Бекболат Тілеухан «Астана кубогында» неге әр өңірден екі атқа рұқсат берілгенін түсіндірді

4668

Астанада өтетін «Ұлы Дала рухы» фестивалі аясында «Астана кубогы» үшін үлкен (25 шақырым) және кіші (16 шақырым) аламан бәйге ұйымдастырылады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығы президенті Бекболат Тілеухан мәлімдеді.

«Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Ұлы Дала рухы» фестиваліне арнайы бюджеттен ақша бөлінді. Жасыратыны жоқ, ұлттық спорт оңтүстік өңірлерде ғана өте жоғары дәрежеде дамыған. Сондықтан, жарысты министрлік және қауымдастық тарапынан ойласа келіп, әр өңірлерде өткізу керек деп шештік. «Ұлы Дала рухы» фестивалінің іріктеу кезеңдері солтүстік аймақтар үшін Астанада, шығыс өңірлеріндегі спортшылар үшін Павлодарда өткізіледі. Сол секілді батыс жақта, Маңғыстауда көкпар командасы қалай жақсы дамып келе жатыр. Атырау облысында әкімшіліктің қолдауымен ұлттық спортты дамыту үшін пәрмендер болып жатыр», — дейді Бекболат Тілеухан.

Мәжіліс депутаты сонымен бірге, 6 шілдеде өтетін «Астана кубогы» бәйгесі туралы толығырақ мәлімет берді.

«Астананың 20 жылдығы әр қазақ баласының рухының, елдігінің мерекесі екенін білетін болсақ, мұндай мерекеде ат шаппаса үлкен сын болады. Кез келген тойда ат шаптырып, бәйге жасайды. Бәйге — қазақ үшін салтанаттың ең биік шыңы. Тура осы сөзімді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке айттым. 6 шілде күні жақсылап тұрып, бір бәйге жасаймыз деп отырмыз. Жүлде қоры — 20 миллион теңге болады. Бәйге — үлкен және кіші аламаннан өтеді (25 шақырым және 16 шақырым). Осы уақытқа дейін 14 облыстан және 2 қаладан қатысады деп келгенбіз. Ал қазір жоспар жақсы жағына өзгеріп, 14 облыстан және 3 аймақтан келетін болды, яғни Шымкент қаласы мен Түркістан облысы қосылды. Әр жерден екі атқа ғана лимит беріледі. Содан кейін спорт басқармалары ең мықты аттарын жарысқа қосады», — дейді ол.

Бекболат Тілеуханның айтуынша, үлкен аламаннан топ жарғаны үшін бірінші орынға — 20 мың АҚШ доллары беріледі.

«Қысқа қашықтықтағы бәйгелерді өткізіп жатқандар бар. Ол Еуропа елдерінде де ұйымдастырылады. Ал біз қазақы бәйгеге көбірек ден қойып отырмыз. Ең азы бізде — 16 шақырым. Оны біз кіші аламан деп отырмыз. Үлкен аламан — 25 шақырым. 20 мың долларлық жүлдені 25 шақырымда кім топ жарады — сол алады. Ал үлкен аламанда екінші орынға 10 мың, үшінші орынға 5 мың доллар, төртінші орынға 650 мың теңге, бесінші орынға 500 мың теңге табысталады. Ал енді кіші аламанның бас бәйгесі — 10 мың доллар болады», — деді Бекболат Тілеухан.

Ол не себепті әр өңірден екі атқа ғана рұқсат беріліп отырғанын түсіндірді.

«Бәйгені Астананың іргесіндегі «Қазанат» атшабарында өткіземіз. Оны өздеріңіз білесіздер, көп атқа арналмаған. Әр өңірден екі аттан келсе, 17 өңірден 34 ат болады. Ат саны көбейіп кетсе сиыспай, оқыс жағдай болып қалуы да мүмкін. Қазаққа қызық керек дегенмен, баланың амандығы, көрерменнің тыныштығы біз үшін маңызды. Сондықтан да, әр облыс, әр қала өздері сыналтып, ең мықты деген екі атын әкеледі» — дейді ол.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Президентінің сөзіне қарағанда жалпы фестивальге 100 млн-нан теңгеден артық қаржы жұмсалып отыр. Соның 20 млн-ы «Астана кубогының» жүлдесіне беріледі.

argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.