Соғым

8270

Өткен жексенбі Мәди есімді досымыз соғым соямын, сендер де бірге жүріңдер, қуырдақ жейміз деген соң бірнеше жігіт болып Астана маңындағы бір ауылға тартып кеттік. Үй иесі аса жарқын жүзбен қарсы алды. Есік алдында қара домалақ балалар «шауып кел, барып келді» орындап, ары бері зыр жүгіріп жүр. Біз барғанша соғымды сойып бітуге жақындап қалыпты. Екі жігіт қабырғаларын сатырлатып сөгіп жатыр екен. «Соғым шүйгін болсын» — деп қал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесі іргелес тұрған қораға ертіп апарып, бірнеше қызыл құжатты бәйге аттарын көрсетіп, әрқайсысын жеке таныстырды. Қораның «жұпар иісі» бәрімізге жағып бара жатыр. Сыртта таза ауада аз-кем тұрғаннан кейін үйге кірдік. Тап-таза, артық бықи-шықиы жоқ, қарапайым шағын үй. Үй іші кірген кісіге ерекше көңіл сыйлады. Қаладағы әлем-жәлем дүниелермен безенген сарайдан гөрі мына қарапайым ауыл шаңырағы жанымызға жағып барады. Бәлкім жан сарайымыздағы ауылға деген сары сағынышымызды басты. Жердегі шағын ғана аласа дөңгелек стөлге айнала жайғасып едік, ғажап, он адам емін-еркін сыйып кеттік. «Қаладағы төрт бұрышты үстелге сыймас едік, мынау бір берекелі үстел екен» — деп жатырмыз. Дастарханға қолдың сары майы мен үйдің ыстық наны қойылыпты. Қалада да бар дүкеннің заттарына көз қиығын да салғанымыз жоқ. Қуырдақ келгенше нанға май жағып, қымыз іштік. Буы бұрқырап қуырдақ келді. Дастархан басында әдемі әзіл әңгімелер айтылды.

Тамақтан соң ерттеліп тұрған атқа мініп, үйдегі қара домалақ баламен бірге ауыл сыртына серуендеуге шығып кеттім. Жазық дала. Айғайлап тұрып шаба жөнелгің келеді. Астымдағы ат та ішкі қалауымды білгендей ма, жоқ әлде өзі де қорадан шыққан соң, еркін жазылып шапқысы келді ма, желіп барып, бас бермей шаба жөнелді. Жанымдағы он жасар қара домалақтың астында көк айғыр. Ертоқымсыз жайдақ мініп алған. Ол да жарысайық дегендей тебініп қалды. Жүйткіп келеміз. Екеуі де бәйге аты. Бірінен бірі қалысар емес. Аттардың жылдамдығы үдеген сайын үдеп барады. Кенет алдымыздан жылтыраған көк тайғақ үлкен жол шықты. «Тағасыз ат жығылатын болды» — дедім ішімнен. Мұндай кезде сонша екпінмен шауып келе жатқан аттың басын тартқан дұрыс па, жоқ әлде жіберген жөн бе, ойланып үлгергем жоқ. Ат сүрініп барады. Жер жақын. Аяғымды үзеңгіден шығарып үлгердім де, аттың қисайған жағынан аунап түстім. Аттың астында қалып қалмағаныма шүкір еттім. Ал ана қара домалақ аттың басын тартып, сырғанап барып өтіп кетті. Маған қарап аға аттың басын тарту керек еді деп ескерту жасады.

Кешке таяу қалаға қайтуға жиналдық. Үй иесі үйлеріңе ала кетіңдер деп бір-бір торсық қымыз берді. Мәди сойдырып алған соғымын төртке бөліпті. Қаладағы бауырларыма таратып берем дейді. Нағыз қазақы мінез. Мұндай мінезге ие халықты ешқандай дағдарыс та, жоқшылық та қыспақ емес.

Машинада кетіп бара жатып, ойға шомдым. Ауылым көз алдымнан өтіп жатыр. Біз ауылды көріп өстік. Атқа міндік. Шөп шаптық. Бүлдірген тердік. Қой бақтық. Қораның астын тазаладық. Мал төлдеттік. Топырақ басып, жер иіскедік. Асық ойнадық. Көк шалғында асыр салып, аунадық. Бұлақтың мөлдір суын жұттық. Химикат қосылмаған сүт пен айран ішіп, кілегей жаладық. Ыстық таба нан жедік. Құрт сордық. Қымыз сімірдік. Төрдің сәні болып отырған ақсақалдар мен әжелерімізді көрдік. Ағайындай араласатын көршілерді көрдік. Соғым басы деп бір-бірін қыс бойы аралаған ауыл өміріне куə болдық. Тағысын тағы…

Ал біздің балаларымыз ше? Олар не көрді? Әнеу жылы ес біле бастаған кіші қызымды ауылға апарып, келе жатқанымда «мәә мен шын сиыр көрдім» демесі бар ма? Жүрегім зірк ете қалды. Шын сиыры несі, Құдай-ау?! Бейнебір зоопарктен маймыл көргендей…

Бүгін де көп ауылдың сәні кеткені де рас. Дүкеннен бөлке нан мен сары май сатып жеп отырған отбасылар да бар. Ауыл деген аты болмаса, қала өмірінен еш айырмашылығы жоқ. Ал жаңағы үй нағыз ауыл үйі. Сүйсінесің. Ешкімге мұқтаж да, қарыз да емес. Малын сатса пұл, сойса ет, сауса сүт пен қымыз. Қазақтың «доп ойнаған тозады, асық ойнаған азады, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озады» — дегені қандай рас сөз. Бүгінде қазақ жастары ауылдан жұмыс іздеп қалаға жосылып жатыр. Тапқандары жалдаған баспанасы мен жол күресінен артылмайды. Не үшін? Қалада не бар?!

Біздің тамырымыз ауылда. Ата кəсібіміз мал бағу. Ұлан ғайыр мынау жер осыған ыңғайлы. Ауылда қазақы мінез бар. Ауылда бар құндылығымыз қалды. Ендеше ауылымызды жоғалтып алмайықшы ағайын!

Khairat Zh.Қайрат Жолдыбайұлы, islam.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.