндегі «күш атасын танымайтындар» ғана үлкен додада топ жаруы керек.
– Қандай тілегіңіз бар?
– Қазақ үшін жеңімпаз көп болса екен. Қазақтың күресі, қазақтың өнері, қазақтың болмысы бөлінбесе екен деймін.
Ержан Жаубай, 2018 жыл



