Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Арғымақ, сені сақтадым…

7205

Қазақ баласының жылқы атаулыға елең етпейтіні сирек. Қылқұйрықтыға деген мұндай құрмет халқымызда қанмен, қанмен емес-ау сүйекке сіңіп, жанмен біткен қасиет болса керек.

Қиял шіркіннің көк дөненіне мініп, алыс-жақын тарихты — есте жоқ ескі замандардан желден де жүйрік бүгінгі күнге дейін шолар болсақ аспанда Ақбозат, Көкбозаттар кісінеп, санаңда сағымға оранған сәйгүліктер жортады; тауды бұзып, тас қашаған дәуірден қалған белгі іздесең, ақтас, көктастардың бетінен таңбалы тұлпарлар қылаңдайды; қола қорытып, шойын құйған кездердегі құм басқан көне қоныстардан бабалар мұрасын аршысаң, қоладан құйылған қазанаттар шығады алдыңнан; сақ, сармат бабаларымыздың алтынды аптап, күмісті күптеп, мейманасы тасқан дәуірінен жеткен жәдігерлерден арғықазақтың алтын жалды арғымақтары арқырайды; көк тәңірге сыйынған көк түріктер тарихынан тамыр тартсаң, мұздай темір құрсанған батырлар мінген тұлпарлар ауыздығымен алысады; Алтын орда мемлекетін құрған кезеңге құлақ түрсең, Ақырғы теңізге аттанған дүлділдер дүбірін естисің; бабалардың тілі кәлимаға келіп, басы сәждеге тиген кезден сыр тартсаң, пейіштің пырақтары келеді көз алдыңа; ұлы далада Қазақ хандығын құрып, ұлт боп ұйысу жолына түскен ұлық кезеңге үңілсең, «абылайлап» ұран салған хан-батырлардың қазанаттары тұяғымен жер тарпиды; тасқа қашалып, теріге басылып, киізге өрнектеліп, ағашқа оймышталып, темірге нақышталған сансыз көп өнер туындыларынан саңлақтар суырылады.

Ей, ер қазақтың баласы, бүгінгі ұрпақтың тақымында тулаған небір ағылшын, ақалтеке, араб арғымақтарының үзеңгісін үздіре шіреніп, кеудеңді шалқақ, еңсеңді биік ұстап байтақ та бостан еліңе көз жіберші – не көреді екенсің: күміс жалды құлындар құлдыраңдап, белдеудегі биелердің желіні сыздайды; аламанға түсетін аттар тыпыршып, үйірін үйірген айғырлар азынайды.

Боз биелер байырқылағанда сен де дамылдап, құтты мешін үйіңе қарай қадам басқанда алдыңнан арсалаңдап шығар балаңды да «құлыным» деп еміренетініңді қайтерсің. Төрге озып, жарың ұсынған кесені қолыңа алсаң, сауға – қуат, ауруға – ем сапырылған сары қымыздың исі мұрныңды жарады; таңдайдан шығар бабалар сусынын сіміре жұтып, алдындағы табаққа қол созсаң, дертке – дауа, жанға – шипа қазы-қарта, жал-жая жатады төңкеріліп; бой жазылып, жан сергіген тұста домбыраға қол соқсаң, «Қара жорға», «Торы жорғалар» тайпалып, әуелетіп ән салсаң, «Ақбақай», «Маңмаңкер», «Телқоңырмен» тарқатасың көңіл шерін.

Иә, қазақтың бар тірлігі адал жар, алмас қылыш, алғыр тазы, қыран бүркітпен қатар бабалардан қалған жеті қазынаның бірі һәм бірегейі қасиетті, қанатты тұлпарлармен бірігіп, біте қайнасып кеткен.

Бар ғұмырын арғымақтың жалында өткізген ата қазақ бар тарихын тұлпардың тұяғымен жазған.

Ұлтымызда оттан да ыстық ұғым бар, ол – Отан. Сол Отанның тағдыры сынға түскенде бабалар айтқан ұрпаққа аманат болған қастерлі ұран бар, ол – «аттан». Оның мағынасы «атқа қон», «атқа мін» екені шығар күндей шындық, атар таңдай ақиқат.

Өмірдің өзі – жалы күдірейген, кекілі төгілген, үзеңгілері сартылдап, ауыздықтары қаршылдаған небір қағылез бас, құйма тұяқ, бота тірсек, құлан құйрықты күлік мінгендердің аламан бәйгесі.

Бүкіл ғұмырын ат үстінде, арғымақ жалында өткізген, ана сүтімен ауызданып, жылқы сүтімен жетілген ер қазақтың барша азаматтарына әрдайым өмірдің аламан бәйгесінің алдында болуын тілеймін!

muhktar-khМұхтар Құлмұхаммед, qamshy.kz

Басты сурет: Әбдіғали Баяндин «Шайқас»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.