Серік БАЙХОНОВ: Көкпар деген бір құйын…

7375

Әншейінде жер қозғалса қозғалмас салмақты, салқынқанды көрінер бір топ ағылшын азаматының ішіне сабан тыққан тері допты қуалай жөнелгенін көз алдыңызға келтіріп көріңіз. Бүгінде теңбіл допқа айналған сол теріні әлем халқы болып жаппай қуалап жүр емес пе?..

Әлемдік өркениет о шағында тәрбие алған, зерделі де инабатты испан жігіті ақылы жоқ, есі жоқ бейшара бұқамен жекпе-жекке шығыпты. Ессіз жануарды шаршы топтың ортасында жайратып салып, айдарынан жел ескен тореадорға қол соғып, қуаныш білдірген көпшіліктің көкейінде не жатқанын түсіне алармыз ба?..

Кеше ғана қорасында жем жеп тұрған ай мүйізді ақ серкені тақымына басып ала қашқан аптал азаматтың ақыл-есі бүтіндігіне шәк келтірмей көріңіз. Алақұйын шапқылап, ақ сорпа болып терлеген ақ боз айғыр қазандыққа жете беріп тырапай асып құлағанда, орнынан аттан бұрын түрегелген шабандоз көкпар атын шолақ қамшымен басқа ұрды. Бәйге атын басқа ұрмақ түгілі, қамшы тигізбейтін қазақы дәстүрді ұмытқан көкпаршының мына қылығына іш тартпай көріңіз…

Теңіздің арғы бетінде жүріп, қымбат уақытын гольф добын қуалауға сарп еткен американдықтардың қылығына іштей күлгеніміз, сырт адамның ішін пыстырарлық бейсбол ойыны кезінде ұшып кете жаздаған бақытты жанкүйердің жүзіне таңдана қарағанымыз рас. Өз басым бейсболды өзіміздің көкпар ойынымен салыстырып барып түсіндім десем артық айтқаным емес.

Түсіну бар да, түйсіну бар. Көкпардың бар құдіретін түйсіну үшін қазақ болып туу керек деседі. Рас та шығар. Дене тәрбиесін былай қойғанда, жайдақ атқа мінген адамға ауру жоламайтынына екінің бірі сенеді. Жігітің сұлтаны мен жылқының тұлпарының тері сіңген көкпардың еті мың да бір ауруға ем болады дейді қазақ. Ұрпақ сүйгісі келген тұмса әйелге ырымдап, көкпардың етін береді қазақ. Көкпар әкеліп тастаған үйден бәле-батыр аулақ жүретіріне сенген біздің аталарымыз.

Қазағымның өзіндей қарапайым, қазағымның өзіндей алаңғасар, қайран көкпар!

Шыбын жанын шүберекке түйіп, қарсыластың тақымында кеткен ақ серкеге шүйілген атан жілік азаматтың алақан табы көкпарға сіңеді. Алақұйын додадан әрең шыққан арғымақ аттың ащы тері көкпарға тамады.

Атанның қомында туып, аттың жалында өскен қазақ ұланынның қай кезден бастап көкпар тартқанын ешкім де білмейді. Қадым заманда Үшоқ елінің мың сан жауынгерінің Ұланы болып қылыштың жүзі, найзаның ұшында жүрген қазақ ата-бабасының көкпар тартқаны анық.

Желдің өтінде, жаудың шетінде ғұмыр кешкен дала перзенттері өздері қасиет тұтар көкбөріні де көкпарға тартыпты. Мың өліп мың тірілген қайран бабалар ашынып, ашуланған шағында тағдырдың өзімен тайталасқысы келген шығар…

Атам заманнан еңсегей бойлы, атанжілік аталарымыз көкпарға тана тартады екен. Сирағы жоқ, басы жоқ домаланған серкені тақымына баса алмай тырбаңдаған көкпаршыны көріп, үлкендер жағының бас шайқайқайтыны, өткен күндер елесін қайта тірілтіп, әңгіме шертетіні содан. Тоғыз пұттық тананы өңгеріп әкету оңай емес, әрине. Біз көрген мықты көкпаршылар ондайда «қоржын» әдісін қолданатын. Яғни тананы жерден көтеріп алған соң, өзі ердің екінші бетіне ауып түседі. Сонда салмақтары шамалас адам мен тананы теңдеп алған қас тұлпар мәреге қарай өзі тартады. Көкпар атының басты қасиеті ол – көкпаршының ішкі ойын тақымынан сезеді, қалың дода ішінен көкпарды өзі табады, мәренің қайда екенін де біледі. Аталарымыз осындай көкпар аты үшін қалыңсыз қыз берген ғой.

Көкпар атын басқа ұрған жігіт айтады: «Ұрмай қайтейін, ол өзінің құнын баяғыда жеп қойды ғой. Мен оны су жаңа «Жигулидің» кілтін беріп алғамын. Заман болса қысып тұр. Алты ай баптаған кезімде екі машина жем, үш машина жоңышқа жеді. Ол мен үшін ат емес, ол –гладиатор».

Рас та шығар, өкпесі өшкен бәйге аты бір құласа тұрмаушы еді, тұрса да қатарға қосылмаушы еді, көкпар ойыны кезінде құлаған аттың қайта тұрмай қалғанын өз басым көргенім жоқ.

Қалай дегенде қазағымның көзінен кетсе де, көңілінен кетпеген көкпардың ортамызға қайта оралғаны анық. Қазақы дәстүр мен рәміз атаулыға «ат үстінен» қараған ана бір жылдары көкпарды жоғалтып ала жаздағанымыз да рас. Жылқы түлігіне жаудай тиген алпысыншы жылдары көкпарды көзден де, көңілден де кетірмеген алдымен ата-баба аруағы, одан қалды қанымызға сіңген көкпардың өз құдіреті болар. Сол жылдары оңтүстік өңірдің атан жілік бір топ азаматы атқа мінді де КСРО-ның ең үлкен тұлпарсаздарын шаңдатты. Бұлар бүкіл оңтүстік өңірге танымал, белгілі атбегі Әбдәлі көкпаршының қос ұлы Ләшкербек пен Саттархан, «темір тақым» Дауылбайдың Әділханы, Сейдахметтің Оразы, Бекбастың Серікханы мен Мейірханы еді. Жерден көкпар алудың шебері сырықтай ұзын Саттархан, тақымы тастай Әділхан, «тұлпарсаздың тентегі, қызыл қораз» атанған Оразқожалар тоғыз жыл бойы жеңісті қолдан бермепті. Қажымұқан баба тойында «түйе салымды» салған Серікхан Бекбасовты ат үстінен көрген жан Қобыланды батырдың өзі шығар деп қалатын. Атқа мінген кезінде есік пен төрдей айғырдың белін қайыстырып жіберер атан жілік, алып денелі Ләшкербектің қарсыласын көкпарымен қосып ат үстінен көтеріп әкеткенін көрген көзде жазық жоқ.

«Бүгінде Серікхан мен Саттарханға Әділхан мен Оразқожаға тең келер көкпаршы бар ма?» деп сұрадым мен. «Бар ғой, неге болмасын» десті білетіндер. Көкпар болса салым салмай кетпейтін Мәдияр Имашев пен Шәдияр Шахановты оңтүстік өңірдің халқы танып қалыпты. Тұлпарсазға Мәдияр мен Шәдиярды көру үшін келетін болыпты. «Бір тойда Мәдиярмен дәмдес болдық…» дегенді айтқан салиқалы азаматтың көкейінде Атланта Олимпиадасына барып келгендей мақтаныш жатыр еді. Өз басым Саттархан көкпаршының қолынан автограф алғанымды іштей қуаныш көрем.

Көкпар ойынының бүгінгі бет алысы, оның заман талабына сай кәсіби деңгейге көтеріле бастағанын көрсетеді. Жамбыл облысының «Тараз», «Әулиеата», Оңтүстік Қазақстандағы «Дауыл», «Түлкібас» командалары алыс, жақын шет елдерге шығып, өнер көрсете бастауы – игіліктің нышаны. Шымкент гуманитарлық университетінде көкпар ойынының арнайы пән ретінде оқытылуы, көкпарға қалталы қазақ азаматтарының демеушілік ете бастауы күпті көңілге үміт отын жағады.

Осынау қасиетті, ұлттық ойынымыздың болашағына еріксіз сенесің.

Бүгінде көпшілік көңілін «көкпырдың ертеңі қандай, ол халықарлық деңгейге көтеріле ала ма? » деген сұрақ мазалайды.

Кіндік Азия республикаларын былай қойғанда, Қазақстанның өз ішінде көкпарды әр аймақ өзінше шабады. Қазақстан ат спорты федерациясы мен спорт, туризм, жастар ісі жөніндегі министрлігі бекіткен ережені ұстанатындар аз.

Көкпарды кәсіби деңгейге көтеру керек екенін алдымен мойындағандар – шет елдіктер. Көкпарды киноға түсіруге келген американдықтар оны экзотика деп емес, нағыз өнер деп қабылдағанын, таңдана, тамсана қызықтағанын көзіміз көрді. Ендеше қазағымның өзіндей қарапайым, қазағымның өзіндей алаңғасар, қайран көкпардың әлемдік деңгейге көтерілгенін көрер күн де алыс болмас.

serik-b Серік Байхонов, «Маңмаңкер» журналы 1999 жыл

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.