Жеткізген СЕЙІТОВ. Ер қанаты

10189

Жыңғылдының жүйріктері хақында

Жылқы малының қадірін біліп оның ішінде қас тұлпардың көз жасыңды пар еткізер ерен шабысын сезіп өскендіктен бе осы бір ерекше түлік жөнінде аздаған білгенімді әңгімелеп өтпекпін.

Біздің Жыңғылдыдан шыққан өрен жүйрік жылқылар болды. Маңғыстау ауданының ең тұңғыш Социалистік еңбек ері Нұрсейіт Бейнеуовтің жылқы өсіру жөніндегі ерен еңбегі елге мәлім. Сол кісінің сұрыптап өсірген жылқыларының ішінен не бір сәйгүліктер шыққан. Атап айтқанда Сындыбек торы, Көкайғыр, Қоңырайғыр, Боқмұрын — бұлар өрен жүйрік жылқылар болған. Атырау, Алматыға барып бас жүлдені иеленгенін көзі көргендер аңыздай айтады.
Жыңғылдыда ат жаратқан сейіс Қыдырша Тілеген еді дейді. «Тілеген кетті ат кетті» деген сөз бар. Осы айтулы жүйріктердің бабын тауып бәйгіге қосып отырған асқан сейіс кісі болған.
Ізбай деген жездеміздің бір айтқаны бар еді. «1959 жылы Маңғыстау ауданы 1-Май мейрамын Жыңғылды жерінде тойлайтын болды. Ат шабыс бәйгі төбеде өтеді деп келісілген сонау Жылойдан бергі Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен дәмелі аттар келіп жатты. Бәйге аттар сөреге тұрды. Тілеген көк айғырды жаратып әкеледі деп естідік. Бәйге бала — Нұрмағамбет Өтесін. Содан аттар сөреден ұмтылғанда ең соңында бір көк ат тұрып қалды. Үстіндегі бала қанша қамшыласада мөңкіп жүрмейді. Жұрт ду күлді. Біреулер мынаны да бәйгі алады деп қосып жүрме екен деп әжуалап жатыр. Бір кезде әрең дегенде жортып соңынан кетті. Бәйгінің қашықтығы 40 шақырым деп хабарлаған. Соңғы айналымда алдыңғы топтан бір қылаң суырылып шығып, ұшқан шаңы көбелектің қанатындай желбіреп ерекше бөлініп бірінші келеді. Ол манағы жұрт әжуалап тұрған көк айғыр еді».
Енді бірі атақты Сындыбек Торы. Бұл күндері жасы 70-тен асқан Емірде тұратын Шоңай Несіпбай деген ағамыз бар. Ол кісі жасынан бәйгеге көп шапқан. Маңғыстаудан шыққан небір дүлдүл сәйгүліктердің тізгінін осы ағамызға беріп отырған. Бәйге бала болып қас тұлпардың талайына тақымы тиген шабандоз болғанын ел айтады. Себебі, өте жеңіл, аттың құлағында ойнаған пысықтығымен атбегілердің ықыласын аударған. Бұл ағамыз 22 жасына дейін атқа шапқан.
Бұл кісі бір әңгімесінде былай дейді. «9-10-дар шамасындамын. Ол кезде Жыңғылдыда жүгері егеді. Жүгеріні жинап алған кез орынында тұсауы бекітулі бір торы тай тұр. Кімдікі болсада ауылға жетіп қалайын деп бекітуді мұрынынан іле салып, мініп алдым да, шауып байқағым кеп қамшыны басып қалдым. Ой, жөнелді. Мен көрмеген бір құйын шабыс. Мұрнына ілген бекітуім шығып кетті. Жалынын ұстап біраз отырып едім болмады. Арыны тіпті қатты. Содан бір жұмсақтау жерге келгенде домалап түсіп қалдым. Тай жөнелді. Түс қайта Сындыбек келді. «Несіпбай мен мына Жүгерінің орынына тайымды бекітіп тұсап кетіп едім. Орынында жоқ. Көзіңе түскен жоқ па?»-деді. Мен болған жағдайды айттым. «Ештеңе етпес. Қайда кетті дейсің. Табармын» деп іздеп кетті.
Сындыбек ренжуді білмейтін терісі кең парасатты адам еді. Менің балалықпен істеген ісіме кешіріммен қарап кең пейілділік танытып кетті. Сол Сындыбек торы кейіннен өрен жүйрік жылқы болды. 1958 жылы Гурьевте облыстық фестиваль өтіп, соған Маңғыстаудан Сындыбек торыны алып барды. Атбегі — Тілеген, бәйгі бала — Өтесін. Кермеге алып келгенде Сындыбек торы аспанға қарғып-жұлқынып тұрды. Балаға әл бермей кетер деп шылбырынан бір үлкен кісі ұстап тұрды. Әп деп, салғаннан ұшты. Сол шабысымен үздік келді. Жұрт шулап қызықтап тағы бір айналымға өзін жіберді. Үдей шабысына шабыс қосатын жылқы еді.
Жыңғылдыдан шыққан келесі бір жүйрік Рымбайдың Боқмұрыны. Бұл жылқы өте ұзақшыл дейді. Боқмұрын аталуы тай кезінде әлде бір ауруға шалдығып, кейін жазылып кетсе де сол атағы қалмаған. Қолда өскен түйенің тайлақ атағы қалмайды деген секілді сол бір ерсілеу атақ Қас тұлпарға мөрдей басылған сияқты. «1960-жылдардың басында Жыңғылдыда ат бәйгесі болып соған жан-жақтан белгілі аттар келеді. Тілеген Боқмұрынды жаратып әкеледі. Сол кездері жаңа жолдан шыққан Бурыл ат бәйге бермей жүреді. Бурыл 30 шақырымда алдына қара салмайтын жылқы. Бұл бәйгеде 30 шақырым. Не істеу керек? Сөйтіп Жыңғылдылықтар ақылдаса келе қашықтықты 30-дан 45-ке жасырын түрде ұзартады. Бурыл ат 35 шақырымды шауып келіп жаны шығып кетті. Боқмұрын Бурылмен құйрық тістесіп келе жатыр еді әлгі 45 шақырымды еркін шауып өтті» — дейді Несекең.
Енді Орпаның Қоңыр айғырының шабысын үлкендердің тамсана айтып отырғанын талай естідім. Бір қызығы осылардың бір-бірінен қайсысы жүйрік еді деген сұрағыма Несіпбай ештеме айта алмайды. Шамасы, Тілеген сейіс әр жылы әр біреуін кезек қосып отырған секілді.
IA4wMdI1Осындай өрен жүйрік менің де тақымыма тигенін әңгімелеп өтпекпін. 1965 жылы Жыңғылды маңы жаздай жаңбыр болмай жер жаман болып мал қыстаққа қоңсыз түседі. Бұл бағытта малдан айырылып қалу қаупі малбегілерді мазалай бастайды. Содан Бозашының жері күздікті болып Жыңғылды үш отарын Бозашыға қыстатпақ болады. Бірақ, көшіп бара желтоқсанның аяғында қалың қар жауып тағы қиындық туады. Мал қалың қардан жайылымға шыға алмайды. Қыстай жем шөптің күшімен әзер шығады.
Сол жылы мал айдасып барған Мектеп деген ағамыздың астындағы арық торы ат менің әкеме қалады. Наурыздың 20-да балаларға демалыс беретіні бар ғой, Жетек жездеміздің үйі бізбен бірге. Ауылға түнде келгенбіз. Таңертең әкем мені оятып «Жеткізген, Жазықбай атқа кетіп бара жатыр. Сенде бар. Бекітулі торы ат, абайла, шауып жүрме, түсіріп кетер» деді. Жазықбай екеуміз әңгімелесіп аттарға келдік. Жазықбайдікі Қара айғыр бұрыннан үйреншікті. Мен торы атты жаңа көріп тұрмын. Жүні жылтыраған есікпен төрдей қазанат.
Мен жақындағанда сен кімсің дегендей басын көтеріп мойынын қаздай иіп танауы пыр ете түсті. Қапелімде асау жылқы секілді мінез көрсетті. Біраз айналып ұстатпады. Жазықбай бір жағынан шығып ұстап, жүгендедім. Бірден ауыздықты салдым. Себебі, сенімсізбін. Қарғып мініп ауылға беттедік. Ауыл шамамен үш шақырымдай. Ауыл маңы аяқкесті болған соң, ат үзетіндей жерге қалдырып кеткен. Торы атым ауыздықпен алысып келеді. Жазықбай жарысасың ба деді. Кеттік деп тебініп қалып едім атым оқша атылды.
Мен көрмеген алапат шабыс үстінен түсіріп кете жаздады. Әрі жайдақ міндім ғой. Ауылға келіп артыма қарасам Жазықбай манағы жерінде жайлап келе жатыр. Әкем шаптың ба деді. Жығылып қалмағаныма сүйсінген секілді, аттың қарқыны өзіне мәлім ғой. Содан әне-міне дегенше каникулда аяқталып оқуға кеттік. Алдымызда болатын үш ай каникулды болдырсамшы. Есіл дертім ауылдағы торы ат. Асыға күткен каникул да келді. Ауылға келдік. Әрине, алдыңнан құлыным деп анаң шығатыны белгілі. Менің бірінші айтқаным торы ат қайда болыпты. Сол жаз менің қызығым торы ат болды. Шапсам құстай ұшады. Суырып аяңдағанда қасыңдағы аттар недәуір текіректеп отырады. Осы талай атым жүйрік деп жүргендермен жарыса қалсам мақтап жүрген аттары менің атымның шаңына да ере алмайды.
1969 жылдың күзі. Ол кезде 7-қараша үлкен мереке. Ауылда ат шабыс болады. Біздің үй Жыңғылдыдан оншақты шақырым жерде. Әкем Жетек екеуі Жалбартта мал жайып қалды. Алдында әкеме торы атты бәйгеге қоссақ қайтеді деп айта беретінмін. Ол кісі мән бермеді. Содан төртінші қарашада атыма мініп көрші ауылдағы Көбеш деген кісіге бардым. Бұл кісі әкемнің құрдасы болатын. Жасында бәйгеге көп шапқан деп еститінмін. Амандасқан соң не шаруамен келдің деді. Ат жаратайын деп едім қалай баптаймын дедім. Екі-үш күнде ат жарайтын ба еді деп күлді де, жабулап алып шаба бер дегеннен басқа ештеңе айтпады. Содан түс қайта жабулап алып шауып келіп қораға салып таң асырдым таңертең алдына жоңышқа салып жем берем. Осылайша менің ат жаратуым басталды. 6-қарашада Жетек пен әкем мал айдап келді. Алдынан шығып хабар айтып жатырмын, ат жаратып жатқанымды айтып едім. Әкем мен жездем екеуі мәз болып күлді.
Ертеңіне жетінші қарашада таңертең ерте тұрсам әкем үйде жоқ. Далаға шықсам әудем жерде атты жетелеп келе жатыр. Оның мәнесін сұрамаппын. Атымның көзі жайнап тарпаң жылқыдай осқырып қояды. Содан әкем, Жетек жездем және мен үшеуіміз Жыңғылдыға беттедік. Азан фонтанға бәйге аттар жиналып қалыпты. Сол жерде аттарды суарып суына тию керек. Ат шабыс сағат 11-00-де басталады. Бәйге аттардың шамасы 18. Жыңғылды мен фонтанның арасы жеті шақырымдай жер.
Үлкен кісілер бәйге балаларға көп алыс кетпей аттарыңды бусандырып алыңдар деді. Қатар тұрып аттың басын жібердік. Торы атым әп дегеннен атылды. Жер дүние шыр айналып кеткендей керемет аршынды шабыс. Азғана көсілтіп барып артыма қарасам манағы бәйге аттар тарыдай шашылып қалған екен. Атымды бусандырып бәйгі төбеге қарай бардым. Бірақ әлі көңілім күпті. Алда ұзақ шабыс бар. Содан бір сағаттай уақыт өтіп митинг парад бітіп жұрт бәйге төбеге жинала бастады. Бәйге аттар сөреге жиналып, жалау сермеліп қалды. Қашықтық қанша екенін білмеймін соңғы айналымның орта тұсына келгенде әкем қара жорға атпен қапталдай тұсыма келіп: «Жібер барынша!»-деді. Содан атым шабысына шабыс құйды деймін. Сөйтіп бірінші келдім. Атқа жабу жабайын деп жатқанда Баянғали ағай суретке түсіріп алып еді. Сол сурет мектепте ілулі тұрды.

БезымянныйЖеткізген СЕЙІТОВ, Жыршы,
Маңғыстау облысы
«Не хабар?!» газеті, (Суреттер ғаламтордан алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.