Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ: Айғыркісі

9727

Баяғыдан, алты ай жаз, сонау қар алғаш түскенге дейін қымыздан аузы құрғамайтын Есқұл отағасының күндегі әдеті — құлынды желіден бесін ауа ағытып, кекілі қалың кер биесімен ауылдан аулақтау аласа таудың қойнауына қарай кетіп бара жатады. Бүгін де солай. Қойнауда суы мөлдіреген жылға бар. Айналасы көкорай шалғын. Соған биесін таң азанға дейін жайып алады. Кешелері колхоздың жылқысын талай жыл бағып, талай күндерін түн күзетіп өткізіп, түзге түнеуге дені ауып қалған адам емес пе, көкорайы көз жауын алатын қойнаудың тымық түндегі кәусар ауасын сіміріп жатудың өзі пейіш. Самсаған жұлдыздарға көз салғанда, ойының сан-саққа кететіні бар; бірі самғап, бірі сарғайып, бірі сандалып сапырылысқан Құдайдың пенделерінің кез келгенінің кеудесінде осындай бір төбесінде жарық сәулесі қалың қойнау болса ғой, шіркін, дейді. Кез келгенінде. Біреуінде шағын, біреуінде үлкен, мейлі, әйтеуір, болса… Осысын туыстардың бастары қосылып қалған жиында, айтылып жатқан көп әңгіменің бірінде сөз етіп қалып еді, елең еткен ешкім болған жоқ, тек немере інісі Бұлдидың еңкілдеп күлгені. Езуін әзер жиып: «Есағам қойнауға биесімен бірге түнеп жүріп қиялиға айналып барады, болмаса мына алақандай кеудемізге қойнау түгілі, ішек-қарынымыз зорға сыйып жүрген жоқ па» демесін бе…
Кенет кер бие басын кегжең еткізіп, пысқырынды. Ауыл зиратының тұсына келіп қалыпты. Зират арасында жалғыз жылқының сұлбасы анадайдан көрінді. Жақынына құран бағыштап отырған біреу шығар деген. Таяп келгенде байқады, жылқы ер-тұрмансыз. Е, құдай деп қалды. Е, құдай мынау… Ия, сол, «Айғыркісі» ғой. Осыдан бір жеті бұрын жерленген Бұлдидың боздағының жас қабірінің темір қоршауына тұмсығын тіреп үңіліп тұр. Түйедей қаратөбел айғырдың тұлабойына түгел тер қатқан. Көздерінде қызыл алау. Отағасы жақындай түскенде оқыранды ма, ыңырады ма бір түрлі үн шығарып, құлағын жымқырған.
— Так, так, жануар, так, — деп отағасы айғырдың мойнына қарай алыстан қол созып еді, анау айналып, артын беріп, аяғын көтерді. Кісіні бөтенсігендегі әдеті.
— Так, так жануар, — Есқұл отағасының даусы еңкілдеп шықты. — Бұл мен ғой, қарағым… Танымадың ба, немене… Өзіммін. Қане… — Қолын тағы созбақ еді, айғырдың көзі аларып, оң аяғын серпіп жібергені. Есқұл жалтара беріп, жалпасынан түскен. Жалма-жан тұрып, анадай жерге барып, тізесін бүкті.
Отағасы дағдарды: Япыр-ай, бұл сонау Таластың қайсыбір түкпіріндегі қырғыз ауылынан қалай келді. Келсін-ақ, қашып, алайда мына жас қабір басында тұрысы… Жылқының… Жылқының да адам секілді аза тұтып… Нендей құдіреті бұл, жаратқан иенің…
Осы менің өңім бе, түсім бе, деп отағасы айнала — төңірегіне көз салып, үсті-басын сипалап біраз отырды. Сосын, боздаққа бағыштап құран оқыған. Күн көкжиекке сіңіп кеткенше қозғалмады. Ауылға қайтып барып мына оқиғаны Бұлдиға жеткізуді ойлап тұрып, онысынан тез айныды. Өйтіп қайтеді. «Айғыркісі» оған қажет емес қой. «Айғыркісі де оны іздеп келген жоқ. Мұның өзін де. Жануардың іздеп келіп тұрғаны шын иесі — Жалғас боздақ. Тегі жануар болса да басына келіп тұр, міне. Тұрсын, оңаша қалдырайын, ертеңгісін көрермін деп шешті. Құдайдың құдіреті, бұл қанша отырды, кер бие қанша пысқырды, айғыр тіпті елең етпеді, басын бұрып бір қараған жоқ.
aigerkisi2Қолатқа жетіп, кер биеге шідер салып тастағаннан кейін де отағасы өз-өзіне келе алмады. Аң-таң. Әлгі… Кісі сенетін нәрсе ме. Сонау, сонау бала кезінде бір қария бұған «Әй, балам, дүниені білгің келе ме, дүниені білгің келсе, дүниенің кісі сенетіні көп, сенбейтіні аз» деп еді. «Бірақ, ондай бар ма?» деп сұраған бұл. «Нені айтасың?» «Кісі сенбейтінді». «Бар»…
Сол кісі сенбейтін барды бірде өз көзімен көрді де ғой. Ия, көрген… Қайсыбір жылы, мұның бала кезінде осы өңірде қатты құрғақшылық болды. Жер дүниенің шөбі түгел кеуіп-құрғап, желге ұшып, айнала-төңірек өлі топыраққа айналған. Соғыста өлердей күйзеліп, онан кейінгі жылдарда да әлі тойып тамақ іше қоймаған жұрттың көзі жыпылықтап көкке телміріп қалған. Бірақ, көктен тамшы тамбады. Сонда ауылдың ақсақалдары ана аласатаудың Ақадыр дейтін қыстағында жалғыз үй отыратын бір қарияны алып келді. Әулие десетін. Әулие, әмбие десе қарадай құтырып кететін қызыл белсенділер қуғынына әбден түсіпті. Ит жеккенге айдадық деп қайта-қайта алып кетсе, көп ұзамай қайта-қайта ауылға қайтып келе береді екен. Соғыс басталғанда ғана ұмытыпты мұны, ауылдың ұранбайшыл коммунистері. Содан Ақадырдағы ата-бабасының қыстауына жалғыз үй көшіп кеткен. Әйелі өлген, баласы жоқ. Жарықтықтың көзі… Қаракөк… Жанары түгел мөлтіл… Айнала қоршаған ауыл жұртының ақыл-есі — ақсақалдар: «Жағдай қиын, әулие-еке, енді аз болмаса, тышқан аулап кетер баяғы ашаршылықтың күні туғалы тұр. Өзіңізден өзге сеп болар ешкімді көріп тұрған жоқпыз. Әрекет етіңіз» десті.
Әулие үнсіз. Бірде анаған, бірде мынаған тесілген қара-көк көздің мөлтілі молая түскен. Терісі бетіне жабысып қалған қарасұр жүзі қаракөлеңкеленіп көрінеді. «Құдайдың құдіреті… Адамнан не қайран» — деп күбір етті бір мезетте. «Әулие-ай, — деп сол кезде бір бәйбіше басындағы кимешегін жұлып алып, шашын жайып жіберді. — Құдай кейбіреуге өзіне қарай жақындай түсетін құдірет берген жоқ па, ел-жұрттың көз жасын жеткізіп тұратын. Әрекет етіңіз, жарықтық!»
«Әрекет етіңіз, әрекет етіңіз, әрекет етіңіз!» деп жас та, кәрі де ұлардай шулап қоя берген.
«Күнәмізді кешіңіз, — деді манағы шашын жайып жіберген бәйбіше. — Құдайсызданғанымыз үшін жалбарынамыз тәңіріне. Кәріне ұшырадық, міне. Сіздің де алдыңызда күнәліміз. Басыңызға іс қайта-қайта түскенде ара түсіп, араша сұрауға жарамадық. Ақырында жападан жалғыз қалдырдық. Қайтейік, қорықтық қой, өкіметтен. Кешіңіз енді».
Сол кезде… Әулиенің қаракөк көзінің мөлтілінен жалғыз түйір жас сорғалап түсті. «Рахымшылығыңа жаным құрбан, жаратқан!» Осыны айтқанда аузынан жалғыз шөкім көк жалын көкке қарай ұшып шығып, лезде ғайып болған. Іле жағалай отырған бес-алты қарияның жүздерінде қол басындай бұлт пайда болып, олар да аспанға көтеріле берген. Әп-сәтте әуені қара бұлт басты. Қара аспан қақ айырылып кеткендей қатты бір күркіреп, қара жаңбыр қаңсыған дүниенің бетін төпелей жөнелген. Сонда… Арты селге айналған қара жаңбырмен қайғысынан арылып, қабағы ашылып, әрі қайран қалып тұрған қалың жұрт қария-әулиенің отырған жерінде о дүниелік болып кеткенін көрді. «О, жарықтық-ай!..» дескен еді. Десіп тұрып: «Көкте Құдай, жерде әулие, екі құдірет сендерді енді ұмытпаймыз, тобамызға келіп жүреміз»-ді кезек-кезек айтысып, ағыл-тегіл болған. Бірақ қайтесің, пенде пәтуасыз болып шықты. Қолма-қол басқа болып кете салады екен. Кешегі өзі бүгін өзі емес. Өзіңнің өзің болып қала алмайтыныңнан асқан не сұмдық бар.

***

Туған ағасы, жасынан малсақ Әли әке таяғын ұстап кетті де, ал Бұлди ауылындағы бар баладан басқа болып өсті. Үшінші, төртінші класта-ақ қоян өсіріп, оларын жаз жайлауда отырған қойшыларға апарып тарту етіп, қозы-лақ жинап, ән салып, қора ішінен өз меншігін бөліп, қоршап алып, өзге түгілі әкесін таң қалдырған. «Мына қызталақты-ай, ә! — деп отыратын жарықтық. — Дүниенің түбін түсірер, түбі!»
Орта мектепті о ғып, бұ ғып бітірген Бұлди елдің баласына ұқсап оқу қуып кеткен жоқ, тұтынушылар қоғамы ма, дайындау кеңсесі ме соларды жағалап жүріп, дүкеншіге көмекшілікке кірді, кейін жеке алдына сыра сатты. Одан ауылдың дүкенін алды. Қазір жекешесі. Әуелде ескі «Москвич» мініп жүрді. Көп ұзамай онысы «Жигулиге», одан иномаркаға ауысты. Құдайы бергенде әйелі де өзіне сай келген нағыз жер тесер пысықтың өзі болып шыққанын көрмейсің бе. Дәрігерлік білімі болған соң, қолы мен сөзі теңдей жүріп тұрған Бұлди оған ауылдың іргесіндегі былғары заводы поселкесіндегі дәріхананы алып берді. Қат дәрілерді тығып, бағасын екі-үш есе өсіріп сатудың «о, сұмдық-айы» енді басталды. Бұл бер жағы екен. Дүкендегі, дәріханадағы саудаға енді үйдегі сауда қосылды. Келін оңтүстік жақтың қызы еді. Шешесі Алматы мен Атыраудың арасын, бұл қызын тумай тұрып, саудамен қыздырған алпауыт алыпсатар екен, соның қап-қап, қанар-қанар тауарлары Бұлдидың үйіне де жеткен. Әлі кеңес заманы болатын, ол шақ. Бұлди байлыққа сол кезде-ақ бата бастаған. Ақшаның буы жаман екен. Жаман болғанда біреудің байлығынан біреу қарадай ығып тұратын болып шықты. Ауыл тұрғындарының аузында Бұлди Бұлди емес, Бұлдекең. «Бұлдекең айтты», «Бұлдекең сөйтті», «Бұлдекең келе жатыр», «Әуелі Бұлдекең сөйлесін», «Бұлдекең ішсін»… Еке-леп елпеңдейтіндері олар Бұлдидан той жасаса да, өлік шығарса да қарызға ақша алады. Процентпен, әрине. Соның өзі тегін берген сияқты болып көрінеді, елге.
Дегенмен, жұрт емес пе, күңкіл-шүңкіл де шықпай қалмады. Сондағылары: «Қалай байып жатқанын білеміз бұл Бұлдидың. Қатыны үкіметтің қат дәрілерін екі бағасына тығып сатып жүргеніне талай жыл, саудагер енесінің үйіп-төгіп әкеліп жатқаны анау, о тауарлардың құны да әкеңнің құнымен бірдей. Ит-ай…» Бірақ, әйтеуір, бұл әңгімелерін бір-біріне айтудан әрі аспады. Аспағаны бұлардың кімнің аузынан шығып жүргенін жұрттың өздері кезек-кезегімен келіп Бұлдиға жеткізіп жатты, ал Бұлди жеткізіп жатқандар арқылы «О иттің балалары, ендігі жерде қарасын көрсетпесін» деп аналарға сәлем айтты. Қараларын бүгін болмаса, ертең көрсетулері әбден мүмкін екенін білетін, қарыз ақша, қат дүниеге тәуелді аналар «аузымыздан абайсызда айтып қалған арсы-гүрсіліміз алаңғасарлық болды, айналайын. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» десіп жалынып, жалпайып жатып іс тынған.
aigerkisi1Бұлдида бәрі болды. Тек бала болмай жүрді. «Болады» — деген немере інісі лекіте күліп. — Қарап жатқан жоқпыз, көке. «Қарап жатпағанда… Қазған жерден сөзсіз бірдеңе шықпайтын ба еді» деп бұл жақтырмағанда жана кеп қалатын қиқар мінезімен қия тартқан.
Одан ары қарай «Бұлдижан-ау, еркек ұрғашының ауын ағатайлатып айызын қандыру үшін ғана астаң-кестең етпейді, бауырын тулатып балалату басты шаруа» дегісі келіп тұрып, ананың інілігін қаперге алып тілін тістеген. Мұның сөзі әсер етті ме, жоқ реті солай болды ма, әлгі әйгілі желтоқсанның қарсаңында Бұлдидың үйінде де бала іңгәлап еді. Есімін Жалғас деп осы Есқұлдың өзі қойған.
Өзі қатарлы балалардың опыр-топырына көп қосыла бермейтін, көбіне оқшау жүріп, оқшау отыратын, томаға тұйықтау болып өсті сол, Жалғас. Әсіресе, қайсыбір жылы ауылдың шетіндегі қалың қамыстың арасындағы шұқанақтан батпаққа батып жатқан жаман жабағы тай тауып алғаннан кейін тіпті өзгерген. Тауып алғанда… Талай жылдар Таластың арғы жағындағы қырғыздар Таластың бергі жағындағы қазақтардың жерін жалға алып па, әлде жоғары жақтың құзырымен бе, жылқыларының жаз жайлауына пайдаланып жүрді ғой. Көктемде келіп, қаракүзде қайтады. Қайтар жолдарында жылқышылар бұлардың ауылын айналшықтап үш-төрт күн, тіпті бір аптадай жатып алатыны бар. Жай жатпайды, жабыла араққа кенеледі. Ішістері сұмдық. Тайларының бірін Бұлдидың дүкенінің алдына жетелеп әкеліп, байлап қояды да, соның құнына ішеді. Бұлдидың беретіні — екі-үш жәшік тегі белгісіз арақ, қант-шай, сусыны қоса…
Енді сол қырғыздар әркім өз жерін өзгеге бермейтін болған анау жылдары, «осымыз қазақ ағайынның жеріне жылқы айдап соңғы келіп, кетісіміз» десіп, бірнеше күн қирай ішті ғой. Естеріне әзер келіп, бет-бетімен бытырап кеткен жылқыларын есеңгіреп жүріп жинап, аттанып кеткеннен кейін, екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, әке мен шешенің дүние шіркіннің соңынан далақтаудан қолы тимей, үйдегі бар шаруа он екі-он үш жасар Жалғасқа қарап қалған соң, қора-қопсының қайсыбір жерін жамап-жасқауға аздап қамыс керек болып, соны орып әкелуге бармай ма, бала өзен бойына Шұқанақта батпаққа батып жатқан жабағы тайдың үстінен сонда түскен. Жалғыз өзі қалай тартып шығара алсын. Жүгіріп бұған келген ғой. Содан кер биенің мойнына арқан тағып, бір ұшын жабағының мойнына байлап, екеулеп тартып әзер шығарып алған. Жабағы тайдың сондағы сұры. Бұты тылтиған, қарны қабақтай, сиыр құймашағы сорайған, шоқтығы да тым шошақ, басы ұзын бір селеует. Тек төбелі ерекше екен. Дөңгелек емес, жаңа туған ай секілді. Бұрын-соңды мұндай төбелді Есқұл бірінші рет көріп, бір түрлі таң қалған.
Жалғас жабағының үстін сабындап жуып, батпағын зорға кетірді. Шіркіннің ұсқыны сонда да келіспеді. Ербиген бірдеңе. Әкесі жатып күлген. Күліп тұрып баласынан сұрағаны:
— Мұны қайтесің?
— Бағам, — деді Жалғас.
— Баққанда, мынау мал болып жарытпас. Колхоздың жылқысы бартер дегенге түсіп жатыр. Өнербек жылқышыға шай-пұлын беріп, құнан, байталдың біріне айырбастап алалық.
— Керек жоқ.
— Керек жоғы несі?
— Өзін бағам.
— Сосын?
— Өзін бағам, сол.
Бұлди жандарында тұрған бұған қараған.
— Есаға, мынаған не дейсіз?
— Көңілі осыған ауып тұр да.
— Мына құлпетке ме?
— Өйтпе. Жал-құйрығы күлтеленіп ертең арғымақтың өзі болып шығар, бәлкім. Кім біледі?
— Өстетініңіз не, Есаға.
— Жылқының қасиеті сыртқы тұрпатында емес, жүрегінде. Анау кеудеде алапат шабысқа лайық алып жүрек соғып тұрмасына кім кепіл.
Бұлди қолды бір сілтеп, шырт түкірген.
Бала жаман жабағының асты-үстіне түсіп жүргенінде екі-үш жыл да өте шығып еді. Осы уақыт ішінде заман да бірде бүк, бірде шік түсіп дегендей, олай да, бұлай да құбылып, өзгеріп жатты. Жұрт анау айтса көнді, мынау айтса болдының екі арасында не дұрыс, не бұрыстың дайынын таппай далақтаудың қызығын енді көрген.
Құдайдың құдіреті сонда жүрісінен жаңылмаған санаулының бірі Бұлди болды. Әрине, әйелі екеуі. Айтқандары: «Дүние қанша рет, қалай төңкерілсе де қолы жүріп тұрған адамға бәрі, пішту». Бұлары рас екен. Қаладан кафе, үлкен дүкен, дәріхана салып алды. Соның екеуінің кішігірімін ауылда да іске қосып қойды.
Бұл кезде Жалғастың жабағысы дөнен шыққан. Түйедей қаратөбел. Жанына адам жақындата бермейді. Ал Жалғастың алды-артын айналғанын былай қойғанда, барынан кіріп-шығып жүргені де бәрі бір. Сол суғарады, соның қолынан жем жейді, соған ғана мінгізеді. Жалғастың да уақытының көбі қаратөбелдің жанында. Көзінен таса қылмайды.
Бұлдидың түйедей болған қаратөбелге көзі қайта-қайта түсе беретінді шығарды.
— Сатса, біраз ақша болады, ә! — деп қояды ана жылғы «бұл мал болмас» дегенін ұмытып.
— Ешқашан! — деп ұлының жан даусы шығады.
Үй іргесі бір-біріне тиіп тұрған соң бәрі Есқұлдың көз алдында өтіп жатады. Қазақтың қайсыбір баласы мен жылқының арасында қандай да бір ұқсастық, үйлесімдік бар екенін бұрыннан білетін. Самғауға құштарлықтары, сірә. Жаны таза адам өзінің ойы, ниеті, арманымен төрт құбыланы төңкере түгел сүзіп шығып түпкілікті мұратының түбіне дейін самғап, ал жылқы тұяғы қара жердің төсін төмпештеп алдына қара салмай ағызып келе жатқанында бақытты-ау, осы.
Ат танитын Есқұл қаратөбелдің тегін емесін баяғыда-ақ байқаған. Содан Жалғас екеуі оны құнанында баптады ғой. Сол күндері екеуінің жұбы жазылмады.
— Жалғас-ай, осы сенің не ойлағаның бар? — деп сұраған бірде бұл.
— Архитектордың оқуын бітірсем.
— Ол не еді?
— Қала салады.
— Хош.
— Ауылға келсем.
— Бәрекелді.
— Ауыл қалашығын салсақ. Биік, биік сан қабат үйлерден емес. Бір, екі қабат. Ұлттық нақышпен. Үйлердің жобасы жаңазамандық, ал келбеті қазақы ою-өрнек… Қалай қарайсыз?
— Қалай қарағанда, ол кезде мен болмаймын ғой, — деп күлген Есқұл.
— Көз алдыңызға елестете алмайсыз ба?
— Сөйтем ғой.
— Ал мен бәрін көріп тұрмын. Қанша үй болады, қандай болады…
Осыны айтып ұшы-қиырсыз далаға көзін салып, демін терең сіңіріп, біраз тұрып қалған.
— Қазақ түгел қалаға көшіп кетпейді ғой, көке. Ауылсыз да қазақ бола ма? Қазақ дегеніміз, дала мен ауыл емес пе. Өзім солай ойлаймын, — деген сосын.
— Сөйтетінің жақсы-ау. Ал әкеңнің мына тірлігіне кім ие болып, кім жалғайды? — деп сұраған бұл Жалғасқа сынай қарап.
— Білмеймін, — деген ол. — Мен жаңа ауыл саламын, көке.
aigerkisi3Қаратөбел сол жазда үш құнан бәйгенің алдында келген. Ал күзде қаратөбелдің адам айтса сенбейтін бір қасиетіне таң болды ел. Таратып айтқанда: Есқұл мен Жалғас екі үйдің қорасындағы біраз малды жылдағы қысқа қарай Әлдидің отарына қосып қоятын әдетпен тау бөктеріндегі қыстауға айдап барған. Келген туыстарына деп арнап сойған қойдың етіне мелдектеп, сорпа-суына жырғап отырған кездерінде Әлдидің соңғы алған келінінің толғағы ұстамасын ба. Ауылға қарай ала жөнелуге машина жоқ, арбаға жер шалғай. Тұмса неменің жаны қиналып, бала-шағаның берекесі кетті. Еркек біткен сыртқа шығып, келіннің жанында енесі мен Әлдидің күйеуінен шығып келіп отырған үлкен қызы ғана қалды. Қалғанда қайтеді, келін босана алмай ұзақ қиналды. Ышқынған, ыңырсыған даусы сыртқа ап-анық естіле бастады. Со кезде арба үстіне салған шөпті шайнап тұрған қаратөбел оқыс оқыранып, артына қарай қатты-қатты жұлқынып тартынғанда жүгеннің желкелігі бырт үзіліп, басы босап шыққан бойы киіз үйге қарай екпіндеп барып есікті басымен ұрды. Есік ары қарай шалқасынан ашылған үйге жарты денесіне дейін кіріп кеткен айғыр кісінегенінен құлақ тұнып, сонымен бір мезгілде шар еткен бала даусы да шықты. Осыны көз алдына елестетсе, Есқұл әлі күнге дейін жағасын ұстайды. Келінінің айтқаны: «Есік тарс еткенде тура маған қарай екі көзінен от шашып жылқының басы төніп келеді екен. Өмірімде дәл бұлай қорыққан емеспін. Баланың даусы шар етісімен жылқы езу тартқан сықылданды. Сөйтті, рас!»
Бұл әңгіме жұрт құлағына жеткенде бір қария: «Құдайдың құдіреті мына айғырың да кісі екен ғой» деп қалмай ма. «Ойбай, ақсақал, жылқыны кісі деп, мұныңыз не?» деседі естіп тұрғандар. «Кісінің киесін көрсеткен жоқ па? Бізден кетіп қалған кісілік киені құдай сол жануардың деніне салған шығар. Сөйтпесе, мына ісі қалай, а?!»
Осы оқиғадан кейін қаратөбел — «Айғыркісі» атанып кеткен.
«Айғыркісі» аталған қаратөбелге жұрт енді басқаша қарайтын болды. Әйел затына оның алдын кесіп өтуге тыйым салынды. Біреу Жалғасқа «Айғыркісіге» деп жаңа шыққан құранды ер, келесісі күміспен күптелген жүген, өмілдірік, құйысқан, тартпа, айыл, басқалары су жаңа құлақшын, жабу әкеліп сыйлап жатты. Жаңа орылған жоңышқа, сұлы әкеліп беретіндер де болды. Бала көтермей, не баласы тұрмай жүрген жас әйелдер келіп, өздерінше ырым етіп жалынан сипап кетісетін. Қызығы маңайына бөтен адам жуытпайтын қаратөбел сонда тып-тыныш тұрар еді.
Жаздағы үш ат бәйгесінен ұтқан үш машинадан соң Бұлдидың да қаратөбелге көңілі жібіп: «Әй, бұл өзі пайдалы болғалы тұрған мал болды» деп баласын иықтан қаққан. «Ұтысқа келген көліктің бірін Бұлди көкеңе, бірін Әлди тәтеңе бергіздің. Үшіншісін шешең нағашы ағаңа мінгізіп жіберді. Ендігісі түгел мына әкеңдікі. Бизнеске жұмсаймын. Как балам, сойдет?» «Ұта алмай қалсақ ше?» «Онда ма, онда «Айғыркісінің» өзін сатып жібереміз» деп Бұлди күлген болды. «Ешқашан!» — деп шыр ете түскен Жалғас — «Ешқашан!»
Дөненінде де ат тұяғы жетер жерді былай қойғанда, машинамен алып барған ауыл, аудан, облыс, тіпті Таластың арғы жағасындағы қырғыздардың ат бәйгелерінің алдын бермеген «Айғыркісі» ауыл ақсақалдардының шешімімен үйірге салынды. «Өзі жүйрік, өзінің қасиеті бар асыл сүйек, арда қылқұйрықтан тұқым алайық. Биесі бар әркім-ақ бұған дәмелі болғанымен, жылқы қадірін білетін ішінде осы Есқұлдың өзі бар ақсақал, көксақалдар: ырбиған жердің бәрінен ығай мен сығай шыға бермейтіні сияқты, ұрғашы малдың да ұзынсап барар жатыр қуаты әрқалай» десіп, өң бір оңды байталдар мен жас биелерді іріктеп қосқан үйірге.
«Айғыркісі» үйірін онша ұзатып әкетпей, ауыл айнала жайылады. Әр аптада бір жолы ауыл іргеге айдап әкеліп тастап, өзі үйреншікті мекеніне келіп, Жалғастың қолынан жем жеп кетіп жүретін, жануар. Содан қақаған қыстың қайсыбір күнінде Ақадыр жақтан анда-санда азынап соғатын жел әуелі жаяу борасындатып, бара-бара алапат күшейіп Бұлдидың да тым биіктеп салған қорасының темір шатырын қаңғыратып, қолпылдата бастаған ғой. Әке-шешесі қаладағы тірлікке кетіп, Жалғас үйде жалғыз еді. Қайтеді, қолпылдаған шифрлердің мүлде ұшып кетпес қамын жасау үшін қораның төбесіне шыққан. Сонда аяғы тайып жерге құлап түскен. Ішінде не болып, не қойып жатқанын сырты айнала қоршаудан көру мүмкін болмай қалған аулада есі ауып едәуір жатып қалған. Үйінде пеш түбінде қисайып, анда-санда келетін аудандық газеттен оны-мұны оқып жатқан Есқұл қалың дүсірден селк еткен. Ұмтылып сыртқа шықса, Бұлдидың үйінің артындағы жатаған жотада бір үйір жылқы иіріліп қалыпты. Жал құйрығына мұз қатқан «Айғыркісі» үйдің биік қақпасын тарпып тұр. Мұны көріп оқыранып жіберді. Абырой болғанда Есқұл қақпаны сырттан ашудың амалын білуші еді, ашса… Жалғас жалпасынан түсіп жатыр…
Сол күні түні бойы айнала астаң-кестеңнің астында қалды. Қаладағы тірліктерін күнде барып түгендеп, күнде кері қайтып келіп, шыққан шығындарын, есептегіш аппаратқа салып, кірген кірістерін компьютерге кіргізіп ақ тер, көк тер болып жататын Бұлди мен әйелі мына алапат бораннан шығар, келе алмай қалған. Олар түгілі ауылдағы медпункттің дәрігері ана көшеден мына көшеге әзер жетті. Жалғасқа қойған диагнозі: миы шайқалған. Бұғанасы тайып кеткен. Екі қабырғасы сынған. Инесін салды, дәрісін берді. Таң атсын деді. Қалаға апармай болмайды-ны айтты.
Түн баласы сыртқа бірнеше рет шыққан Есқұл үй артындағы жатаған жота үйірлі жылқының кетпей, бір-біріне ықтап топтанып тұрып алғанын көріп таң қалған. Таң қалғанның көкесін таң атқанда, Жалғас жиі-жиі құсқанын қойып, бір-екі кесе ыстық шай ішуге жарап, бұл енді «А, құдайлап» сыртқа шыққанда көрді. Үй артында түнімен топтанып тұрған үйірлі жылқы «Айғыркісінің» соңында, өріске бет алыпты. Ал түнімен иіріліп тұрған орындарында… О, құдайдың құдіреті жиырма шақты бие түгел құлын тастап кетіпті. Ауыл жұрты «Бұл қалай? Бұдан нені пайымдаймыз?» десіп тағы теңселген. Әр түрлі пікірлер, қилы-қилы болжамдар айтылды. Ақыр соңында келген тоқтамдары: «Айғыркісі» шынында да киелі, Жалғастың жағдайын сол мезет біліп, үйірін айдап келді. Үйірімен таң атқанша Жалғастың тілеуін тіледі, амандығына құлындарын құрбан етіп кетті…» Бәрі де бас шұлғып, мақұлдағандарымен бәрі бірдей бұл уәжге сенген жоқ. Есқұл болса, өз сұрағымен жанын жұлып жеген: Япыр-ау, сонда қалай? Адамның амандығын адамның тілеуі, адамның жолына адамның құрбандық қасиеті жылқыға ауған ба, адамдағы кісілік айғырға қалай көшкен? Адамы көп, киелісі аз кез бе, бұлардың сүріп жүрген ғұмыр-дәуірі. Мүмкін… Мүмкін, қаратөбел айғыр жылқы кейпіндегі киелі кісілік шығар. Жаратқанның жіберген. Жарық әлемде жан баласының қаперіне кірмейтін құдіреттің болатынын бұл баяғыда Ақадырды жалғыз жайлаған әулиенің жаңбыр жаудырғаны арқылы көзімен көрмеді ме ? Япырай, япырай… мына әлем дегенің неге тұтас жұмбақ дүние.
Есқұл отағасының тізбек-тізбек, ерсілі-қарсылы, бірі анда басын ұрып, бірі мұнда басын ұрып алай да, бұлай да сабылтып, сенделткен ойын көкорайда оттап тұрған кер биенің пысқырына бергені еріксіз бөліп жіберген. Сүттей жарық түннен тұрпаты түгел, ап-анық көрініп тұр. Екі құлағын қайшылап басын ауыл жаққа, ауыл жаққа болғанда оның бер жағындағы зиратқа қарай көтеріп, бір түрлі еліріңкіреп тұр. Қазір аяғындағы шідерін алсаң, солай қарай ағыза жөнелетін кейіпте. «Айғыркісіге» қарай ғой сонда. Бауырында тұрған құлынның әкесіне. Кенет есіне өзі қатты таң қалған жай түсіп кетті: Бірде «Айғыркісінің» бауырында бүгерлеп тұрған кер бие аузын арандай ашып… Сілекейі жаман шұбырған. Қанша жыл жылқы бағып жүргенде мұндайды… Ия, айғыр артылғанда биеден сілекей шұбырғанын көрмеген еді. Жә, оны қойшы өткен жылдың қайсы күні екен, Бұлдидың үйіндегі келіннің туған күні боп жатпады ма. Бұл үш-төрт көрші шал-шауқанмен аула ішіндегі алма ағашының көлеңкесінде әңгіме-дүкен құрып отырған. Ауланың арғы түкпірінде «Айғыркісімен» осы көршінің бірінің күйті келіп жүрген байталы оттап тұрған. Үйден екі жас әйел шығып сол түкпірдегі әжетханаға қарай кетіп бара жатты. Дәл осы мезетте «Айғыркісінің» байталға артылып, оның аяусыз ырғауынан жас байталдың балғын бөксесі қатты шөмиіп кеткенде, құдайдың құдіреті жас әйелдің бірі «Аһ!» деп екі алақанымен ауын басып отыра кетпесін бе. Оу, сонда айғырдың байтал шабысынан ана әйелдің оқыстан күйті құтырып, ұрпақ күйінің ағыны бойынан құйылып кеткені қалай? Ал мұны түсініп көр, түсіндіріп бер, енді. Қаратөбел айғырдың «кісілік» қасиетінің бар, әрі оның киелі екендігінен бе, сонда. Бұл да жұмбақ.
Кер биеге қоса кер құлын да «Айғыркісі» қалған жаққа құлағын тігеді. Әкесіне тартқан, сыртқы пішіні ойқы-шойқылау. Бойы биік, тұрқы ұзын. Қабырғалары сыртына қарай айнала біткен. Мінезі де әкесінікі. Үркектемейді. Жөнсіз секектемейді. Жүріс, тұрысы кербез, бекзада кейіп. Сірә, текті. Тегінде осы қасиет болған соң да. Тегі… Осы «Айғыркісі» Есқұлға сонау, сонау жылдары кейін марқұм болып кеткен Бекбосын пошташының қара құнанын елестете береді. О кезде өкіметтің қазіргідей ат шабысты тыйып тастаған кезі. Той жасап, ат шабуға тәуекел еткендердің коммунистері партиядан шығып, еместері үшін колхоздың басшылары таяқ жеп, қатаң сөгіс алып жататын. Содан да шығар, пошташы Бекбосынның «Баяғы заман болса бір қыздың қалыңына бермес едім» дейтін құнаны бәйгеге қосылған емес. Не керек, сол қайран қара құнан бір күні қолды болды ғой. Іздемеген, сұрамаған жер қалмаған. Ізім-ғайым. Кейініректе сыбыс шығып жүрді арғы-бергідегі жылқы ұрлаушылар Таластың ар жағындағы қырғыздарға асырып жіберген… Осы «Айғыркісі» сол қара құнанның тұяғы болса ше деп пішеді, Есқұл өзінше. Енді міне, сол тегінің қанына тартып, сол тегінің кіндік қаны тамған жерде жұлдыздай ағып жүр. Кемеліне келді. Былтыр әлгі Таластың ар жағындағы қырғыздардың бәйгеге жүзден аса жүйрік қосылған бір үлкен аламан ат шабысында қалың топтан қара үзіп, жалғыз келді ғой. Қырғыздың ат құмарлары жатып айналшықтасын.
Жүйрікпен бірге Жалғастың да аты шықты. Жалғастың қаратөбелі, Жалғастың «Айғыркісісі»… Жалғастың жандүниесі де ылғи самғап, заулап тұрар еді…
Жалғас жазда мұнымен бірге айғырын осы қойнауға мініп келіп, бірге түнейтін. Сонда ара-арасында бір досы бар еді, сол да ілесе келетінді. Айлы түнде екеуі қатар жатып алып жарыса ертегі айтатын. Қилы-қилы… Шындыққа сәл де болса жанасатыны да, мүлде жуықтамайтындары да бар. Әйтсе де қызық.
Қайсыбір жолы Жалғастың ертегісі…
Баяғы, баяғы заманда. Бәлкім, адамдар жаңа жаралған кезде ме. Таулар түгел көкпен таласып, дала тұтас гүлге оранып, өзен мен көлдер моншақтай мөлдіреп жатады екен. Жер бетінде тек адамдар болыпты. Хайуанаттар әлі жаратыла қоймаған. Олар жер бетімен заулауды, көк төсімен самғауды білмеген. Сондықтан да адамдар тым жалқау, жайбасар, енжар болған. Бір-бірімен жарысу, озу, жер түбіне, ай мен күн, жұлдыздарға жетуді қиялдап, армандау қаперлеріне кірмеген. Содан да дүниені, тамақ жегенді, жатып, ұйықтағанды ғана білетін бір өңкей масыл, мешелдер жайлап бара жатады. Оған ешкім де елеңдеп көңіл аудара қоймайды. Тек бір қарт қана: «Е, құдай, сен бізді ішкен-жеген, жатып, ұйықтағаннан өзгені ештеңе білмесін деп жаратқаның не. Дүниенің бары осы ғана ма? Бізді біз білмейтінге үйрететін дәнеңең жоқ болғаны ма?» деп зарлайды екен. Содан бір күні қай жақтан екені белгісіз, Жаратушының даусы естіліпті: Сенің үш ұлың бар, солардың бірін жер бетімен заулайтын, бірін көк төсімен самғайтын болмысқа айналдырып, үшіншісін сол адам қалпында қалдырайын, осыған ризашылығыңды берсең» дейді. «Берем — депті. «Заулауға, самғауға айналған ұлдарың адам кейпінен мәңгі айрылады». «Жаны ештеңеге ауырмайтын, ақылы ашымайтын, азап-шерден ада жұртты өзгертер кәдесіне жараса, бердім рұқсатымды, жаратқан!» Сонда бір ұлы қыранға айналып көк төсіне қарата самғап, бірі тұлпарға айналып жер бетімен заулап бара жатты… Қарттың адам қалпында қалған баласы тамаққа тойып алып, тоңқайып жатқан адамдарды аралай жүгіріп, самғап бара жатқан қыранды, заулап бара жатқан тұлпарды көрсетіп. «Қараңдар, қараңдар!» — деп жүгіре берген. — Менің ағаларым қыран болып самғап, тұлпар болып заулап барады». Адамдар аң-таң. Ойларының астаң-кестеңі шығып, сарытап боп қатып-семіп жатқан сананың сеңі сетінеп, қолқа-жүректері көкірекке сыймай бара жатты. Жерді шырайналып жүйтку, көкті көздеп әуелеп ұшу іңкәрлігі іңгәлап қоя берген. Сөйтіп адамдардың бойында армандау, қиялдау, құштарлық қасиеттері оянып кетті…
— Сен осыны ойдан шығарып отырған жоқсың ба? — дейді Жалғасқа, досы.
— Қайтеді?..
— Ойдан шығарып отырсың, ия?
— Ұнады ма, соны айт. Егер адамдар мына дүниеде болғандарды ғана айта беретін болса, онда армандаудан айырылып қалады ғой. Олай екен ешқашан ештеңе өзгермейді. Ештеңесі өзгермесе өмірде не қызық қалады.
— Болды, болды, — дейді досы күліп. — Саған ілессек шетімізден философқа айналып кетеміз.
— Рас па-ей! — Жалғас қосыла күледі.
Олардың әңгімесін естігенде Есқұл отағасы құдайға шүкір ететін. Ақылы ерте оянған, естияр ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуанар еді. Бәле-жаладан сақтай гөр осыларды, дейтін. Осыларға бәле-жала жолатпай жүре алар ма екенбіз, дейтін. Қақтырмай-соқтырмай аман алып жүрсек дейтін. Құдай-ау, сонда осы оймен алды-артына қарайлар қаншамыз бар, дейтін.
— Көке, — деген бірде Жалғас. — Сіз баяғыда бәйге аты бір ауылды асыраған деп едіңіз ғой.
— Дегем.
— Папама айтсам, пісіріп жеп қоя жаздады.
— Өтірік деп пе?
— Жоқ. Баяғың не дейді. Баяғының не қажеті бар дейді. Есқұл көкең екеуің қай заманда өмір сүріп отырғандарыңды шынымен білмейсіңдер ме, дейді. Қазір әркім өзіне өзі ғана керек заман дейді. Сосын айтқаны, баяғы деген өткен-кеткен, сүйегі қурап қалған нәрсе. Қайта келмейді. Бүгінмен бол. Кімде дәулет бар, бүгін — соныкі. Дәулет сөйлейді, дәулет ұтады, дәулет озады. Дәулетің бар ма, ештеңені көктегі құдайдан да, жердегі адамнан да сұрамайсың. Түгел, пішту!
Соңғы жылдары онсыз да көңілі қалыңқырап жүрген немере інісіне Есқұл отағасы жатып ренжіген. «Баяғы деген өткен-кеткен, сүйегі қурап қалған нәрсе» дегенінен жаны жаман түршіккен. Баяғысы жоқ та адам, жұрт болушы ма еді. Баяғысы жадынан өшсе, не болады? Баяғы деген ата-бабалар, ата-бабалардың кісілігі, түсінігі, қуаныш-шаттығы, азабы мен шері, жеңісі мен жеңілісі, аққан қаны мен төккен терінің ұлы көші емес пе? Соның барлығын мына жұрт өздері өңмеңдеп соңына түскен дәулет дейтін қолдың кірінің жолына құрбан ете сала ма. Бұлай етсе, қазақ несіне қазақ, қай жері халық?..
Кербие тағы пысқырынды. Алдыңғы аяқтарымен алма-кезек жер теуіп, тепсініп тұр. «Айғыркісіге» барғысы келер… Кім білсін. Әлде, «Айғыркісі» зират басынан кетіп бара ма екен. Кербие соны сезер… Ілесе кеткісі келер…
Япырым… Жылқы баласын адам моласына әкеліп, аза тұтқызды.

***

Aigyrkisi«Айғыркісіні» қырғыздар алып кеткен күннің ертесіне қаладан оралған Жалғас болған жайды естігенде үш күн жер бауырлап жатып еді. Жан адаммен сөйлеспей қойды. Ешкімге ақырған-шақырған жоқ. Үнсіз, тілсіз жатты да қойды. Ал оны әкесі қалаға бір шаруаға жұмсап жіберген күнгі оқиға былай еді:
Сәске болмай Бұлдидың биік қақпасының алдына екі «Джип» автокөлігі келіп тоқтай қалған. Келгендер Таластың ар жағындағы қырғыздар екен. Біраз күн бұрын да келген, осы бес-алты адам. Келістерінің жөні — «Айғыркісі». Өздерінің Алатауын берсе де сатып алмақ. Ана жолы Бұлди: «Алатауды орнынан ала алмайсыңдар ғой, алған күнде Алатау өзімізде де бар, ал мына біздің ауылға сендердің Алатауларың сыймайды» деп діңкелетіп жіберген. Есқұл отағасы байқайды бұл жолы Бұлди ана жолғыдай емес, қырғыздарды жылы қабылдады. «Қане, Байкелер әуелі мына Есқұл көкеме сәлем беріңдер» деп жандарына таяп келген бұған қол бергізді. Немере інісі екі жылдан бері үйіне күтуші әйел ұстайтын еді, соның қай кезде дайындап жүргенін, стол үстін тамақтың бар мәзіріне толтырып қойыпты. Самсаған ақты, қызылды шөлмектер былай.
— Бұлди байке, бұ өзі ресторан бұ? — деп жардай қызыл бет қырғыздың екі ұрты бүлкіл қағып күлді. — Байсыңдар, ия! Честное слово.
— Қане, ауқат алыңдар, — деді Бұлди. — Ертеңгі ас.
— Сперва ічімізді қыздырып албаймыз ба, байке, — жаңағы қызыл бет қырғыз шөлмектерге қол созып, бірін көтеріп алды. — Ача берсек, болабы?..
Арақ екі-үш айналған соң:
— Байке, жылқы салатын машина да, вот-вот кеп қалад. Артыбыздан ехал, — дескен қырғыздар алақандарын уқалады. — Алдыңғы күн қол алышқандай, акчаны, то есть долларды ап келдік. Манеки.
Орталары буылған он бөлек көк қағаз столға қойылды.
— Ровно сто тысяч, — деді қызыл бет қырғыз.
Есқұл дәнеңе түсінбей қырғыздарға бір, көкқағаздарға бір, немере інісіне бір қараған.
— Сендерде ноқтабау — деген жөн-жосық бар ма? — Бұлди арақтан жағалата бір арақ құйып жіберді.
— Бұрын бар болушқан, в данном случайе, к чему это?
— Жаңа айттым ғой, мына кісі менің немере ағам деп, — Бұлди аналардың назарын бұған аударды. — Айғырды балама бағысқан, бәйгеге дайындап жүрген осы кісі. Ноқта баудың ақысын осы ағама беріңіздер. Бес мың!
— Беш мың…
— Ия, доллар.
Қызыл бет қырғыз шайнап отырған «закускасына» шашалып қалды.
— Ой, Байке…
— Болмаса, айғыр сатылмайды.
Қырғыздар көтеріле далаға шықты. Қораның бұрышына барып ап күңкілдескен.
Есқұл есінен танып қалғалы тұр.
— Бұлди-ау, мұның не?
— Нем?
— «Айғыркісіні» сатпақпысың?
— Сөйтемін, көке. Қаладағы орталық базарды сатып алуға тиын жетпей жатыр.
— «Айғыркісіні» сатуға болмайды, Бұлди.
— Қазір, адамды сатып жіберуге бола береді, көке, қайтесіз!
— Жалғасқа не бетімізді айтамыз. Ел-жұрт не дейді?
— Жалғас, Жалғас деп… Не десе, о десін. Сол сықсыңдайды екен деп құдайдың өзі өз аяғынан айдап келіп тұрған ақшадан айырыламыз ба? Ал ел-жұрт… Қай ел-жұрт. Жартысы базарда тәшке сүйреп қаңғып жүрген, жартысы ауылда екі қолы қалтада, бірін екі ету қаперінде жоқ, жаздай карта ойнайтын, қыстай ұйқы соғатын, өлгенін де қарыз алып көметін, тойын да қарыз алып жасайтын, құры қазақ болғанына мәз, жеткен жері «Тамашаға» таңдайы құрғаған, «Айтысқа» аузы аңқайған ел-жұртты айтамысыз. Бұл ел-жұртқа ненің де бәрібір болғаны қашан. Тіпті, керек десеңіз алса, соларды да қырғыздарға түгел сатып жіберер едім.
— Не десең де «Айғыркісіні» сата көрме, қарағым! — дегенде мұның денесі дірілдеп, иегі кемсеңдеп кеткен. — Ол өзі есті, киелі жылқы. Әулетіңе, ана жалғыз балаң Жалғасқа біткен бақ, айналайын!
— Жә, қойыңыз, көке!
— Бұлди-ай, өмірімде өтініш айтып көрмеген едім, өйтпеші. Өйтпе, садағаң кетейін. Жалғасты ая, мені ая.
— Сізді аяғаным сол, қазір аналардан ноқта баудың құны — бес мың доллар әпергелі тұрғам жоқ па?
— Керегі жоқ. Қажеті жоқ, оныңның. Сатпа айғырды. Киесі барды сатуға болмайды. Киесі ұрады.
— Қойыңыздаршы, көке! Қандай кие, нағылған кие! Көздеріңе қарадай не болса, сол елестеп.
— Мұндай емес едің, қарағым. Қайдан мұндай боп қалдың.
— Оны заманнан сұраңыз.
Осы кезде топтанып тұрған қырғыздар да бері жүрген.
— Байке, — десті жабыла сөйлеп. — Немного не хватайт боп жатпай ма.
— Қанша?
— Две штуки.
— Жарайды, оны өздеріңе байладық.
Қақпа ашылды. Мана келіп тұрған тұрпаты пойыздың вагоны сияқты ауыр машина аулаға енді. Бұлди айғырды сыртқа жетелеп шықты. Болғалы тұрған жайды сезе ме, әлде қырғыздарды бөтенсінді ме, қатты елегізіп, демі пырылдап, тұла бойы дір-дір етіп тұр.
— Жығып, төрт аяғын буып салмасақ, бұл машинаға мінбейді, — деді Бұлди. — Ұстаңдар ноқта баудан, мен арқан әкелейін.
Бұдан әрі тұруға мұның дәті шыдамады. Көзіне толып келе жатқан ыстық жасын сүртпестен ашық қақпаға қарай бет алған. Шығар жерде… «Айғыркісінің» күңіріне кісінеген даусынан құлап қала жаздады. Жалт қарағанда көргені, айғыр бұған қарай ұмтылып, шыр айнала қарғып жүр екен…

***

Түннің қай уағы екенін, көзі ілініп кеткен Есқұл отағасының түсіне Жалғас кіріпті: Үстінде аппақ кебіні. Қалықтап ұшып келеді. Ұшып келе жатып мұның төбесіне келгенде: «Көке, «Айғыркісі» келген жоқ па?, — дейді. — Ол келеді. Мен жаңа ауыл салатын жерін іздеп бара жатырмын. «Айғыркісіні» сонда жетелеп келіңіз…» Оянып кетті. Таң да бозалаңдап қалыпты. Кербие сол «Айғыркісі» қалған зират жаққа баяғысынша елеңдеп қарап, елегізіп, құлағын қайшылаған қалпы.
— Кербие-ай, түсіме Жалғас балам кіріпті, — деген бұл күбірлеп. — Қарағым-ай, десеңші. Өкпелеп кетіп еді ғой, маған. Бәріне өкпелеген. Жер-бауырлап жатып алды. Шыңғырып әке-шешесін де жуытпады, маңына. Тек кетерінде келді маған. Буынып-түйініп алыпты. «Қош бол, көке! — деді. — Бұл жерде мен үшін еш қызық қалмады. Әкем, мені қалаға алдап жіберіп, қаратөбелімді сатқанда, сіз оны тоқтата алмадыңыз. Сіздер біреуді біреу өлтіріп жатса да, ара-тұрып аман алып қалуға бел шешіп, білек сыбанып кіріспейсіздер. Тек құры сөз. Әрекет жоқ. Өкінішті, көке, өкінішті… Мен кетіп барамын, көке. «Айғыркісімді» іздеймін».
Сонда бұл ештеңе айта алмады. Ештеңе…
Содан Жалғас қалаға барған. Әлдидің институтта оқып жүрген үлкен баласына. Машинасы бар еді оның. Соны сұрап алып, Таластың ар жағындағы қырғыздар жаққа қарай жұлдыздай аққан ғой. Жұлдыздай ағып бара жатып, автобусқа соқтығысқан…
Отағасы кербиеге ер салды. Беліне аяқ артуы мұң, биесі басын сүзіп, ала жөнелді. Басын әзер іріккен. Әшейінде жаңа шығып келе жатқан күннің жер бетіне тарай бастаған қызыл арайын кешіп ауылға дейін бірнеше рет айнала ойнақ салып алатын құлын енесінің қапталынан шықпай қойды.
Әне, зират та көрінген. «Айғыркісі» көрінбейді. Кетіп қалған ба… Таяп келгенде Есқұл отағасының жүрегі қатты-қатты соғып кетті. Қоршаудың темір шарбағы быт-шыт. «Айғыркісінің» басы үйілген жас топырақтың үстінде, денесі сәл бүктетіліп сұлық жатыр. Шарбақтың төрт бұрышындағы жуандау темір бағананың бірі қолқа-жүректің тұсынан ортасына дейін кіріп кетіпті. Айғыр өліп жатыр еді.
Есқұл отағасы ер үстінен ауып түсіп, есеңгіреп отырып қалды. Қара жер шыр көбелек айналып әлдеқайда алып қашып бара жатқан сияқты.
Алғаш рет дәл қазіргісіндей бір азапты бастан кешті; іштей өзін аяусыз талап жеген; япыр-ау, «Айғыркісіні» қырғыздар алып кеткелі жатқанда бұл неге жүрер жолдарына көлденең түсіп жатып алмады, «ұлыңның үміті мен сеніміне, қанатына неге балта сермейсің?» деп Әлдидің жағасына неге жармасып, неге алқымынан алмады. Баяғыда бұлардың батыр атасы қатты бір ерегісте ауылдастары «сен екі сөзіңнің бірінде жұртым үшін жаным пида, өмірім садақа дей бересің, қане солай етші, шалшы өзіңді құрбандыққа» дегенде өткір сапысымен ойланбай өзін бауыздап жіберіпті. Бүгін кім сөйте алады. Сөйте алмаса, сөйту ешкімнің қаперіне кірмесе, осыдан барып әркім өзімен өзі болуға айналып, өзін туған өз жұртын өзекке теуіп өмірем қатыра берсе өмір шіркінде не құн, не абырой қалады. Қалмаса, өзгені былай қойғанда, осы отырған өзі қай кесапатқа қарсы келіп, қабырға сөгіп, қан жұтып еді. Е, жоқ… Бұл да іштен еңірегенімен, анадайдан сырт айналып алыстан кіжінуден өзге не бітірді. Ендеше, өкпелесе өзіне өкпелеуі керек. Өзінен қалуы тиіс көңілі…
Кенет құлағына бір зәрлі дауыс келген: Өмірлерің осылай өте берсе, сендер Жалғастан, «Айғыркісіден» ғана емес, тұтас өздеріңнен айырыласыңдар түбі, — дейді. — Жақсы үміт-арманның иесі мен киесін сақтай алмаған жұрттың көретіні — ақырзаман!» Отағасы селк еткен. Әзер-әзер ес жиып, көзін ашып еді… О, Құдай… «Айғыркісінің» жансыз денесінен бір мезгілде бірнеше бұлдырықтай-бұлдырықтай бұлт ұшып шығып, көкке көтеріле-көтеріле күллі аспанды жауып қалды; қара көк қақ айырылғандай қатты күркіреп-күңіреніп, жалғыз рет жарқ еткен найзағайдың жарығы жаһан даланы жайпап өтті де, көктен құйылған нөсерден Есқұл отағасын қоршаған әлем көзін аша алмай қалды… Оның арты… Ертеңгісін елдің есі шыққан. Мамырдың күнінде ауылды аққар басып қалыпты. Беті мұздақ. «Сұмдық-ай! — дескен жұрт. — Мұндайды көрген қайсың бар? Үсік ұрды биылғымыздың бәрін. Бұ несі?..»
Ауыздары аңқиған жұрттың ешқайсысы ештеңені пайымдай алмады.

Dauitaev_NesipbekНесіпбек Дәутайұлы. Alashainasy.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.