Мұхан САХАРИЕВ. Еркежиреннің көз жасы

10319

Мақала — жылқы малының жанашыры, елге танымал бапкер Хамза Байтілеуов ақсақал жайлы болмақ. Ел құрметіне бөленген ақкөңіл ақсақалды барлық ел «Хама» дейді екен. Бұл менің Ақсуат ауданының «Ленин жолы» совхозына директор болып барған кезім. Ол кісімен танысудың сәті жаз айында, жайлау төсінде түсті.

Хамаң совхоздағы қой өсіруші комсомол жастар бригадасына жетекшілік жасайды екен. Шаруашылық жағдайымен танысып, пікір алыстық, әңгіме арқауы — жылқы малының жағдайына ауысқанда, ақсақал алдындағы кесесін былай қарай ысырып қойып, бәйгелер жағдайын сөз етті.

— Мамыр айында жылқы табыны жайлауға барғаннан кейін барлық ферма шопандары жиналып, құнан алуға баратын еді. Мен де жылқы табынына барып, құнан іздедім. Барлық шопандар табынды аралап, біреуі ана торы құнанды, біреуі ана жиренді ұста деп құрық салғызып жатыр. Табынды аралап, көп жүрдім. Бір кезде жылқы табынының шетінде кейіп-кеспірі нашар, жүдеу жирен тайға көзім түсті. Қарасам, ешкімде шаруасы жоқ, жирен тай алдыңғы екі аяғын биіктеу жертастың үстіне қойып, алысқа қарап, екі құлағын қайшылап тұр екен. Жылқышыға осыған құрық сал дедім, — деп ақсақал бізбен әңгімесін бөлісті. Жылқы табынына бірге барған шопандар мына Хамза не істегелі жүр деп таңғалыпты.

Желдей ескен уақыт тоқтаған ба? Әне-міне дегенше, жирен тай құнан болып, 1986 жылы аудандық шопандар тойында үлкен аттармен 15 шақырымдық қашықтықта бәйгеге түсіп, 35 аттың алды болып келеді. Сөйтіп, Ерке жиреннің дәуірлеуі осы жарыстан басталады. 1987 жылғы дәстүрлі аудандық шопандар тойында Көкжыра ауылының атақты жүйрігі, көп жылдар алдына ат түспеген Қозыкүреңмен таласып, оны да артқа тастайды.

Осыдан кейін аудан көлемінде өтетін қандай да бір ат жарысы болсын, Еркежиренге шаппай бәйге сұрайтын болдық. Бәсеке болатын ат болмады. Жарысқа қосылған бәйгелердің Еркежиреннен алыста қалатыны сондай, көмбеден желіп немесе аяңдап өткен уақыттары болды.

Еркежиренді жарысқа Хамаң қызық дайындайтын еді. Негізінде сұлы, қураған шөп беріп, көлеңкеде байлап ұстап, суды мөлшермен беру сияқты тәсілдерді бапкер Хамаң сақтаған емес.

1987 жылы ұлы жазушы М.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойына шақырылдық. Малшылар жайлауда отырған кез еді. Еркежиреннің бабын және қалай жаратып жатқанын білу үшін Хамаңның ауылына атбасын бұрдық. “Тұлпар дала жайылымында екен, бұл қалай?” деп ақсақалдан сұрағанымызда: “Еркежиренге қолдан жасалған баптың керегі жоқ, өзін-өзі жаратады”, — деді қарт бапкер.

Сонымен, Еркежиренді машинаға тиеп, Абай ауданындағы ұлы дүбір тойға жеттік. Көкжыра Қозыкүреңді апарды. Сол тойдағы бәйгеге 4 облыстың әр аудандарынан өз жерінде бәйгенің алдын бермейтін, дәмелі деген 54 ат қатысты. Аралап, аттарды тамашалаумен жүрміз, небір сәйгүліктер көздің жауын алады. Сол тойға Өскеменнен Социалистік Еңбек Ері, ат спортының елімізге танымал бапкері және жанашыры Бошай Кітапбаев та 4 бәйге атын әкеліпті.

Хамза Бошайды бұрыннан таниды екен, төс түйістіріп амандасқаннан кейін қазақтың салты бойынша екеуі жастарын сұрасты. Бошай 1923 жылы, Хамаң 1921 жылы туыпты.
Сонда Хамаң: — Бауырым Бошай, екі көйлек бұрын тоздырған екем. Осы жолғы бәйгені менің қанжығама байлайсың, — деп әзілдеген еді.

Бошай: — Хама, әкелген атың қайсы, көрсетші, — деді. Еркежирен торы атпен қатарлас киіз үйдің белдеуінде байлаулы тұрған. Бошай ары қарап, бері қарап, мынау бәйге емес, шын бәйге мына торы ат болар, — деді. Неге екені белгісіз, шын тұлпарды тани алмады.

Еркежиреннің жанкүйерлері абыржып, қайта-қайта Хамаңа барып, бәйгеге қоспай-ақ қояйық деп күмән келтіреді. Сонда Хамаң: — Ей, жігіттер, біз бәйгеге есек әкелген жоқпыз, не болса да, қосамыз деп кесіп айтыпты. Бәйгелер тіркеліп, шабандоздарға нөмір таратылғанда, Алланың бұйрығымен шабандоз бала Өзенге (бапкердің ұлы, шын есімі Қанат) “21” нөмір бұйырыпты. Хамаң ақсақал қарқылдап бір күліп алып, басындағы қалпағын аспанға атып, Құдай берді, мынау «Очко» ғой, бәйге біздікі, — дейді. Рас, 54 аттың барлығын шаң қаптырып, Еркежирен бірінші келгенде қуанышымызда шек болған жоқ, айтып жеткізу қиын. Хамза ақсақалдың қуаныштан шыққан көз жасы мұрты мен шоқша сақалын жуып тұрды. Бас бәйгеге сыйлық ретінде үлкен кілем жабылып, сыйлықтар берілді. Кілемді Хамаң аудандық мұражайға сыйлады.

Осы ұлы тойдан кейін Еркежиреннің, бапкер Хамзаның, шабандоз Өзеннің атақтары қазақ елін аралап кетті. Атақты композитор әрі дүлдүл әнші Тұрсынғазы Рахимовтың ақын Мерғали Ибраевтың сөзіне жазылған «Еркежирен» әні өмірге келді. Бұл ән жылқысүйер қауымның гимніне айналды. Әнді қазақ жұртшылығы жақсы қабылдап, әрбір басқосуда айтылып жүр.

Ұлы тойда, әсіресе, қызуқанды қазақ бас қосқан жерде, өкпесіз болмайтыны белгілі ғой. Ұлы Отан соғысының ардагері Бошай ағамыз “Бұл келетін ат емес, жолдан қосылды” деп наразылық айтып, бірақ, қазылар алқасы әділ шешім қабылдады. Біз разы болдық.

Еркежиреннің нағыз жүйрік екенін дәлелдеу мақсатында бұрынғы Тарбағатай ауданының 60 жылдық мерекелі тойында Бошайдың екі жирені мен Хамзаның Еркежирені тағы бір сайысқа түскен еді. 100 метрге жібермей құстай ұшып Хамзаның тұлпары алдыға шыққанда, орнынан атып тұрған Бошай ақсақал «Аттарың құс екен, ойымдағы күдігімді алып тастадым» деп, менің қолымды алып, құшағына қысқан еді.

«Мұхан бауырым, Еркежиренді маған қалдырып, анау тұрған қара «Волганы» мін» дегеніне келіспедік. Себебі, бәйге бір адамдікі емес, ол халықтың маңдайына біткен тұлпар еді.

«Бәйгенің жауы — өзінің аяғы» демекші, осы тойда Еркенің аяғы атжарыс айналмасына белгі ретінде қадалатын жалаушаның таяғына соғылып, біраз жарақат алып, артынан жазылып, қатарға қосылды.

1989 жылы ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық мерейтойына шақыру алып, қатысуға бардық. Ат шабатын айналма жолдың дұрыс жасалмауынан, Еркежиреннің бір аяғы кесе басылды. Бірақ, бұрынғы әдетінше 4 айналым қара үзіп, бірінші шауып отырған еді. Әлі есімде, жануар жаралы аяғына қарамай, екі құлағын қайшылап, ат шабатын айналма жолға қарап, екі көзінен төгілген жасты көрсеңіз ғой! Амал не, оған қарап, біз де теріс айналып, көз жасымызды сүрттік…

Сонымен, Хамза қарт жылқы жанын түсінетін атақты бапкер, екі бірдей мемлекеттік орденнің, бірнеше медальдардың иегері, халқына қалаулы, еліне елеулі болған ақсақал 86 жасқа қараған шағында, бала-шағасының алдында дүниеден озды. Өмірлік жан жары Сәлімхан Қабдоллақызымен тоғыз бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қазірде балалары еліміздің әр жерінде түрлі қызметтің тізгінін ұстаған азаматтар. Сәлімхан шешей Хамаң көре алмай кеткен қызықты көріп отыр. Үлкен шөбересі Шыңғысты жанындай жақсы көреді.

Өткен жылдың 30 тамызында Қызылкесік ауылында ағайын-туыс, балаларының ұйымдастыруымен Хамза қартқа арналған ас берілді. Ас соңында облыс аудандарынан келген сәйгүліктердің жарысы болды.

Мұхан САХАРИЕВ, ат спорты ойындарының бапкері.

(«Ертіс өңірі» газетінен. Түпнұсқадағы атауы «Тұлпарды тайынан таныған Хамза, жүйрікті де шаңынан айыратын»)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.