Үржардың Мәулітқазысы
Бұл мақала Argymaq.kz сайтының архивінде біраз уақыт жатып қалған екен. Құжаттарды ақтарыстырып отырып қолымызға енді түсті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халықпыз. Мәулітқазы ағамыздың адал еңбегі қай кезде болмасын өз бағасын алуға тұрарлық. Сондықтан да «игіліктің ерте, кеші жоқ» деп мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Аталарымыздан «бұлақ көрсең көзін аш» деген қасиетті сөз қалған. Үржар ауданында туып өсіп, барлық саналы өмірін әскери қызметтке арнап, майор шенінде зейнеткерлікке шыққан Құлжатаев Мәулітқазы ағамыз, «еліме еңбегім сіңді ғой, енді зейнетақыны кеміріп жеп тыныш жатайын» деп ойламады. Ауылдағы сенделіп бос жүрген жастарды көріп, оларды ынтықтырып, уақытын пайдалы іске жұмылдырсам, мамыражай күй кешіп бей-жай жатқан ауылымның тіршілігіне қан жүгіртіп ұмыт болған ұлттық дүниемізді қайта түлетсем, білгенімізді кейінгі ұрпағымызға үйретіп қалтырсам деген ой мазалап жата алмады. Бала кезінде әкесінің қасында жүріп саятшылықты, ат баптауды, атбегілікті үйреніп, шабандоз болып атқа шапты, енді сол білген өнерімді таратсам деп ойлады.
Мәкең жас кезінде зілтемір көтерумен айналысып спорт шебері дәрежесіне жетсе, бүгінде көкпардан Ұлттық дәрежедегі төреші, Еңбек сіңірген жаттықтырушы. Жасы алпысты еңсеріп қалса да әлі қайраты қайтпаған, дене бітімі де жігіт кезінен онша өзгере қоймаған шымыр, сымбатты, қимылы сарбаздай ширақ, ойлау қабілеті де сергек. Республикамызда ұлттық ат спорты түрлерінен өтіп жатқан барлық жарыстың ортасынан ұлттық төреші киімімен қолына ысқырығы мен қамшысын алып ат үстінде жүрген ағамызды көреміз.
Ол 1998 жылы Өскемен қаласына келіп, өтіп жатқан Ұлттық ат спорты ойындарын тамашалап, осы ойындарды ұйымдастырып, басында жүрген Ұлттық спорттың қайраткері Шығыс Қазақстан облыстық ат спорты мектебінің директоры Базарханов Тоқан ағаға жолығып, танысып ой бөліседі. Тоқан аға Мәкеңнің бойындағы жалын мен ынтасын жақсы түсініп, бірге жұмыс істеуге шақырып, Үржар ауданының ат спортының түрлері бойынша жаттықтырушысы етіп жұмысқа алады.
Содан бастап балаларды жиып ат баптау, атқа шабуды, ат спортының қыры мен сырын үйретіп жүреді. Бірақ облыстың көптеген ауданында ұлттық спорттың басқа түрлері көш ілгері дамып, ал өз ауданының, мүмкіндік бола тұра көш соңында қалып бара жатқанын көріп жаны ауырып, 2008 жылдың жазында Үржар ауданының әкімі Бауыржан Торғайбекұлы Жанақовқа келіп мазалап жүрген ойын ортаға салады. Әкіммен екеуі құрдас екен. Ойлары бір жерден шығып, әңгімелері жараса кетеді. Бауыржан Торғайбекұлының жақсы қасиеті алдына келген адмның сөзін бөлмей мұқият тыңдап барып нақты шешім қабылдайтындығы.
— Біздің ауданымыздың халқының дені өз ұлтымыздан тұрғанымен, ұлттық ойындардан басқа аудандардан көш кейін қалып қойып отырмыз. Облысымыз көкпар ойынынан республикамызда алыңғы қатарда келе жатқанымен, біздің ауданда бірде-бір көкпар командасы жоқ, елден ұят, бастауымыз керек. Әр ауылдан көкпар командасын құрып, аудан чемпионатын өткізейік. Халықты ытықтыру үшін қомақты жүлде белгілейік, мысалы: жеңіл автокөлік. Ал ауданды 3-4 топқа бөліп, алдымен аймақтық жарыстар өткізіп, онда жеңіске жетіп 1-ші, 2-ші орын алған командаларды аудан орталығына ақтық жарысқа шақырып, өзара бәсекеге түсіріп, жеңген командаға тағайындаған жүлделерімізді беріп, елді бір дүр сілкіндіріп, ұйқыдан ояту керек деп ойлаймын, соған сізден қолдау күтемін Бауыржан Торғайбекұлы, — дейді.
Әкім Мәкеңнің бастамасының халық үшін маңыздылығын түсініп, орынбасарларын, аудандық білім, спорт басқармалары мен ықпалды адамдарды шақырып:
— Мәкең жақсы бастама көтеріп отыр, яғни ауданда көкпар ойынын қолға алу керек, мен өз тарапымнан толық қолдаймын, қолымыздан келген барлық мүмкіндікті жасау керек. Бұл кісі ауданда көкпардан чемпионат өткізейік деген ұсыныс айтып отыр, жүлдеге жеңіл автокөлік қойған дұрыс дейді, оны мен шешіп берейін, 1-ші орынға автокөлік, 2-ші орынға 300 мың, 3-ші орынға 150 мың теңге жүлдені табуды ойластырайын, ал жеңімпаз командаға автокөліктің құнын берейік, олар өздері бөліп алсын. Тағы қандай мәселе бар айтыңыз қысылмай, — дейді әкім.
— Ақтық жарысқа шыққан командаға ұлттық үлгідегі көкпар ойыншылары киетін арнайы киім және оларға қажетті 10 спорттық ат алып берсек, ауылдардан атшабар мен көкпар алаңдарын салдырсақ, — дейді Мәулітқазы.
Аудан әкімі Мәкеңмен ақылдаса отырып барлық ауылдардың әкімдерін шақырып алып, халықты жұмылдырып атшабар мен көкпар алаңдарын жасауды, және командалар ұйымдастырып шығаруды тапсырып, өзі тікелей бақылауға алып отырады. Арнайы киім тігетін жерді табуды Мәкеңе тапсырады. Ол кісі Шымкенттегі кәсіпорынмен байланысып тапсырыс береді, ал әкім аудан бюджетінен қаражат тауып 10 ат және көкпарға киетін ұлттық киімді сатып алып бергізеді. Сонымен аудан көлемінде қарқынды жұмыс басталып 27 көкпар командасы құрылады. Жарыс өткізу үшін, тағы да Тоқан Базарханұлына хабарласып көмек сұрайды. Ол кісі жарысқа төрешілік жасауға және көкпар алаңдарын тексеріп, ойыншыларды үйретуге Өскеменнен Арман Тоқанұлын қасына екі төрешіні ертіп жібереді. Олар көп көмек жасайды. Құрылған командаларды 3 топқа бөліп, жарысты бұрынғы Мақаншы ауданының орталығы болған Мақаншы ауылынан, Таскескен ауданының орталығы болған Таскескен ауылынан, аудан орталығы Ұржар ауылының іргесіндегі Науалы ауылынан ережеге сай көкпар алаңдарын қазандығымен жасатады. Бұл алаңдарды жасауға ауданның көптеген азаматы ақысыз риясыз көмек беріп, бірі құрлыс материалын, енді бірі техникасымен, кейбір азаматтар күнде келіп қол күшімен, ал ауданның 17 азаматы қаржылай көмек жасайды. Сөйтіп үш жерден тамаша атшабар мен көкпар алаңын тұрғызып жарысты бастайды. Әр топта жеңген екі команда ақтық жарысқа жолдама алады. Жарыс өткен күндері ойынды көруге еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін көп жанкүйер халық жиналып, тамаша әсер алады.
Аудандағы бұл бастама халықтың басын біріктіріп, үлкен ұйымшылдыққа бастайды. Бұл — Елбасымыз Н.Назарбаевтің «Халықтың 30 пайызы спортпен айналыссын» деген тапсырмасымен үндесіп жатқан бастама еді. Аудан әкмінің орынбасары Байсабыров Жарқын Борашұлының көмегі ұшан теңіз, үнемі кез-келген мәселені шешуге ат салысып отырады. Ал кейбір ауылдардың әкімдері атқа мініп өздері көкпар командасына жетекшілік жасайды. Мысалы: Мақаншы ауылдық округінің әкімі Қалиев Советхан Тоғанбайұлы, Қарабұлақ ауылының әкімі Тұрғали Қалықжанұлы, Ақшоқы ауылының әкімі Саржанов Ырысбек Кәкенұлы, Көктал ауылының әкімі Нұғыманов Ботақан Тәупиықұлы, Келдімұрат ауылының әкімі Қасенов Қабылқазы Сабырұлы, Қаратұма ауылының әкімі Батырбаев Марат Батырбекұлы командалар жасақтап ұлттық ойынды дамытуға қатты кіріседі. Сонымен аудан әкімінің тапсырмасымен барлық ауылдық округтерден көкпар алаңдары, атшабарлар салынып, ұлттық спортпен жаппай айналысу басталады.
Алғашқы аудан чемпионатында 1-ші орынды иеленіп автокөлікті ұтқан Қаратұма ауылдық округінің көкпаршылары болды, екінші орынды иеленіп 300 мың теңгені Қарабұлақ ауылдық округінің, ал үшінші орынға шығып 150 мың теңгені Көктал ауылының көкпаршылары ұтады. Келер жылғы екінші чемпионатта Ұлттық спорт түрлері: ат бәйгелері, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу жарыс бағдарламасына кіргізіледі. Аудан әкімі спорттың әр түрінің жоғары деңгейде өтуіне жауапты етіп өзінің орынбасарлары мен қызметкерлерін міндеттейді. Бұл шара содан бері аудан көлемінде тұрақты өтіп тұратын үлкен мерекеге айналып келеді.
Мәкең ауданда ұлттық спорт түрлері аяғынан тұрып, халықтың кең қолдауына ие болған кезде, облыстың спорт басқармасына барып, облыста 3 аймаққа бөлініп өтіп жүрген Ұлттық спорт түрлерінің чемпионатын енді 4 аймаққа бөлуді өтінеді. Бұрын Үржардан 600 шақырым жер жүріп Зайсанға жарысқа баратындығын, оның зор қиындықтар тудырып, қаншама қаражат, уақыт кетіретіндігін тілге тиек етеді. Мәкеңнің бұл ұсынысы қабыл болып, содан бері облыстағы көрші 6 ауданның аймақтық чемионаты жақын жерде бірге өтетін болады.
Осындай аймақтық жарысты көруге келген жанкүйердің бірі «Әулие көл» атты асыл тұқымды сиыр өсіріп отырған шаруа қожалығының басшысы Мәулет Қалиев, Мәкеңе келіп «Неге өзге аудан командаларының астындағы аттары ұшқыр, әрі ірі, ал сіздердікі кішкентай, қозғалысы баяу?» деп сұрайды. Мәкең «Біздің спорттық аттарды сатып алуға қаражатымыз жетпегендіктен, бармызды пайдаланып жүрміз» деп жауап берді. Мәулет көп ұзатпай өз қаражатына көкпаршыларға 10 спорттық ат сатып алып береді.
Мәулітқазы Садықұлы аудан әкімі Бауыржан Торғайбекұлының қолдауымен ұлттық ойындарымыздың тек аудан чемпионатымен шектеліп қалмауы үшін, барлық мерекелерде, ауылдарда өтіп жататын: сүндет той, үйлену той, ас беру, шілдехана тағы басқа тойлар кезінде ежелгі ата дәстүрімізге сай: көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, бәйге ойындарына жүлде тігіп қызықты етіп өткізуге халықты үгіттеп, үйретіп қалыпты күйге келтіреді. Қазір ауданда ұлттық ат спортының түрлерімен мыңдаған адам айналысады. Олар ағамыздан әр түрлі ақыл-кеңестер, көмек сұрап келеді. Мәкең болса олардың бірінің бетін қайтармай қолынан келгенінің бәрін жасап, халықты айналасына топтастырып, өзі солардың ұйтқысы болып жүр.
Мәулітқазы ағаның еңбегі көп ұзатпай өз жемісін бере бастайды, қазір Шығыс Қазақстан облысының чемпионатына 18 команда қатысса, сол командалардың ішінде Ұржар ауданының командасы жүлделі 3-ші орынды иеленіп жүр.
Қаратұма ауылының әкімі Мәкеңе жолығып: «Ауыл маңында тұрған Хасенов Болаттың иелігіндегі ғимаратты сөйлесіп, арзан бағамен саған сат деп айтайын, сен иелік жасап спорт мектебін ашуға қалай қарайсың?» деп сұрайды. Мәкең бірден келісіп жарты бағасына сатып алып, енді Ұлттық спорт мектебіне айналдыруға бейімдеп жөндеу жұмыстарын қолға алуда. «Бұл мектепте қоғамдық негізде жұмыс істеуге С.Қоспақов және оның жолдастары тілек білдіуде. Мен өлсем мектеп ұрпағымызға қалмай ма, мен алып кетем бе, нартәуекел деп қолға алып жатымыз. Ал, ауданымыздың әкіміне айтар алғысым шексіз, ол кісі халық үшін, болашақ ұрпақ үшін қажетті қандай іс болмасын үнемі қолдап отырады. Егер сол кісінің қолдауы, нақты көмегі болмағанда бүгінгі дәрежеге біз жете алмаған болар едік» ,-дейді Мәкең.
Иә, Мәкең – елін, халқын сүйген ұлтжанды, артына өшпес із қалдырып жүрген патриот азамат. Алла ғұмыр беріп, барлық бастамасы баянды болсын. Біздің көріп жүргенміздей әкімдердің де, басқа да лауазым иелерінің арасында елі үшін, болашақ үшін жанын салып еңбек етіп жүрген Бауыржан Торғайбекұлы секілді азаматтардың сирек кездесетіндігі, ел билеп отырғандардың арасында қара басының қамы, бас пайдасы үшін халықтың, ұлттың мүддесін, болашақтың ісін, аяққа оп-оңай таптай салатындарды да көріп жүрміз, өкінішті-ақ. Төреші халық Мәкең мен Баукеңнің болашақ ұрпақ үшін жасаған өнегелі игі істерін ұмытпайтын анық.
2016 ж. argymaq.kz