Құдайберлі МЫРЗАБЕК. Сұркөжек (соңы)

7891

Ақбоз

Бұғылы-Тағылының аясында,
Сауырлы Сары Арқаның жаясында.
Басталды Майасардың үлкен тойы,
Халық көп – он бес мыңның шамасында.

Өтті айтыс, өтті күрес, ойын түрлі,
Бұлты жоқ аспан ашық, күн де нұрлы.
Жаршылар ат бәйгесін хабарлады,
Халайық солай қарай мойын бұрды.

Бұл тойға Сәкен, Софы, Ерік келген,
Көкен бар, Керекуден Серік келген.
Жүйріктер алдарында тізіліп тұр,
Жер тарпып, ауыздығы көбіктенген.

Айтыста бір күн бұрын бәйге алғанмын,
Ақынға бәйге алған күн — айды алған күн.
Алқалап әмбе қазақ құрметтеуде,
Баласын көргендей-ақ пайғамбардың.

Қайда деп Көкшетаудың талапты ері,
Шақырды ортаға жұрт қалап мені.
«Бата бер-деді- аттар мен балаларға!»
Мен үшін мұндай тілек жауапты еді.

Шынымен мына халық қаласа анық,
Салып тұр жас басыма дара салық.
Алдына аттылардың шыға келдім,
Қолыма домбырамды ала салып.

Жиылды небір тарлан сылаңдаған,
Рахатқа бір бататын шығар далам!
Әзірге қосар аттың бәрі тұлпар,
Үмітпен әркім іштей тұмарлаған.

Ақбоз ат алдымда тұр ұзын тұрқы,
Түспесе жарар еді көздің құрты.
Құс төсті, қаз мойынды, қамыс құлақ,
Мүсіні өзгелерден бөлек жылқы.

Кісінеп жер тарпыды тезек тастап,
Барады көзі жайнап, көңілі асқақ.
Бірер сөз оған дағы арнау айттым,
Тұрсың деп, ақбоз, жақсы ырым бастап.

Нөмірі сексен тоғыз қарагердің,
Мен оған былайынша баға бердім;
Нөмірің сексен тоғыз болғанменен,
Жануар бірінші орын ала көргін.

Сөйлетті халық қоштап, сөзім жағып,
Төгілдім қос ішекті қағып-қағып.
Сан жүйрік домбырамды көтергенде,
Жөнелді тоған бұзған судай ағып.

Жаныма сонда Марат келді таяп,
— Ақбозды тұрмын, Құдаш, қазір аяп.
Бір надан бүйіріне біз тығып ап,
Өткен жыл қалып еді шаппай саяқ.

Жануар бүйірінен жаралы еді,
Әйтпесе даусыз бәйге алар еді.
Қор болған бақастыққа қайран Ақбоз,
Жарасы сыр бермесе жарар еді, –

Басы озып қарагердің, бәйгені алды,
Дегенмен бос қақпадым домбырамды.
Ақбоз ат екі айналып, ақсап қалды,
Қалың ел сырын білген қайғыланды.

Ақбозды ойлап біраз қапаландым,
Қайғысы өзекті өрттеп ата малдың.
Тапқаны күнә, қарғыс, обал ғана,
Шабысын тұлпарлардың матағанның.

Аттандық Сұркөжекке келер күні,
Таныссын оқиғамен ел ендігі.
Ішінде қоржынымның бір қолтық шөп,
Көремін көңіліме медеу мұны.

Жолбасшым Марат Шайхин ел ағасы,
Көлік сай, алыс емес жер арасы.
Қасымда Серік ақын Керекуден,
Тең тиген екеумізге дода басы.

Тоқтадық Жұмажанның ордасына,
Үйінде күтулі екен ол да асыға.
Жасамыс. Бойы ширақ, жүзі жайсаң,
Татитын тұлғасы бар қолбасыға.

Қазақтың сәлем бердім салтыменен,
Ағамыз шаттанып тұр шалқып ерен.
— Ал, енді үйге енейік – деді Жұмаң,
Танытып қонақжайлық қалпын ерен.

-Арқаның дүбірлеткен кең шеңберін,
Ағатай, Сұркөжекті көрсем – дедім.
— Көкшетау, Құлагердің ауылынан,
Әкелген сыбағам бар, берсем – дедім.

-Жөн екен мұның балам, жүр ендеше,
Ырымың таңсық боп тұр сыры өзгеше.
Бұл күнде туысымдай көрінеді,
Бір адам Сұркөжекті білем десе.

Сұркөжек жатыр екен қорасында,
Шор қатқан сынған аяқ жарасында.
Қос жанар ішке батқан шүңірейіп,
Көзінің мұң жиналған шарасында.

Көзінен бұл-бұл ұшып кез жайдарман,
Сұр құлын, қаракөк тай бозға айналған.
Уақытқа өң бермейтін ештеңе жоқ,
Дүниеде не табылар тозбай қалған.

Бітсе екен мал бітсе де жақсы адамға,
Жақсы адам досын жолда тастаған ба.
Жұмажан жан серігі Сұркөжекті,
Қасапқа қия алмапты ақсағанда.

Көкшенің таңдап шөбін тергенімде,
Сүйсініп жесін дегем бергенімде.
Алдына төктім «Мынау сыбағаң» деп,
Ерігіп шөп арқалау ермегім бе?!

Мақсатым атқа құрмет ту бастағы,
Пенденің оны ұға алмас бейбастағы.
Әкелген көк балауса әсияны,
Құмартып Сұркөжегім жей бастады.

— Мұндай шөп жүзінде жоқ бұл әлемнің,
Өйткені ол ізіне өскен Құлагердің.
Сені іздеп Көкшетаудан әдей келдім,
Қастерлеп киесіндей мына белдің.

Көзінен жануардың ай сығалап,
Құлағын елең етті қайшылап ап.
Сөзіңді түсінді — деп мәз болысты,
Тұрғандар қасымдағы тәнті қарап.

Мұндай ат дәріптеген түгел ел боп,
Әркімге қайдан келсін міне бермек.
Жұмажан Сұркөжекті сүйей берді,
-«Кәртәміш», қонақ келді, түрегел-деп.

Жаныштап батпан тағдыр батқан белден,
Сұркөжек тұрды ұмтылып жатқан жерден,
Құшақтап қаз мойыннан жалын сыйпап,
Мен сонда амандастым ақтангермен.

— Құмартқан тарланым да, серегім де,
Өзіңсің, қалың қалай? — дегенімде.
Аяғын сермеп созып, бұлғақтатты,
Осыны біреу айтса сенемін бе.

Мұң шағып төртеумізге бас құраған,
Сұркөжек екі көзден жас бұлаған.
Төбемнен болды бейне тас жауғандай,
Жылқыны көріп тұрып рас жылаған.

Көргенде Сұркөжектің жылағанын,
Қосылып мен де егілдім, шыдамадым.
Соққыға жыққандай боп көз алдымда,
Халықтың бетке ұстаған бір адамын.

Қара үзіп, шаңға көмген талай атты,
Сұркөжек қай бәйгеде жан аяпты.
Шебердің қолын шауып, қорлағандай,
Кім екен мертіктірген сол аяқты.

Мұндайда қайдан болсын келіс қабақ,
Бәрі де жасын сықты теріс қарап.
Бастады Жұмаң сонда әңгімесін,
Қапсыра білегімнен мені ұстап ап.

Жұмажанның әңгімесі

Әкелген әкем сатып екі бие,
Жаратқан жазған шығар несібіне.
Жылқысы барда қазақ мойыған ба,
Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуіне.

Шұңқыр жоқ маған жұмбақ мына қырда,
Жол табам бораны мен тұманында.
Бір күні көрші ауылдан келе жатсам,
Көк бие құлындап тұр бір адырда.

Бөлініп көп жылқыдан тұрған дара,
Сұр құлын көк биеден туған жаңа
Аспаннан нұр шашылып, шөптер билеп,
Төліне шілдехана қылған дала.

Сайратып боз торғай мен бұлбұлыңды,
Жел кезді сүйінші айтып қыр-қырыңды.
Көк бие шыр айналып шұрқырайды,
Қоянның көжегіндей сұр құлынды.

Біреуі біреуімен бой таласып,
Тұра алмай тау, төбелер жәй қарасып.
Жете алмай сұр құлынға мысы құрып,
Шақырды құшақтарын айқара ашып.

Жатыр деп неге менсіз той басталып,
Жағаға су секірді сайды ақтарып.
Қайшылап қос құлағын әр немеге,
Сұр құлын аяқтанды ойнақ салып.

Қанбастай көрген көздің құшыры жәй,
Пай-пай-пай, сұр құлынның пысығын-ай!
Тал-тоғай таңдай қағып тамсанады,
Бермейтін болмашыға ішін ұдай.

Тал-тоғай, ішің күңгірт қалың жыныс,
Болар ма түнек бар да жаным тыныш.
Жатпасын түкпіріңде бұққан қорқау,
Қайраған ауызында азу қылыш.

Беймәлім оған қастық, қара түнек,
Тұруға бір орында тағаты жоқ.
Сұр құлын көкке қарап ұмтылады,
Амал не ұша алмады қанаты жоқ.

Шағылып екі көзі күнге кенет,
Күлдірлеп үн қатады бірдеме деп.
Көктегі бұлттың өзін жадыратқан,
Бары анық сұр құлында бір керемет.

Қасқа айғыр оқыранып тұрды барлап,
Сұр құлын шапқылайды құлдыраңдап.
Көшелі көк биеден туған төлдің,
Тұқымы жат екенін білді ме аңдап.

— Қасқа айғыр, бауырға тарт, жаныңа алғын,
Нәсілі жылқы емес пе жануардың.
Жұлдызын қыл құйрықтың жаққалы тұр,
Сұр құлын топтан озып танылар күн.

Дейтіндей қасқа айғырға төрткүл аймақ,
Туғаны бір ғажаптың боп тұр айғақ.
Көңілім қуанғаннан көлдей шалқып,
Көргенде екі көзім кетті жайнап.

***

Заманы Хрущевтың есерленген,
Қинаған сор батпағы кешер белден.
Халыққа жүгеріден нан жегізіп,
Қашсаң да құтылмайтын кесел келген.

Соғыста сан боздағын құрбан қылып,
Күткен ел жарқын өмір нұрға ынтығып.
Тұсында Хрущевтың сүргін көрді,
Аямай Голощекин қырған түлік.

Тырмысып бойын әзер көтергенде,
Тұрмысын малсыз қазақ бекемдер ме.
Не жылқы, не сиырдың бірі ғана,
Шек қойған оның өзін екеулеуге.

Сұр құлын өсті.
Болды қаракөк тай,
Тайында тұрқы биік дөнен аттай.
Шапқанда ойнақ салып, ешбір адам,
Қалмайды қас-қабағын кере қақпай.

Жылқыға өкіметтен қойған шек бар,
Басы өссе шүйлігеді жандайшаптар.
Өткен жыл көк биені етке өткізген,
Жұмажан Сұркөжекті қайдан сақтар.

Артық мал селсәбеттің тізімінде,
Хақың жоқ қарсыласып кіжінуге.
Ауылды белден басқан саясаттың,
Төркіні Мәскеудегі қызыл үйде.

Лениндік партияның үлкен жолы,
Халықты кедейлікке икемдеді.
Өсірмей малдың басын қадағалап,
Ілгері бастырмады бір пендені.

Ат қосу, жүйрік баптап қиял елес,
Тұрмыспен тайталасып қылады егес.
Шиеттей балаларға сиыр керек,
Сұркөжек маңдайына сыяр емес.

Шарқ ұрды Жұмажанның дал боп басы,
Күнелтер ақсыз қалай жарлы отбасы.
Өтетін жетектесе сиыр ғана,
Алдында кер заманның тар қақпасы.

Көсеңе көп көрініп таз қалпағы,
Ор қазып бірге-біреу азған шағы.
Көре алмай екі жасар тайдың өзін,
Отыр деп айғыр ұстап жазған тағы.

Не пайда қолың жетпей ынтықаннан,
Дәурен жоқ ат жаратып, бүркіт салған.
Дейді әке Жұмажанға безек қағып,
Нәубеттен зәрезап боп үркіп қалған.

Не түрлі зұлматтарды біліп, танып,
Төзеді іштерінен тынып халық.
Бір күні жолдан келсе Сұркөжекті,
Әкесі сойғалы тұр жығып салып.

Қолында қара пышақ қылпылдаған,
Кешіксе болар еді мүмкін жаман.
Ажалдың аранында бұлқынады,
Көк құнан бүйірін соғып ыңқылдаған.

Көргеннен жан дауысы шықты мұның,
(Кереңдер естісе ғой жұрттың үнін).
Әке!, -деп айқай салды-енді мұндай,
Бітпейді босағаңа құтты құлын.

Бауызда одан дағы мына мені,
Тірідей сақтау керек бірақ оны.
Жатқан жоқ аспан күйіп, жер өртеніп,
Бар шығар бір амалы сірә деді.

Пышағын әудем жерге бір-ақ атып,
Назарын қадады әке Жұмаға тік.
-Өшігіп айғырыңа нем бар, балам,
Өкімет қоймаса егер тұралатып.

Тезірек амалын тап соза бермей,
Дікілдеп жүрген жоқ па маза бермей.
Сәурігің сүт болмайды балаларға,
Сен дағы сиыр ұста мынау елдей.

Білген соң басқа жолдың мүлде жоғын,
Ашытып удай уайым тілді өзегін.
Босатып төрт аяғын, тұрғызып ап,
Жөнелді жетектеп ап Сұркөжегін.

Бекініп көп толғантқан бір шешімге,
Бет алды тұрған қосқа қыр төсінде.
Айналып ай тақырды сандалғанмен,
Сау тамтық қалар емес жүйкесінде.

Басшыға қолқа салды фермадағы,
Жылқысын өкіметтің сол бағады.
Тапсырып Сұркөжекті бір тай алмақ,
Келіссе ардагердің оң қабағы.

Құтқарса құнанымды қыдырым-деп,
Құп алса тілегімді құлымын-деп.
Келгенде ферма бастық жайын ұқты,
Тұлпар мен азаматтың күні бір деп.

Қайтер ед рай бермесе сұрқы суып,
Өтінді ал — деп — мені жылқышы қып.
Ер еді, сол сөзін де мақұл көрді,
«Жақсыға орын бар — деп — бір кісілік».

***

Ен дала, кең жайылым майкөделі,
Қыраттан аққан сулар сайға енеді.
Жайылып емін еркін жатыр жылқы,
Қылмаған көзден таса ғайып-ерені.

Азулы айғырларға айбат қылып,
Сұркөжек сәурік болды бойдақ қуып.
Үйірін қысырақтың жау тигендей,
Аулаққа әкетеді айдап түріп.

Бейне бір сезім буған бала ғашық,
Қылығы Сұркөжектің барады асып.
Таласып майдан салып, сиыспай жүр,
Өзінің хақысы үшін жағаласып.

Еркектік тайталасқа қойылғанда,
Шын өрлік жасықтыққа бойұрған ба.
Беделі ұрғашыдан төмен түссе,
Еркекті еркек сірә мойындар ма.

Сұркөжек биыл дөнен құнан емес,
Қарпысып қайсарлықпен қылады егес.
Мазасыз қасқа айғыр да, басқа айғыр да,
Кернеген кеуделерін ыза мен өш.

Тыныштық кеткеннен соң жайылымнан,
Шапқылап ат болдырды қайырудан.
Күңкілдеп жылқышылар арыз айтты,
Көз жазып күнде-күнде айырылған.

Кестіріп ат қылмасақ болмайды деп,
Шығарды қостағылар айғайды көп.
Амалсыз Жұмажан да көнді соған,
Әйтпесе басын жоймай қоймайды деп.

Жұмажан қанша аяп қараса да,
Бауыры мен баласына баласа да.
Басқарма айтты бітті. Заң соныкі,
Мұныкін жөн екен деп санаса ма?!

Тигендей Сұркөжекке шоқпар қатты,
Айналып қарашығы жас парлатты.
Екі шоқ екі көзден ұшты дағы,
Домалап екі түйір ет боп жатты,

***

Топ жарып бестісінде дара келген,
Ілесіп ат болмады оған ерген.
Талайдың баптап қосқан арғымағы,
Соңында тезек теріп қала берген.

Алдына мал салмады сау күнінде,
Бәйгесі болған емес даулы мүлде.
Аттарды бір айналым артқа тастап,
Кеп жүрді жеке дара сан дүбірде.

Теңгеріп мерейімді дәулетті ерге,
Аяғын билеп басар әндеткенде.
Жаңылып жүрісінен жүнжімейтін,
Жем — шөптен тарлық көріп, жал кеткенде.

Сезетін алдын ала жол мәресін,
Көмбеде әперетін ел дәмесін.
Арпаны арбасымен қойсаң дағы
Күтетін май жинамай өз денесін.

Мінезін айта берсем таң қаласың,
Құр жүрсе жуытпайды жан баласын.
Жануар таң асырар өзін-өзі,
Қазыққа алып келіп байлағасын.

Тізгінді ер қасына қайырғасын,
Өзге аттан көрсететін айырмасын.
Өзінің үй сыртында шеңбері бар,
Шабысқа салушы еді бар ынтасын.

Шеңбермен тер алатын кісі мінбей,
Ақылы дін бұзбайтын мүсілімдей.
Дүбірлі ду дабыры таяғанда,
Сұлыдан татпаушы еді пісірілмей.

Таусылмас айта берсе қасиетін,
Мақтады демегейсін әсіре тым.
Кезі жоқ жолға тастап сандалдырған,
Көңілімді қамыққанда өсіретін.

Бірер жыл қоспап едім ұлы дуға,
Қалсын деп абыроймен ғұмырында.
Соңында аламанның шаң жұтқызып,
Батырғым келмеп еді мұны мұңға.

Тағы бір топқа салар қара ат та бар,
Бәйге өтсе адаммын ба тағат табар.
Айтулы өрен жүйрік дей алмаймын,
Болуға үштің бірі талаптанар.

Қара атты мініп алып тойға кеткем,
Бір жағдай болыпты жұрт қайран еткен.
Сұркөжек өз-өзінен аласұрып.
Шарбағын күнде тұрған ойран еткен.

Бой бермей қайырмалап қуғандарға,
Ұқсапты бықпырт тиіп жындағанға.
Келер жол мініп барам деп ойладым,
Жай тұрған ұнамаса бұл тарланға.

Ауданның алпыс жылдық тойы келді,
Көжекті мініп бару ойыма енді.
Қара атты ұстап алып баптай бердім,
Тәңірім қолдасын деп жолын енді.

Өзгерді Сұркөжек те оны көріп,
Қаншырдай ішін тартты, қоңы кеміп.
Жемімді күнде салған өлшеп жейді,
Қайтарам енді мұның бетін не қып?

Мінгізіп бір баланы шыққам алып,
Жануар соны сезіп, ұққаны анық.
Қолымда сағатым бар шамалайтын,
Өнерін байқамақпын сыртқа барып.

Сынайтын бәйге атымның барлығын да,
Төбенің шеңберім бар арғы ығында.
Тер алып аламанға баптағанда,
Сұркөжек талай шапқан сәл бұрында.

Дағдылы әдетінше сол әуелгі,
Тебініп, бала басын қоя берді.
Сұркөжек шеңбер бойын екі айналды,
Көңілім толмай-ақ тұр оған енді.

Жетелеп келді бала кәртәмішті,
Біз күткен көрсеткен жоқ зор шабысты.
Жарайды енді мұны қоспаймыз-деп,
Тұрғанда ат жұлқынып арпалысты.

Ойладық не түртті деп жуас атты,
Есіне түсірді ме бұла шақты.
Баланы кеудесімен бір итеріп,
Босанып Сұркөжегім тұра шапты.

Желігіп ай далаға мүлде адаспай,
Шеңберге түсті барып, үйге қашпай.
Жалма-жан сағатымды белгіледім,
Сыртынан босқа қарап, құр бал ашпай.

Төбені сол бетімен төрт айналды,
Толтырам дегендей-ақ ортайғанды.
Келді де қасымызға тоқтай қалды,
Енді көр дегендей-ақ қартайғанды.

Өтірік ертегіні құрамадым,
Кісі алдап, батып қайтем күнәға мың.
Қасиетін Сұркөжектің білгің келсе,
Тоқтатып осы ауылдың сұра адамын.

Сай келді жылдамдығы ойлағандай,
Болмастай енді баптап, тойға бармай.
Сенгенмін Сұркөжекке қоспай жатып,
Үш тоғыз босағама байлағандай.

Намысты бермейді деп жан аманда,
Апардым айбозымды аламанға.
Кісі жоқ сүйсінбеген, құйрық шаншып,
Ойқастап шекесінен қарағанда.

Оқиға сосынғысы мәлім бәрі,
Қара жер қарс айрылып жарылмады.
Тигенше қара сойыл топайына,
Сұркөжек шабысынан жаңылмады.

Тимеймін ажал жетіп, өзі өлгенше,
Сен жырла, аты қалсын сөз өлгенше.
Байқаймын осал жігіт көрінбейсің,
Алдына мәз болатын қозы өңгерсе.

Жарайтын жігіт бол-деп-көш бастауға,
Жұмажан бата берді қоштасқанда.
Үкісін Сұркөжектің сыйға тартты,
Аттандық разы болып бас қосқанға.

1989ж

10380828_1429349034001033_1634307494351407622_oҚұдайберлі Мырзабек. (Соңы)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.