Қабанбай батырға Қубас атты кім мінгізді?
Ғаламтордан «Қабанбай батырдың қазанаты – Қубас» деген мақаланы оқып шығып, екі ұдай күйге түстім. Біріншісі, әркім-ақ Қабанбай батыр туралы естіген, білгенін ортаға салғысы келеді, сөйтіп, Ұлы батырды зерттеуге шама-шарқынша үлес қосады. Бұл, әрине, оң талпыныс. Екінші, Қаракерей Қабанбай батыр нақтылы тарихи тұлға. Ертөстік, Кендебай, Ертарғын жайлы аңыз-дастандарды құлаққа жеткен қалпында ұсына беруге болатын шығар. Себебі, аңыздың аты — аңыз. Бірақ Қаракерей Қабанбай батыр туралы жазғанда тарихи тұрғыдан қаншалықты дәлдігіне баса мән беріп отыру қажет. Осы жағынан алғанда мақала авторы біршама қиғаштықтарға жол беріп алыпты. Мұны атап айтпаса болмайды. Себебі, қазақ халқының Қабанбай батырдай екінші қаһарманы жоқ екенін Мәшһүр-Жүсіп Көпей әулие атамыз жүз жыл бұрын «Қазақта Қабанбайдай батыр болған емес, болмайды» деп жазып кеткен.
Қабанбай батырдың нағашы жұрты Керейдің Балта тайпасы. Анасы Қызылжар өңірінен башқұрттарды сыпырып айдап шығатын атақты Баубек батырдың қызы, аты Нәбилә екен. Жұрт Мәми атап кетіпті. Бәйбішесі-Ханбибі. Ол да осы тайпадан. Кіші шешеміз — Гауһардың азанды аты -Майсара екен, Бабамыз «Гауһар» атап кетіпті. Атақты Малайсары батырдың қарындасы, арғын — Бәсентин. Бұл жағдайттар неше рет газет-жорналдарда жазылды. Ұрпақтары да осыған қол қойғалы қашан. Әулеттік шежірелері де дөп осындай.
Ал, Мерей ініміз Қабанбайдың нағашысы деп жазаған би Боранбай найман-қаракерейдің мұрын табынан. Бұл жөнінде өткен жылы мақала Abai.kz ақпараттық порталына жазған едім. Ол кезде белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің қателігін көрсеткенмін. «Әнеу күні жазушы Қабдеш Жұмаділов Қубас ат туралы сөйлеп қалыпты. Бұл «Дарабоз» романында да суреттелетін, жазушының сөз, қияли шеберлігін аса дәріптейтін үлкен тарау. Қубас атты Қабанбай батырға Боранбай би Ұланбай-Бұланбайлардан алғызады деп жазады жазушы. Осы шын ба? Боранбай биден бес ұл, үлкені — Қойгелді. Қойгелдінің бес ұлының екіншісі — Жанан. Жанан да бес ұл, үлкені — Ұлан, онан кейінгісі — Бұлан. Кейін аса байып екеуін де бай атапты. Сонда Ұлан мен Бұлан Боранбай бидің шөберелері. Бидің өзі де Қабанбай батырға іні тектес, оншақты жас кішілігі бар. Сонда Ұланбай мен Бұланбай Қабанбай батырдан бері десек — 80, ары десек — 100 жас кіші. Екеуі де Қабанбай батыр бақилық болған соң туады. Онда қалай Ұлан мен Бұлан батырға ат сыйлайды?
Ұлан мен Бұлан әңгімесі еш меселеге сыймайды. Шындығы — Қубас мұрын ішінен алынған болуы керек. Кейін шыққан дастан сол тұста аты мәлім Ұланбай мен Бұланбайларды қосқан. Қабдеш Жұмаділов осы екі араны айырымға түсіре алмай қалған да романына қисынсыз аңызды қоса салған».
Мерей ініміз Қабдеш Жұмаділовтің кітабінде кеткен өрескел қателікті сол қалпы қайталапты. Біздің Қабанбай батыр туралы сөйлегенде аңыз, дастан, әдеби шығармалардан тыс жүруіміз керек дейтініміз осыдан. Мерейдің және бір қателігі бар. Қабанбай батыр Қубас атты мөлшері 1730 жылдары кезіктіреді. Тарбағатай осы кезеңдерде қалмақтан арылған жоқ еді. Қазақтың жетуіне әлі аттай 80 жылдай уақыт бар. Осы тарихи себепті Дарабоз Қубасты Мерей ініміз айтатындай, Тарбағатайда алғаш көруі мүмкін емес. Бұлай деу басы бүтін қате. Ол тұста төрт Төлегетайдың, Қабанбай елінің Арқада отырғанына ең кемі 150- 200 жыл толған. Сырдан құлаған, ту баста Омбы мен Қызылжардың, онан соң Есіл мен Нұраның бойын мекендеген найман Төлегетайлар Шығысқа беттеген жоқ еді. Қабанбай жұртының аз бөлігі 1790 жылдары ғана Арқадан көтеріліп, біршама уақыт Қарқаралы, Қазылық, Шыңғыстауды мекен етеді. М. Тынышбаев айтатындай, тек 1810 жылдары ғана Шығысқа қозғалады. Мерей ініміз тарихқа ішкерілесе тәуір болар еді. Қубас ат оқиғасы Арқада болған жағдай. Ол тұста Қабанбай елі Есіл мен Нұра бойын мекен еткені тарихи шындық. Арқа төрі батырдың әкесі — Қожақұл, атасы — Мәмбет, түп атасы — Байжігіт туған, Қабанбайдың қасиетті от орны.
Нұртуған Айтсапин, профессор