Ақбоз атты ару

…Келесі жетіде той болды. Көшен бұлақтың басындағы сазда өтті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Матай бойы дүр сілкініп қалды. Алдымен тай бәйге, құнан бәйге, дөнен бәйге, артынан сонау Көктөбеден асырып, сары өзек жақтан ат бәйгесін жіберді. Қырқаға тігілген ауылдан Шоқан мен Айсара бәрін көз алдынан өткізді.
Әсіресе жорға жарысында алдына қыл құйрық салмай, жеке дара келген Байзақ берген ақ жорғаны көргенде, Шоқан ойына талай-талай өткінші ойлар келген. Ол ең алдымен Жылқайдарды есіне алды. Оның ақ бозды құдайыға шалғанын көз алдына әкелді. Ол да мынау Ақжорға сынды қасиетті мал еді. Есіне алып қана қойған жоқ, бұл әңгімені Айсараға айтты.
Шіркін, Жылқайдарды мынадай жойқын көкпарда көрер ме еді. Есіл жігіт жарын іздеп, жорықта жүрген шығар. Тағдыр оны қайда алып кетті екен? Осман берген күрең қасқамен Шымкент пен Ташкенттің бір жерінде жүрген шығар-ау. Ол Матайға келем деген. Уәдесіне берік жігіт ол сөзін көкейінде сақтапты…
Тойдың соңы қым-қиғаш көкпар болып кетті. Мұнда ол өзінің жігіттері Таубай мен Нұғытжанның қимылын көп қызықтады. Әсіресе екі иығы тік, жауырыны тұтас Нұғытжан шын шабандоз екен. Қалың додаға қаймықпай түсіп, көкпарды бірнеше мәрте топтан алып шықты. Тақымдағы көкпарды жата тартқан жігіттердің өзі одан ала алмады. Бірде ол шаршы топтан көкпарды суырып ала шықты да, қалың көптен оқшау тұрған Таубайға өңгерте салды. Ол көкпарды алдына, ердің басына басқан бойда таудың биігіне қарай шығандап ала қашты. Көпшілік дүре көтеріліп, оның соңына түсті. Кілең арбаға қосып жүретін қара торының өрге салса жақсы шабатынын Таубай бұрыннан білсе керек, ат алғашқыда суырылып, оқ бойы шығып кетті. Қуғыншылар ішінен бауырды жазып, тіке салғанда шапқыш аттар бар екен, Таубайды алысқа жібермей қуып жетіп, көкпарды лезде-ақ тартып алып, кері қайтарды.
Бәйге мен көкпар – дала жұртының бейбіт кездердегі ең үлкен қызығы. Бұл екеуінсіз той-думанда сән де, мән де жоқ. Мұнда ең алдымен жігіт сынға түседі, одан соң оның серігі мен қанатындай болған ат сыннан өтеді. Көпшілік өзінің ер жүрек, білекті жігіттерінің өнеріне, күшіне сүйсініп, қызықтайды. Бұл еріккеннен шыққан ермек емес. Бұл – елін қорғауға әзірлік. Ертең халық басына қайғы-қасірет, жаугершілік, шапқыншылық қайта түсе қалса, содан қорғайтын, қолына қару ұстауға болымды азаматтар осы көкпаршылардан, бәйгеқорлардан, аттың құлағында ойнайтын бозбалалардан шығады.
Асау үйретіп, бедеулер мен құрық түспеген, арқасына ер-тоқым тимеген қыл құйрықты қолбала етіп, жуасытудан басталатын ел өнері – ер азаматтың сыналар мектебі. Бүгінгі бәйге мен көкпарда жан аямай қимыл көрсеткендер өздерін осындай ауыр сынға ойланбай салған.
Шоқан көкпаршыларға ықылас қойып, зейінмен зер тастап, ұзақ та жалықпай қарады. Әсіресе Нұғытжан көрсеткен айлалы да алымды тәсілдер, жігерлі қайрат оны ойландыра бастады. Бірде Нұғытжан өзі тәрізді шабандоз жігітпен бетпе-бет келіп, оның тақымындағы көкпарға қол салғанда, жамбастап, аттан аударылып түсердей қисайған бойы көк серкені одан жұлып әкетті. Анау қайта ұмтылып, қатесін түземек болғандай өзеуреп, тартысқа қайта түсті. Ала алмады.
Бірақ екеуі жекпе-жек көп жұлқысты. Екі аттың арасы алыстап барып, сілки тартқанда, бүйірі қайта соғысып, үзеңгілер сарт-сұрт қағысады. Ат шабысынан жазып, теңселіп кетеді. Неткен жойқын десеңші! Бұл екеуінің астындағы аттары анау-мынау мініс аттары емес. Додаға түсуге, тіпті керек жерінде көкпарды алып қашуға жарамды да, ә дегенде шығандап жөнелетін алымды да аттар.
Бұл екеуі көп жұлысты. Бір-бірін ала алмады. Ат та, жігіт те бір-біріне сайма-сай келгенде, осындай тепе-тең сілкілесулер – көптің жалықпай қарайтын ермегі. Дегенмен Нұғытжан қарсыласының астындағы ат болдырып қалды білем, кезекті сілкілесте қабаттасып, үзеңгі қағыса алмай, шегіншектей түсті. Көкпардан айырылып қалды. Мынау болса жерге лық етіп түсе бастаған көк серкені едәуір жерге дейін сүйрете барып, көтеріп әкетті. Тойға тігілген ауылға қарай бұрыла шапты. Алдынан қарсы шығып, жолын бөгемек болған ыдыраңқы селдір топты бұл жарып өтті. Ендігі бір сәтте Нұғытжан Шоқан мен Айсара отырған отаудың алдына көкпарды тастап кетті. Басын қызыл орамалмен шарт байлаған шойын денелі, дембелше қара жігіттің беті түтігіп, маңдайын моншақтай тер басып кеткен екен.
– О, бәрекелде, бәрекелде! – деп қалды жақын отырғандар.
– Рақмет, Нұғытжан, рақмет! – деген Шоқан сөзін шабандоз ап-анық естіді.
Ат басын отауға қайта бұрып, айналып соққан кезде, Шоқан түрегеліп, шабандозға қарай жүрді. Қасына жақын келіп, ақ көбік басып, танаурап тұрған аттың шылауынан ұстады да, өзінің біраздан бергі жол серігі Нұғытжанның тер басып кеткен, тұп-тұтас сом жауырынынан қақты.
– Сенің осындай күшті де, епті, қарулы жігіт екеніңді сезетін едім. Бірақ сені сынға салатындай жайлардың о жақта бола қоймағаны өзіңе аян.
Бүркітші Бекен көкпарды жерошақ басына сүйрей жөнелді. Бұл кезде көкпаршы қауым той иелері отырған ақ отауды алқа-қотан қоршап алған еді. Есік алдына тасталған көкпардың қайта берілмейтінін жақсы білетін Шоқан жаңа көкпар беру керектігін ойлады да, қалтасынан ақша алып, Нұғытжанға ұсынды.
– Менің меншікті ешкім жоқ екенін білесің ғой, мынаған сатып алыңдар! – деген.
Нұғытжан жаңа көкпар алуға кетті. Жұртшылық оған ілесе шапты. Сол дүрменді топтың ереуілді түріне қарай тұрып, ол қатты толғанды: мынау кең дала, биік тау, өрісі мен жайлауы жойқын жерге мыналар сынды білекті де жүректі жігіттер керек. Бұларсыз мал бағу, жан асырау, ұрпақ өсіру, мынау байтақ жердің тауқыметін көтеру, суығы мен ыстығына төзу, шыдамдылық көрсету мүлде мүмкін емес.
Табиғат – жер ана. Ол өзінің құбылысына, болмысына қарай адам өсіреді. Көші-қонды, ұзақ жолда, жорықта, үлкен-кішілі қақтығыстарда ерлік пен батырлық, айла-тәсіл көрсете білетін азамат сонда керек. Мынау бәйге, көкпар, күрес, шапшаңдық, қайраттылық – сол мақсат жолындағы шынығу, өзін келер күндердің сондай кезіне әзірлеу, дайындық.
Кейде ақылмен парапар күштілік, ептілік болмаса, жігер мен қайрат болмаса, ойлаған мақсат іске аспайды. Адам туғаннан бастап, өзін-өзі баулиды, алған нысанасына жетудің жолын іздейді. Жүректі, парасатты жігіттің өзі бұлшық еті шыныққан білектіден шығады.
Содан да мына далада табиғатына қарай төзімді, бойында күш-қуаты мол, жаратылыс өзі екшеп, өзі електен өткізген, қаруы мықты, қамшыны қарудай ұстай білетін ерлер керек. Оларсыз дала жетім, тау жесір, өзен мен көл қорғансыз. Елдің де, жердің де көркі – мынау Нұғытжан сынды, анау Жылқайдар тәрізді қарулы азаматтар…
Шоқан ойын: «Ананы қара!» – деген Айсара сөзі бөліп жіберді. Шанқанай өзенін тауға қарай бойлап тартқан қара құрымдай қалың топ аспандағы қара бұлттай көшіп барады екен. Көкпар қайта басталған. Қолына дүрбі ұстауды ерсі көріп отырған ол оны көзіне қалай апарғанын байқамай қалды. Қарап отыр.
Дүрбіден анық көрінген көкпаршы жұрт оған бір сәт Байзақтың ұлы Ақмолда басқарған аттылы жасаққа ұқсап та кеткен. Ол байғұстың халі қандай екен? Қайда, қай жерде бара жатқанынан бұл осында келгелі бейхабар. Осман берген күрең қасқаға мінген Жылқайдар не күйде екен?
Ойында белгілі мақсаты бар от жүректі жас жігіт басына түсер ауыр күндерді елемей, сүйген жарды босатуға, оған азаттық алып беруге бара жатыр. Бұл жолда ол неге болса да көнуге, шыдауға белін бекем буған. Ол да мынау көкпар тартысқан ер жігіттерге ұқсайды. Бірақ осы шақта ол мұндай қызық тамашадан аулақ… Көкпаршылар Шымылдық жайлауына қарай алыстап кеткенде, мұның ойынан Жылқайдар да алыстаған…
… Шоқан мен Айсара салт атқа мініп, жаман асумен асты да, Алтынемелмен кері қайтты. Жолай Шоқан Байзақ берген ақ жорғаға мінген өз келіншегіне қайта-қайта қарап, жаңа көргендей қызықтады.
– Айсара, сенің суретіңді салсам қайтеді?
– Өзің білесің.
– Менің салған суреттерім саған ұнай ма?
– Жақсы ғой. Әне бір қашқар келіншектері болмаса…
– Олар саған неге ұнамайды? – деп Шоқан шын ниетімен оның ойын білгісі келген.
– Өзім де білмеймін. Әйтеуір, ол келіншектер онша ұнамады.
– Өздері нақ солай киінеді. Мен оңдап келтіре алмаған болармын. Әйтпесе, ол тым көркем.
Айсара үндемеді, «Қандай болғанда да, әйелді ұнататын әйелді әлі көре алмадым!» деп ойлады ол.
– Ертеңнен бастап, сені осы ақ жорғаға отырғызып, суретіңді сала бастаймын.
– Ақ қағазға, ақ атқа мініп, ақ киім киген адамды қалай түсіруге болатынын ұқпаймын.
– Мынау ойың қызық. Дегенмен, еңбектенемін.
Бұлар ертеңіне түстен кейін серуендеп, екеуі алғашқы рет «сен десіп» табысқан Қоянкөз шоқысының басына шықты.
– Ал, Айсара, сен осы атыңмен осында қал. Мен төменірек түсіп, байқайын. Қағаздың бетіне қалай түсіруге болар екен.
Айсара аппақ қағаздай ақ атпен, ақ көйлек, ақ етекті биік сәукелемен шоқының басында тұр. Бұл өзі төмен түсіп, қағазын жайып, төбеге зер тастады. Айсара біліп айтқандай екен, ақ қағаздың бетіне ақ атты, ақ киімді адамды сызып түсіру қиын.
Дегенмен, ол өзінің қайсарлығына басып, көп қарады, көп ойланды. Мұнда ойнайтын – қара сызықтар. Аттың көзі қара, құйрық-жалында аздаған қылаң бар. Сондай-ақ жарының көзі қара, шашы қара. Ал сәукелені сарғыштау етіп алды. Мұнда басты орынды алатын – қара сызықтармен қатар қара нүктелер.
Ол алғашқы нұсқасын жылдам сызды. Ойына жаңадан ой келгендей, онысын жыртып тастады да, басқа қағаз алды. Оның ойына ерте, балалық кезінде оқыған бір жай түсіп кетті. Қытай елінде бір суретші бопты. Оның жалғыз еңбегі болған дейді. Әлгі сол жалғыз еңбегімен тарихта қалған екен. Ол еңбегі де бітпей қалған, жартылай болса керек. Онысы өз әйелінің көзі екен дейді. Бірнеше жылдар отырып, әйелінің бір көзін ғана қағазға түсірген екен дейді әлгі сабаз. Сол әйелдің жалғыз көзінің бейнесі осы заманға жетіп, қытай қылқалам иелерінің дүние жүзіне көрсететін барлық көрмелеріне қойылады екен.
Бұл өз әйелінің көзі емес, атқа мініп тұрған тұлғасын салмақ. Әрине, ол бұл суреттің ешбір көрмеге қойылмайтынын да біледі. Тағы да Шоқан – жылдап отырып сурет салатын шебер емес. Ойына келген соң, бетінен қайтпады. Ақ қағаздың бетіне алыста тұрған әйелінің кескінін ұзақ сызды. Алдымен атты, содан соң оның үстіндегі адам тұлғасын ерінбей сызған.
Алғашқы күнгі сызғанын Айсараға көрсеткен жоқ. Тағы бірде қайта оралмақ.
– Айсара, сенің айтқаның дұрыс екен. Ақ қағазға ақ атты түсіру қиын екен. Кейін ораламын әлі! – деді ол…
…Көктем кеш басталып, ұзаққа созылды. Көктемнің шуақты күнінің бірінде ол өткен жылы бастап, бітірмей қойған Айсараның ақ жорғаға мініп тұрған суретін қайта салуды ойлап, екеуі атқа қонды. Қоянкөздің басына шықты. Көктем көпке созылып, жауын-шашын көп болғандықтан, шөп қалың, бұталар биік екен. Шың басқан қалыңда бұлар шоқыға әрең көтерілді. Айсараны биікте қалдырып, өзі төмен түскенде ат үстіндегі жары жақсы көрінгенмен, аттың жон арқасы, мойны мен құлағы ғана көрінді. Қағазға мұндай көріністі де түсіріп қалғысы келіп, сыза бастады. Аппақ сүттей ақ атқа мініп, ақ киім, ақ сәукеле киген келіншек төбе басында, көкпеңбек көк шалғын; жаңа гүл жарғалы келе жатқан қызыл тобылғы мен көк те қоңыр бояудай хош иісті аршаның арасында тұр. Ғажап кездегі ғажап көрініс. Жер деп аталатын адамзат анасының табиғаты өз перзенттерін осылайша гүлге орайды, тамашасына батырып, құшағына алады. Адамды адам еткен құдіреттің үлкені – сол адамдар өскен орта, табиғат. Ол оған үн берген, тіл берген, ой берген, ақыл-парасат берген, ең алдымен ол оған әдемілікті сүйе білетін ыстық қанды жүрек берген. Міне, осы табиғаттан біреу көп алады, біреу аз алады. Ал одан ештеңе ала алмаған пенде тірі өлік боп өмір кеше береді. Мұның өз халқының бесігі – мына тау, анау дала, өзен-көлдер, биік құз, шексіз құм, сары жазық, орман-тоғай, қамысты жаға, құлан ойнап, киік жортқан арқа.
Осы бесік өз ұлдарын тербеткен, ер етіп ерге отырғызған. Соның аядай бір төбесін бұл ақ қағаздың бетіне сызып отыр.
Ақ қағазға ақ ат, ақ киімді адам бейнесін түсірудің азап екенін біле тұрып, бұл сызып отыр. Бүкіл өмірінде жалғыз сурет салып, оның өзін бітіре алмай кеткен суретші бейбақ осылайша қиналған да болар. Ол бүтін өмірін арнаған суретінде өз әйелінің бір көзін ғана салып бітірген. Бұл нақ сондай талғампаз болмағанмен, өз жарының ат үстіндегі бейнесін салмақ. Талай қағаз жыртылды, талай қаламның ұшы мұқалды. Жанға рақат, жүрекке жылылық құйған, бауырында жатқан әйелдің бейнесін ақ қағазға түсірудің де берер қуаты бардай, ол ойынан шегінген жоқ.
Ақ қағазға түскен қара сызықтар өзінше ойнады. Ат үстіндегі әйел бейнесі өзінің алыстан қараған кейпінде қағазға түсіп жатты.
– Айсара! – деп айқайлады ол. – Айсара, солай тұрған бойыңда ән салшы. Тұра-тұра жалықтың емес пе. Ән, ән сал!
Өз жарының әнге, ән-күй тыңдауға ынтызарлығын сезетін ол шоқы басында тұрып, ән салды.
Шықтым да Қоянкөзге көп қарадым,
Жан сәулем менің қайда деп қарадым.
Биіктен көзім талып қарағанда-ақ,
Сезуші ем айдың батып, таң атарын.
Көп қарадым!
Ай да күліп айтатын,
Жарымның көп кешікпей кеп қаларын!
– Қайталап айт! – деп дауыстады ән біткен кезде.
Шоқан ойланып отырды да, әлгі ақ боз атқа мінген Айсара суретінің қасындағы бос жерге осы өлеңді жазып қойды…
… Бұлар отау үйге еніп, дөңгелек үстелде сапырулы тұрған сары қымызға отырды.
– Қоянкөздің басында тұрып салған әнің маған ұнады, Айсара. Өте әдемі. Көп айтқан боларсың, даусың жатық та, үнді шықты.
– Әнім ұнаса, өзім ұнасам, маған одан артықтың керегі жоқ, Шоқанжан!
– Мынау сөзің де ұнады, Айсара!
– Сенің сызғаның маған ұнар ма екен, салған суретіңді көрсетші, Шоқанжан.
– Ертең көрсетейін. Жетпей тұрған жері бар.
Шоқан көз алдына өзі салған, ақ жорғаға мінген аруының, алдында отырған жарының қағаз бетіндегі бейнесі қайта оралып келген еді.
Ол ұзақ уақыт өзімен-өзі боп, үнсіз отырды.
Сәуірбек Бақбергенов,
«Ақбоз атты ару» романынан ықшамдалып алынды
Argymaq.kz


