Масығұт Темірбековтің ат сынау үлгісі

13059

Аттың сыны туралы Абай ертеректе айтып өткен. Бұл бізге үлкен оқулық, ат таңдауға өлшеміміз. Бәйге аты туралы амаляттық танымдарымызбен сыншыл атбегілерінің тәжірибелерін қорытындылай келгенімізде – жүйрік аттың сыны мынадай болуы керек:
Жүйрік құлынында көзге түседі, тай, құнанында белгі береді. Жүйріктік қасиеттері – басының еті аз, құлағы тік, көзі өткір, алысты болжағыш, танауы, сағағы және көкірегі кең, салқы төсті, кеуделі, шынтақ пен бұғана қабырға аралығы кең, шоқтығы биік, жаясы жалпақ, белі қысқа, мықыны тар, ботатірсек, белдеме қанаты ұзын, бақайы қысқа, тұяғы алға қарай көсіліңкі, жіліншіктен сіңірі алысырақ, әрі жуантық, екі артқы аяғының аралығы кең, ұмасы үлпершекті, жүрісі жеңіл, елпек, елеңшіл, қунақы, қараталасқыш, еркелегіш, мінезі кең болады.
Шабатын аттың тұрқы бөлек болады. Атбегіге анадайдан әйгіленеді. Құлағы едәуір ұзын келеді. Қамыс құлақ дейміз. Шекелі келсе, тұмсығы кең тынысты болады.
Көзі ала шақпақ ойнап, жынданып тұрмай, сабырлы, бірақ отты болса, алысқа шабатынын аңғартады. Еліріп тұрса, мінезі нашар, шабысы да аз ғана. Біраз шауып барып, болдырады.
Алысқа сілтейтіндер тыныш келеді. Мінезі де салмақты болады. Асылы, жылқы жануары ақылды ғой. Адамның мінез-құлқын тақымынан біліп тұрады. Не істегелі тұрғаныңды сезеді, өте сезімтал келеді. Қауіп төніп тұрғанын да жақсы жылқы біледі.
Нағыз жүйріктің бас сыны – кесер баста кесім ет жоқ келеді. Қабанбай батыр мінген Қубас ат деген осы болар.
Кеудесі кең болады. Ойма еті бөлек тұрады. Білеуленіп білінеді.
Жүйріктің тұяғы қатты келеді. Дөп-дөңгелек, тасқа салсаң, мойымайды, суға салсаң, жібімейді. Жиырма жасқа дейін шекті сынын бұзбайды. Тай тұяғындай мұқалмаған, берік келеді. Ақан серінің, «тасындай шұбар ала Көкшетаудың» дегені осы.
Төңкерген шыны тұяқты жылқы тасқа да, құмда да шабады. Жарық түспейді. Қалың табанынан ыстық өтпейді. Жалпақ тұяқты, ошақтай келетіндері жұмсақ та шабады. Ұзақ жолға да қызбайды.
Жал-құйрығы қолдан жасап шығарғандай, қашан көрсең, сүзіліп тұрады. Жалы қаба жал болмайды.
Құйрығы топ емес, ұяланып қалмайды, табиғат өзі тарап беретіндей. Бұны «бөктерін шекті» дейді қазақ.
Жамбас сүйектері шығыңқы, бұты талтақ келеді. Артқы аяғы сіңірлі, арыстан аяғындай майысыңқылау бітеді. Сонда серпін алады.
Бауыры жазық, санды. Бураның қара санындай.
Бел омыртқа біріне-бірі тығыз орналасқан. Белі сәл бүкіштеу, сәл көтеріңкі. Салған ертоқым алға да, артқа да кетпейді. Шоқтығы биік болады. Ерні салыңқы, салбырап түспейді де.
Тісі қатты, өте мықты. Ауыздықты тістеп шабады. Оны қазақ «Сыңар езу» деп әрең тоқтатады. Қазіргі жылқылардың басы бос. Соны байқадым.

Beken K.Бекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.