Атқа міну – сал ауруынан айғудың бірден бір емі

16842

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша арнайы грантын жеңіп алған «Абай жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларды атпен емдеуді қолға алып отыр.
Жеті қазынаның бірі саналатын жылқы түлігі ықылым заманнан бері халқымыздың тұрмыс тіршілігінде айрықша орын алып келеді. Қаймана қазақ үшін жылқының маңыздылығы жоғары. Мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең – қымыз, кисең – киім болған Қамбар ата түлігін бабаларымыз ерекше бағалағаны белгілі. Жылқы мінезді халық атануымыз да бәлкім осыдан болар.
Расында, жылқы малының адамзат баласы үшін сан түрлі пайдалы қасиеттері бар екені күн өткен сайын мәлім болуда. Ғылымда дәлелденген бір жайт – атқа салт мінудің сал ауруларын емдеудегі пайдасы.
Ғылымға жүгінсек, аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа түседі деген сөз. Сол себепті атқа міну – адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Дәрігер мамандардың айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы — массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады және ағзаны жандандырады. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары екен. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады екен. Иппотерапия әсіресе жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қолданылады. Тіпті, есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да иппотерапияға сүйеніп, ем қабылдауға болады дейді мамандар.
Абай ауданы бойынша 24 тірек-қимыл қозғалысы бұзылған және 46 психоневрологиялық ақауы бар балалар есепке алынған екен. Бұл мүмкіндігі шектеулі өрендердің сырқаттары емдеуді қажет етеді. Міне, осы орайда иппотерапияның берері мол.
Жастар орталығының жетекшісі Мейіржан Смағұлов, этноауыл кешенінің меңгерушісі Тоғжан Исанова, жылқықұмар ауыл жастарынан Думан Бекбосынов, Қаһарман Тайтөлеуов бастаған ауыл жастары жуырда алғашқы ем-шараны Этноауылда бастап, 30-дан астам баланы Орда тауының бөктеріне салт атқа жайдақ мінгізіп саяхатқа шығыпты.
balalar22– БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында 1,8 миллион теңге грант алып, осы жұмысты бастап кеттік. Өкінішке қарай, иппотерапия саласын жетік білетін мамандар тапшы болып тұр. Әйтсе де әлеуметтік саланың қызметкерлері мен жергілікті жердегі атқұмар азаматтармен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Бұйырса, өз ортамыздан арнайы адам жіберіп иппотерапияның қыр-сырын меңгертпекшіміз. Қыс айларында бұл жұмысты жалғастыруға мүмкіндігіміз жоқ. Біздің бұл бастамамызды аудан әкімі қолдап отыр. Бұйырса көктемге қарай бұдан да ауқымдырақ жұмыс жасаймыз деп отырмыз, – дейді Жастар орталығының жетекшісі Мейіржан Смағұлов.
Әсем табиғат аясындағы этноауылда балалар уақыттарын мейлінше көңілді өткізген. Үш сағат көлемінде атқа жайдақ мініп, жалын сипап, аттармен жақын достарындай сырласқан. Ем қабылдауға келген балалар ішінде бауыр басып қалғаны соншалық, тіпті, жылқыдан түскісі келмегендер де болғанын айтады көргендер.
– Бұл біз үшін үлкен сый болды. Өзім жақын маңдағы шаруа қожалықтарына барып сөйлесіп, баламды атқа мінуге тәрбиелейін деп жүргенмін. Күтпеген жерден аудандық әлеуметтік бөлімнің қызметкерлері хабарласып, осындай шараны ұйымдастырғалы жатқанын айтқанда, қуанып кеттім. Балам сондай көңілді әрі сергек қайтты. Бұдан былай жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді Айдос есімді емделушінің анасы Бақытжамал Мақтаева.
Оларға атқа міну барысында арнайы атбегі, әлеуметтік бөлім мамандары, медицина қызметкері балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын жіті қадағалауда ұстаған.
Бұл шараны ұйымдастыруға ұйтқы болғандардың бірі ауданның әлеуметтік бөлімінің меңгерушісі Венера Қалдыбай:
– Иппотерапия – жылқымен емдейтін медицина саласы. Бабаларымыз атқа мінуді биік өнер деңгейіне көтергенін білеміз. Теңге ілу, қыз қуу, көкпар, аламан сияқты ұлттық ойын түрлері – адамның физикалық, психологиялық әлеуетін шыңдайтын шынайы ойындар. Біздің бөлімшеде тәрбиеленіп жатқан балаларға заманауи иппотерапия түрін ұсынып отырған «Абай жастары» қоғамдық бірлестігі бастаған жастарымызға зор алғысымды білдіргім келеді, – деп алғысын айтты. Осы бөлімшенің 12 баласын бастап барған 6 әдіскер және аудандық емхана бірлестігінің мейірбикесі Толқын Жабархан да бұл терапия түрінің жеткіншектер үшін көмегі зор екенін айтады.
Иппотерапия – медицина саласында өз алдына үлкен бір ілім. Бүгінде ол туралы ғылыми әдебиеттер жеткілікті. Бастамашы топтың айтуынша, оған таңдалып алынған жылқының өзі ерекше болуы керек екен. Балақайларға бұл жолы Лашын атты жорға мен Фарс ныспылы асыл тұқымды түліктер қызмет көрсеткен. Екеуі де ірі адамға үйірсек, жүрісі жайлы жануарлар екенін айтады мамандар.

Muratkhan K.Мұратхан Кенжеханұлы,
Абай ауданы. didar-gazeti.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.