Астанада Argymaq.kz көрме өткізді (ФОТО/ВИДЕО)

4337

Argymaq.kz порталы іске қосылғанына аманшылық болса, алдағы 2019 жылы 5 жыл болады. Сайттың құрылуына, бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп тұруына бірден-бір себеп – қазақ халқының өзі кие тұтар жылқыға деген сүйіспеншілігі.

Иә, қазақ халқы жылқымен егіз. Оған дау жоқ. Алайда, кешегі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланғанша қазақ жылқысына аса мән берілмей келгені де анық. Ал осы мақалада айтылған «Атқа міну мәдениеті» еліміздің біраз азаматына ой салғаны белгілі. Әрине, бұл бастаманың құр даңғаза, науқаншылдыққа ұласып кетпегені жақсы.

4 жыл аз ба, көп пе, осы жылқының айналасында әңгіме қозғап, атбегілермен, жылқытанушылармен, тарихшылармен, жылқы шаруашылығы өкілдермен сұқбаттасып, пікір алмасқан екенбіз. Талай кітапты ақтарып, талай мақаланы сүзгіден өткізіппіз. Оның сыртында бірқанша сайыстардың көрермені, жазарманы болыппыз. Осы кездердің барлығында фотоаппаратымыз қолымыздан түскен жоқ десек, артық айтқандығымыз емес.

Фотоаппарат арқалап жүргенде, не бір мықты картина жасайын немесе фотокөрме өткізейін деген ой болмағаны анық. Тек сайтқа салар мақала, сұқбаттарымыздың әдемірек, шынайырақ шығуы үшін кадр ұстасақ деген мақсат қана болған. Осы мақсатта 4 жылдан астам уақытта 40 мыңға тарта кадрды көз алдымыздан өткеріппіз. Жақсы ма, жаман ба, оны уақыт пен құрметті оқырман, сіздер ғана білесіздер.

Сонымен, өткен жылы жазда өзіміз ұстап жүрген Nikon 7100D маркалы «серігіміз» бұзылып қалып, 2018 жылдың фотоларын әркімнің аппаратымен бір түсіруге тура келген еді. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай Ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанатында 2018 жылы түсірген фотолардан көрме өткізуімді ұсынды. Қуана келістік. Артынша тартыншақтауға тура келді. Сурет сапасы тым жақсы емес еді.

Десе де, іздеген жетер мұратқа деп, оншақты фото табылды. Соларды 21 желтоқсан күні Астанадағы Қазмедиа орталығының көрме алаңында көпшілік назарына ұсындық. Бағасын көрген қауым, өздеріңіз берерсіздер. Ал төменде сол көрмеге қойылған фотоларды әріптесіміз – Нұрбек Альманбетов түсірді. Ал алдағы 5 жылдығымызда кең көлемде көрме өткізу жоспарда бар екенін айта кетейік. Оған дайындық әзірден басталып кетті.

Айтпақшы, көрмеге қойылған суреттерді бұған дейін де сайттан көрдіңіздер деп ойлаймын. Естеріңізге сала кетейін, осы фотография саласы бойынша Argymaq.kz сайтының бас редакторы Ержан Жаубай «Үздік фотограф» аталымы бойынша марапатталды.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.