Бағдат МҰХТАРҰЛЫ: Ат сату – менің екінші бизнесім.

11428

Әлеуметтік желі деген қызық. Біреулер ол жерге ішіндегі жан сырын ақтарады, енді бірі қоғамға, саясатқа деген көзқарасын білдіреді, ал енді бірі әлеуметтік желі арқылы тауарын саудалап, бірі өз бизнесін өркендетуді мақсат тұтады.
Таяуда «Фейсбуктен» «Тұлпар сатамын. Асыл тұқымды ағылшын жылқысы. Бағасы – 10 000 $» деген жарнаманы көзіміз шалды. Бәйге, тұлпар, арғымақ десе арқасы қозатын қазақ емеспіз бе, онда көрсетілген нөмірге телефон шалып, мән-жайды сұрастырғанбыз. Сөйтсек, ол ашылғанына екі жылдан астам уақыт болған «Арғымақ» журналының бас редакторы Бағдат Мұхтарұлының (суретте) арғымағы болып шықты. Ол кісіні біз әңгімеге тартып, асыл тұқымды тұлпарлары туралы сұрадық.

Bagdat M.– Бағдат Мұхтарұлы, асыл тұқымды арғымақ сату бизнесін бастағаныңызға қанша уақыт болды?
– Ат сату – менің екінші бизнесім. Мен арғымақты сатқаннан гөрі оған қатысты салаларды дамытқанды құп көремін. Яғни Қазақстан өзге елдер секілді жылқыдан үлкен пайда тауып, соның қызығын көрсе деймін. Өзім кезінде Қазақ радиосында «Жылқы жыры» деген хабарды жүргізгенмін, оның үстіне бала кезден жылқыға құмарлығым бар, бәрі қосылып «Арғымақ» деген журналдың жарық көруіне септігін тигізді.
Негізі біздің елде жылқыға өз дәрежесінде көңіл бөлінбей келеді. Жылқыға тек мал деп қарайды. Ал біле-білген адамға жылқының пайдасы көл-көсір. Өзге елдер осыдан үлкен табыс табуда. Жылқы индустриясы, жылқы туризмі, жылқы терапиясы деген нәрселерді біздің елде де дамытса, жағдай басқаша болар еді. Жылқы, тұлпар тек көкпар, бәйге сияқты ойындарда ғана керек деген түсінік қалыптасып қалған. Біздің мақсат – осы қағиданы теріске шығарып, жылқының қазаққа берер пайдасы мол екенін жұртқа түсіндіру, дамытуға атсалысу. Ал ат сату – ол қосымша табыс көзі десек дұрыс шығар.

– Құпия болмаса, меншігіңізде қазір қанша жылқы бар?
– Қорадағы малымның санын айтқаным орынсыз болар, бірақ жоқ демеймін, бар. Асыл тұқымдылары да, жай жылқылар да бар. Сатылымға шыққан, яғни «Фейсбук» арқылы жарнамаланған жылқылардың бәрі менікі деп айта алмаймын. Олардың біразы араласып жүрген дос-жарандарымыздың өтініші бойынша жазылған ғой. Олардың көбі ауылдық жерде тұрады, әлеуметтік желіге кіріп, жұртқа жарнамалайтын мүмкіндігі болмаған соң менен көмек сұрайды. Сондықтан жарнамадағы жылқылардың бағасын көріп, мені миллионер деп ойлап қалмаңыздар.

– Жалпы, жылқы бизнесінен қаншалықты пайда табуға болады? Бізде қай елдің жылқыларына сұраныс көп?
– Түркіменстанның ақалтекесі оңайлықпен сатылмайды, сондықтан оның тұқымын елге әкелу қиын. Бізде қазір ағылшын, араб жылқыларына сұраныс көп. Жігіттеріміз Польшадан, Англиядан, Америкадан, Ирландиядан, көршілес Ресейден де аттар әкеліп жатыр. Арасында бәйгеге дайын аттар, әлі жас, баптауға көнетіндері бар. Қысқасы, біз арқылы құны 5 мың доллардан басталатын аттарды сатып алуға болады.

– Ал «Арғымақ» журналының құрылтайшысы кім? Онда тек жылқы тақырыбы ғана жазыла ма?
– Құрылтайшысы – өзім. Негізгі арқауы – жылқы тақырыбы, жылқы шаруашылығы, бәйге және одан басқа да ұлттық дүниелерге қатысты мақалаларды беріп тұрамыз. Қазаққа не керек болса, соны беруге тырысамыз, қазақтың жанына жақын ән өнері, ұсталық, одан да басқа жақсы дүниелерін, қазаққа керек дүниелерді журналға басуға дайынбыз. Айтпақшы, осы жылы журналға жазылған азаматтар арасында арнайы ұтыс ойынын ұйымдастырып отырмыз. Бас жүлдеге – 1 миллион теңге, одан кейінгі жүлделерге – 3 жылқы, Түркияға жолдама, «Сарыағаш» шипажайына жолдама, тағы басқа да құнды сыйлықтар тігілді.

– Ендеше, істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан – Г. ХАЛЫҚҚЫЗЫ, zamana.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.