Аударыспақтан КСРО чемпиондарына іздеу саламыз

3381

Аударыспақтан КСРО чемпионы атанған қазақ балуандары:

 1.Талапхан БАЙҚАМЫСОВ – аса ауыр салмақта 1958-1964 жылдар аралығында 7 дүркін КСРО чемпионы;

2.Мұсахан ЕЛГЕЗЕРОВ – ауыр салмақта 1966 жылға дейін 3 дүркін КСРО чемпионы; 

3.Боранбай ҚАСЫМБЕКОВ – жеңіл салмақта 1966 жылғы КСРО чемпионы (Ресей, Есентуки);

4.Сатымбек АЙТБАЕВ – орта салмақта 1966 жылғы КСРО чемпионы (Ресей, Есентуки);

5. Молжан ШАЛҒЫНБАЕВ – ауыр салмақта 1966 жылғы КСРО чемпионы (Ресей, Есентуки);

Сонымен қатар, жеңіл салмақта С.ТЕРСЕБАЕВ, А.ОСПАНОВ, Ш.СЕЙІТЖАНОВ, орта салмақта Б.ӨТЕБАЕВ, А.ОСПАНОВ, А.ТӨЛЕЕВ, ауыр салмақта Б.ШАКИЕВ, Е.САРЫМСАҚОВ бірнеше дүркін КСРО чемпионы атанған. Біз кездестірген деректерге қарағанда бұл балуандардың дені Алматы өңірінің тұрғындары екен.

Алматыдағы Ұлттық кітапхана мұрағатынан осындай құнды деректер табылды. Кеңес Одағы кезінде қазақтың ұлттық спорт түрлерінің біршамасы керемет елеулі болмаса да тым қағажу қалмапты. Ұлттық ойындардан сирек те болса жарыстар ұйымдастырылып, қамқорлық жасалған. Соның бірі – аударыспақ.

Аударыспақтың Одақ тұсындағы ресми атауы – сайыс. Аударыспақ – ат спорты түрлері ретінде Одақтық чемпионаттардың бағдарламасына енгізіліп, едәуір жыл тұрақты өткізіліпті. Кезінде аударыспақ сайысы жеңіл салмақ, орта салмақ және ауыр салмақ болып, үш салмақ дәрежесіне бөлінген. Сол жарыстардың мәліметтеріне қарасақ, аударыспақ бәсекесіндегі жүлденің барлығы қазақ азаматтарының қанжығасына байланыпты.

1948 жылдан жеңіл салмақта С.Терсебаев, А.Оспанов, Ш.Сейітжанов, орта салмақта Б.Өтебаев, А.Оспанов, А.Төлеев, ауыр салмақта М.Елгезеров, Т.Байқамысов, Б.Шакиев, Е.Сарымсақов есімді балуандар одақ бойынша қарсылас шақ келтірмей ұтып тұрған екен.

Тақымы темірдей сайыскерлер арасында әсіресе, Мұсахан Елгезеров пен Талапхан Байқамысовтың атақтары тіпті дүрілдеп тұрыпты. Атап айтқанда, ауыр салмақтағы Мұсахан Елгезеров қатарынан одақтың үш дүркін жеңімпазы атанады.

Ал, Алматының іргесіндегі Қастек ауылының (деректе осылай жазылған.авт) аға шопаны, аса ауыр салмақтағы сайыскер Талапхан Байқамысов 1958 жылдан бастап 1964 жылға дейін түтінін үзбестен жеті дүркін одақ жеңімпазы болыпты. Сірә, Талапхан балуанның қайратына шақ келетін жігіт одақтың он бес республикасынан табылмай қойса керек.

Мұрағат мәліметтеріне сүйенсек, аударыспақтың соңғы бәсекесі 1966 жылы Ресейдің Есентуки қаласында ұйымдастырылған одақтық жарыста өтіпті. Үш салмақ дәрежесі бойынша өткен осы командалық бәсекеде де Боранбай Қасымбеков, Сатымбек Айтбаев, Молжан Шалғынбаев есімді қазақ азаматтары он бес республика аударыспақшылары арасынан жеңімпаз атанып, бас бәйгені алып қайтыпты.

Біздің өтініш, кезінде бүтін Кеңес одағының мықтыларын бірнеше жыл атынан аударып тұрған осы балуандардың ұрпақтары болса немесе бұл балуандар туралы нақты деректер білетін адамдар болса мына телефон нөміріне хабарласса екен (8 701 516 37 08 авт). Жуырда жарық көретін ұлттық спорттың үздіктеріне арналған энциклопедиялық анықтамалық үшін бізге осы чемпиондардың фотосуреттері мен диплом, медаль сияқты деректі мәліметтері өте қажет.

Төлеген Жәкітай

Суретте: Алматы ипподромында өткен ұлттық спорт ойындарына қатысқан азаматтар (1962 ж).

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.