Мәмлүктердің атбегілік өнері

5173

Қыпшақтан шығып, Египет пен Сирияны билеген (1250-1382 жылдар арасында) мәмлүк сұлтандары мен бектері жылқының қадірін шын мәнінде білген билеушілер. Олар жылқы малына мылқау хайуан емес, мәмлүктің әскери серігі, соғыс құралы деп қараған. Жат жердегі қыпшақ үстемдігі шабандоз бен сәйгүлікке негізделген және осы екі фактордан туындаған абсолюттік билік болғандығы белгілі.

Мәмлүк заманы тарихшыларының айтуы бойынша, шабандоздық – тек қана атқа міну мен атқа шаба білу емес, ат үстінде садақ атып, найзамен түйреп, қылыш сілтеу, балтамен шабу, шоқпармен соғу және қалқанды шебер қолдана алу еді. Мәмлүк қыпшақтар тарих сахнасында аса шебер шабандоз ретінде көрінгенде олардың мінген аттары қандай еді деген сұрақ өздігінен туындайды. Енді осыған жауап беруге тырысып көрейік.

 Мәмлүк тақымында тулаған түркі тұлпарлары

 Мәмлүк сұлтандары билік құрған тарихи кезең христиандардың Құдыс (Иерусалим) қаласын алу, Ғайса пайғамбардың мазарын қиратуға бағытталған, кейін «крест жорықтары» деп аталған, екі әлем арасындағы ымырасыз күрестің таразы басы қыпшақ мәмлүктердің жанқиярлығы арқасында мұсылмандардың жағына ауа бастаған уақыт еді. Крест жорықтарының рухани үндеушілері қандықол Рим папаларының өзі мәмлүк күшінің адамнан кейінгі негізгі компонентерінің бірі – жылқы екендігін жете түсінді. Қара теңіз арқылы Қыпшақ даласынан Мысыр мен Шамдағы мәмлүк иеліктеріне жылқы өткізуге қатаң тыйым салынды. Ал 1291 жылы Халил сұлтан бастаған қыпшақтар Жерорта теңізі жағалауындағы кресшілердің ең ірі, соңғы бекіністерінің бірі – Акка қаласын шабуылмен алғанда бұрын мәмлүк мемлекетімен сауда-саттық жасап келген барлық христиан иеліктеріне мәмлүктерге темір, күкірт, ағаш және сол кездегі тағы басқа стратегиялық шикізаттар мен материалдарды сатуға тыйым салумен қатар, құл мен жылқы өткізбеу жөнінде пәрмен беріп, Рим папаларының жан дауысы шығады.

Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын қыпшақтар Египет жерінде жүріп, қол астарында белгілі асыл тұқымды араб жылқысы тұрса да мініс атын сонау Дешті Қыпшақтан алдырған десек, секемшіл оқырман тарихи фактілер келтірмеген бұра тарту, дәлелсіз деп сынауы мүмкін.

Сондықтан, мұсылман тарихшыларының осы мәселе жөнінде жазып қалдырғандарына жүгінсек, жылқы тақырыбынының ортағасырлық араб тілді мұсылман жазба әдебиетінде және ғылымында ерекше орын алғанын көреміз. Тек мәмлүк дәуірінде жылқы, оның түрлері, оны баптап, емдеу туралы жазылған арнайы шығармалардың саны оннан асады. Көптеген тарихшылар жанама түрде жазса да бұл тақырып жөнінде қалам тартқан.

 «Арғымаққа көп міндім, садаға кетсін буданнан…»

 Бұл шығармалар мәмлүктер жылқының үш түрін пайдаланғандығын көрсетеді. Олар – акдиш деп аталатын Қыпшақ даласынан әкелінген түркі жылқысы, ираб деп аталатын Хиджаз, Неджд, Йемен, Шам, Ирак, Египет, Барқа және Мағриб елдерін мекендеген бәдәуи тайпаларынан әкелінетін араб жылқысы. Сонымен қатар түрік жылқысы мен араб жылқысын будандастыру арқылы алатын хаджин деп аталатын жылқы түрі.

Түркі жылқысы жорғалығы мен алыс жолға шыдамдылығы үшін құрметтелсе, араб жылқысы жүйріктігіне және тұрқының әдемілігіне қарай бағаланған. Ал хаджин – түркі жылқысы мен араб жылқысының жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, будандастыру және шағыстыру арқылы алынған сәйгүлік, тұлпар жылқы. Айғыр түркі, бие араб болса, оның тұқымы – хаджин, ал әкесі араб, шешесі түркі жылқысы болса – муқриф деп аталған. Түркі және араб жылқысын шағылыстыру арқылы төл алу – Түркі даласында бұрыннан қолданылған және мәмлүктер өздерімен Ніл жағасына ала келген көне әдіс. Әйгілі қазақ арғымақтары осы тәсілмен алынғандығы белгілі. Жылқы малын алғаш қолға үйреткен Дала перзенттерінің ұрпақтары – қыпшақтар жылқы таңдау, баптау, емдеу ісіне ерекше мән берген.

Түркі жылқысының теңдессіз қасиеттеріне әңгіме болып отырған заманнан әлдеқайда бұрын әділ бағасы беріліп қойғанын айта кетуіміз керек. Қыпшақ мәмлүктер Мысырда билікке келуден 300 жылдан астам уақыт бұрын жасаған араб оқымыстысы әл-Джахиз (775-868) түркі жылқысы туралы: «Алыс жолда, қалжырататын түнгі жүріс, ұзақ жорықтар кезінде желіп жүруге шыдамдылығы жағынан алғанда хариджиттің (арабтың – авт.) аты түркі жылқысымен салыстыруға келмейтіндігі өте таңқаларлық жайт. Хариджит ат емдеуді кез келген ат мінген адамнан артық білмейді, ал түркі кез келген мал дәрігерінен шебер және астындағы атына өзі қалаған қимылдарды жасата алады», — деп көрсетеді.

Тарихшы ан-Нуайри (1333 жылы қ.б.): «Түркі жылқысының сүйегі ірі, араб жылқысының сүйегі одан ауыр. Түркі жылқысы шыдамды, араб жылқысы одан жылдам», — деп жазады. Сонымен қатар, мәмлүк тарихшылары түркі жылқысының ерекше жорғалық қасиетін атап өтеді.

Сұлтан Бейбарыс (1260-1275 жж. билік құрған) осы будандастырылған жылқы түрын қатты қадірлеген. Каир мен Дамаск арасындағы күншілік жерлерді осы сәйгүліктерімен кесіп өтетін Бейбарыстың өмірін ат үстінде өткізген ұлы билеуші екендігі белгілі. Осы орайда сұлтан Қалауынның (1277-1290 жж. билік құрған) «араб жылқысы әдемілік үшін» деген сөздері көп нәрсені аңғартады.

Khairat SakiҚайрат Сәки, argymaq.kz (Жалғасы бар)

«Мәмлүктер» кітабынан ықшамдалып алынды

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.