ЭКСПО-ға Мажарстаннан атпен шыққан қонақ келді (ФОТО)

6643

2016 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Ұлы жібек жолы бойымен» деп аталатын атты шеру 18 тамыз күні Астанада аяқталды.

Бұл 5 жылға жоспарланған ұзақ сапар болатын. Сонау Мажарстан жерінен, Дунай бойынан басталған атты саяхат Ұлы даланы басып өтіп, күн шығыстағы Мачжуриядан асып, Корей түбегіне дейін жалғаспақ. Өткен жылы сапар Баку қаласында өзінің жылдық жолын аяқтаған еді.

«Биыл Каспийдің шығысынан бастау алған сапар 18 тамыз күні Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткен Мажарстанның ұлттық күні қарсаңында бас қалада аяқталды. Осы күні Бенце Иштван елордаға ат басын тіреді. Ақтаудан Астанаға дейінгі 2,5 мың шақырым жолды артқа тастаған жиһангез осымен биылғы жылғы сапарын аяқтады» — дейді Бенценің сапарын қазақ жерінде ұйымдастырушылардың бірі, этнограф Бабақұмар Қинаятұлы.

Осы күні Астанадағы «Қазанат» атшабарында Маңғыстау облысының күндері өтіп жатқан еді. Соған орай және дәл осы күндері Астанада байрағын көтерген «Аударыспақтан» халықаралық турнирге Маңғыстау облыстық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Қанағат Сүйінбаев бастаған үлкен топ келген болатын.

Қанағаттың Бенце Иштван үшін өте үлкен көмегі болды. Себебі жиһанкездің Ақтаудан бастау алған биылғы сапарына аттанарда облыс әкімі Ералы Тоғжанов өзі аттандырып, Қанағат Сүйінбаев бастаған облыстағы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының мамандары 850 шақырымға дейін шығарып салған болатын. Сол топ саяхатшыдан бұрын Астанаға келіп, 17 тамыз күні Қосшы ауылына тоқтаған Бенце Иштванды жол-патрульдік полициясының көмегімен ЭКСПО-2017 халықаралық көрме аумағына әкелді.

«ЭКСПО-2017 көрме алаңына атты адамды қойып, көлікпен кіруге рұқсат берілмегенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал көрмедегі Мажарстан павильонының комиссары Нандор Картесидің атсалысуымен жиһанкез барлық тексерулерден өтіп, көрме алаңына кіріп, Мажарстан павильонының босағасына ат байлады» — дейді Бабақұмар Қинаятұлы.

Бұл Бенце Иштванның Қазақстанға жасаған үшінші сапары. Алғаш рет 2009 жылы «Алтын адамнан Аттилаға дейін» деп Алматыдан Мажарстанға дейін атты шеру жасаған. 6,5 мың шақырымдық жолды қасындағы екі жолдасымен бірге жүріп өткен болатын. Ал 2012 жылы кері бағытта Будапешттен Астанаға дейін келген. Бұл жолы 6 мың шақырым жолды Иштван өзі ғана бағындырған болатын.

Бенце Иштванның сапарына Қазақстан аумағында өзі жүріп өткен жолдағы ауылдардың, аудандардың басшылары үлкен көмек көрсетіп, қолдау білдіргенін атап өткен жөн.

Иштван Астанадан бастау алатын келесі жылғы сапарын мамыр айында бастайды. Ол бұл сапарында Қытай, Ресей жерлерін басып өтіп, Моңғолиядағы ежелгі түркі халықтарының астанасы Орхон бойындағы Қарақорым қаласында тоқтатпақшы.

«Бұл сапарға дайындық жұмыстары қазірден басталып кетті. Аманшылық болса, келесі көктемде Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы аумағы арқылы шығысқа сапары жалғасатын болады» — дейді Иштванның сапарласы Бабақұмар Қинаятұлы.

Сапарының маңызы жайлы түсіндірген жиһангез бұл Ұлы даланың бойымен батысқа жөңкілген ата-бабамыздың тарихи сүрлеуін қазіргі заманға әкелу екенін айтады.

Erzhan ZhaubayЕржан Жаубай, argymaq.kz

Фото: Әлеуметтік желіден алынды

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.